Ұлттық ұланның қызметкерлеріне төлем төлеудің бірыңғай жүйесі енгізілді

/
Ұлттық ұланның қызметкерлеріне төлем төлеудің бірыңғай жүйесі енгізілді
Ұлттық ұлан

Ұлттық валюта күні қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Академиясында құқықтық тәртіп әскерлерінің қаржы қызметі мамандарына арналған бір апталық оқу-әдістемелік жиын өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиынның негізгі мақсаты – қаржы қызметі мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру және оларды қаржылық қамтамасыз етудің орталықтандырылған жүйесінде жұмыс істеуге даярлау.

Бір апта бойы қатысушылар қаржы қызметіне қатысты өзекті мәселелерді зерделеп, әскери қызметшілердің ақшалай үлесі мен қызметшілердің жалақысын есептеу бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ қаржылық құжаттаманы жүргізудің бірыңғай тәртібі талқыланды.

Кәсіби білімді тексеруге де ерекше назар аударылды. Оқу қорытындысы бойынша мамандар тест тапсырып, олардың дайындық деңгейі бағаланды.

Бұдан бөлек, жиын барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Бірыңғай есеп айырысу орталығында жұмыс істеуге үміткерлер қаралды.

Айта кетейік, Бірыңғай есеп айырысу орталығы жұмысының алғашқы нәтижелерінің бірі – төлемдердің бірізді тәртіпке келтірілуі. Енді еліміздің барлық өңіріндегі Ұлттық ұлан әскери қызметшілері ақшалай үлестерін бір мезгілде алады.

Бірыңғай жүйеге көшу қаржылық үдерістерді стандарттауды және заңнамадағы өзгерістерді жедел ескеруді көздейді. Осыған байланысты жаңа талаптарға сай жұмыс істей алатын мамандарды даярлау Ұлттық ұланның қаржылық қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары