Қасым-Жомарт Тоқаев: Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет

Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ғалымдармен кездесуде бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс», – дейді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент  өз сөзінде бізге ғылыми әлеуетімізді арттыру керек екенін де атап өтті.

«Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады», – дейді Мемлекет басшысы.