Қазақ қайда да қудалаудан құтылмаған...
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
ХХ ҒАСЫР – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА КӨП ҚЫРҒЫН ӘКЕЛГЕН ҒАСЫР болды: 1916 жылдағы Ұлт-азаттық көтерілісінен кейін патша үкіметі әскерге баруға қарсы болып бас көтергендердің қарсылығын басып-жаншып жарты миллиондай қазақты қырғынға ұшыратса, одан соң 1918-1920 жылдарда Қазақстандағы азамат соғысында да өлген қазақтардың саны аз емес (жалпы бұл дүрбелең ағы бар, қызылы бар, қазағы бар – 8 млн-нан аса адамның қанын төккен делінеді). Одан кейінгі 1919-1922 жылғы аштықта еліміздегі халықтың саны 1 миллионға азайса, одан соң 1932-1933 жылдағы ашаршылықта 1,5 миллион, кей деректерде 2 миллионнан аса қазақ тағы жер бетінен жойылды. Ал 1937 жылғы сталиндік репрессия кезінде 25 мыңнан аса қазақ зиялысы жазықсыз атылып кетті...
Біз бүгінде ашық мәліметтерге қарап, осылай – өлген қазақтардың санын емін-еркін айтып отырмыз, ал түсінгенге бұл сұмдық қасірет қой! Шын мәнінде, жоғарыда атап өтілген нәубеттерде қанша қазақтың көз жұмғаны әлі толық анықталған жоқ, негізінде ашық айтылып жүрген статистикалық мәліметтерден әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Ал біз демографиялық жағынан сол қырғындардың әлі зардабын тартып келеміз... Егер Ұлт-азаттық көтерілісінен соң патша үкіметінің жазалаушы отрядтарының оғына ұшпағанда, азамат соғысының ылаңының кесірі тимегенде, екі рет қолдан жасалған ашаршылыққа ұшырамағанда, сталиндік репрессияның зардабын тартпағанда біз қандай ел болар едік бүгін?
Алаштанушы ғалым Сұлтан-Хан Аққұлы бұл жайында өткен жылы берген бір сұхбатында:
– Репрессиядан Кеңес Одағы халықтарының бәрі зардап шекті, бірақ ең қатты азап тартқаны – қазақтар. 1897 жылы біз 4 миллион 84 мың болғанбыз, қазір 13 миллион 490 мың қазақ бар. Арада 125 жыл өткенде 3,3 есе өскенбіз. Ал енді өзбекті алайық, 1897 жылы 726 мың ғана болған өзбектің саны қазір 29 миллионға жеткен. 17 есе көбейгенін байқауға болады. Қырғыздар сол кезде 201 мың болса, қазір 4 миллион 896 мыңға жеткен (24,2 есеге өскен). Түрікмендер 14,2 есеге, қарақалпақтар 19 есеге өскен. Егер қазақтар қуғын-сүргінде қырылып қалмай, өзбектер сияқты 17 есе өскен болса, бүгінде біз 70 миллион 244 мың болар едік. Ал қырғыздар сияқты 24,2 есе өссек, 98 миллион 830 мыңға жетер едік. Ең аз өскен түрікмен коэффициентімен есептесең де, 58 миллион. Енді осыдан-ақ біздің қаншалықты зардап шеккенімізді көруге болады. Мәселен, Түркия Республикасы құрылған кезде 1926 жылы олардың саны 6 миллион болды. 1924 жылы қазақтың саны 6,5 миллион болды. Қазір Түркия халқының саны 82 миллионнан асып жығылады, – дейді.
Ғалымның сөзінде жай қисын емес, үлкен шындық бар: бір кезде адамы дәл біздей қырылмаған елдердің бәрі бүгінде тұрақты өсіп, демографиясы керемет көтерілген. Ал кеңестік дәуірде бәрінен көп қырылған қазақтың әлі де жан саны өзгелермен салыстырғанда тым аз болмаса да, ойдағыдай емес.
Әрине, ұлт-азаттық көтерілістері жеңіліс тапқаннан кейін, азамат соғысы кезінде, екі рет соққан аштықта қырғынға ұшыраған халқымыз құрып кете жаздады. Оның стихиялық жақтары да, арнайы мақсатпен жасалғаны да барын – ұмыта қоймаспыз, бірақ содан әзер есін жыйған қазақты айдың-күннің аманында тағы да репрессия оғына байлау шектен шыққан зұлымдық болды. Қазақтың сүт бетіндегі қаймақтары тәрізді оқығандарын, ұлтын сүйген зиялыларын жала жауып жазықсыз соттау, жер аудару, ату жазасына кесу – бүтін бір елдің болашағына балта шабу еді.
Әрине, біз қуғын-сүргін құрбандары туралы айтқанда, негізінен Қазақстанда болған жағдайларды тілге тиек етеміз. Шынына келгенде, біздегі ашаршылық өзге елдердің көбінде (әсіресе, көрші елдерде) бола қойған жоқ, бірақ репрессия бұрынғы кеңес өкіметіне қараған республикалардың бәрінде жүрді. Сол репрессияның құрығынан өзге елде еңбек етіп көзге көрінген қазақтар да аман қалған жоқ, қудаланды, сотталды, атылды... Сондықтан бүгін біз репрессияға ұшыраған шетел қазақтары туралы да айтқалы отырмыз. Өйткені кейінгі кезге дейін сталиндік репрессияның өзге елде тұрып еңбек еткен қандастарымызды да шарпығаны туралы білмей келдік. Бізге мұны өткен жылы қырғыз елінің ғалымдары Т.Абдырахманов, Б.Абдырахманов, Ж.Байдилдеев, С.Асекованың құрастыруымен «Арыс» баспасынан жарық көрген «Книга памяти о лицах казахской национальности и уроженцах Казахстана, репрессированных в Кыргызстане (1920-1953 гг.) растреленные списки исследования» және осы баспадан шыққан ақын С.Рахметұлының «Хужирты құрбандары» (Моңғолия қазақтары бастан кешкен сталиндік қуғын-сүргін) атты кітабынан біліп отырмыз. (Айта кету керек, бұлардан бұрын қырғыз елінің ғалымы, заң ғылымдарының докторы, профессор Зайнидин Курмановтың «Кыргызский отделение партии «Алаш» деген кітабы шыққан). Ендеше, осы кітаптар ұсынып отырған қасіретті деректерді алға тарта отырып, біз қырғыз және моңғол елінде репрессия зардабын тартқан қандастарымыз жайында баяндаймыз.
ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ҚАНДАСТАР НЕ СЕБЕПТІ РЕПРЕССИЯҒА ҰШЫРАҒАН
десек, олардың арасында Қазақстанда туғандар көп екен. Оның бірінші себебі – репрессия жалпы бұрынғы КСРО бойынша жүрсе, екінші себебі – қырғыз елінің саяси-рухани өміріне қазақ еліндегі Алаш қозғалысының әсері болған. Мұның себебін профессор Ғарифолла Әнеске айқызсақ, «бұрын Торғай Алашордасы, Семей Алашордасы, Батыс Алашордасы айтылып келді ғой, ал осы Алаш қозғалысы да Жетісуда қанат жайғанымен, айтылмай келген екен. Қарап отырсақ, көтерілістің, босқыншылықтың көп болған жері, алаш әскерінің барлық әскери қимылдары болған жер осы Жетісу екен! Сол тұстағы Алматы округі деген әкімшілік аймағына анау Семей жақтағы Аягөзден Қырғыз Республикасының Бішкек, Қаракөл облыстарына дейін кірген». Демек, Қырғыз Республикасында жүргізген репрессияның саяси мәні өзгешелеу деген сөз. Біріншіден, мұнда алаштық идеяның әсері болған, екіншіден ол елге барып жұмыс істеген, оның ішінде жауапты лауазымдарда істеген қазақтар аз болмаған. Ендеше, Кеңес үкіметі оған қалай ерекше мән бермейді?!.
1991 жылы тәуелсіздік алған соң, Қырғыз Республикасы билігі де тарихқа қайта қарап, кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың кесірінен жазықсыз жазаланған өз азаматтарын саяси тұрғыдан ақтау шараларын бастады. Сөйтіп, 1994 жылдың 27 мамырында «Саяси және діни сенімдері үшін, әлеуметтік және өзге де негіздер бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған, ақталған азаматтардың құқықтары мен кепілдіктері туралы» Қырғыз Республикасының заңы қабылданды. Бұл заң кеңестік дәуірде саяси репрессияға ұшырағандардың азаматтық құқықтарын қайта қалпына келтіруге, оларды моральдық тұрғыдан қолдауға үлкен әсер етті. Осы заң жарияланған соң репрессияға ұшырағандарды ақтау үшін құрылған комиссиялар көп жұмыс істеді. Олар ішкі істер органы, прокуратура, қауіпсіздік комитеті мекемелерімен бірігіп, архивтерді ақтарып, жазықсыз жазаланған азаматтарға қатысты деректерді тауып, 1937-39 жылдарда НКВД түрмелерінде азаптау кезінде болған «өліміне байланысты» тергеуі тоқтатылған адамдардың барлық істерін прокуратураға жіберілді. Соның негізінде бұрынғы сотталушыларды қылмысы дәлелденбегеніне байланысты ақтады. Сөйтіп, қырғыз елінде репрессияға ұшырағандар туралы мәліметтер жинақталған он том кітап жарық көрді. Ал өткен жылы жарық көрген монографияда (жоғарыда біз атын атап өткен, «Арыс» баспасынан шыққан кітап) 1920-1953 жылдарда Қырғыз Республикасында саяси репрессия кезінде жазықсыз жазаланғандар – қазақтар (Қазақстанда және өзге елдерде дүниеге келген) мен Қазақстанда туған өзге ұлт өкілдері туралы 540 адамның мәліметі берілген. Олардың арасында бас бостандығынан айрылғандар да, ату жазасына кесілгендер де бар, арасында әйелдер де кездеседі. Бұлардың бәрін де қырғыз мемлекеті саяси тұрғыдан ақтаған.
Енді қырғыз елінде жоғары лауазымды қызметтер атқарып, репрессияға ұшыраған қазақтар арасындағы белгілі тұлғалар жайында қысқаша мәлімет бере кетейік:
Жоламанов Искандер Джанузакович, 1901 жылы Сырдария облысының Амудария бөліміндегі Төрткүл қаласында дүниеге келген. 1927-1928 жылдары Қырғыз АКСР-і бірінші Ішкі істер халкомы, 1928-1934 жылдары қырғыз елі юстиция халкомы болған. Екі рет (1939, 1950 жж) сотталып, кейін ақталған.
Таукин Мусабек Ибраевич, 1902 жылы Қостанай облысында туған. 1933-1934 жылдарда Жұмысшы-крестьяндари испекциясының халкомы, Қырғыз республикалық бақылау комиссиясының төрағасы, Қырғыз АКСР-ы орталық комитеті партиялық бақылау комитетінің мүшесі болған. 1938 жылы ату жазасына кесілген, бірақ үкім орындалатын күнге жетпей өкпе ауруынан қайтыс болып кеткен. 1994 жылдың 9 ақпанында ақталған.
Сегизбаев Санжар Бактыбаевич, 1906 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1937 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында Қырғыз ССР-ы Жоғарғы сотының ең алғашқы төрағасы болған. 1937 жылы «халық жауы» ретінде қамалған, екі жылдан соң ақталып, Қазақстанға оралып біраз жыл лауызымды қызметтер атқарған.
Таттыбеков Саймасай Алимович, 1903 жылы Алматы облысында туған. 1935-1936 жылдары Қырғыз АКСР-ы оқу-ағарту халкомының бірінші орынбасары болған. 1936 жылы ұсталып, троцкийшіл ретінде сотталып 1939 жылы қамаудан босатылған. Одан соң қырғыз елінде білім саласында еңбек етіп, 1960 жылы Қазақстанға оралып, КазПИ, Нархоз секілді ЖОО-ларда қызмет істеді. 1973 жылы дүние салды.
Аманжолов Садык Аюкеевич, 1889 жылы Жетісу облысында дүниеге келген. Алаш Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері. 1931-1935 жылдары Қырғыз АКСР-ы орталық сайлау комитеті аппаратында юрисконсул болған. Ол жерден қудаланған соң Ташкентке кетіп, 1941 жылы сонда дүние салған...
Аталған кітапта бұдан басқа да қазақтар көп, олардың арасында оқу-ағарту саласында, әскери салада лауазымды қызмет атқарғандар жетіп артылады. Тек, біз солардың арасынан танымал кісілерді ғана атап өттік.
Көріп отырмыз, Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін 1926 жылы өз алдына дербес республикаға айналған қырғыз елінің басшы органдарында қызмет атқарған бірталай қазақ болған. Ол кезде Орталық Азия халықтары арасында қазақтардан шыққан жоғары білімді адамдар көп еді, сондықтан сол тұста өзбек, қырғыз, қарақалпақ елдерінде басшылық қызметтердің біразында қазақтар отырды. Міне, осы тенденцияны Ресейдегі орталық басшылық жақтырмаған болуы керек, қай республикада болсын, лауазымды қызмет атқарған қазақтардың репрессияға ілінбей қалғаны жоқ. Өйткені Орталық Азиядағы түркілерді тәуелсіздікке талпынтып, алғашқы Түркістан автономиясын құрған Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев; Түркістан АКСР-ын басқарған Тұрар Рысқұлов, Хорезм Халық Кеңес Республикасының Халық Нәзірлер (Комиссарлар) Кеңесінің төрағасы болған Меңдіқожа Ибнаминов, осы республиканың жастар одағының басшыларының бірі болған Календер Адинаев – бәрінің ұлты қазақ еді. Патшалық Ресей кезінен бері Орталық Азия халықтары мешеу, артта қалған деуге дайын тұратын большевик орыс шовинистеріне бұл қалай ұнай қойсын? Бұлардың барлығы да кейін қудаланды, репрессияға ұшырады, ату жазасына кесілді. Демек, қазақтарға деген бұл көзқарас сол тұста іштей дұшпандық арам ниетті оятса, кейін репрессия кезінде қатты асқынды. Сөйтіп, қазақ оқығандары барлық жерде қудаланып, олардың көзін жою жұмысы жүрді, соның ішінде қырғыз елінде де.
Ал енді 30-жылдарда КСРО-дан тысқары, большевиктердің ықпалы жүрген елдерде қазақтарға тыныштық болмады. Соның бір мысалы.
МОҢҒОЛИЯДА ДА ҚАЗАҚТАРҒА ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯ ЖҮРГЕН
«Қайда барса, Қорқыттың көрі» демекші, Кеңес үкіметі КСРО-дан сырттағы, өздерінің ықпалы жүретін елдерде де қазақтарды қудалауын тоқтатпады, оның зардабын Моңғолия қазақтары да тартты.
Моңғол еліндегі 30-жылдар ойраны жайында сол елде туған қазақтың белгілі ақыны Сұраған Рахметұлының өткен жылы «Хужирты құрбандары» (Моңғолия қазақтары бастан кешкен сталиндік қуғын-сүргін) атты кітабы шыққан болатын. Сол кітапта ХХ ғасырда моңғол еліндегі қазақтардың түрлі қаныпезерлердің кесірінен қырғын тапқаны жазылған, сондай-ақ 30-жылдары бұл секілді қырғынды Кеңес үкіметінің ығында жүрген моңғол елінің басшылығы да жасағанынан көп деректер келтірген.
Кітаптағы «Қылаңның лаңы» деген бөлімде қазақтар Жа Лама атап кеткен Дамбийжанцан (1860 жылы Ресейдің Астрахан облысында дүниеге келген, 1923 жылы өлген, шын аты Амур Санаев, өзін жоңғардың соңғы ханы Амурсананың ұрпағы санаған, моңғолдардың қытайға қарсы көтерілісін бастаған адам делінеді) деген адамның қазақтарға жасаған жауыздығы және сонымен жақын болып өз қандастарына көп қиянат жасаған Қылаң Қанжығалыұлы (1874-1920) деген адамның опасыздығы айтылған. Кітапта бұл туралы былай жазылған: «...Осы Жа Лама айдаған 1912-1914 жылдардағы алмағайып кезде Дамбийжанцанның шабарманы болған Қылаңның айтқанына көне қоймағандар түгелдей айдалып, бірсыпырасы қырғынға ұшыраған...
...Қазіргі Баян-Өлгий, Баяннуурға таяу Мүнжит, Шарцэхийн хийд пұтханасына
руы – бақат Төленбайұлы Смайылды (Қалмақ, 1870-1938), шыбарайғыр – Тұрап Кітапбайұлы (1888-1949), Мұратбай Шіңкеұлы (1886 ж.т.), ботағара – Арсалаң Белдемшеұлы (1857-1922) т.б. мұсылмандарды Қылаңның қалауымен Жа Ламаның тікелей нұсқауымен басына темір ноқта салып, күштеп пұтқа табындырады.
Ел-жұртты жаппай үрей биледі. Бейуаз елде рух, ес, ақыл, істерге шара қалмады. Жа Лама сөзіне көнбегендерді азаптап, өлтіре бастады...
Жалпысы, сол кездегі Моңғолдағы үш мыңға жетер-жетпес қазақ түтіндерінің 11-12 мың шамалы жан санының бір мыңға жуығы қарғыс атқан Жа Ламаның қырғынына ұшырады...».
Бұл – кеңестік репрессиядан бұрынғы қырғын. Жат елде қорғансыз қалған қазақтардың мұншама қорлық көргеніне жан шошиды.
Өткен ғасырдың 30-жылдарында түрлі қиыншылыққа ұшыраған қазақ ауылдары моңғолдан қытайға, қытайдан моңғолға әрі-бері көшумен болған. Бұл екі елге де ұнамайды, сөйтіп моңғол үкіметі шекарадағы қазақтарды ішкеріге зорлап көшіреді. «Хужирты қырғынында» бұл жайында былай деп жазылған: «1934 жылы Алтай қазақтарынан 1000-ға жуық түтін Шен-Ши-Цай үкіметі жүргізген қатаң саясаттан Моңғол шекарасына тақап қоңсы келгені тағы да мәселе туындатты. Бұлар Үшсеңгір, Хужирт маңына келген Қабанұлы Керімбай тобы болатын.
Осыған орай Моңғолия Ішкі істер орны бастығының 197 санды құпия бұйрығы қабылданып, моңғол жеріне қоныстанушы ауылдарды, соның ішінде жәдік – Дөңтай Қожамбетұлы, базарқұл – Абдан зәңгі Омбыжанұлы бастаған 200 түтінді Завхан жеріне қарай күштеп көшіріп жіберді. Моңғолды пана тұтқан 600 үйлі жанның ақ ниетін ұқпағаны ма, әлде мал мен жанын олжа көрді ме, үкімет жұттан жаңа бас көтерген елді 1934 жылы көктем шыға ішкеріге айдады...».
Бұдан өзге шекара маңындағы елдерге моңғол әскері шабуыл жасап, қырғынға ұшыратқаны туралы деректер келтірілген кітапта: «1934 жылы 9-айдың 14-20-сы күні Д.Намсрай басқаратын арнайы отряд қазақ ауылдарына шабуылға жіберілді. Моңғолия Әуе күштерінің екі ұшағы – Шіңгіл бойындағы ақөзен жағалауындағы ауылдарды бомбалады. Бұл күні қазақтар өте көп шығындалды, өлгендер саны 200-300-ге жетті, қазақтардан 1 000 ірі қара, 10 000 ұсақ мал олжаланды деп жазылды.
9-айдың 17-сі күні 50 сарбазбен арнайы отряд құрылып, 9-айдың 21-22-сі күндері «Әуе барлауы – Воздушная разведка» жасалды, асудың екі жағындағы қазақтарды қырғынға ұшыратты. «Қазақ тонаушыларын» жоюға 12 соғыс ұшағы жұмылдырылды...
Шыңжаң, Алтай бетіндегілер осы оқиғаны – «Жалғыз айырплан» дастанында да керемет көрсетеді. Бұл қырғын туралы жазушы Сұлтан Тәукейұлы «Арман тау» роман-шежіресінде «1934 жылдың күзінде ежелгі мекені Алтайға көш басын түзеген шақабай Мағасыл, Мұрынжықұлы Байқадамның ауылын өкшелей қуып, аэропланмен оқты жаңбырдай боратты. Жазықсыз елдің қаны судай аққан...» деп дәлелдейді».
Бұл әлі 1937 жылдың репрессиясы басталмай тұрғандағы жағдай. Ал репрессия кезінде Моңғолияда қазақтар қалай жазаланған. Бұл жайында «Хужирты құрбандары» кітабында мынадай деректер келтіріледі: «Моңғолияда мекен етуші 23 229-дан астам қазақтардан 5 300-і ұсталып, 4 800-і атылды деген дерек табылып отыр.
Қуғын көрген қазақтың сандеректері де салыстырмалы емес. Тарихшы Баабар: қазақтардың 4 300 отбасы, 21 000 қазақтың
2 000-нан астамы маршал Х.Чойбалсанның жарлығымен атылды деп келтіреді. Ал тарихшы Зардыхан Қинаятұлы 3 270 қазақ жазаланды деп жазады. Қайткенмен де, ең аяусыз қудалауды буряттар мен қазақтар көрді».
Бұдан басқа кітапта 30-жылдарда Моңғолия қазақтарынан репрессияға ұшыраған жүздеген қазақтың тізімі беріліп, олар туралы барынша толық мәліметтер келтірген.
Жалпы, біз Сұраған Рахметұлының «Хужирты қырғыны» атты кітабынан ХХ ғасырда еліміздегі сияқты Моңғолиядағы қазақтардың да қандай геноцидке ұшырағанын біле аламыз. Қараңыз, Қазақстанда, Қырғыз Республикасында, Ресейде, Моңғолияда бір мезгілде қазақтар қырғынға ұшырап жатыр. Бұл жай сәйкестік пе, әлде жоспарлы түрде жасалған жұмыс па? Тегінде, ХХ ғасырда КСРО кезінде қазақтарға аштыққа, репрессияға ұшыратуды геноцид емес, этноцид (бір халықты әдейі қырғынға ұшырату) деп атауымыз керек деп жүрген ғалымдарымыздың сөзінде жан бар ма деп қаласың. Әйтпесе, мұндай қан-қасаптар кездейсоқ болмайды ғой...
Қазақта «Жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі» деген тәмсіл бар. Осы тәмсіл 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессияның шындығын еске түсіреді: яғни, сен Кеңес үкіметіне қарсы болсаң да жаусың, оны қолдасаң да сенімсіз элементсің. Сөйтіп, большевиктерге қарсы болған ауқатты қазақтар мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылса, Кеңес үкіметін қуана қарсы алған кедейлердің де қуанышы көпке созылмады: тегі кедейден шыққан талай комсомол, партия қызметкері болған қазақтардың талайы репрессияның жазалау машинасының өңешіне түсіп кетті. Бұл дәуірде
БЕСҚАЛА ҚАЗАҚТАРЫ ДА ЖАЗАДАН ҚҰР ҚАЛМАДЫ
Оны біз кейінгі кезде жарияланып жатқан материалдардан көреміз. Бұл орайда тарихшы ғалым, профессор Шәріп Бабашевтың 2007 жылы Нөкіс қаласындағы «Қарақалпақстан» баспасынан шыққан «Жазықсыз жазаланған репрессия құрбандары» атты кітабы көп мәлімет береді.
Қарақалпақстан бір кездерде Бесқала атанған. Мұнда Орталық Азияның тұрғылықты халқы – қазақ, қарақалпақ, өзбек, түркімен ұлтының өкілдері ежелден бірге ғұмыр кешіп келе жатыр.
1924 жылғы 17 қазанда Кеңестердің Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Кіші Төралқалығы шешімімен Қазақ АКСР-ы құрамында Қарақалпақ Автономиялық облысы құрылды. Сөйтіп, бұрын Түркістан АКСР-ы мен Хорезм Кеңестік Халық Республикасына қарап, аймақтық жақтан екіге бөлініп – екі басқару органына бағынышты болған қарақалпақ елі тұңғыш рет біртұтас өлкеге айналып Қарақалпақ автономиялы облысы болды. Алайда билік басына төңкеріспен келген қызылдар үкіметі бұл өлкені де жарылқап, қарық қылмады. Өзге жердегідей күштеп ұжымдастыру, байлардың мал-дүниесін кәмпескелеу, ауыр салықтар салу, дінге қарсы әрекеттер халықты рухани тұрғыдан әбден шаршатты. Сондықтан 1929 жылы 27 қыркүйекте, күндізгі сағат 1-дің кезінде Қарақалпақстанның солтүстік-шығысында орналасқан аудан орталығы Тақтакөпірде жергілікті халық үкіметке қарсы көтеріліс жасап, мемлекеттік кеңселерге басып кіріп құжаттарды өртеді, коммунарлармен атысып, 8 адамды атып өлтірді. Бұл кеңестік дәуірде мемлекетке қарсы ең алғашқы қарулы көтеріліс ретінде тарихта қалды.
Бұл қарулы көтерілістің соңы оның қатысушыларын қатаң жазалаумен аяқталды. «1929 жылдың 8 желтоқсанына дейін ПП ОГПУ-дің Ерекше үштігі біраз істерді қарап, көтеріліске қатысқан 32 адамды ату жазасына кесті. Үкім жедел орындалды. 1930 жылдың 1 маусымына дейін 27 адам әртүрлі мерзімге концлагерьге айдалды, тағы 25 адам 3 жылға жер аударылды».(Т.Омарбеков. Қарақалпақстандағы көтеріліс. «Жұлдыз», 1993, №4). Міне, осы көтерілістен соң Қарақалпақ автономиялы облысына шегаралас жерлерде Кеңес үкіметіне қарсылық қозғалысының кеңейе түсуі және ҚазАКСР-ы құрамындағы Қарақалпақияның жағрапиялық жақтан тым шалғайда болуы сол кезде қазақ елін билеп тұрған Ф.Голощекинге ұнамай, бұл аймақтан құтылуға асықты. Солайша, 1930 жылдың 20 шілдесінде Қарақалпақ автономиялық облысының бұрынғы аумағын сақтай отырып, Қазақ АКСР-і құрамынан шығарылып, ол РСФСР Орталық органының тікелей қарамағына беріледі. Міне, аталған көтерілістен соң Қарақалпақ автономиялық облысының большевиктер тарапынан ерекше бақылауда болғаны анық. Сондықтан 1937-1938 жылғы репрессия кезінде де қарақалпақ елінен жазықсыз сотталғандар, кінәсіз атылғандар аз болмады, оның ішінде, әрине, қызыл үкіметтің ерекше назарындағы қазақтар болды және аз болмағаны анық.
Жоғарыда біз атап кеткен Шәріп Бабашевтың кітабында Қарақалпақстанда репрессияға ұшырағандардың тізімі және жазықсыз жазаланғандар туралы мәліметтер берілген. Тек, көбінің ұлты жазылмаған. Дегенмен тізімнен біз өзіміз білетін бірнеше белгілі қазақтың аты-жөнін кездестірдік. Мысалы, Хорезм Халық Кеңес Республикасында лауазымды қызмет атқарған, 1921-1922 жылдары Амудария обкомының жауапты хатшысы, 1923-1924 жылы Қарақалпақстан обкомының ұйымдастырушысы болған Календер Адинаев (1938 жылы 18 қарашада «халық жауы» ретінде атылған), Хорезм Халық Кеңес Республикасының Халық Нәзірлер (Комиссарлар) Кеңесінің төрағасы болған Меңдіқожа Ибнаминов (1938 жылы 13 қазанда Ташкент қаласында атылған), ҚҚАССР Білім беру халкомының Орта мектептер бойынша бөлім бастығы болған Біләл Сүлеев (1938 жылы 13 қазанда Ташкент қаласында атылған), Қоңырат ауданында «Қызылжар» орта мектебінде мұғалім болған ақын Зұлпықар Ершеев (1938 жылы 7 ақпанда ату жазасына кесілген), Шымбай суару жүйесінің бас инженері, кейін Қарақалпақстан су шаруашылығы министрі болған Жүсіп Мереев (1939 жылы 20 жылға сотталған, 1940 жылы ҚҚАССР бас прокурорына қайта тергеуге жіберіліп, кейін ақталған) секілді өзіміз білетін қазақтарды репрессияға ұшырағандардың тізімінен көріп отырып бұл елде де қазақтардың талайы қудалау құрбандарына айналғанына көзіміз жетеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Қазақстаннан тысқары жерлерде туып-өсіп, еңбек ете жүріп 30-жылдарда репрессияға ұшыраған қазақтарды да анықтасақ, сонда жалпы қанша қазақ баласының зұлмат заманның құрбанына айналғанын білер едік. Өйткені бар қазақтың қасіреті ортақ.
Ахмет ӨМІРЗАҚ