«Енді менің аспаным бұлттанбайды ешқашан...»

Дәулетбек Байтұрсын­ұлы – қазақ поэзиясына ешкімге ұқсамайтын өз үнімен келген ақын.

«Енді менің аспаным бұлттанбайды ешқашан...»
741

Қазіргі қазақ поэзиясы жөнінде сөз еткенде, шартты түрде тәуел­сіздік тұсындағы шығармаларды тілге тиек етеміз. Оның да өзіндік себептері бар. 1991 жылы Кеңестік империяның таратылуы, Қазақстан тәуелсіздігін жариялауы қоғамның барлық саласына, соның ішінде ұлт­тық әдебиетке де өзінің оң ықпалын тигізді. Еліміздің егемендік алуы ел басына күн туған қиын-қыстау заманда туған жерден үдере кө­шіп, әртүрлі себептермен шекаралас жатқан елдерде мекендеп қал­ған қандастарымыздың Отанына оралуына мүмкіндік туғызды. Осы уақыт аралығында көші-қон саясаты жырақта жүрген бауыр­ла­ры­мыздың туған жерге оралуына жол ашты. Соңғы ширек ғасырдан ас­там уақыт аралығында Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғыз Рес­публикасы, Моңғолия, Қытай Халық Республикасы тәрізді елдерден ту­ған жерге келген миллионнан астам бауырларымыз қоғамның әр са­ласында қызмет етіп жатса, олардың бір парасы ұлттық әдебиет төңі­регінде өнімді еңбек етуде. Сондай қаламгерлер қатарында Дәу­ле­т­бек Байтұрсынұлының есімін құрметпен атауға болады. 

Осыдан он шақты жыл бұрын «Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құнды­лық­тар» деген ғылыми жоба аясында Қа­зақ­стан халықтарының әдебиетін зерттеуге ден қойдық. Жәркен Бөдеш, Дидахмет Әшім­хан ағаларымызға ілесе жүріп, Дәулетбек Бай­тұр­сынұлы прозалық, поэзиялық туын­ды­ларды өн­діре тәржімалапты. Сол кезде Дәукең ұйғыр әде­биетінен өзі тәржімалаған көптеген көр­кем аудармасын жеткізіп берді. Қазақстан ха­лықтарының ішінде қазақ тіліне көп ау­дарылғаны ұйғыр әдебиеті болғандықтан, олар­ды зерттеуге жол ашылды. Нәтижесінде, «Қа­зақстандағы ұйғыр әдебиеті» деген кон­ференция материалдарының жи­нағы жарық көрді. Дәулетбектің ұйғыр әде­биетінен аудармалар жасап, қазақ бауыр­ларына жеткізіп жүргенін жазушы-дра­матург Ахметжан Ашири ағамыз бас­та­ған ұйғыр халқының азаматтары үлкен жиын­дарда үнемі айтып жүр. Д.Байтұр­сынұлы­ның ұйғыр әдебиетін қазақ тілінде сөй­летуге қосқан осы еңбегін ескеріп, ха­лық­аралық «Иль­хам» сыйлығын берді. Со­нымен бірге ақын, аудармашыға Қырғыз Рес­публи­касының Жазушылар одағы «Нұр Борбор» шы­ғармашылық Акаде­мия­сының шешімі­мен «Молда Бағыш» атын­дағы Халық­ара­лық әдеби сыйлық (Молда Бағыш Сары­байұлы (1888-1937)) берді. Аудар­ма­шының аталған халық­ара­лық сыйлық­тары – ұйғыр, қырғыз әде­биетін қазақ тіліне аудару, насихаттау са­ласындағы еңбектерінің жемісі.
Дәулетбектің алғашқы жыр жи­нақ­та­рына енген шығармалары жөнінде сын­шы Б.Сарбалаұлы «Ой түзеген оғлан» ма­қа­ласында: «Демек, жыр дегеніміз – ең бірінші та­залық, адалдық, яғни ақынның өтірік айт­пауы, екіжүзділікке салынбауы. Ақын Қа­дыр Мырза Әлі айтқандай, ондай қа­дам­ға бару «жыр көзіне шөп салу», ең қуаныштысы – Дәулетбек кітабы, барша туындылары дерлік осындай жасандылықтан, жалғандықтан 
ада», – деген болатын. Сыншы айтса айт­қан­дай, Дәулетбектің жырларын оқып отырғанда оның кіршіксіз таза көңілін, адам баласына жамандық ойламайтын ақ пейілін тану оңай. 
Дәулетбек Байтұр­сын­ұлы­ның 2014 жы­лы жарық көрген «Сенің арқаң» жыр жинағының бета­шары ретінде берілген «Сенің ар­қаң» өлеңін оқып отырғанда, жер басып жүрген пенделердің барлығы дерлік қайдан жаратылғанына, қайдан шыққанына үңіліп, бір сәт Алланың құлы екендігін есі­не алып, тәубасына таянып, жер басып жүр­геніне шүкіршілік жасап, пендешіліктерін еске алары даусыз. Ақпараттық технология за­ма­нында құндылықтардың орны ауысып бара жат­қаны жасырын емес. Қазір жалпыадамдық, ұлттық құндылықтар екінші кезекке шығып, ал­дыңғы шепке материалдық құндылық­тар­дың орныға бастағанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам» дегенді көздейтін замандастарымызға опа­сыз дүние-байлық үшін ардан аттау, иман­нан безу, парыз бен қарызды ұмыту, аманатқа қиянат жасау үйреншікті әдетке айналып бара жатқаны жасырын емес. «Мейір қайда, іздедім ме­кірен­ген, Тапсам бұлай мұңайып өкінер ме ем!» деп замандастарының бойынан мейір-ша­пағат іздейтін лирикалық кейіпкердің бойын­дағы «менмендікті» жұпар иіс иманның жұмсартуы дау туғызбайды. Олай болса, адам бойындағы жаман қасиеттерден құтылу үшін иманды­лыққа бет бұру қажеттігін түсінген лирикалық кейіпкердің замандастарын «Бес уақ намаз, Бақ­ара сүре соңғы аят, Аманат қып Жа­рат­қан­ның бергені...» деп Алланың ақ жо­лына ша­қыруы орынды. Тұмау тигендей дім­кәс қоғам­ға шипа іздеп, байтақ мекеннен мейірім іздеп шарқ ұрған лирикалық кейіп­кердің Құранның қасиетіне бас июі, нәпсісін жеңуі қуантады. Сондықтан да ол: 
Дін деген – әзіл-оспақ күлкің емес,
Дін деген – жасап алар мүлкің емес.
Дін – сұхбат, дін – диалог, бейбітшілік,
Татулық, ақылдасу, рухы кеңес! – деген түйін жасайды. 
Бір шумақта «дін» сөзін төрт рет қайталау арқылы оған көңіл бөліп, діннің ерекшелігін, қадір-қасиетін түсіндіруге тырысқан. Осы жө­нінде философия ғылымдарының докторы Б.Сатершинов: «Дәукең – жаратылыстану са­ласында білім алып шыққанымен, жүрек қа­лауымен ақындықты таңдаған, физиканы лирикамен шебер жымдастыра білген ақын. Сон­дықтан оның шығармашылығында «қоз­ға­лыс», «үдеу», «салмақсыздық», «өз өсінен ай­­­­налу», «тартылыс күші» тәрізді физикалық ұғым­­дар метафизикамен ұласып жатады. Яғни, жаратылыстың формуласын Жа­ра­ту­шы­­ның хикметімен байланыстыра біледі», – де­ген болатын. Оның «Бірлікке бастар бір Алла», «Мінажат», «Сенің арқаң», «Сен көр­сет­кен жолмен», «Кешір Алла!», «Алла, Алла!», «Алла­­ны сүй», «Аллаға шүкір...», т.б. – жер мен көк­ті ғайыптан Жаратушы Алла Та­ға­лаға қара­тыла айтылған мадақ жырлар. 
Кез келген қаламгердің шығармаларынан үл­кен орын алатын – анаға деген құрмет, ана­ға деген сағыныш. «Ләтипа лүпілі» жинағын ав­тор «Алланың разылығы үшін, мен бұл ең­бегімді өмірге он бала әкелген ардақты анам, бәрімізді тәрбиелеп, қатарға қосқан шешем, бұ күнде 65 жасқа толып, немере-шөбере сүйіп отырған Шадан (Шарубай) Рақымбердіқызына ұсынамын», – деген екен. Осы ілтипатының өзінен анаға деген үлкен құрметті аңғаруға бо­лады. Кітаптың беташары ретінде «Жан­нат – ананың аяғының астында» және «– Жақсы­лықты алдымен кімге істеймін?
– Анаңа!
– Одан кейін ше?
– Анаңа!
– Ал одан кейін ше?
– Анаңа!
– Ал одан кейін ше?
– Әкеңе!», – деген Пайғам­бары­мыз Мұ­хам­мед (с.ғ.с.) хадис­терінен алынған ұлағатты тол­ғамдар берілген. 
«Анама» жырында ана ал­дын­дағы пер­зент­тік бо­рышын арқалаған ли­ри­калық кейіп­кердің анасына арнап бар жылы сө­зін ар­науы орынды: 
Ұрпақ үшін секілді бір аспан, күн,
Үміті үшін жыр дәптерін жастандым.
Соның бәрі баспалдағы секілді,
Анам жайлы жазылатын дастанның...
Ақын шығармаларында бүгінгі өзіміз кө­ріп жүрген қоғам шындығы бейнеленуі орын­ды. Балалық бал дәурені миллиардтар елінде өт­кен ақынның еліміз егемендік алған соң, ал­ғашқылардың бірі болып атамекенге орал­ғаны белгілі. Миллиондардың ішінде жал­ғыз­дық көріп жабырқаған оның шығармаларынан екі ел мен екі қоғамның тыныс-тіршілігі се­зі­леді. Кіндік қаны тамған туған жерге деген са­ғыныш ақын шығармаларынан мол орын алды. «Намысым бойға біткен ақыл-күшім, Кие­лі топырақтан даритындай» дейтін ақын­ның «Сағындым мөлдір тұманы...» өлеңіндегі Ақ­шоқы, Құр, Кесік, Аттауы, Бесқарағай, Қо­на­қай, Мақшы тәрізді жайлауларды сағына ес­ке алуы – туған жерге деген шынайы махаб­бат­тың көрінісі: 
Сағындым бұлағыңды былдырлаған,
Қосылған бір жылғаға бір жылғадан.
Сәбидің күлкісіндей сыңғырлайтын,
Бұл күнде қайда қалдың бұлбұл заман!
Ат сауырын сипамаса тұра алмайтын қа­зақтарды қаланың тымырсық тіршілігі қа­жытып, шаршататыны, дарқан даланы аңсап өк­песі қысылатыны айтпаса да түсінікті. Ли­ри­калық кейіпкердің түтеген ақ боранда «Осын­дай сәтте ойлайсың жылқы үйірін, Тұ­­­маннан шығып шұрқырап тұрса кісінеп...» деп жылқы үйірін іздеуі орынды. 
«Бұзылған машина, қайтқан қаз» бал­ла­дасында машина бұзылып, түнімен «сүйекті» кү­зеткен лирикалық кейіпкердің мүшкіл ха­лінен хабар берсе, үнемі арпалысып жүретін адам бойындағы нәпсі мен қанағаттың күресі «Нәпсіге» арқау болған. «Адамдарша» өлеңінде «Тар­та берем, мен алға тартып келем, Ажал ат­ты қорғанға қамалғанша. Ел тағдыры жо­лын­да артық көрем, Өмір сүру, өлуді – ада­м­дар­ша!» деп Ел үшін адамдарша өмір сүруді, өлу­ді ұсынады. «Құдай, Құран, Сенім – мәңгі се­рігім, Арлы, иманды болу менің мұратым!» дей­тін лирикалық кейіпкер бүгінгі қоғам өмі­ріндегі кереғарлықтарға көз жұмып қарай алмайды. 
Қазақ – бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, қыз баласына төрден орын берген халық. Ұлт болашағын тәрбиелейтін аналар болса, қыздар – болашақ аналар. «Қыз құласа» өлеңінде «Қансырайды ұлтымның қасиеті, Ең әуелі азғындап қыз құласа!» деп қыздардың тәр­биесіне ерекше көңіл бөлуді ұсынса, «Қауіп» өлеңінде біз өмір сүріп отырған қоғам трагедиясы замандастарымыздың іс-әрекет­терімен көрінеді. «Доллар үшін долыққа түсіп бүгін, Қыздарың жүр қорқаудың тақымында..», «Сыпырылып басынан кимешегі, Келіншектей әжелер күй кешеді», «Аты озғанның алдынан ұра қазып, Буындырып бересің жұрт ағасын» деген жолдарға өмір шындығы арқау болса, «Адамдардың ниеті» өлеңінде арам пиғылдан, жамандықтан құтылудың жолын «Иман келіп ор­намай әуел бастан, Адамдардың ниеті дұрыс­талмас» деп замандастарына ниетті тү­зеу­ді айтады. «Адамдардың аңдысқан қарау­лығын», «Адамдардың ғайбатпен жазғыруын» көрген лирикалық кейіпкер нәжістен тайға­нақ­тап жүре алмағандықтан, «Арғы әлемнің ақ нұрын аңсаймын да, Кеткім келіп тұрады ай­дан аттап...» дейді. Алланың ақ жолында жүр­ген жанның өзгенің бәрін өзіндей көретіні бел­гілі, алайда адам баласының аласы ішінде еке­нін көргенде олардан жиреніп, өмірден түңі­летіні жасырын емес. Осы ойымызды Дәу­летбектің ақындық кредосы жөнінде айт­қан ақын Ғ.Жайлыбайдың мына пікірі то­лық­тырады: «...ол азамат ретінде өте арлы, иманды жігіт. Біздің өнер адамдарында, әсіресе,  ақын­дарда  болуға  тиісті  кішіпейілділік,  қара­пайым­дылық секілді қазақ азаматына тән, ер жі­гітке лайық тамаша қасиеттері бар. Жүре­гінің үніне жүгінген иманды жанның сөзі де, ісі де, өлеңі де адал». 
Қаламгерлердің сөз киесіне аса жауап­кер­шілікпен қарайтыны белгілі. Сол сияқты ақын қаламынан шыққан асыл сөздің қадір-қа­сие­тіне үңіледі, оған аса жауапкер­ші­лікпен қарай­ды. Оны «Абай нар» өлеңіндегі Абай­ға, оның поэзиясына деген құш­тар­лықтан көруге болады. Мың­мен жалғыз алыс­қан Абайдың за­ма­нындағы Әзімбай­лар­дың қазір де ара­мызда жүргені рас. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп замандас­та­ры­на ой сал­ған ақын­ды «Абай деген – да­нышпаны қа­зақтың, Алла жайлы ай­тып кеткен бай­лам­дар!» деп ба­ға­лауы орынды. «Бір сәт» өлеңіндегі «Ба­бы­мен бағам өлеңді, Қанғанын күтем иінің» де­ген жол­­­дар растаса, «Жазылам деп жазыл­ма­ған жыр – қайғы» екенін «Жазылмаған жыр – қайғы» өлеңінде еске салады. 
Ақын жырларын оқып отырғанда, оның бей­нелі тіркестерді көптеп қолданатынын бай­­қауға болады. Мәселен, «Жүйкемді бырс-тырс болған үтіктеген», «Нәпсіні қыл­қын­дырмай жүре берсем, Біріне ай­на­ламын мен де өліктің», «Нәп­сім үркек аң секілді», «Ат тіз­гінін кесем қиып, Нәпсі жау­мен пышақта­сып», «Жүре­гім өксік, жүзім сәл, Миым­ды сүлік сор­ғандай», «Терімді тесіп тен­тек­тер, Еті­ме қанжар қа­дай­ды», «Жанар-жанбас тір­шілік тұр­, Бықсытқандай шаланы», «Шор­шиды қай­ранында қай­ран қазақ, Ажы­рап ай­дынынан ба­лық көлдің...», «Мұңы жоқ көңіл – кепкен көл, Сезімі қаңсып суалған», «Берік­­сің сек­сеуілдей жарылмайсың», «Толды адам­­дық ауласы арам шөпке, Шырмауыққа оран­­ған көкөністей...», «Бастағы ойлар бытыс­ты бай­лауы жоқ, Алқаш қатын шашындай киіз­­де­ніп...» деген бейнелі тіркестер ақынның жаңа образдар жасаудағы ізденістерін бай­қат­са, «қала – тұман, мекеме – мұз, үй – ақпан» де­­ген тіркестер эпитетті орынды пайдалан­ға­нына мысал.  
Қазақ поэзиясындағы қалыптасқан дәс­түрдің бірі – арнау өлеңдер болса, осы жанр­да­ғы ақын өлеңдері өзіндік бояуымен айшық­та­лады. Оның үлгі тұтатын Рафаэль Ниязбеков, Тө­реғали Тәшенов, Құл-Керім Елемес, Әбдіса­дық Рахымбайұлы тәрізді ағалары мен бауыр­лары бірінші кезекте бес уақыт намазбен Алла­ға құлшылығын үзбейтін сексеуілдей бе­рік­тігімен, Раббыға адал құлдығымен ерек­шеленеді. Ақын арнаулары кейіпкерлердің қыз­меті мен ман­сабына бағындырылмай, мәң­гілік құнды­лықтарды үлгі-өнеге етуімен өзге­шеленеді. 
Дәулетбек ақынның «Тәуелсіздікке тағ­зым» атты өлеңіне Шаба Әденқұлқызы ән жазып айтып жүр. Мұны оның авторының тәуелсіздікке жасаған зор құрметі деп қабыл­дауға болады. 
Қорыта айтқанда, Дәулетбек Байтұрсын­ұлы – қазақ поэзиясына ешкімге ұқсамайтын өз үнімен келген ақын. Жоғарыдағы заман­дас­тары мен ақын ағалары айтқандай, ол – «жа­ны да, ары да таза азамат». Иманды ақын адал­дықтың жақсы үлгісін сөз жүзінде ғана емес, өлеңімен, ұлтқа қызмет жасаудағы жан­кешті еңбегімен көрсетіп келеді. Қасиетті Құ­ран сүрелері мен Пайғамбарымыз Мұхам­мед (с.ғ.с.) хадистеріне сүйене отырып, ой түз­ді, жүрегінен шыққан асыл сөздерді заман­дас­тарына жеткізді. Жақсылықты адамнан емес, Алладан күткен лирикалық кейіпкер жүре­гін арамнан арашалауды бір Алладан сұра­ды. Қамшының сабындай қысқа өмірде иманға ден қойған лирикалық кейіпкер өзі өмір сүріп отырған қоғамның кіршіксіз таза болғанын қалайды. Нарықтың замандастарын парықсыз етіп жібергеніне күйінген ол әділ­дікті хақ жолынан тауып «Енді менің аспаным бұлттанбайды ешқашан, Ұлы Алла Ием бар, жайым міне осылай!» деген түйін жасайды. 

Гүлжаһан ОРДА, 
М.Әуезов атындағы Әдебиет және 
өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі 
әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филолология ғылымының докторы

Серіктес жаңалықтары