Ерекше балалардың ата-аналары экоакцияны қолдады
БҰҰ мәліметіне сәйкес дүние жүзінде 80 миллион адамда аутизм бар. Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда 16 700 бала аутизм дертіне шалдыққан.
Жақында Астанада «Болашақ» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Run for autism қайырымдылық жарысы өтті. Биыл екінші рет өткен іс-шараның мақсаты – аутизм туралы көбірек ақпарат тарату, аутизм белгілері бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтік ортаға сіңісуіне және өз қабілеттерін жүзеге асыруға жағдай жасау, ыңғайлы ортаны қамтамасыз ету.
Аутизм ерте балалық шақта байқалады және бұл баланың жынысына, нәсіліне, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты болмайды. Аутизм дертіне шалдыққандар өзінің белгілі бір қызығушылықтарына ғана мән береді, бір іс-әрекетті қайталай береді әрі адамдармен қарым-қатынас орната алмайды. Алайда бүгінде мұндай балалар қоғамнан тыс өмір сүріп жатыр. Бірақ олардың мінез-құлқын сауатты түзету, мейірімділік таныту арқылы аутизм синдромы бар балалардың өмірін жеңілдетуге болады.
БҰҰ мәліметіне сәйкес дүние жүзінде 80 миллион адамда аутизм бар. Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда 16 700 бала аутизм дертіне шалдыққан, оның 3 479-ы Астана қаласында тұрады. ДДҰ деректеріне сәйкес әлемдегі әрбір 54-балада аутизм белгілері бар. 2015 жылдан бері «Болашақ» қоры Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.
– Run for autism – бұл аутизм бойынша зерттеулерді қолдау үшін қаражат жинауға арналған халықаралық бастама. Олар марафон, жартылай марафон, триатлон, жарыс сынды әртүрлі форматтарда өткізіледі. Осыған дейін мұндай жарыстар Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Чикаго, Питсбург сынды әлемнің ірі қалаларында ұйымдастырылған. Біздің Қор бұл халықаралық тәжірибені елімізде алғаш рет енгізді. Былтыр жиналған қаражатқа біз елорданың балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтадық. Бір кабинетті жабдықтауға шамамен 2 млн теңге жұмсалды. Бұл сомаға ерекше балалардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға арналған жиһаз, оргтехника және көмекші оқыту материалдары кіреді. Бүгін жиналған қаражатты да біз балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағыттаймыз. Өйткені инклюзияны ерте жастан бастаған жөн. Бұл жағдайда менталдық бұзылыстары бар баланың болашақта сәтті оқуға және әлеуметтенуге мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады.
Осындай ауқымды шараға қолдау көрсеткен демеушілеріміз бен серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың саны артып келеді, бұл – ақпарат көбірек адамға таралады деген сөз. Біз қоғамның барған сайын ашық болып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз мүмкіндігінше көп адам аутизм туралы білсе, ал инклюзия мәселелері барлық деңгейлерде шешілсе дейміз, – деді «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Биылғы жарыс 1 км, 2,5 км, 5 км, 10 км қашықтық бойынша өтті. Қатысу бағасы 5 990 теңгеден бастап 8 990 теңгеге дейін болды. Қайырымдылық жарысына Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногорск, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2 330 адам келді. Сондай-ақ кәсіби спортшылар, бочча бойынша пара-спортшылар, ымдау тілі спортшылары, әуесқойлар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, 120-дан астам ерекше қажеттіліктері бар балалар, ата-аналар қатысты.
– Run for Autism – жай спорт жарысы емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға және ауылдар мен қалаларымызда инклюзивті орта қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгін біз осы жарыс арқылы еліміздегі әр балаға ерекше қажеттілігіне қарамастан білім алып, дамуы үшін тең мүмкіндіктер беру жолында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Баршаңызды осындай игі бастаманы қолдауға, әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасалған инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосуға шақырамын, – деді шараның құрметті қонағы әрі жарысқа қатысушы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Іс-шара шегінде аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизмге ұшыраған, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, Даун синдромы бар 5-14 жас аралығындағы 100-ден астам бала атсалысты. Эстафета аяқталған соң балаларға медаль және іс-шараның серіктестерінен сыйлық табысталды.
Жарысқа 50-ден астам компания мен ұйымның қызметкерлері, оның ішінде инклюзивті білім беру саласындағы қызметкерлер қатысты. АВА-терапевт Алмас Ақан даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тамшылар» Балаларды дамыту орталығынан әріптестерімен бірге жүгіруге қатысты.
– Мен жүгіруге бірінші рет қатысып отырмын. Мен үшін осы жүгіруге қатысу – бұл тақырыпқа адамдардың назарын аударудың, аутизм қиындықтарымен күнделікті бетпе-бет келген жандарға қолдау көрсетудің, AСБ бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта алатын білімнің таралуына көмектесудің тәсілі. Мен өз жұмысымда дамуында ерекшеліктері бар балаларға жағымсыз мінез-құлықпен күресуге, басқалармен қарым-қатынас жасауға және өзара әрекеттесуге көмектесемін. Біз дәлелденген әдістерді қолданамыз және балалар күнделікті тапсырмаларды жақсырақ орындай алуы үшін отбасымен және басқа мамандармен бірлесе жұмыс істейміз, – деді АВА-терапевт.
Астана тұрғыны Амангелді Досжановтың жасы 81-де, ол – жүгіруге қатысқандардың ішіндегі ең жасы үлкені. Ақсақал 10 км қашықтыққа тіркелген.
– Бүгін мен өзімді, өз күшімді сынап көргім келеді. Біз бәріміз қай жаста болсақ та, дұрыс әрі толыққанды өмір сүру үшін өз денсаулығымыздың қадірін біліп, өзімізге көңіл бөлуіміз керек. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары күнделікті жаттығу жасап жатады. Біздің қазақ елінде де осындай жандар бар. Осы жүгіруге қатысу арқылы мен аутизмі бар балаларға қолдау көрсеткім келеді, – деді Амангелді Досжанов.
Қайырымдылық жарысында жиналған 13 млн теңгеге жуық қаражат балабақшаларда аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады.
Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды, ал әр қашықтық бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен, медальдармен марапатталды. Әрбір жүгірушіге шоппер, футболка, жүгіруге, ұтыс ойынына арналған нөмір, тамаққа талон, бағдарлама және спорттық батончиктен тұратын жинақ табысталды.
Қазақстандағы бірінші Run for autism қайырымдылық жарысы 2023 жылғы 27 сәуірде өтті. Іс-шараға республикамыздың 7 қаласынан 1 100-ден астам адам, оның ішінде даму ерекшеліктері бар 96 бала қатысты. Жүгіру қорытындысы бойынша 7 000 000 теңге қаражат жиналды. Жиналған қаражатқа «Болашақ» қоры Астана қаласындағы №54, №60 және №66 балабақшаларда үш инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтады. Бүгінде аутистикалық спектрінің бұзылыстары бар 18 бала осы кабинеттерде оқиды.
Run for Autism қайырымдылық жарысы қорытындыланған соң қатысушылардың барлығы «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қоқыстардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.
– Мен ерекше баланың анасымын. Ұлым Әмір Алпамыс 5 шақырым, мен 2,5 шақырымды жүгіріп өттік. Жарыс ойдағыдай өтті. Қайырымдылық шарасынан кейін экоакцияға қатыстық. Балаларымызбен бірге көрермендер мен спортшылардан қалған қағаздар мен басқа да қалдықтарды жинап, арнайы орынға апардық. Айналаны жинауға балаларымыз қуана-қуана көмектесті. Олардың көңіл күйлері тамаша. Жалпы, аутизм, басқа да менталдық бұзылыстары бар балалар ересектерге қолғабыс беріп, көмектескенді жақсы көреді. Біз ерекше балалардың қоғамға пайдалы бола алатынын, олардың әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін айтудан жалықпаймыз, – деді Әлия Абдибайтова.
Айта кетейік, сәуір айының басынан бастап елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экоакциясы өтіп жатыр. Ауқымды экоакция аясында белсенді қала тұрғындары ардагерлердің, балалар мен қарттар үйлерінің аулаларын тазалап, абаттандыруда. Одан бөлек қаланы санитарлық тазарту, нөсер және кәріз желілерін, көшелерді, тротуарларды, аулаларды тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Астананы жасыл желекпен көм¬керілген, әсем қалаға айналдыру мақсатында биыл барлығы 1,1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінде бұл мақсат іске асыруда жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.
А.Бимендиева