Жаңа заң мердігерге меже бола ма?

2015 жылдан бері мемлекеттік са­тып алуға байланысты заңға 30-дан астам өзгеріс енгізілген екен. Бұл жолғы енгізілмек өзгерістерден нәтиже қандай болмақ?

Жаңа заң мердігерге меже бола ма?
сурет: GOV.KZ
503

Жақында мемлекеттік сатып алу саласына өзгеріс енгізе­тін жаңа заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымынан өтті. Ұсынылып отырған өзгерістер қабылданса, бір жұ­мысты толық аяқтамаған мердігер басқа конкурсқа қатыса ал­майтын болады. Ел ішінде «қара тізім» аталып кеткен жосықсыз мер­дігерлер тізімі де кеңеймек. Сондай-ақ сатып алуға «қоғамдық мо­ниторинг» институты енгізілмек.

Мемлекеттік сатып алу жүйесі қазірге дейін ақ­ша жымқырғысы келетіндерге үлкен алаң, тап­тыр­мас мүмкіндік болып отыр. Айла-шар­ғы да түрлене бер­ген. Салада мәселенің көп екені сон­ша – Пре­зи­дент, қазіргі-бұрынғы Үкімет бас­шы­ларынан бастап, сала сарапшылары, кәсіпкерлер мен мердігерлер, ең аяғы халық та жүйені ретке кел­тіріп, тікенін тегістеп, олқылықтың орнын тол­тыратын қандай да бір шара қабылдау керек еке­нін айтумен келеді. Сәйкесінше, «сақалды құры­лыс», сапасыз нысан, жосықсыз мердігерлер де азаймады. Жымқырылған қаражат та қолдан-қолға сусып, қал­таларға кетіп жатады. Осылайша, былтыр жаңа жо­ба әзірленіп жатқаны белгілі болды. Дегенмен ай­та кету керек, 2015 жылдан бері мемлекеттік са­тып алуға байланысты заңға 30-дан астам өзгеріс енгізілген екен. Бұл жолғы енгізілмек өзгерістерден нәтиже қандай болмақ? 

Бұған дейін заң жобасы Мәжіліске түспей тұ­рып мәселені бір қозғаған едік. Енді, міне, нақ­ты қандай өзгерістер енгізілетіні де анықталып қал­ғандай. Сол себепті сатып алу саласын бір сара­лауды ұйғардық. 

Шағымдану тетігі астыртын бизнеске айналған

Статистикаға сәйкес, жалпы бюд­жет шығысындағы мемлекеттік са­тып алу үлесі – 30 пайыз мөлшерінде, бұл – шамамен еліміздің ЖІӨ-нің 5 пайы­зы. 
Сонымен қатар сыбайлас жем­қор­лық­қа қатысты әрбір бесінші қылмыс осы салада жасалады екен. Бұл – «Ан­ти­кор­­дың» былтырғы мәлімдемесінен алын­­ған ақпарат. Жалпы, бұл саладағы қыл­мыстардың 80 пайызға жуығы бюд­жет қаражатын ұрлау және орындалған жұ­мыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анық­тау кезінде пара алуға байланысты тір­ке­леді екен. 
Мемлекет басшысы бірнеше рет сы­­байлас жемқорлық пен ысы­рап­шыл­дық бюджет процестерінің бар­лығында байқалғанын атап айтқан еді. Қаншама шара қабылданса да, жағ­дай айтарлықтай өзгермеді. Осыған бай­­ланысты квазимемлекеттік сектор­дағы мемлекеттік сатып алу мен сатып алу­дың барлық жүйесін қайта қарау туралы тапсырма берілген болатын. 
Биыл жыл басында Үкімет басшысы Ол­жас Бектенов қолданыстағы жүйе мем­лекеттік сатып алу процесін әдейі те­жеуге мүмкіндік беретінін, соның сал­дарынан жаңа жобаларды іске асыру жә­не жалпы алғанда экономиканың да­муы баяулайтынын айтқан еді. Со­ны­мен қатар конкурсқа шағымдану тетігін астыртын бизнеске айналдырып алған­дар да көбейген.
– Мұндай жағдайда тұрақты түрде алға жылжу керек, өйткені қазіргі сатып алу жүйесі бәрін тежеп отыр. Кон­курс­тар­ға шағымданудың төңірегінде тұтас ас­тыртын бизнестер пайда болды. Кейін­нен бұл мәселеге қайта айналып соқ­пас үшін біз жағдайды түбегейлі өз­гер­туіміз керек, – деді Олжас Бектенов Үкіметтегі кеңесте.

Жоба Сенатқа жолданды

Өткен аптада жаңа заңның жоба­сы Мәжілісте қаралып, «Мемле­кет­тік сатып алу туралы» заңның жаңа ре­дакциясы бойынша жұмыс тобының жет­екшісі, Мәжіліс депутаты Руслан Қо­жас­баев баяндама жасады. 
Жұмыс тобының жетекшісі жасаған мә­лімдемеге сүйенсек, депутаттар ат­қару­шы органмен бірлесіп, заңға отан­дық жеткізушілерді қолдау және көр­се­тіле­тін қызметтердің сапасын жақ­сар­татын тетіктер енгізген. 
– Екінші оқылымға дайындық бары­сын­да мемлекеттік сатып алу бойынша ша­ғымдану рәсімдері, өнім берушілердің жауап­кершілігі, сондай-ақ бір көзден сатып алу тәсіліне қатысты қағидалар нақ­тыланды. Мемлекеттік сатып алу рә­сімдерін жеңілдету мақсатымен ша­ғымды ұйымдастырушы қарайды. Оның шешіміне әкімшілік іс жүргізу аясында ша­ғым түсіру мемлекеттік сатып алу рә­сім­дерін тоқтатпайды, – деді Руслан Қожасбаев. 
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілмек түзетуді қа­былдап, Сенаттың қарауына жолдады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қабыл­дан­ған құжатта Мемлекет басшысы алға қой­ған барлық міндет ескерілгенін, бір­ақ мұнымен тоқтап қалмау қажет еке­нін айтты. 
– Жақында Президенттің «Эко­но­ми­каны либералдандыру жөніндегі ша­ралар туралы» Жарлығы қабылдан­ға­нын білесіздер. Енді тиісті комитет мем­лекеттік органдармен бірлесіп, заң­на­малардың Жарлық нормаларына сәй­кестігін тексеруі қажет. Бұл мем­ле­кет­тік сатып алу саласына да қатысты. Ең алдымен, мемлекеттік сатып алуды өт­кізу кезіндегі «сары беттер» (жеке мен­шікті қолдау) қағидаттарын сақ­тау­ға және басқа да салалық заңнамалық ак­тілерге қатысы бар. Болашақта бизнес қа­тыса алатын және қатысуға тиіс сала­лар­ға мемлекеттің араласуын азайтуы­мыз керек. Жалпы, жұмысты Президент Жар­лығы аясында жалғастырып, қажет бол­ған жағдайда депутаттар тиісті заң жо­баларын қабылдауға бастамашылық етуі қажет, – деді Ерлан Қошанов.

Не өзгереді?

Биылғы ақпанда Қаржы министрі Мәди Такиев «Мемлекеттік са­тып алу туралы» заң жобасында сатып алу жүйе­сіне қатысты барлық сын ескеріле­ті­нін айтқан болатын. Сонымен, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында қандай өз­ге­рістер қарастырылып отыр? 
Ең алдымен, «мемлекеттік сатып алу­дың қоғамдық мониторингі» ұғымы ен­гізілмек. Сондай-ақ ол бойынша нор­ма­лар регламенттелетін болады. Бұған дейін бұл салаға қоғамның бақылауы керек екені жиі айтылып жүрді. Тәуелсіз сарапшылар, БАҚ өкілдері, халықтың ба­қылауының арқасында біршама құй­тырқылықтың жолы кесілетіні жасы­рын емес. Портал түсініктірек, жалпыға ұғы­нықты болған сайын қоғамдық ба­қылау да күшейе түсетіні анық. Заң жо­­­басын талқылау кезінде Қаржы вице-ми­нистрі Дәурен Кеңбейіл қоғамдық ба­қылау аясында мемлекеттік сатып алу шарт­тары ашық бола түсетінін мәлім­деді. Яғни, азаматтар мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілген жұмыстар дұрыс орындалмаса, шағым түсіре ала­тын болады.
– Ішкі мемлекеттік аудит ка­ме­рал­дық бақылау жүргізеді. Тапсырыс беруші тех­никалық ерекшеліктерді енгізген сәт­те біздің бақылау органдары ондағы та­лаптарды тексере алады. Егер талап­тар тым қатаңдатылған болса, оны тү­зе­ту туралы тапсырыс берушіге ха­бар­ла­ма жіберіледі. Яғни, біз бұл заң жо­ба­сы мемлекеттік сатып алу сала­сын­да ашық­тықты қамтамасыз етеді деп се­нім­ді түрде айта аламыз. Сонымен бірге мем­лекеттік сатып алу шарттары бойын­ша халықаралық рейтингте Қа­зақ­стан 3-орында тұр, – деді вице-ми­нистр.
Одан бөлек, әлеуметтік, эконо­ми­калық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстар­ды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу­ға негізделген «тұрақты мемлекеттік са­тып алу» институты енгізілмек. Сон­дай-ақ потенциалды өнім берушілердің рей­тингі әзірленетін болады. 
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерін, мемлекеттік сатып алу­дың негізгі қағидаттарын және әлеует­ті өнім берушіге қойылатын білік­тілік талаптары бектіледі.
Сонымен қатар заң жобасы аясында жүк­­телген жұмысты мерзімінде орын­да­маған және сапасыз атқарған мер­ді­герлерге қолданылатын шара қатаңда­тыл­мақ. Сондай-ақ құжат рәсімдеу мер­­зімі едәуір қысқартылады. Ал отан­дық өндірушілерге офтейк-ке­лі­сім­шарт­тар арқылы қолдау көрсетілмек. Яғни, жер­гілікті тауар өндірушіге артық­шы­лық берілмек. Нысанды салу және пай­да­лануға беруге қатысты кешенді жұ­мыс­ты қамтитын EPC келісімшарттары енгізіледі.
Ауыл әкімдіктеріне 4 000 АЕК-ке дейін бір көзден сатып алуға рұқсат беріл­мек. Бұл шешім ауыл әкімдіктерінің тиімділігі мен дербестігін арттыру үшін қабылданғаны айтылды.
Сондай-ақ депутат Руслан Қожас­баев мердігерлерге жұмысты аяқ­тау мерзімін өткізіп алғаны және са­пасыз жұмыс істегені үшін жүктелетін жауапкершілікті күшейту үшін оларды «жосықсыз қатысушылар» тізіміне ен­гізу, айыппұл өндіру, сондай-ақ тұ­тынушыларға осындай жеткізушілермен шартты мерзімінен бұрын бұзу мүмкін­дігін беру ұсынылып отырғанын айтты.
Сонымен қатар бір көзден алу тәсі­лі­мен сатып алу туралы шарт жасасу жө­нінде шешім қабылдаған мемлекеттік орган басшысының (тапсырыс беру­ші­нің) дербес жауапкершілігі белгіленеді. Мұнда «баға – сатып алынатын тауар­дың, жұмыстың, қызметтің сапасы» қағидасы жұмыс істейтін болады. 
Бұдан басқа қандай өзгерістер қа­рас­тырылғанын толығырақ білу үшін жұ­мыс тобында қызмет еткен депу­тат­тың бірі мархабат Жайымбетовтің пі­кі­р­ін білген едік. 

Мархабат Жайымбетов,
Мәжіліс депутаты:

Өзгерістер мердігерлердің жауапкершілігін күшейтеді

– Мемлекеттік сатып алу саласының мәселелері маған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған кезімнен жақсы таныс. Себебі осы жауапты салаға жетекшілік еткен болатынмын.
Сол кезден бері сыны мен күрмеуі көп мемлекеттік сатып алу саласын же­тіл­діру қажет екенін айтып, осы сала­да­ғы түрлі мәселені жиі көтеруге тырысып келе­мін. Сондықтан жаңа Мемлекеттік са­тып алу туралы заң жобасы Мәжіліс қа­рауына түскен кезде, ойда қордаланып жүрген, тәжірибеде кездескен шешімін қажет ететін ұсыныстарымды енгіздім.
Мәселен, мердігердің салғыртты­ғынан нысандар уақытында са­лынып бітпей, «сақалды» құрылысқа ай­налса да, дәл сол мердігер мекемелер ке­лесі конкурстарға еш кедергісіз қа­тысуын тәжірибе жүзінде ешкім шектей бер­мейді. Яғни, қолданыстағы заңнама олар­ды жауапкершілікке тартуға дәр­менсіздік танытып, тек айыппұл төле­те­тін. Енді біз ұсынған жаңа заң қабыл­дан­са, мердігер жүктелген нысанды аяқ­тамаған болса, ол басқа конкурстарға қатыса алмайды.
Бұл өзгеріс мердігерлердің жауап­кер­шілігін күшейтіп қана қоймай, мем­ле­кеттік мекемелердің де екеуара жасал­ған шарт талаптары орындалмаса, уа­қы­­тылы сотқа жүгінуіне мүмкіндік бе­реді. 
Халық арасында «қара тізім» қа­тарындағы сатып алудың жосықсыз қа­­­­­тысушылары тізіліміне енді нысан­дар­ды тастап кеткен мердігерлер ғана емес, құжаттарында жалған ақпарат бер­ген кәсіпкерлер де енгізіледі. Бұл өз­геріс жалған құжаттар ұсынып, кон­курс жеңімпазы болуға ұмтылатындар­дың жолын кесіп, заңсыз әрекеттерін шектейтін болады.
Жеке секторға «строительство под ключ» ұғымы таңсық емес. Енді Мем­ле­кет басшысының бастамасымен құры­лы­сы басынан аяғына дейін бір мерді­гер­мен жүргізілетін жұмыстар мемлекет қар­жысына да жүзеге асырылатын бо­лады. 
Құрылыс саласының қыры мен сыры қанық жан ретінде осындай елеулі өзгерістердің енгізілуіне себепші бо­луым заңдылық деген ойдамын. 
Сондай-ақ сатып алуларға «қоғам­дық мониторинг» институты енгізіледі. Мамандар болмаса, мемлекеттік сатып алу туралы пікірлер бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желі­дегі жарияланатын мәліметтерден қалыптасады.
Келесі енгізілген ұсынысымның бірі – мемлекеттік сатып алу­лар­ға қоғамдық мониторинг жүргізіп қана қой­май, кез келген мүдделі тұлғалардың са­ладағы заңнама бұзушылықтардың ал­дын алуға атсалыса алуы. Қазіргі за­ман талаптарының бірі – ақпараттың ашық­тығы мен жариялылығы екенін ес­керсек, енгізілетін норма саланың «жақ­сы атпен» танытпақ.
Елеулі ұсынысым деп ауыз толтырып айта алатын тағы бір өзгеріс – сапалы тауар алу үшін оның маркасы мен брен­дін көрсете алу мүмкіндігі. Аз көлемдегі, яғ­ни 1 000 АЕК-ке дейінгі 400 мыңға жуық сомаға жарияланатын сатып алу­лардағы бұл норма – сапасыз, арзан тауар­лардың орнына өзіндік сапаға ие тауар­ды алуды қамтамасыз ететін бо­ла­ды. 
Ауылдық округ әкімдері үшін тағы бір керемет жаңалық – оларға 4 000 АЕК-ке, яғни 14,7 млн теңгедей сомаға дейінгі сатып алуларды айлап конкурс өткізбей-ақ, бір көзден алуға мүмкіндік беріліп отыр.
Мұнан бөлек, қосалқы мердігерлерге бе­ріліп келген жұмыстардың жарты кө­лемі енді 30 пайызға азаятын болады. 
Бұл сатып алу  мердігерлердің кон­курс­та жеңімпаз атанғанымен, қосалқы мер­дігерлерге беріп тастауына шектеу қойып, жеке дара жауапкершілігін арт­тыратын болады. 
Бұдан өзге, тауарлардың электронды ката­логын қалыптастыруға, мемлекеттік са­тып алудың электронды дүкен, аук­цион және баға ұсыныстарын сұрату тәсіл­дерін айқындайтын ұсыныстарыма да әріптестерім тарапынан қолдау біл­дірілді.  
Жылдар бойғы тәжірибемнен түй­геннен енгізген ұсыныстарым заң жү­зінде қабылданып, жүзеге асырыла бас­тауы саланың ілгері басуына оң ық­палын тигізеріне сенімдімін.

Ескерілмеген, еленбеген қандай мәселе бар?

Ұсынылып отырған өзгерістердің нә­тижесі, әрине, уақыт еншісінде. Деген­мен тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, са­тып алуға қатысты мәселелердің кей­бірі заңда қарастырылмай қалған. Со­ның ішінде, «Самұрық-Қазынаның» са­тып алулары туралы түйткілдің түйіні сол күйі қалып отыр. 

Дидар Смағұлов,
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры:

«Самұрық-Қазынаның» сатып алулары сол күйі қалды...

– Бұл заң жобасында қарастырыл­ма­ған бір мәселе – «Самұрық-Қазы­на­ның» және басқа квазимемлекеттік ком­паниялардың сатып алулары.
Бұған дейін 2022 жылғы халыққа жа­­саған Жолдауында Президент нақты тап­сырма берген болатын. Сол кезде «Самұрық-Қазынаның» сатып алуларды мемлекеттік сатып алулар сияқты бір платформада ұйымдастыру қажет деп ше­г­елеп тұрып айтқан еді. Демек, «Са­мұрық-Қазынаның» сатып алулары бір заңмен, яғни «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңмен және бір жүйеде, яғни мем­лекеттік сатып алу порталында өтуі қа­жет, нақты әрі түсінікті жайт. Өкініш­ке қарай, жаңа заң жобасында бұл өз­геріс жоқ. «Самұрық-Қазынаның» сатып алулары компанияның өзінің порта­лын­да ұйымдастырылады.
Екінші мәселе – жаңа заңның кө­лемі, яғни бұрыңғы заң 52 баптан тұрса, жаңа заң 26 баптан тұрады, екі есе азайған. Барлық реттеу заңға тәуелді ак­тілердің деңгейіне түсті, яғни заң­дар­мен емес, ережелермен, қағидалармен рет­телмек. Бұл жерде жемқорлыққа бай­ланысты сын-қатер туындауы мүм­кін. Өйткені заң жобасы әзірленген кез­де әртүрлі комиссиялардан, депу­тат­тардан, қоғамдық талқылаудан өтеді. Ал ере­желер тек қана министрлік кабинет­терінде әзірленуі мүмкін. Бұл ретте осы ережелерді, қағидаларды қабылдаған кез­де министрлікке сарапшыларды, қо­ғам өкілдерін тартып, кеңінен талқылау қажет. Өйткені талқыламаса, кейбір олигархтардың, құрылысшылардың мүд­делерін қорғайтын ережелер пайда болуы ықтимал. Халықтың мүддесін емес, мемлекеттің пайдасын емес, тек қана біреудің қалтасының қамына жұ­мыс істейтін ереже болуы мүмкін. Өйт­кені жаңа айтып өткенімдей, енді бар­лық реттеу заңмен емес, ережелер не­гізінде жүзеге аспақ.
Басқа аймақтың жобаларын мүлде бас­қа аймақтың мердігерлері жеңіп алып жататынын білеміз. Бұл мәселе бұрыннан бар. Облыстарға барғанда, әкімдер де осы жайтқа назар аударады. Жол саласында, құрылыс саласында еш­қандай жауапкершілігі жоқ басқа об­лыстың компаниясы келіп, жобалар­ды уақытында аяқтамай, созбалаңға са­лып жатады. Бұл мәселені шешу үшін заңда нақты сол жергілікті компания­лар­ға бір-екі пайыз жеңілдік беру қарас­тырылған. Мысалы, екі компания қаты­сады. Бағасы бірдей болса, жергілікті ком­панияға басымдық беріледі. Ме­нің­ше, бұл – өте дұрыс шешім. Өйткені сол облыста тұратын кәсіпкер жауапкер­ші­лікті сезінеді, абыройы бар, сондай-ақ сол жерде өзі тұрады. 

Жалпы, «тендер» десе, бірден «бармақ басты, көз қысты», созбалаңға салынған «сақалды» құрылыстар, жөнсіз келісімдер мен жауапсыз мердігерлер ойға келетіні жасырын емес. Дегенмен бұл жолғы жаңа заң, оның төңірегінде қабылданып жатқан шаралар нәтиже беретініне жауаптылар сенімді. Бұл заң жобасының барлық мәселені реттеуге қауқарлы болуы қоғам үшін, халық үшін аса маңызды. Себебі мемлекеттік сатып алу – мемлекетке сатып алу, ал мемлекеттің қаржысы – халықтың ақшасы.

Серіктес жаңалықтары