Аида Балаева Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады

2023 жылы мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 2021 жылмен салыстырғанда 45% өсті.

Аида Балаева Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады
1469

Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет және өнер саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

"Сіздерді мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – адамзатты ізгілікке баулып, мейірімге үндейтін, сұлулыққа құштар, жарастыққа толы әлемге сенетін, болашақ үшін жасампаздыққа бастайтын ардақты кәсіп иелерінің мерекесі.

Бүгінде біздің елімізде 8 мыңға жуық мәдениет ошағы бар, онда 64 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде театр, музей, кітапхана, концерттік ұйымдар, өнер галереялары мен басқа да көптеген мекемелерді ерекше атап өтуге болады. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз арқылы Қазақстанның бай мәдени мұрасы сақталып, өркендеп-дамып келеді", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ол мәдениет қызметкерлерінің еңбегі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланғанын да атап өтті. 2023 жылы мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 2021 жылмен салыстырғанда 45% өсті. 30 жылда алғаш рет «Халық әртісі» құрметті атағы тағайындалып, атақ сегіз көрнекті мәдениет қайраткеріне берілді. Сонымен қатар «Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бағытында мәдениет пен өнер саласындағы үздік жұмыстар мен туындылар үшін» сыйлығы тағайындалды. 2023 жылы мемлекеттік қолдаумен түсірілген 18 фильмнің өндірісі аяқталып, 19 жаңа киножоба жасалды. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі аясында 12 қазақстандық студент пен маман Анкара, Ыстанбұл және Краковтағы анимация студияларында оқыды. Өткен жылы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театрына және «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебесі берілді.

Министр өз құттықтауында мәдениет саласында тынбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге еліміздің мәдени мұрасын шетелде насихаттауға қосқан баға жетпес үлесі үшін ерекше алғысын білдірді.

"Сіздердің еңбегіңіз бен шығармашылықтарыңыз біздің мәдениетімізді байытып қана қоймай, әлемге қазақстандық дәстүрлердің, өнер мен тарихтың байлығын паш етеді

Сіздер арқылы Қазақстанды шет елдер бірегей мәдени мұрасы бар мемлекет ретінде таниды. Мәдениет қызметкерлері көрме, концерт, театр қойылымдарын өткізіп, халықаралық фестивальдар мен байқауларға қатысады, осылайша әлемдік аренада біздің мәдениетімізді таныстырады. Өздеріңізді өнер мен шығармашылық арқылы елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты жалғап отырған алтын көпір әрі нағыз мәдениет елшілері деп білеміз.

Сіздерге жанкешті жұмыстарыңыз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін нығайтуға қосқан зор үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздер арқалаған міндет – асқар таудай биік, сіздер аңсаған мұрат – мәңгілік. Сіздер атқарған қызмет – еліміз үшін аса маңызды.

Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс, күш-қуат және жарқын жетістіктер тілеймін!", – делінген құттықтауда.

Серіктес жаңалықтары