Қызылордалық мұғалімнің үйінен есірткі табылды
34 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
Қызылордада дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ірі мөлшерде есірткі сақтап, сатумен айналысты деген күдікке ілікті, деп хабарлады turkystan.kz.
Полицияның құрығына түскен 34 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
Qazaqstan арнасының мәліметінше, ол біраз уақыт Есірткіге қарсы бизнес басқармасы қызметкерлерінің бақылауында болған. Күмән тудырған азаматтың үйін тінту барысында психотроптық есірткіге ұқсас зат табылып, тәркіленді. Сатуға ыңғайлап, дайындап қойған. Қалаға қарасты елді мекендегі мектепте еңбек еткен мұғалім бір апта бұрын жұмыстан босатылыпты. Оның есірткі бизнесімен қай кезден бастап айналысып жүргені әзірге белгісіз, тергеу жүріп жатыр.
«Сараптама қорытындысымен тәркіленген зат салмағы 261 гр. «a-PVP» психотроптық заттарға жататыны бекітілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды, тергеу жалғасуда», - деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.