Депутат балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтарға тоқталды
Бұл ретте, назар аударатын мәселе – елімізде балалар лагері мүлдем жеткіліксіз. Олар бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамти алады.
Депутат Елнұр Бейсенбаев «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелерінің атынан Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтарды реттеу мәселесін көтерді. Бұл туралы Мәжілістің Telegram каналы хабарлайды.
Мемлекет басшысы – еліміздегі әрбір баланың құқықтарының қорғалуы мен сақталуының кепілі. Бұған дәлел, Президенттің тікелей пәрменімен балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша маңызды заң қабылданды. Енді балаларға байланысты әрбір мәселе мемлекеттік деңгейде бақылауда болатыны хақ. Дегенмен, елімізде әлі де кездесетін кейбір келеңсіздіктер осыған қарсы жасалып жатқандай әсер қалдырады. Соның бір көрінісі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтар. Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Ол қоғамда үлкен шу туғызды. Осы мәселе бойынша сот жуырда ғана аяқталды. Кінәлілер сотталып, бас бостандықтарынан айрылды. Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп өз жеке мектебіне, 300 баланы фитнес-орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады, - деді депутат.
Басқа басқа, балаға қатысты мұндай теріс қадамға бару – нағыз бассыздық, ақша үшін ардан аттау екенін айтқан ол Бас прокуратура 2023 жылғы тамызда Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтағанын да мысалға келтірді.
Олардағы жағдай да ешбір сын көтермейді. Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары мүлдем сақталмаған. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес. Былтыр Қонаев қаласындағы «Бәйтерек» лагерінде шартта көрсетілгеніне қарамастан, балалардың тиісті демалысы мен оқуы ұйымдастырылмаған. Сол секілді Шымкенттегі «Hawaii» лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген. Сондай-ақ, 220 балаға арналған «Үш бұлақ» лагері іс жүзінде 310 оқушы қабылдаған. Былайша мөлшерден тыс тығыз орналастыру балалардың демалуына теріс әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына, түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқаны өкінішті, - деді ол.
Депутаттың айтуынша, жоғарыда аталған заң енді мұндай орындарды ескертусіз тексеріп, талапты сақтамағандарға нақты шара қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан осындай олқылықтардың барлығын жойып, балалардың биылғы жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға жете мән берген жөн. Бұл ретте, назар аударатын мәселе – елімізде балалар лагері мүлдем жеткіліксіз. Олар бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамтиды.
Оның ішінде де сапалы демалысты қамтамасыз ете алатыны санаулы ғана. Оған қоса, пандемиядан кейін лагерлердің 30 пайызы нарықтан кетті. Ашығын айту керек, балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикасы көкейге қонбайды. Өйткені, жергілікті әкімдіктер мектеп жанындағы лагерлерді – жазғы лагерлер деп есептейді. Бұл жөнсіз. Тағы да қайталап айтамын, мектеп жанындағы лагерлер жазғы демалыс емес, ол тек қана 5-6 сағаттық уақыт өткізу. Тағы бір атап өтерлік мәселе – еліміздегі лагерлердің басым бөлігі Кеңес кезеңінде салынғандықтан, тозығы жетіп тұр. Сондықтан салынуы оңай, шығынды аз талап ететін Глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізу қажет. Сондай-ақ, елімізде педагогттерді дайындайтын оқу орындары көп болғанымен, әлі де лагерлерде жұмыс істейтін жетекші-тәрбиешілерді дайындау жүйесі жолға қойылмаған. Осы ретте, «AMANAT» партиясының Жол картасында 50 балалар сауықтыру лагерін салу көзделген. Алайда оның биыл тек бесеуінің ғана құрылысы жүріп жатыр, - деді ол.
Қорыта келе, балалардың жазғы демалысына қатысты жоғарыдағыдай келеңсіздердің алдын алу үшін депутаттар тмына мәселелерді шешуді ұсынды:
1. Су басқан өңірлердің балаларын жазғы сауықтыру лагерлеріне арнайы ұйымдастыру керек.
2. Жазғы балалар сауықтыру орталықтары тиісті салалық мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс.
3. Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орындау көзделуі тиіс.
4. Бизнес өкілдері мен сала мамандарын қатыстыра отырып, Қазақстанда балалар демалысын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген жөн.