Әкесінің қабірінен қайтып келе жатқан 24 жастағы жігітті пышақтап кетті

/
Әкесінің қабірінен қайтып келе жатқан 24 жастағы жігітті пышақтап кетті
ашық дереккөзден

Алматы облысы Талғар ауданында 24 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға жолға талас себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желіде журналист Нұртай Лахан хабарлады. Оның айтуынша, марқұмның артында екі қызы қалды. Полиция оқиғаға қатысы бар деген күдікпен үш адамды ұстаған.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, оқиға түнгі уақытта болған. Марқұм інісімен бірге он жыл бұрын қайтыс болған әкесінің қабіріне барып, Құран бағыштап қайтып келе жатқан. Жолда олар көліктің есіктерін ашық қалдырып, жолды бөгеп тұрған үш жігітті көрген.

Жігіт жолдан өту үшін көлік есіктерін жабуды сұраған. Алайда оған дөрекі жауап қайтарылғаны айтылады.

Куәгерлердің айтуынша, марқұм жанжал шығармауға тырысып, үйіне қарай кеткен. Бірақ артынан қуып келгендердің бірі оған пышақпен екі рет соққы жасаған. Пышақ өкпе тұсына тигені айтылды. Шабуыл жасаған адам шамамен 20 жаста болған.

Алматы облыстық полиция департаменті Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны қаза тапқанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, ер адам 11 мамыр күні ауруханада алған жарақатынан қайтыс болған.

"Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция жасақтары жіберіліп, блок-бекеттер қойылды. Үш күдікті – марқұмның ауылдастары ұсталды", – деп мәлімдеді полиция.

Аталған дерек бойынша "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары