Тараз қаласында 15 жастағы жасөспірім Audi көлігімен полициядан қашпақ болып, жол апатына ұшырады. Салдарынан көліктегі жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған Audi автокөлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, қашуға әрекет жасаған.
Қуғын кезінде жүргізуші көлікті басқара алмай, электр желісінің бетон бағанасына соғылған. Жол апаты салдарынан жолаушылардың бірі сол жерде қайтыс болды.
Көлік тоқтатылғаннан кейін рөлде жүргізуші куәлігі жоқ 15 жастағы жасөспірім отырғаны анықталды. Кәмелетке толмаған бала ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысында көлік иесінің әрекетіне де құқықтық баға беріледі.
Полиция азаматтарға құқық қорғау органдарының заңды талабына бағынбау және қашуға әрекет жасау ауыр зардапқа әкелуі мүмкін екенін ескертті.