80 жылдан соң әкесінің сүйегін Мәскеу түбінен тапқан Ұлту апа

Ә дегенде қызым «Ұшаққа жарайсың ба?» деп әбден уайымдады. Құдай күш-қуат берді. Өзім барып көрмегенде кім барады?! Сексен жыл қайда жерленгенін білмей келдім емес пе?!

80 жылдан соң әкесінің сүйегін Мәскеу түбінен тапқан Ұлту апа
8922

Былтыр Екінші дүниежүзілік соғыста хат-хабарсыз кеткен қазақ майдангерлерінің сүйегі Ресей жерінен табылғаны туралы отандық БАҚ бетінде жиі жазылған болатын. Бұл істің басы-қасында жүрген, көп сарбаздың аты-жөні, марапаты мен жатқан жерін жіті зерттеп жүрген Мәскеу болат және қорытпалар институтының профессоры Асылбек Төлешов әлі де көп зерттеу жүргізуге тиіс екенін айтады. Онымен хабарласқанымызда ол жы­лына 1-2 жауынгердің туыстары табылатынын, ол тауып алған деректерді қазақстандық журналистерге тапсыратынын, содан соң туыс­тарын тапқандар бірден онымен байланысып, ақыры Ресейге арнайы келетінін айтқан еді. Асылбек аға елден келгендерді күтіп алып, қонақүйге орналас­тырып, кейін туыстары жерленген жеріне алып барып, Қазақстанға қайтқанша соңына дейін көмек қолын аямаса керек. Асылбек ағаның мәңгіге есінде қалатыны – соғыстан қайтпай қалған әкесі Әмірхан Керімбаевтың жерленген жерін іздеп, Мәскеу түбіне барған 83 жастағы Ұлту апаның ерлігі. Таразда тұратын Ұлту апа былтыр әкесінің Мәскеу түбінде орналасқан Зубцов қаласындағы «Бауырластар зиратына» қайта жерленген жерін естіген бойда, сонда барамын деп шешкен. Жергілікті журналист Раиса Рысқұлбекованы ертіп алып, Мәскеуге барып қайтқан Ұлту апаға бүгін хабарласқанымызда, Жеңіс күнінде арнайы дастархан жайып, Құран оқытып, әкесінің есімін ұлықтау үшін немерелеріне бар естіген-білгенін айтып отыр екен. «Дұрысы, сен мені тыңда!» деп біз хабарласқаннан көңілі жібіп сала берген Ұлту апаның әңгімесін жазып алған едік.

ӨЛЕТІН ҰЛ БЕРГЕНШЕ, ӨЛМЕЙТІН ҚЫЗ БЕР

Әкем Әмірхан Керімбаев Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау аулында дүниеге келген. Оның әкесі Керімбай болыс болған, ел басқарған. Өз заманында көзі ашық, сауатты кісі болған. Атам – ашаршылық кезінде мектеп-интернат салдыртып, әр жерден тамақ алдыртып, көп тұрғынды аман алып қалған жанашыр жан. Ол кісі туралы кітап та жазылды. Оның ерлігі әлі ел ауызында жүр.

Әкем соғысқа кеткен кезде мен небары 2 жаста болдым. Оған мұндағылар болыстың баласы, ауқатты жердің тумасы деп маза бермесе керек. Әкем жас болса да, біраз қиындықты көрген. Сөйтіп, 1942 жылдың қыркүйегінде 42 жасында соғыс шебіне аттанған. Шешем үш қызбен қалды. Үлкен әпкем менен 10 жас үлкен. Ортасында ұл балалар туған, алайда бәрі шетінеп кеткен. «Жалғыз қызбен қалдым. Сен көп әйел аласың»  деп шешем жылап отырғанда, әкем ежелгі дәстүр бойынша мойнына бұршақ салып, «Өлетін ұл бергенше, өлмейтін қыз бер! Мен сені ешуақытта тастамаймын» деп Құдайдан бала тілепті. Сол әкем тілеген, өлмейтін қыз – менмін, қарағым. Мен 1940 жылы дүниеге келдім, екі жылдан соң сіңлім дүние есігін ашты. Ол қырқынан шықпай әкем майданға аттанып кетті. Кейін әкем өлді дегенді естіген оның ағалары-жеңгелері бізді қасына көшіріп алды. Шешемнің ағасы колхозда бригадир болып жұмыс істейтін. Түнделетіп ұн, ет әкеп тастайды. Әкем мен шешемнің туыстары бізді жылатқан жоқ, жауратқан жоқ, қаңғыртқан жоқ. Еш таршылық көрмей өстік. Қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін болды. Бәрі тынбай еңбек етті. Біз үйде үшеуіміз әжелеріміздің қасында қалып, сабағымызды оқыдық. Ес білген соң шешеміздің қасына қызылша жинауға жәрдем беріп жүрдік. Сосын үлкен әпкем тұрмысқа шықты. Мен педуцилищеге оқуға түстім. Сосын сіңлім де оқуға түсіп, ізінше тұрмысқа шықты. Мен шешемді жалғыз тастап кете алмай, соған қарайлап жүрдім. Содан соң мен де тұрмысқа шықтым, бірақ шешеме қарайтын, яғни бізбен тұратын өзімнен алты жас үлкен, жоғары білімді азаматқа тұрмысқа шықтым. Мен бастауыш сыныпта сабақ бердім, ал ол қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болды. Шешемді ақтық демі қалғанша бағып-қарадым. «Әкең шинельмен жатыр-ау...» дегенді үнемі айтатын. Қай жақта жерленгенін білмегендіктен осыны ылғи айтатын. Анам 1972 жылы қайтыс болған соң әкем екеуінің жетісін, қырқын, сосын жылдық асын бірге өткіздік.

ОБЛЫСТЫҚ ГАЗЕТТЕН ӘКЕМНІҢ АТЫ-ЖӨНІН ОҚЫҒАНДА АЙҚАЙЛАП ЖЫЛАДЫМ

2022 жылы 15 қазанда облыстық «Ақ жол» газеттен оқып отырсам, соғыста қайтыс болып, қайта жерленген 27 адамның тізімі жарияланған екен. Қарасам, сол тізімнің ішінде әкемнің аты-жөні тұр! Әмірхан Керімбаев! Оқыған кезде шок болдым. Есімнен тандым. Отырып алып айқайлап жыладым (дауысы дірілдеп). Содан соң туыстарыма хабарласып: «Ақжол» газетін тауып алыңдар. Әкемнің қайта көмілген жері жазылған екен» деп хабарлаған едім, олар сол хабарды естіген бойда, жерге отыра кетіп, ойбайлап, барлығы менімен қосылып, жылады. «Ақ жол» газетінің 15 қазанда шыққан нөмірін табыңдар» деген едім, барлығы газет іздеп кетті. Ақыры тауып әкелді. Жылап, еңіреп болған соң, әлгі мақаланы жазған журналист әйел – Раисаны іздедім. Оған хабарласып, ана тізімдегінің біреуі менің әкем екенін айтып, оны қонаққа шақырып, барлығын баяндап бердім. Сөйтсем, Раисаға ол тізімді Мәскеуде қазақстандық сарбаздар туралы дерек жинайтын Асылбек жіберген екен. Сосын Раиса Зубцов қаласының әкіміне хабарласып, «Сонда жерленген бір сарбаздың қызы табылды. Зубцовқа барамын деп отыр» деген еді. Сөйтсе, ол 9-мамырға таяу келсін деп, сол кезде іс-шара өткізетінін айтқан екен. Мен 2022 жылдың қазан айында естіп отырмын, ал ол бізді келесі жылдың мамырына келсін деп тұр. Сөйтіп, әрең шыдап, ақырында «Кім барады?» деп ақылдастық. Сіңлім еріп баратын болды. Алайда ойлана келе оған «Екеуіміз жол білмейміз. Мәскеуді көргеніміз жоқ» деп айттым. Сосын Раисаға «Сен тауып бердің. Сен барасың. Барлық шығынды өзім көтеріп аламын. Ақыры өзің Мәскеуде оқыған екенсің. Онда достарың бар екен» дедім. Ол сол тізімді тапқан Асылбекпен бірге оқыса керек. Сөйтіп, ол келісе кетті. Сөйтіп, 2023 жылдың 7 мамырында Шымкентке барып, кешке таяу Мәскеуге ұштық. Бізді Мәскеуден Асылбек күтіп алды. Түнде жеткен соң, ондағы бір қонақүйге тұрақтадық. Ертесі Асылбек такси тауып, Мәскеуден 150 шақырым орналасқан Зубцов қаласына бардық. Онда да бізді бірнеше адам күтіп алып, алдымен қонақүйге орналастық. Сосын Зубцов ауданының ортасында орналасқан «Бауырластар» мемориалды зиратына бардық. Сонда 15 мың жауынгер қайта жерленген екен. Үш қатарға бөлінген, әр қатарда бес мың сарбаздың аты-жөні қашалып, жазылған.

Жоғарыда әкемнің-аты жөні тұрған жерді ұстап, біраз отырдым. Ауылдан атамның бейітінен топырақ алып барғанмын. Әкемнің аты-жөні жазулы тұрған жерді қазып, әкесінің топырағын салдым. Сосын ол ауылға апару үшін ол жерден топырақ салып алдым. Сонда отырып «Сенің өлмейтін қызың келді, әке, басыңды көтер!» деп жыладым (көңілі босап). Көрдің бе, шырағым, әкем ұл сұраған жоқ, «Өлмейтін қыз бер!» деп тіледі. Расында мен бұл міндетімді абыроймен орындадым. Әкем соғыстан оралмады. Үш қызбен қалған шешем қайта тұрмыс құрмады. Бізді бақты, қарады. Есейген соң, мен де шешемді тастап кеткенім жоқ. Отбасын құрсам да, айтқанын істеп, айдауына көніп, барлығын алдына тосып, курортына апарып, перзенттік парызымды өтедім. Бір сөзінде шешем маған риза екенін айтып жеткізді.

80 ЖЫЛ БОЙЫ ӘКЕ ДЕГЕН СӨЗДІ КӨП АЙТПАДЫМ

Мен 80 жыл бойы әке деген сөзді көп айтпадым. Сол сапарда «Менің әкем...», «Әкем...» дегенді жиі айттым. Онда Жеңіс күніне орайластырылған жиын кезінде маған сөз берді. Мен «Менің отаным – Қазақстан. Елден осында арнайы келдім. Мына жерде жатқан сарбаздың бірі – менің әкем. «Енді менің екі Отаным бар. Бірі – Қазақстан, екіншісі – Зубцов» дегенімде көпшілік қолпаштай жөнелді. Енді мен әкемнің жатқан жерін Отаным демегенде не деймін? Шамам келсе әлі талай барамын ғой.

Сосын бізді Рыжов шайқасы болған жерге апарды. Бауыржан Момышұлының соғысқан жеріне бардық. Бұрынырақта шешем «Әкең Сталинградты қорғауға кетті» деп айтушы еді. Сөйтсем, олай емес, Мәскеуді қорғау кезінде ерлікпен қаза тауыпты. Жалпы, Бауыржан бастаған Қазақстанның әскерлері Мәскеу түбінде шайқасқан. Көп деректі естіген кезде көз жасыма ерік бердім. «Бауырластар» зираты орналасқан жерді күтіп-ұстайды. Таза. Жап-жасыл. Музей араладық. Суретке түстік. Солдаттың ботқасын іштік. Музейге беретінімді беріп кеттім. Ондағылар «Осы жасыңызда әкеңізді іздеп келгеніңізге ризамыз» деп таңғалысын жасырмады. Мен онда барғанда 83 жаста едім, қарағым. Қазір 84-темін.

Әкемдерді «Бауырластар» зиратына екінші рет жерлеген екен. Қайта жерленгеніне бес-алты жыл болса керек. Соғыс кезінде қайтыс болғандарды таудың етегіне көме салған екен. Оны якуттар тауып алып, сосын барлығын Зубцовтағы зиратқа қайта көмген. «Кімнің кім екенін қалай таптыңдар?» десем, жерленген әр жауынгердің қасынан табылған шылым салынатын мөштек секілді заттың ішіне аты-жөні, шақыртылған жері, тіпті әйелінің аты да жазылып тұрады екен. Әкемдікінде Керімбаев Әмірхан, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Билікөл ауылдық округі, әйелі Керімбаева Бәтима деп жазылған екен. Мұны бүктеп, әлгі мөштек іспеттес заттың ішіне салып, сыртын жауып қойған екен. Әлгі зат өмірі шірімейді.

Елге келген соң, бірден атамның бейітіне барып, «Балаңның топырағын алып келдім» деп жартысын салдым. Қалған жартысын «Шалыңың топырағына әкелдім» деп анамның бейітіне салдым. Алдында газеттен тізімін көргенде туған ауылым – Тоғызтарауға барып, қой сойып, Құдайы тамақ беріп, Құран оқытқанмын. Сол кезде ауылда мешіт ашылған кезде маған сөз берілген болатын. Менің жалғыз қызым бар. Содан туған бір немеремді әкемнің құрметіне Әмірхан деп атадым. «Әмірханның артында қыздан басқа ешкім жоқ деп ойламаңыздар. Әпкем екеуімізде немере, шөберелеріміз бар. Тек сіңлімнің балалары қайтыс болып кетті. Әкемнің аты өшпесін деп, мына немеремнің есімін Әмірхан қойдым» деп ол баланы елге көрсеттім. Содан соң «Мен Мәскеуге әкеме барамын. Барып келген соң, тамақты Таразда беремін. Ал мына дәмді атажұртқа әкеп отырмын» дедім. Сөйтіп, Мәскеуден келген соң, мамыр айының ортасында Тараздағы мейрамханалардың бірінде 80 адамның басын қосып, ас бердім. Қымбатына қарамай, дастарханды мол қылып, жайдым. Экраннан Зубцовта түскен суреттерді көрсеттім. Менімен еріп барған, әлгі тізімді газетке жариялаған Раисаға білезік сыйладым. Бүгінде ол менің туған сіңліме айналып кетті. Араласып, хабарласып тұрамыз.

Құдайға шүкір, жиған-тергенім бар екен. Ешкімнен ештеңе сұрамадым. Жәрдем бер дегенім жоқ. Бәрін өзім атқардым. Мен – қырық жыл сабақ берген мұғаліммін. 1995 жылы зейнетке шықтым. Ол кезде әйелдер 55 жаста шығушы еді ғой. Жалғыз қызды оқыту үшін Тараздан үй алып, осында көшіп келдік. Мұнда тұрып жатқанымызға жиырма төрт жыл болды. Қызым да – ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ береді. Үлкен немерем Түркияда оқиды. Екіншісі тоғыздан соң колледжге түсті. Қалған екеуі – мектеп оқушысы.

Жоғарыда айтқанымдай, шамам келсе, жүріп-тұруға жарасам, Зубцовқа әлі талай барамын. Жолды білемін. Немеремді ертіп, аламын да, барып келемін. Қаражаттан қысылмаймын. Ә дегенде қызым «Ұшаққа жарайсың ба?» деп әбден уайымдады. Құдай күш-қуат берді. Өзім барып көрмегенде кім барады?! Сексен жыл қайда жерленгенін білмей келдім емес пе?! Бұрын 9 мамырда кино көрсем, жылап қалатынмын. Әрі онда көрсетілген тізімнен «Әкемнің аты-жөні бар ма екен?» деп жүгіріп барып, тексеретінмін. Енді әкемнің қайда жерленгенін білемін. Жеңіс күні сайын дастархан жайып, отырамыз Құран бағыштаймыз. Жүрегім тыныштық тапты.

Біздің басымыздан өткен жағдай ешкімнің басына келмесін. Қанша айтқанмен, әкенің орны бөлек. Туыстарың қанша көмектессе де, көп жақсылық жасаса да, әкенің орны, рөлі білініп тұрады.

 

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Фотосурет Асылбек Төлешовтың жеке мұрағатынан алынды.

Серіктес жаңалықтары