Қарағандыда күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің туыстары мән-жайды айтты

Қарағанды облысы полиция департаменті аталған жағдай бойынша қызмет тексерісін бастады.

Қарағандыда күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің туыстары мән-жайды айтты
Серік Беркамалов парақшасынан
1139

Қарағандыда мас күйінде әйелін пышақтап өлтірген 51 жастағы азамат сот шешімімен тергеу абақтысына қамалды, деп хабарлады turkystan.kz.

Гүлмира Таймасованың денесі жер қойнына тапсырылды. Қанды қырғынды көзімен көрген кәмелетке толмаған екі бала нағашыларының қолында.

«КТК» арнасының мәліметінше, марқұмның туыстары «полицейлер де жазаға тартылсын» деп талап етуде.

Себебі отбасылық жанжалға шақыртумен келген тәртіп сақшылары әйел арыз жазса да, күдіктіні алып кетпеген. Артынша ер адам әйелін пышақтап өлтірді.

Ал Қарағанды облысы полиция департаменті шақыртуға келген сақшыларға қатысты қызмет тексерісі жүргізіліп жатқанын айтады.

Қара жамылған 80 жастағы кейуана екі жиенін қарап қаралы үйде қалқайып қалды. 16 және 14 жастағы қыз бен ұл қанды қылмысты көзімен көрген. Үнемі отбасындағы жанжалда таяқ жейтін анасының осы жолы пышаққа ілінегені балаларға үлкен қасірет болды. Қансырап жатса да, балаларынан мұны ешкімге айтпауды сұраған екен.

«Әкелері шығып кеткен соң, балаларына «әжелеріңе айтпаңдар» депті. Содан есінен танған. Үнемі таяқ жейтін, бізге айтпайтын, жасырады екен. Кейін біліп, полиция шақыртып жүрдік. Бірақ олар келеді де кетеді. Сол қылмыстары үшін қамалған да емес», - деді марқұмның анасы Рысбала Өмірзақова.

Қылмыс болатын күні кешкілік жанжал шыққанда ұлы полиция шақырған. Сақшылар арызды қабылдап алып, кетіп қалыпты. Осыдан кейін күдікті қолына пышақ алған. Марқұмның туыстары өзі ісіне салғырт қараған полицейлер жауапқа тартылғанын талап етеді. Сондықтан адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

«99-баптан бөлек, яғни қасақана адам өлтіру, 110-бап бойынша қылмыстық іс қозғауға мүмкін. Орысша айтқанда «истязание». Қылмыс жасалғанға дейін полиция келіп, арызды алып, бірақ ешқандай шара қолданбаған болса, онда полция қызметкерлері міндеттемелеріне салғырт қарау болып табылады», - деді адвокат Ибрагим Садуақасов.

Қарағанды облысы полиция департаменті аталған жағдай бойынша қызмет тексерісін бастады.

«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу жеке бақылауымда. Осы дерек бойынша полиция қызметкерлеріне, сондай ақ олардың басшыларына қызмет тергеуі тағайындалды. Қорытындысына қарай қатаң жауапқа тартылады», - деді Қарағанды облысы ПД бастығы Нығмет Исмағұлов.

52 жастағы марқұм күдіктімен он жыл бұрын заңды түрде ажырасқан. Кейін татуласып, бірге тұрып келген. Бірақ соңғы айда бұрынғы күйеуі жұмыстан шығып қалып, үйде жүрген көрінеді. Жанжал осыдан кейін жиілепті. Соңы өліммен аяқталды.
 

 

 

Серіктес жаңалықтары