Хоккейден ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Жеңіс голын овертаймда Мстислав Шипилин соқты.

Хоккейден ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Қазақстандық хоккейшілер. Фото: icehockey.kz

Финляндияда өтіп жатқан шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы топтағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Георгий Верещагин баптайтын қазақстандықтар В тобында Чехия құрамасын 4:3 есебімен ұтып, сенсация жасады.

Жеңіс голын овертаймда Мстислав Шипилин соқты.

Бұл – Қазақстанның 18 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаттарындағы бірінші жеңісі. Осыған дейін 2003 жылы Ресейдің Ярославль қаласында өткен біріншілікке қатысқан қазақстандықтар онда барлық матчында қарсыластарына есе жіберген еді.

Қазір В тобында Канада 3 матчтан кейін 9 ұпаймен алда тұр. Чехияда – 6, Швецияда – 4, Швейцарияда – 3, Қазақстанда 2 ұпай бар.

Қазақстандықтар соңғы кездесуін 30 сәуір күні Канадамен өткізеді.

Бұл матчта жеңіліп қалған жағдайда Қазақстан құрамасы А тобында соңғы орын алған командамен кездеседі. Оны ұтса, элитада қалады.