Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Анкараға барды
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Анкараға барды.
Олжас Бектенов Анкара қаласында Түрік Республикасы басшысының қабылдауында болды, Түркияның Вице-Президентімен келіссөздер жүргізді, ірі түрік компаниялары мен холдингтерінің өкілдерімен кездесуде инвестициялық ынтымақтастық мәселесін талқылады, сонымен қатар қазақ-түрік бизнес-форумында сөз сөйледі, деп хабарлады turkystan.kz.
Қабылдау барысында Олжас Бектенов Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. Екі мемлекет басшылары деңгейінде кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында өзара іс-қимылды дамыту бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық салаларында белсенді іске асырылатыны атап өтілді.
Үкіметаралық келіссөздер барысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Түркия Вице-Президенті Джевдет Йылмаз өзара тиімді әріптестікті дамытудың нақты шараларын талқылады, сондай-ақ транзит және көлік, АӨК, өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын кеңейтуге дайын екендерін жеткізді.
Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің бірі және үздік 20 инвесторының қатарына кіреді. Бүгінде екі ел үкіметтері кем дегенде $10 млрд деңгейінде тұрақты сауда көлемін жүйелі түрде қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде. Қазақстан Түркияға өнімнің 34 түрі бойынша жалпы құны $630 млн-нан астам тауар экспортын арттыруға ниетті. Олардың ішінде металлургия, мұнай-химия, азық-түлік және машина жасау өнеркәсібінің өнімдері бар. Өз кезегінде түрік тарапы экономиканың перспективалы бағыттары бойынша жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Тек бір жылдың ішінде темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі шамамен 40%-ға өскен. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін дамыту шеңберінде жүк тасымалы көлемін үш есеге ұлғайту мәселелерін талқылады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 13-ші отырысы шеңберінде делегациялар кеңейтілген құрамда өнеркәсіптік кооперацияны нығайту тетігін қарастырып, фармацевтикалық өндірісті локализациялау, медицина саласында озық тәжірибе алмасу және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жоспарларын белгіледі.
Түркияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесудің басты тақырыбы перспективаларды талқылау және жаңа байланыс нүктелерін анықтау болды.
Дөңгелек үстелге ірі компаниялар басшылығы, түрік бизнесінің алыптары: YDA Holding құрылыс компаниялары тобының басқарма төрағасы Хусейн Арслан, әлемдік хром өнеркәсібіндегі төртінші ірі компания – Yildirim Holding өнеркәсіптік топтың басқарма төрағасы Роберт Юксель Йылдырым, әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру және экспорттау компанияларының бірі Tiryaki Holding басқарма төрағасы Ахмет Тириякиоглу, жетекші түрік логистикалық компаниясы S Sisitem Lojistik басқарма төрағасы Хусейн Барлин, Abdi Ibrahim холдингтік тобының бас атқарушы директоры, Түркияның фармацевтикалық нарығының көшбасшысы Сюха Ташполатоглу, фармацевтикалық өнімдердің жетекші өндірушісі Nobel ILAC басқарма мүшесі Сами Туркоглу және т.б. қатысты.
Екіжақты диалог әрі қарай іскер топтардың 500-ден астам өкілінің қатысуымен өткен бизнес-форум аясында жалғасты, оның барысында түрік кәсіпкерлері Қазақстанның инвестициялық ахуалымен және инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларымен танысты. Бүгінде жалпы құны шамамен $3,8 млрд болатын 100-ге жуық бірлескен қазақ-түрік инвестициялық жобасы іске асырылуда.
Олжас Бектенов бизнес өкілдеріне еліміз маңызды жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
«Еліміздің инвестициялық әлеуеті зор және біз Түркиямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан Үкіметі озық технологияларды трансферттеу, өндірістерді локализациялау және терең өңдеу кластерлерін құруға ниетті. Аталған бағытта ынтымақтастыққа дайын инвесторларға қажетті ресурстар ұсынылады және инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, қолдау көрсетілмек. Қазақстан Үкіметі елімізге бизнес жүргізу үшін келгендердің барлығына сенімді серіктес болуға дайын», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі.
ҚР Үкіметінің басшысы кәсіпкерлердің назарын неғұрлым перспективалы салаларға аударды. Олардың ішінде мұнай-газ химиясы, көмір химиясы, өндірісті локализациялауды тереңдетуге және шығарылатын техниканың модельдік қатарын кеңейтуге бағытталған машина жасау саласына басымдық берілді.
«Түркия мен бауырлас Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынаста оң динамика байқалады. Бұл – бизнес өкілдерінің, инвесторлардың, экспорттаушылардың үлкен еңбегі. Бүгінгі келіссөздердің ерекше маңыздылығын атап өткім келеді. Біздің елдеріміздің үкіметтері экономиканы дамыту бойынша бірлескен күш-жігер жұмсауды және бизнеске жан-жақты жәрдем көрсетуді жалғастырады. Жаңа келісімдердің арқасында Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы кеңейетініне сенімдімін», — деп атап өтті Түркия Республикасының Вице-Президенті Джевдет Йылмаз.
Бизнес-форум нәтижесінде Қазақстан мен Түркия делегациялары басшыларының қатысуымен жалпы құны $180 млн-нан астам инвестициялық ынтымақтастық саласындағы коммерциялық 10 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде дайын өнімді экспорттау жөніндегі меморандум, логистикалық хаб салу туралы келісімдер, сондай-ақ кальцилендірілген сода, жаңбырлатып суару жабдықтарын, тоқыма емес материалдар шығаратын бірқатар зауыттар салу туралы, суару жабдықтарын құрастыру бойынша келісімдер бекітілді. Сонымен қатар тұқым шаруашылығы саласындағы озық тәжірибе алмасу, сондай-ақ тұқым жеткізу перспективалары туралы келісімге қол қойылды.