Кейінгі жеті жылда елімізде 800-ге жуық елді мекен табиғи газбен қамтылды

/
Кейінгі жеті жылда елімізде 800-ге жуық елді мекен табиғи газбен қамтылды

Кейінгі жеті жылда Қазақстанда халықтың табиғи газға деген қолжетімділігі айтарлықтай артты. Ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, қомақты қаржы тартып, газ тасымалдау желілерін салғанның арқасында жүздеген елді мекенді газбен қамтамасыз етуге және елді газдандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік туды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жалпы, осы кезеңде 772 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Табиғи газды пайдалану мүмкіндігі бар халық саны 9,5 миллионнан 13,1 миллионға өсті. Осылайша, тағы 3,6 млн азамат ең маңызды энергетикалық ресурстардың біріне қол жеткізді. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және одан да жайлы өмір сүру үшін қажетті жағдайларын жасауға ықпал етеді.

31,5 мың шақырымнан астам газ желісі салынды

Статистикаға сүйенсек, жеті жылда газдандыруға республикалық бюджет пен «Самұрық-Қазына» АҚ-дан 612,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қомақты қаражат газбен жабдықтау географиясын кеңейтуге, жаңа газ құбырларын салуға және бөлу желілерін дамытуға бағытталған жүздеген жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Газ инфрақұрылымын дамытуға салынған инвестициялар жаңа тұтынушыларды қосуға, табиғи газдың қолжетімділігін арттыруға және өңірлерді одан әрі дамытуға жағдай жасайды.

Осы қаражатқа 821 жоба жүзеге асырылған. 31 526 шақырымнан астам газ желісі салынған. Осылайша газдандыру деңгейі 51,47%-дан 64,2%-ға дейін өскен (+12,73%). Бұл көрсеткіш табиғи газдың халықққа қолжетімді бола түскенін және елдің газ инфрақұрылымының жүйелі түрде дамып келе жатқанын дәлелдейді.

Газдандыру деңгейін арттырудың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Елді мекендерге газ тарту – халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға ықпал етеді, заманауи энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді және өңірлерде кәсіпкерлік, өндірістік қызметті дамыту үшін қосымша алғышарттар жасайды. Газдандыру желілерін жүйелі түрде дамыту, жаңа жобаларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттырудың және өңірлердің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтудың маңызды бағыттары болып қала береді.

Тек 2025 жылдың қорытындысы бойынша 354 мыңнан астам адам тұратын 94 елді мекенге табиғи газ тартылған. Ал биыл 2 мың шақырымға жуық газ бөлу желілері салынған.

Газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазір 40 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 7-і өтпелі, 33-і жаңа жоба. Жоспар бойынша тағы 36 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізеді деп күтіліп отыр.

Газдандыру – өңірлік дамудың маңызды бағыты

Энергетика министрлігі 2035 жылға қарай халықты газбен қамту көрсеткішін 80%-ға жеткізу үшін магистральдық газ тасымалдау инфрақұрылымын, өңірлік желілерді және ресурстық базаны одан әрі дамытуды көздеп отыр. Басым бағыттардың бірі – жаңа магистральдық газ құбырларын салу және қолданыстағы газ тасымалдау жүйелерінің өткізу қабілетін арттыру.

Ал «Есіл – Астана» магистральдық газ құбыры елдің солтүстік өңірлерін газдандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Оны іске асыру туралы меморандумға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ қол қойды. Бұл жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен жабдықтауға, сондай-ақ Қазақстанның солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағдарларын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Газ құбырының құрылысы газдандыруды кеңейтуге және табиғи газға деген келешектегі сұранысты қанағаттандыруға қосымша жағдай жасайды.

Сонымен қатар, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы жалғасуда. Жоба газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға, жеткізілімдердің сенімділігін арттыруға және елдің оңтүстік әрі орталық өңірлерінде табиғи газға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағытты дамыту газ тасымалдау инфрақұрылымын нығайтуға және тұтынушыларды тұрақты қамтамасыз ету үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.

Жетісу облысында ұзындығы 302 шақырымға жуық «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры салынып, 2025 жылы пайдалануға берілді. Жобаны іске асыру Жетісу облысының елді мекендерін газбен жабдықтауға және өңірді газдандыруды одан әрі кеңейтуге жағдай жасады. Құрылған инфрақұрылым 84 елді мекенді қосу мүмкіндігін ашады, бұл табиғи газдың қолжетімділігін арттыру және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін өте маңызды.

Одан бөлек, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа да облыстарда жеткізуші және бөлу газ желілерінің құрылысы жалғасады. Өңірлік инфрақұрылымды дамыту жаңа елді мекендерді қосуға, тұтынушылар санын көбейтуге және халық, әлеуметтік объектілер мен кәсіпорындар үшін табиғи газдың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары