Су тасқыны: «Қазақстан халқына» қорының қаржысына 114 үй салынады
Қор басшылылығы мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі арнайы меморандумды рәсімдеді.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі су тасқыны қаупі бар аймақтарда жаңа үйлер салу үшін жер телімдерін анықтап, бөлді
«Қазақстан халқына» қорына түскен қаржының есебінен Батыс Қазақстан облысында жүзден астам жаңа үй салынады.
Қор басшылылығы мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі арнайы меморандумды рәсімдеді. Оған сәйкес, Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін үлгілік жобамен 114 жаңа үй салынады.
1.Жымпиты ауылы - 49 үй;
2.Бұлдырты ауылы - 25 үй;
3.Өлеңті ауылы - 38 үй;
4.Жетікөл ауылы-1 үй;
5.Жаңақоныс ауылы-1 үй.
Осы елді мекендердегі су тасқынынан зақымданған бұл үйлер объективті тексеру қорытындысы бойынша жөндеуге жарамайды, - дейді қор мамандары.
Қазіргі кезде жаңа үйлерге арналған жер учаскелері анықталды. Оған қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылады. Ал облыс әкімдігі қоғамдық белсенділермен бірге құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылайды.
«Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, қамқоршылық кеңестің шешімімен жаңа үйлердің құрылысына 10 млрд теңге, сондай-ақ қазақстандықтар мен бизнес өкілдері жіберген қаржы жұмсалады.
"Біз ортақ күш-жігерімізбен қысқа мерзімде жаңа үйлер құрылысын бастап, оларды толықтай бітіріп, қиыншылыққа тап болған отандастарымызға көмектесе аламыз деп үміттенеміз, - дейді Шыңғысбаева.
Жақын арада Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында құрылыс үшін ауылдар мен аумақтар анықталып, тиісті меморандумдарға қол қойылады.
Бүгінгі таңда қордың шоттарына 2,9 млрд теңге сомасына қайырымдылық жарналары түсті. Осы орайда қор қайырымдылық үшін тек ресми сайтта көрсетілген шоттар мен деректемелерді пайдалануды сұрайды. Ал жеке тұлғалар аударымдарды банктердің мобильді қосымшаларында "Қайырымдылық" бөлімі арқылы жасай алады.