Президент Садыр Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін мәлімдеді.

Президент Садыр Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
akorda.kz
755

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Қырғызстан – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесіміз. Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын арқауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қырғыз елімен стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Біз болашаққа бірге қадам басамыз. Мәңгілік достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса береді.

«Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым.

Бұл – ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғызстанның достығы мәңгі жалғаса берсін!» – деді Мемлекет басшысы.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін мәлімдеді.

 

 

Серіктес жаңалықтары