Кітап аңқыған көктем
Елорда жұрты көктем келсе, кітап керуенін күтеді.
Астанаға көп күттірген көктем келді. Көктеммен қатар, кітап керуені де жетті. Осылайша, әр көктем сайын үзбей өтіп келе жатқан Astana Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесі биыл жетінші рет жалғасын тауып отыр.
Кітап көрмесінің ашылу рәсіміне белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, шет мемлекеттердің елшілері қатысты.
«Astana Eurasian Book Fair – 2024» кітап көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырушы – «Фолиант» баспасы». 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық баспа қазақ әдебиетінің жауһарларын, әлемдік классика, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрін оқырманға ұсынып келеді.
Көрме өтіп жатқан аумақта адам қарасы қалың. «Іздегенің не болса, сол табылар» деуге әбден болады. Халықаралық көрме-жәрмеңкенің бағдарламасы ересектерге де, балаларға да берері көп іс-шарадан тұрады. Биылғы көрмеге отандық баспалардан бөлек, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай сияқты алыс-жақын шет елдердің баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық 70-ке жуық компаниясы қатысып жатыр.
Көрме қонақтары мен қатысушылары қазақстандық және шетелдік баспалардан балалар әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиеттердің тұсаукесерінің куәсі болып, белгілі ақын-жазушылардан қолтаңба алып, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдерге қатыса алады. Бес күндік көрмеде күн сайын ойын алаңында кітап оқу, шеберлік сыныптары және тағы басқа да қызықты іс-шаралар өткізіледі.
Мұндай шаралардың алғашқы легі басталып та кетті. Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты кітабының, тұсаукесері өтті. Дархан Кыдырәлінің «Мұстафа» кітабы таныстырылды, сондай-ақ жазушы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы оқырманға жол тартты. Көрмеге келушілер автормен жүздесіп, қолтаңба алып, сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Одан бөлек, «Абай жолы» кітапханасының тұсаукесері өтті. Иран өнері мен каллиграфиясынан сыр шертетін шеберлік сабағы, Отбасылық кітап оқу клубының талқылауы, викториналар, поэтикалық кеш те ұйымдастырылды.
Жалпы, 5 күнге жалғасатын мазмұнды бастамада осы сияқты маңызды іс-шаралар легіне қатысуға зор мүмкіндік бар. Сондай-ақ 2024 жылы 18-19 сәуірде Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Professional Meetings of Publishers деген атпен танымал Astana Publishing Fellowship стипендиялық бағдарламасы өткізіледі. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстандағы баспа саласын жергілікті деңгейден әлемдік деңгейге дейін кеңейту, әлемдік баспа тәжірибесінен үлгі алу, сондай-ақ баспа қызметінің сапасын арттыру. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған бағдарламаға қазақстандық баспагерлерден басқа Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей және ТМД-ның басқа елдері мен таяу шетелдердің баспагерлері қатысады деген жоспар бар. Екі күн ішінде баспа өкілдері, редакторлар және авторлық құқық қызметкерлері әрқайсысы жарты сағаттан тұратын B2B іскерлік кездесулеріне қатысады.
Биылғы жобаның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, жастардың оқырмандық талғамын қалыптастыру, оқырмандарға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің ең жақсы заманауи топтамасын ұсыну, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесімен алмасу, әлемдік баспалармен байланыс орнату және баспа ісіндегі жетістіктерді көрсету.
Көрме туралы басқа да сұрақтарға жауап алу үшін «Фолиант» баспасының өкілдеріне, одан бөлек көрмеге қатысып жатқан баспа өкілдерімен тілдескен едік.
Фарида Тобашалова,
«Фолиант» баспасы қазақ редакциясының бас редакторы:
Көрменің басты жаңалығы –
Astana Publishing Fellowship жобасы
– Жыл сайын көрмеге келушілер мен кітапқұмарлардың саны артып келе жатқаны қуантады. Отандық баспалармен өзара тәжірибе алмасып, оқырман сұранысына сай қызықты да сапалы кітаптарды ұсынуда көп жұмыстар атқарылып жатыр. Біраз жыл бұрын шетел әдебиетінің үздік туындыларын қазақ тіліне аударуға аса назар аударсақ, қазір қазақстандық жас қаламгерлерді қолдауға, жаңа жанрлардың дамуына барынша жол ашуға ден қойып отырмыз. Қазақ оқырмандары сан түрлі сапалы кітапты оқи алатындай жағдай жасауымыз қажет.
Иә, айтып өткендей, келушілердің саны жыл санап артып келе жатыр. Біз ол үшін барлық ақпараттандыру тетіктерін пайдаланып жатырмыз. 7 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіп жүрген шара болғандықтан, халық көрменің болатынын алдын ала біліп, сұрап та жатады. Халық арасында кітап оқуға насихаттау ісінде көрменің маңызы зор. Баспа саласы дамыған, кітапты сүйіп оқитын әр елде мұндай көрмелердің түр-түрі бар. Бұл баспагерлер, кітап дүкендері мен кітапсүйер оқырмандардың басын біріктіретін үлкен алаң болғандықтан, көрме болуы тиіс және оның сапасын жыл сайын жақсарту үшін біз бар күшімізді салып жатырмыз.
Биылғы кітап көрмесіне Қазақстаннан бөлек әлемнің түкпір-түкпірінен баспагерлер мен кітап дүкендері қатысып, өз өнімдерін ұсынып жатыр. Әртүрлі кітаптардың тұсаукесерлері мен ақын-жазушылармен кездесу шаралары өтіп жатыр. Келушілердің қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі алаңдар әзірленген. Одан бөлек көрменің басты жаңалығы – Astana Publishing Fellowship жобасы. Бұл – баспалар мен агенттіктер үшін керемет мүмкіндік. Әр баспа немесе агенттік өздерінде бар авторлық құқықтарды бір-біріне ұсына отырып, түрлі келіссөздер жүргізе алады, осылайша өзара тәжірибе алмасу, жаңа кітаптар алу, әлемнің үздік баспагерлері мен агенттіктерімен достық байланыс орнатуға болады. Мұндағы басты мақсат – серіктестік орнату, Қазақстандағы баспа саласын дамыту және отандық әдебиетімізді әлемге таныстыру, әлем тілдеріне аударылып, таралуына жол ашу. Бұл жоба да жалғасын табады деген үміттеміз.
Мерей ҚАРТ,
Абай облысы, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры:
Кітап көрмесінің берері мол
– «EurasianBookFair – 2024» VII Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Елімізде 7-рет ұйымдастырылып отырған бұл іс-шара кітапсүйер қауым үшін рухани басқосу және жылы жүздесу болып отыр. Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «Абай жолы» кітапханасы әдеби экспозициясымен қатысып жатыр.
Кітап оқу мәдениетін насихаттауға зор үлес қосатын халықаралық көрме-жәрмеңкенің оқырман қауымға берері мол. Абай, Шәкәрім, Мұхтардың көзі тірісінде және ХХ ғасырдың басында олар туралы жазылған сирек түпнұсқа дереккөздермен қауышу кітапсүйер оқырман үшін есте қаларлық жайт болды. Кітап мерекесіне қатысушылар құнды тарихи деректерді көзімен көріп, маңызды ақпараттарға қанық болды. Жастарды сирек баспа туындыларын құрметтеуге баулу, Шыңғыстаудан шыққан үш алыптың қайраткерлік тұлғасы мен шығармашылығын терең таныстыруға бағытталған шара өз жемісін бермек.
Тарихи кітапхана қорындағы көне жәдігер – кітап ескерткіштерімен және «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген жауһар туындылармен көпшілік қауымды кеңінен таныстыруға бағытталған көрмеге астаналық тұрғындармен қоса, еліміздің әр жерінен келген кітапсүйер қауым қызығушық танытты. Салтанатты шара қонақтарына Абай, Шәкәрім, Мұхтардың көзі тірісінде олар туралы жазылған сирек түпнұсқа дереккөздер тосын сый болды.
Әдеби экспозицияның «Абай, Шәкәрім сирек басылымдарда» бөлімінде кемеңгер ақын Абай мен сахара ойшылы Шәкәрімнің қайраткерлік тұлғасын ашып көрсететін сирек өлкетану басылымдары көрініс тапты. Сонымен қатар жас қаламгер М.Әуезовтің тұлғалық қасиетін танытатын түпнұсқалар көрмеден орын алды. Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін облыстық Статистика комитетінің 1897 және 1900 жылғы «Памятная книжкалары», Н.Коншиннің «Что могуть дать Семипалатинские архивы для краеведения» мақаласы, Императорлық орыс Географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімі Семей бөлемшесінің жазбаларында жарық көрген Ә.Бөкейханның Абай дүниеден өткеннен кейін жазған қазанамасы сынды т.б. басылымдарға көрмеге келушілер қызығушылық танытты. Шәкәрімнің Императорлық орыс Географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімі Семей бөлімшесіне мүше болғандығын айғақтайтын дерек құнды құжат болды.
«Сирек басылымдардағы Әуезов шығармалары» бөлімі Абайдың көркем әдебиеттегі бейнесін сомдайтын «Абай жолы» эпопеясы үзіндісінің ХХ ғасырдың басында қазақ баспасөзі бастауында тұрған қазіргі «Жұлдыз» журналының кезіндегі атауы «Әдебиет майданы», «Әдебиет және искусство» сынды журнал беттерінде жарияланған алғашқы үзінділерімен және эпопеяның 1945, 1948, 1949-1950 жылдардағы толық нұсқасымен таныстырды.
Әдеби экспозицияның үшінші бөлімінде Абай облысының әкімі Н.Ұранхаевтың қолдауымен 2023 жылы жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген өңір авторларының шығармалары қонақтардың назарына ұсынылды.
Жоба аясында хакім Абайдың, ғұлама ойшыл Шәкәрімнің, ұлы жазушы М.Әуезовтің және өңірімізден шыққан халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың, балалар жазушысы Ә.Толымбектің, белгілі қаламгерлер Т.Ысмайыловтың, Ы.Мұсаұлының, Б.Жақыптың, Д.Рамазанның, А.Кемелбаеваның әдеби-көркем туындылары мен абайтанушы ғалым Т.Жұртбайдың еңбектері таныстырылды. Сонымен қатар өңірімізден шыққан Ақтамберді Сарыұлы мен Дулат Бабатайұлы және Абайдың ақын ұрпақтарының шығармаларынан топтастырылған «Жыр жауһарлары» жыр жинағы, Абай кітапханасының 140 жылдық тарихына байланысты сирек басылымдар қорынан құрастырылған «Абай кітапханасы сирек басылымдарда», «Хранитель истории» атты қос томдық жинақтары, республикалық «Абай» журналының беттерінде жарық көрген құнды мақалалардан жинақталған «Білгенге маржан» жинағының мазмұны жайлы баяндалды.
Сонымен қатар кітап жәрмеңкесі кітапханашылар қауымы үшін де маңызды шара. Еліміздің және шетелдік баспа қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас жасауға, жаңа туындылармен танысуға, кітапханалар қорын жоғары сұранысқа ие әдебиеттермен толықтыруға зор мүмкіндік береді. Арнайы жасақталған әдеби алаңдарда кітап авторларымен ұйымдастырылатын жылы жүздесулердің кітап пен кітапхана арасындағы алтын көпір кітапханашы мамандар үшін маңызы ерекше.
Осындай игілікті шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған «Фолиант» баспасына алғысымыз шексіз. Әріптестерімізге игі шаралар легі таусылмасын дегіміз келеді.
Елорда жұрты көктем келсе, кітап керуенін күтеді. Осынау игі үрдіс үзілмей келе жатқаны, жыл өткен сайын оқырмандар легінің еселеніп келе жатқаны, әрине, қуанарлық жайт. Бес күнге жалғасатын кітап көрмесінде көптен іздеген кітабыңызды тауып, шеберлік сағатына қатысып, келелі жиындар мен кемел әңгіменің куәсі бола аласыздар. Қай жағынан қарағанда да олжасыз қайтпайтын осынау көрме-жәрмеңке кітап оқу мәдениетін насихаттап, баспалар мен оқырманға тың тәжірибе, берері мол бастама екені сөзсіз.