Бишімбаевтың соты: Судья ресейлік сарапшылардың қорытындысын қабылдамай қойды

Судьяның айтуынша, сараптама жасау жөнінде сотқа уақтылы хабар берілмеген. Сәйкесінше, сараптама заң бұза отырып жасалған.

Бишімбаевтың соты: Судья ресейлік сарапшылардың қорытындысын қабылдамай қойды
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
773

Өз әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты кезекті сот отырысында судья Айжан Көлбаева айыпталушының адвокаттары ұсынған ресейлік сарапшылардың қорытындысын іске қоспады.

Судьяның айтуынша, сараптама жасау жөнінде сотқа уақтылы хабар берілмеген. Сәйкесінше, сараптама заң бұза отырып жасалған.

Еске сала кетейік, 16 сәуір күнгі сотта Бишімбаевтың қорғаушылары өз бастамасымен Мәскеуде жеке сот медициналық сараптама жасатқанын мәлімдеген болатын.  Прокурор Айжан Аймағанова оны істен алып тастау керек екенін алға тартып, судьяға өтініш жолдады.

Прокурордың айтуынша, құзырлы органдар жеке сараптама жасалып жатқанын хабарсыз болған. 

Сондай-ақ, сараптама жасаған РФ азаматтарын ешқандай жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Бұл ретте олар жалған сараптама жасауы мүмкін деген күмән бар.

Айта кетейік, ресейлік сарапшылар Салтанат Нүкенованың өлімі 3-4 апта бұрын пайда болған жарақаттан болуы мүмкін деген қорытынды жасаған еді. Ал бұл — қазақстандық сарапшылардың тұжырымдамасына қайшы.

Серіктес жаңалықтары