Астанада «Қаныш» толықметражды фильмінің арнайы көрсетілімі өтті

Қазақтың геолог-ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай елордада «Қаныш» фильмінің көрсетілімі өтті.

Астанада «Қаныш» толықметражды фильмінің арнайы көрсетілімі өтті

 

Толықметражды фильмде ғалымның 1926-1934 жылдардағы еңбек жолы баяндалады, деп хабарлады turkystan.kz.

Кинокартина 2022 жылдың желтоқсан айының соңында «Literature in Cinema» халықаралық кинофестивалінде (Буэнос-Айрес, Аргентина) «үздік фильм» (Best Film) сыйлығын алды. Ал 2023 жылдың қаңтарында фильм Үндістандағы «Athvikvaruni International Film Festival» кинофестивалінде «Best asian feature film», «Best concept», «Best environment/nature feature film» үш номинациясында жеңіске жетті. Фильмнің көрсетіліміне ҚР МАМ Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, мемлекеттік органдардың өкілдері, фильмнің режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов, картинаның продюсері Айгүл Байбек пен басты рөлдерді сомдаған актерлер қатысты.

Қазақстан геологиясының даму тарихы Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Ол ҚазКСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті және Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалаушы. Қаныш Сәтбаевтың тарихтағы алар орны ерекше. Алайда, оның халық мұңы мен жеке басының қасіреті тоғысқан күрескер жолын бірі білсе, бірі білмейді. «Қаныш» фильмі геологтың өміріндегі уақыт пен оқиғаларды айқын көрсетеді.

Айта кетейік, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай жастар ресурстық орталықтары 130-дан астам іс-шара өткізді. Оған 5 мыңға жуық адам қатысты. Астана, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарында бұл күн Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция өтті. Алматы облысында Сәтбаевтың «Қазақ халқының ұлы ғалымы» муралының ресми ашылды. Сондай-ақ барлық өңірде Қаныш Сәтбаев туралы «Ұлы дала ұлағаты» деректі фильмі көрсетілді.