Елімізде ғылымға бөлінетін қаражаттың көлемі ұлғаяды

Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.

Елімізде ғылымға бөлінетін қаражаттың көлемі ұлғаяды
pixabay
696

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғылымға негіз қойған жастарға қолдау жоғары болатынын айтты.

"Түптеп келгенде, Қазақстанды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет. Жаңа ғана сөз сөйлеген ғалымдар бірқатар салмақты ой айтты. Бастамаларды мұқият саралаймыз. Ұтымды ұсыныстар міндетті түрде жұмыс барысында ескеріледі.

Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек.

Ахмет Байтұрсынұлы "Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек" деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті", - деді Президент.

Соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

"Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді.

Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді.

Аймақтарда шетелдің жетекші университеттерінің филиалдары ашылды. Бірақ бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды. Еліміз тұрақты дамуы үшін өзгерістерге тез бейімделіп, тың мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану өте маңызды. Бұл – стратегиялық міндет. Осы орайда мемлекет ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артады. Оларға айрықша миссия жүктеледі. Сол үшін де ғылыми әлеуетімізді нығайта береміз", - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары