Су тасқыны: Мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды

Кей аймақтарда өзен-көлдің деңгейі сәл төмендегенімен, қауіп сейілген жоқ. 11 сәуірдегі мәлімет бойынша, тасқынға байланысты еліміздің 8 өңірінде 29 төтенше жағдай режимі енгізілген.

Су тасқыны: Мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды
сурет: ТЖМ
1131

Су тасқынына байланысты еліміздегі ахуал әлі де күрделі болып тұр. Кей аймақтарда өзен-көлдің деңгейі сәл төмендегенімен, қауіп сейілген жоқ. 11 сәуірдегі мәлімет бойынша, тасқынға байланысты еліміздің 8 өңірінде 29 төтенше жағдай режимі енгізілген. 

Қазір су тасқынының алдын алу, су ал­ған елдімекендегі жағдайды реттеу жұ­мыстарына бүкіл ел жұмылып, аймақтарға гу­манитарлық көмек жіберіліп, халық қол­дан келгенше қол ұшын созып жатыр.  Жауап­ты органдар, лауазымды қызмет ие­лері, депутаттар өңір-өңірді аралап жүр.
Ең бастысы – азаматтардың амандығы – Президент
Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны сал­да­ры­нан қалыптасқан ауыр жағдайға бай­ла­ныс­ты үндеу жариялады. Мұндай табиғи апат ұзақ жылдан бері болмағанын,  көлемі жа­ғы­нан кейінгі 80 жылдағы ең ірі табиғи апат деуге болатынын айтты. Президент ат­қарушы органдар жіберген олқы­лық­тар­ды түзеу үшін шұғыл түрде нақты тап­сыр­ма бергенін, барлық қажетті шара қа­был­да­нып жатқанын, Үкімет қарғын судың сал­дарын жоюға бар күшін салатынын мә­лімдеді. 
– Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Ми­нистрдің өзі, оның орынбасарлары жә­не Төтенше жағдайлар министрі апат бол­ған аймақтарды аралап жүр. Барлық құт­қару жұмыстары менің тікелей бақы­лауымда. Су тасқынымен күресуге Төтенше жағ­дайлар министрлігінің барлық ресурсы тар­тылды. Сондай-ақ құтқару жұмыс­та­ры­на Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қа­рулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің мамандары белсене атсалы­сып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкім­діктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Он­да­ған мың волонтер де көмектесіп жүр. Жағ­­дай өте күрделі болса да, біз қиын­дық­ты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қал­­­­­пына келтіреміз. Ең бастысы – азамат­тар­­­дың амандығы, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекет бірде-бір адамды ес­керусіз қалдырмайтынын, зардап шек­кендерге қаржылық және басқа да көмек көр­сетіліп, материалдық шығын толық өте­летініне ерекше тоқталды. Сонымен қа­тар осы су тасқынынан қорытынды шы­ға­рып, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет екенін де еске салды.
– Апаттың алдын алу жұмысындағы кем­шіліктен бастап, су шаруашылығы м­а­мандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті ат­қарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет. Менің бұйрығыммен апатқа қар­сы күреске Қорғаныс министрлігі қо­сым­ша әскери күштерін жолдайды. Ха­лық­қа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік ма­териалдық резервті пайдалануды тап­сырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарас­тыру­ға тиіс. Оны зардап шеккен азамат­тар­ға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жағдай неғұрлым күрделі ай­мақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға баруды тапсырды. Олар ахуал түзелгенше сол жақтарда болуға тиіс. Ақ­парат­тық штаб азаматтарды мемлекет қа­был­дап жатқан барлық шаралар жөнінде үз­діксіз және жан-жақты хабардар етіп оты­руы керек екенін де айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев осындай дүр­бе­лең шақта жағдайды жалған ақпарат тара­тып ушықтырмау керек екенін де назарға сал­ды. Қазір билік пен қоғамды ұйыстыруға ба­ғытталған жұмыстар аса маңызды екенін айт­ты. Азаматтарды тек қана ресми ақпа­рат көздеріне сүйенуге шақырды.
Сондай-ақ сөз соңында апатпен кү­ре­су­ге атсалысып жатқан барша жұртқа ал­ғыс білдірді.
– Құтқарушыларға, тәртіп сақ­шы­ла­ры­на, волонтерлерге және апатпен күресуге ат­­салысып жатқан барша жұртқа алғы­сым­­ды айтамын. Осындай қиын-қыстау кез­де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғару ай­рықша маңызды. Бір ел, бір ха­лық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді, – деді Президент.

Ел бойынша 29 төтенше жағдай жарияланды

Еліміздің 8 өңірінде су тасқынына бай­ланысты 29 төтенше жағдай режимі ен­гі­зілді. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қостанай, Ба­тыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қара­ған­ды, Атырау және Солтүстік Қазақстан об­лыс­тарындағы жағдай қазір ерекше ба­қы­лауда. Бұл туралы Төтенше жағдайлар ми­­нистрлігі Азаматтық қорғаныс және әс­ке­ри бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– Кейінгі мәлімет бойынша, азаматтық қор­ғау қызметтері 97 мыңнан астам адам­ды, оның ішінде 32 мыңнан астам баланы құт­қарып, эвакуациялады. Қазір уақытша ор­наластыру бекеттерінде 7 173 адам, оның ішін­де 3 494 бала бар. Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің және жергілікті атқару ор­ган­дарының күшімен 8 млн 800 мың текше метрден астам қар суы шығарылды. 1 млн 400 мыңнан астам қап және 1 млн 100 тон­на инертті материал төселді, – деді ол.
«Жедел желі» телефонына 1 294 қоңы­рау түсіп, психологтар 100-ге тарта зардап шек­кен адамға писхологиялық көмек көр­сеткен.
ТЖМ өкілі тасқынның салдарымен кү­реске 16 әуе көлігі тартылғанын айтты. Со­нымен қатар аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы жағдайға мониторинг жасалып, кей өңірлердегі өзендердің мұ­зын жару жұмыстары жүргізіліп жатқаны ай­тылды. 
Жалпы, ресми мәліметке сүйенсек, Ақ­мола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қа­зақстан облыстарында 3 471 жер үй, 433 аула­ны су алған. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынанда су бұру жұмысы жүргі­зіл­ген. 
– Су шайған 110 автожол, оның ішінде 9 көпір және 101 жол төсемі бақылауда. Жер­гілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатты. Қажетті азық-түлік жә­не дәрі-дәрмек қоры жиналды. 68 ел­ді­мекенге көлік қатынасы тоқтады. Тәулік бой­ғы құтқару жұмыстарына 24 мыңнан ас­там адам, 3 мыңға жуық бірлік техника, 16 әуе кемесі жұмылдырылды», – деді спи­кер.
Су тасқыны байланыс, жарық желі­ле­ріне зақым келтіріп, салдарынан Ақтөбе, Қос­танай, Атырау және Ақмола облыс­та­рын­дағы ұялы байланыс операторлары же­лілерінің жұмысы тежелді. Атап айт­қанда, Құлсары қаласында 5 базалық стан­са су астында қалған, қазір олар басқа бай­ланыс стансалары есебінен қамтамасыз еті­ліп жатыр. Бұл туралы ЦДИАӨМ ресми өкі­лі Альбина Атен хабарлады.

Құлсары қаласынан 33 мыңнан астам адам көшірілді

Атырау облысында су тасқынының ал­дын алу мақсатында Атырау волонтерлер штабы құрылды. Волонтерлер суға кеткен ау­дан тұрғындарын Атырау қаласына эва­куциялау бойынша автоволонтерлер, жаға­да­ғы бөгеттерді бекіту жұмыстары, гума­ни­тарлық көмек келген пункттерде сұрыптау жұмыстары бойынша бірнеше қызметтер атқа­рып жатыр. Бұл туралы Атырау облы­сы­ның еріктілер фронт офисінің басшысы Ақбөбек Тәттібекқызы ОКҚ брифингінде хабарлады. 
Алдын ала болжам бойынша Құлсары қа­ласында 2 810 тұрғын үй су астында қал­ған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің баспасөз қызметі хабарлады. Су тасқыны салдарын жоюға 231 техника, 1 198 жеке құрам, 18 бірлік жүзу құралдары, 19 бірлік мотопомпа жұмылдырылған.
Атырау облысы Құлсары қаласынан жал­пы 33 641 адам көшірілді және 201 уақыт­ша орналасу орындары дайындалған. 248 мал басы және 27 үй жануарлары қауіп­сіз орынға көшірілген.
 – Әр эвакуациялық орында мектеп пси­­­хологтары, әлеуметтік педагогтар, ме­ди­цина мамандары тұрғындармен жұмыс жүр­гізіп жатыр. Төтенше жағдайға бай­ла­ныс­ты аудандағы мектептер онлайн оқу фор­матына көшіріліп, мұғалімдер аудан оқу­шыларымен қатар, құлсарылық бала­лар­дың оқуын да қадағалап жатыр. Сондай-ақ балалардың көңілін аулау мақсатында әртүрлі тренингтер, сұхбаттар, ойындар ұйым­дастырылып жатыр, – деді Бейнеу ау­даны әкімдігінің баспасөз хатшысы Назарбек Қадыр.
Құлсары қаласындағы қараусыз қалған үй­лерді 110 полицей мен 60 сарбаз қада­ға­лап жүр. Атырау облыстық полиция депар­та­ментінің баспасөз қызметінің мә­лі­ме­тін­ше, тәртіп сақшылары мен Ұлттық ұлан әс­кері Құлсары қаласындағы қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мақсатында үздіксіз пат­рульдеуге кіріскен. Полиция қызмет­кер­лері­нің арасында 10 күннен бері үйіне бар­мағандар бар. 
Ойыл өзеніндегі су деңгейі төмендеп келеді
Ақтөбе облысында да волонтерлік штаб құ­рылды. Қазір оның құрамында 8 600 адам бар. Олар мессенджерлерде чаттар ашып, сол арқылы эвакуациялау, гума­ни­тар­лық көмек жеткізу сынды мәселелерді тез арада шешеді. Еріктілер 174 тонна азық-тү­лік және 65 тонна гуманитарлық көмекті мұқ­таж аудандарға апарып жатыр.
– Енді еріктілер тазалау жұмыстарын қол­ға алып, сенбілік ұйымдастырмақ. Бұл жұ­мыс жүйелі түрде жүріп жатыр, – деді Ақ­төбе облысының еріктілер өңірлік шта­бының өкілі Мирхан Ермағанбетов.
Облыс әкімінің төрағалығымен Жедел штаб тәулік бойы жұмыс атқарып жатыр. Жер­гілікті билік ахуал толығымен бақы­лау­да екенін айтады. 
Қазір облыстағы 20 елдімекенде 646 абонент электр энергиясынан ажыра­тыл­ған, дегенмен барлық тұрғынға дизельдік генератор арқылы тоқ беріліп жатыр. 
– 11 елдімекенмен жол қатынасы уа­қыт­ша үзіліп тұр. Салыстырмалы түрде айт­сақ, 30 наурызда 17 елдімекен болған. Ке­ше «Алға-Қарабұлақ», «Алға-Бесқопа» жол­­дары ашылды. Бүгін Әйтеке би ауда­нын­да Әйке, Қобда ауданында Сарбұлақ бағыттарындағы қатынас қайта қалпына кел­тіріледі. Жұмыстар жалғасуда, – деді спи­кер.
Ақтөбе облысында жағдай тұрақты еке­нін Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі де мәлімдеді. Қазір Ақ­тө­бе қаласының бау-бақша ұжымдарында су ай­дау және инертті материалдарды төсеу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр.
– Ойыл ауданында Ойыл өзені су дең­гейі­нің төмендеуі байқалады. Халықты, инерт­ті материалды және азық-түлікті та­­­сымалдау үшін понтон өткелі жұмыс іс­тейді. Қалған эвакуацияланған 1 470 адам уақытша орналастыру пункттеріне, 6 072 адам туыстарының үйіне көшірілді, – деп жазылған ТЖМ хабарламасында.

Жайық жағасын көтеру бойынша жұмыс 
жүріп жатыр

БҚО бойынша авариялық-құтқару жұ­мыс­тары жалғасып жатыр. Қала мен 4 ау­дан бойынша төтенше жағдай жарияланды. Облыста Жайық өзенінде судың көтерілуі байқалуда. Бүгінгі күнге дейін 13 мың адам эва­куацияланды. Олардың 5 мыңы – бала­лар. Қазір облыста 20 эвакуациялық пункт жұ­мыс істеп тұр. Бұл жерлерде 1 800-ден ас­там адам орналасқан. Бір млн текше метр­ден астам еріген қар суы тартылды. 277 мыңнан астам қапшық төселді. Бұл жай­лы Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағ­дайлар департаментінің ресми өкілі Нұр­жан Төлеуіш ОКҚ алаңында хабарлады. 
Соңғы бір тәулікте Жайық өзенінің 10 см-ге көтерілгені байқалады. 11 сәуірдегі жағ­­дай бойынша, деңгейі – 7 метр 27 см. Қауіп­т­і деңгей – 8,5 м деп есептеледі. 
– Қазір облыста Жайық жағасындағы ел­дімекендерді судан қорғап қалу үшін Жайық жағасын көтеру, қапшықтарды тө­сеу, дамбаларды нығайту, жағажай маңын­да­ғы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Орал қаласы мен 4 аудан төңірегінде 19 мың­­нан астам қапшық төселді, – деді рес­ми өкіл. 
Бұл жұмыстарға Облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті күш-құралдары, жер­гілікті атқарушы органдары, Маңғыстау ТЖД және Алматы облысының әскерилері жұ­мылдырылған. Жалпы, қазір облыс бойын­ша жағдай тұрақты күрделі болып қалып отыр.
«Қазсушар» мамандары ағынды реттеу бойын­ша тәулік бойы жұмыс жүргізіп жа­тыр. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қой­масы орта есеппен 68 пайыз толған. Жайық өзенінде су тасқынының екінші тол­қыны күтіліп отыр.

Қостанай облысында тұрғындар үйлеріне 
қайтып жатыр

Қостанай, Арқалық, Амангелді, Жан­гел­ді, Қарасу және Қостанай аудандарындағы ахуал да ерекше назарда. 10 сәуірдегі жағ­дай бойынша облыстың су қоймаларындағы су деңгейі орта есеппен 60 см-ге төмендеді, алай­да Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Жел­қуар, Амангелді су қоймалары бақылауда. Бұл туралы Қостанай облысы ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов баяндады.
Облыс бойынша су тасқыны кезінде бар­лығы 9 099 адам құтқарылды және эва­куа­цияланды, оның 1 808-і балалар. 2 499 адам және 427 бірлік техника, 137 мото­пом­п­алар, 28 жүзу құралдары мен тікұ­шақ­тар жұмылдырылған. 
Қостанай облысының оңтүстігінде су тас­­қынынан зардап шеккен тұрғындар үй­леріне оралды, Торғай ауылындағы эва­куациялық пункттерде тұрған 600-ден ас­там адам өз ауылдарына қайтты. Мұндағы бар­лық эвакуациялық пункт жабылды. Қос­танай облысы әкімінің орынбасары Ар­ман Әбенов ОКҚ алаңында осылай деді.
– Халық азық-түлікпен және дәрі-дәр­мекпен толық қамтамасыз етілген. Су тас­қынынан зардап шеккендердің барлығына кө­мек көрсету жұмыстары жалғасуда. Бір­жолғы әлеуметтік төлемдерді төлеу бас­талды, сондай-ақ демеушілік және гума­ни­тар­лық көмек көрсетіліп жатыр. Бүгінгі таң­да 686 отбасына 126,6 млн теңге сома­сын­да әлеуметтік көмек берілді, – деді ол.

Петропавл қаласын 
су басу қаупі бар

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тас­қыны туралы өңір ТЖД бастығының орын­басары Мұрат Қанғожинов хабарлады.
Оның айтуынша, Сергеев су қоймасы 179 пайыз толған. Су қоймасындағы су дең­гейі төмендеді. Бірақ әлі күнге дейін 3 ау­дан мен Петропавл қаласын су басу қаупі бар.
Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100 пайыз толды. Сергеев су қой­масы бойынша су тасқынының белсенді ке­зеңі әлі өткен жоқ, тұрақты күрделі жағ­дай сақталады. 

Ұлытау облысында 
жағдай тұрақты

Ұлытау облысында қазір жағдай тұрақ­ты. Бұған дейін 22 елдімекен мен шаруа қо­жалығына су басу қаупі төнген болатын. Бұл туралы Ұлытау облысы ТЖД бастығы, пол­ковник Есен Байыров ОКҚ алаңында айт­ты.
– Тасқын су салдарынан қатынассыз қал­ған, зардап шеккен адамдарды эвакуа­ция­лау және құтқару, сонымен қатар су тас­­­қыны салдарын алдын алу мақсатында ағым­дағы жылы облыс әкімінің ұйымдас­тыруымен Жезқазған қаласының әуе­жайын­­да орналасқан МИ-8 тікұшағы жұ­мыл­­дырылып, су тасқыны қаупі бар аумақ­тар­ды әуеден шолу жұмыстары жүргізілді. Шолу барысында су тасқынына бейім ел­ді­мекендер анықталып, қала, аудан әкім­дері­мен құзіретті мекеме басшыларына тиіс­ті тапсырмалар қойылды, – деді ол.
Осы атқарылған жұмыстың арқасында 13 елдімекенде су тасқыны қаупі сейілтіп, 12 жол учаскесі қалпына келтірілгені ай­тыл­ды. Қазір облыс аумағындағы негізгі Қара­кеңгір, Сарысу, Жезді өзендерімен 25 гид­ротехникалық құрылым бақылауда, штат­тық режимде жұмыс істеп жатыр. «Қаз­гидромет» АҚ деректеріне сәйкес гид­ро­посттарда су деңгейінің жалпы төмендеуі бай­қалады.

Павлодарда да жағдай 
реттеліп жатыр

Павлодар облысы әкімі аппаратының бас­шысы Дидар Ибраев ОКҚ алаңында өт­кен брифингте өңірде су басқан үйлер жоқ екенін хабарлады. Тәулік бойы Жедел штаб жұ­мыс істейді, барлық мәселе облыс әкі­мі­нің тұрақты жеке бақылауында.
– 2-6 сәуір аралығында төтенше жағдай ре­жимі жарияланған Ақтоғай ауданының Жа­лаулы ауылы бойынша ауылдың ой­па­тын­да орналасқан және жүйелі түрде су басу­ға бейім үйлерді су басу проблемасын ке­шенді шешу үшін өңірлік жедел штаб сыйым­дылығы 200 мың текше метр суды құ­райтын үш жаңа шұңқыр жасау бойынша ша­ралар жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл а­лдағы уақытта ауылды су басу қаупі проб­лемасын кешенді түрде шешуге мүм­кіндік береді. Тәулік бойы 12 бірлік ауыр тех­никамен шұңқырлар жасау жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Тұрғын үйлерді су басу қау­пі толығымен жойылды, жағдай тұрақ­тандырылды, – деп баяндады спикер.
107 отбасы бюджеттен тыс демеушілік қа­ра­жаттан жалпы сомасы 96,7 млн теңге кө­лемінде өтемақы алған. Төлемді су тас­қы­ны кезінде үйіне қатты зақым келген Жа­лаулы ауылының 9 тұрғыны алған.
Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жа­лаулы ауылында комиссияның шешімі бойын­ша қалпына келтіруге жатпайтын ава­риялық үйлердің орнына салынатын 5 жаңа үйдің құрылысы басталды. Шығын­дарды ERG тобы өз мойнына алды. Үйлер­дің құрылысын 3 ай ішінде аяқтау жос­пар­лануда.
Бұдан бөлек, осы аптада зардап шек­кен­­­­дерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы мем­лекеттік әлеуметтік төлем төленетін бо­лады. Осылайша, бүгінгі таңда облыс тұр­ғындарынан су тасқынынан келтірілген за­лал бойынша келіп түскен өтінімдер то­лық көлемде өтелді. Бұл ретте өтінімдерді қа­былдау сәуір айының соңына дейін жал­ғасады, ешкім назардан тыс қалмайды.
– Өңірдегі жағдайдың тұрақтануына бай­ланысты Павлодар облысының Төтен­ше жағдайлар департаментінің 55 қыз­мет­кері, 11 бірлік техникасы және қаражаты Сол­түстік Қазақстан облысына су тас­қы­ны­на қарсы күресте көмекке жіберілгенін атап өткім келеді, – деді ол.
ШҚО-да қауіп жоқ
ШҚО-дағы таулы аймақтарда қар еруі­не және ауа температурасының жауын-ша­шын түсуі мүмкін және сәуір айының ор­та­­­сына қарай екінші су тасқыны болуы ық­тимал. Сын-қатер бар, бірақ қауіп жоқ. Бұл туралы ШҚО ТЖД алдын алу бас­қар­ма­сының бастығы Арман Наурызбаев ОКҚ брифингінде хабарлады. 
Облыстағы көптеген ауданда қар жауып, ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары болып тұр.
– Тұрақты түрде аэровизуалдық тек­серу­лер жүргізіледі. 132 гидротехникалық құ­рылыстар штаттық режимде жұмыс іс­тейді. Бөгеттерде судың деңгейін арнайы тө­мендеттік. Облыс бойынша жолдар ашық. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс іс­тей­ді. Күштер мен құралдар әзірлікке кел­ті­ріл­ді. Жағдай бақылауда, – деді ресми өкіл.

Зардап шеккен 
әр отбасына өтемақы 
төленеді

Қазір Үкімет жергілікті атқарушы ор­ган­дармен бірлесіп республикалық және жергілікті бюджеттердің барлық қолда бар ресурстарын жұмылдырды. Осы мақсатта Үкімет жергілікті атқарушы органдардың орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл алгоритмімен су тасқыны сал­дарын жою жөніндегі іс-шараларды қар­жыландыру жоспарын бекітті. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Арай Дәулетқызы ОКҚ брифингінде мәлім етті.
Жоспарға сәйкес, әрбір зардап шеккен о­тбасына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өте­мақы берілетін болады. Қираған үйлер Үкі­мет резерві есебінен қайта салынады. Өңір­лерге қаражат Өнеркәсіп және құры­лыс министрлігі арқылы бағытталады. Жөндеуді қажет ететін үйлер әкімдіктердің қара­жаты есебінен қалпына келтіріледі. Залалды бағалауды әкімдіктер су кеткеннен кейін бірден жүргізеді. 
Зардап шеккен халықтың тізімін әкім­діктер жүргізеді. Зардап шеккен мүліктің ті­зімімен бірге бір мезгілде құқық бел­гі­лей­тін құжаттардың көшірмелері болған жөн. Ақ­парат жаңартылған сайын Қаржы ми­нистр­лігі оны жедел түрде хабарлайтын бо­лады.

Тергеу басталды

Қаржылық мониторинг агенттігі елі­міз­дің үш облысында су тасқыны кезінде аза­маттардың қауіпсіздігін сақтауға тиіс сел­ден қорғайтын бөгеттер мен су қой­ма­ларын салу және жөндеу, өзен арналарын кеңей­ту жұмыстарын жүргізуге жауапты бол­ған мердігерлерге қатысты сотқа дейінгі тер­геу амалдарын жүргізуде. Бұл туралы Қар­жылық мониторинг агенттігінің ресми өкі­лі Әлібек Әбділов ОКҚ алаңында өткен бри­фингте хабарлады.
ТЖМ «Қазселденқорғау» мен келі­сім­шартқа отырған мердігер ұйымның дире­к­­торы бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінді. Залал сомасы ал­дын ала есеп бойынша 775 млн теңгеден аса­ды. 
– Сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соқ­қан міндеттерге немқұрайлы қарау фак­ті­сі бойынша Ақтөбе облысындағы «Магад­жан» бөгетін (су қоймасын) сенімгерлік бас­қаруға алған ЖШС басшысына қатысты сот­қа дейінгі тергеу басталды. Анықтал­ған­дай, 2014 жылы бұл бөгет балық шаруашы­лығын жүргізу мақсатында жеке компания­ға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда ЖШС тарапынан, бөгетті күтіп ұстау және қыз­мет көрсету бойынша өз міндеттері тиі­сінше орындалмаған, – деді спикер.  
Сонымен қатар Ұлытау облысында ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты сот­қа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Атал­ған ЖШС көктемгі су тасқыны кезінде жа­қын маңдағы аумақтарды шайылып кету­ден қорғау үшін ұзындығы 2 шақырым Жез­ді өзеніне санация жүргізу үшін жалпы со­масы 485,5 млн теңгеге мемлекеттік ме­ке­мемен шарт жасасқан. 
– Алайда жобаны іске асырудың бақы­лау өлшемімен мердігер жалпы сомасы 282,5 млн теңгеге жоба бойынша құрылыс-мон­таждау жұмыстарын нақты орын­да­ма­ғаны анықталды. Сол сәтте жоғарыда атал­ған жұмыстардың болмау жағдайында ЖШС атына орындалған жұмыстар акті­ле­рі­не сәйкес 400 млн теңге аударылған», – деп мәлімдеді ведомствоның ресми өкілі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жа­тыр. Заңға сәйкес, тергеу кезінде басқа ақ­парат таратылмайды.

Серіктес жаңалықтары