"Кері бұрылып үлгермедім": Ойылдықтар су тасқыны кезінде түнде жолда қалған 7 балалы отбасыны аман алып қалды

Жолда су деңгейі кенеттен көтерілгендіктен, кері бұрылып үлгермей қалдым. Сөйтіп, бала-шағамызбен көліктің ішінде судың құрсауында қалып қойдық.

"Кері бұрылып үлгермедім": Ойылдықтар су тасқыны кезінде түнде жолда қалған 7 балалы отбасыны аман алып қалды

Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға күш  жұмылдырып жатқан адамдардың санында есеп жоқ. Әлеуметтік желілерден байқағанымыздай, олардың арасында бөгет жасауға көмектесіп жүрген 92 жастағы кейуанадан бастап, әкесімен бірге қапқа топырақ толтырып жүрген 6 жастағы бала да бар. Дегенмен олардың арасында объективке ілінбей, тасада жүрген құтқарушылар да баршылық. Мысалы Ақтөбе облысы Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылдық округінде учаскелік полицей болып жұмыс істейтін Есболат Әділханов бастаған бір топ жігіт 28-наурызда түнгі сағат 02:30-да Қобда-Ойыл бағытындағы тас жолда мұз аралас судың құрсауында қалып қойған көпбалалы отбасыны құтқарып қалған.

Әйелі мен жеті баласын көлігіне салып, түнде  жолда келе жатқан Жалғас Сидағалиев түн ішінде су ортасында қаламын деп мүлде ойламаған.

«27-інен 28-іне қараған түнде Қобда-Ойыл бағытындағы жолда, Кемер ауылдық округінің тұсында сеңді су тасқынына тап болдық. Жолда су деңгейі кенеттен көтерілгендіктен, кері бұрылып үлгермей қалдым. Сөйтіп, бала-шағамызбен көліктің ішінде судың құрсауында қалып қойдық. Сосын Кемер ауылдық округіндегі Еркін деген ағамызға хабарласып, көмек сұраған едім. Ауылға көмектесіп жүрген бір топ жігіт Саралжын ауылдық округінің учаскелік полицейі Есболат Әділхановтың бауырымыздың қызметтік көлігіне мініп, бізді құтқаруға келді», – дейді Жалғас.

Көпбалалы отбасыны құтқару жұмысы 1 сағатқа жалғасыпты. Учаскелік полицей Есболат Әділхановтың айтуынша, су деңгейінің көтерілуі жағдайды одан бетер қиындата түскен. Ішінде 9 адам бар көлік 1-2 шақырым жерде тұр. Ал судың екпіні қатты. Сең аралас су өзіңді де ағызып  әкетуі мүмкін.  

"Ойланып тұратын уақыт болған жоқ. Қалай да бір отбасыны аман алып қалу керек еді. Тәуекелге бел байладық. Өмірлерін тәуекелге тіккен Кемер ауылының азаматтарына алғыс айтамын", – дейді учаскелік полицей.

Ал бұл кезде көліктегілер жандарын шүберекке түйіп отырған.

«Су шамамен 1-2 шақырымға дейін жайылды. Соған қарамастан тас қараңғыда суды белуардан  кешіп келген азаматтарға  алғысым шексіз. Есімдерін қағазға жазып алған едім. Отбасымды аман алып қалған Жақсылықов Ықылас, Сейітмағұлов Еркін, Ертілеуов Бақтыбек, Өмірғали Бекзат, Базарғалиев  Жарас, Өтесінов Даниярларға шексіз алғысымды білдіремін. Оларды бастап келген Саралжын ауылдық округінің  учаскелік инспекторы Есболат бауырыма да дән ризамын.  Осы жігіттердің көмегімен судың ортасында бір-біріміздің қолымыздан ұстап, балаларымды бір-бірден тасып, қауіпсіз жерге алып шықтық. Жігіттерге Алланың нұры жаусын! Отбасылары аман болсын!», – дейді Жалғас.  

Ол  қазіргідей қиын шақта Төтенше жағдай министрлігінің нұсқаулықтарына құлақ асқан абзал екенін айтады.

«Дұрысы, жолда қалмауға тырысайық. Әкімшілік, құзырлы органдардың талабына бағынайық. Бізден сәл қателік кетті. Дегенмен су мен өрт – тілсіз жау. Айтып келмейтін апат. Трассаның үстінде мұндай су тасқыны болады деп ойламадым. Шыны керек, ары қарай өтіп үлгереміз  деп ойладым. Жігіттер болмағанда...», – дейді ол.

Қазір Жалғас  бала-шағасымен бірге Кемер ауылына тұрақтаған.

«Осында Мереке деген бауырымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Киім-кешек, төсек орынмен қамтамасыз етіп, тамақтандырып, көмектесіп жатыр. Оларға да алғысым шексіз!», – дейді Жалғас бізге жіберген бейнежазбасында.

9 адамы бар отбасыны құтқарып қалған азаматтардың ерлігі қандай құрметке де лайық!