Қытай әсерлері

Қытайлықтар әлемдегі ең көп оқи­­тын ұлттардың бірі саналады. Ел хал­­қының 80 пайызының бойында тас­­қа басылған сөзді оқу дағдысы қа­­лыптасқан, ал 36 пайызы күніге кі­­тап, газет-журнал оқып отырады. Ал­ғаш қағаз жасауды, кітап түптеп, га­зет шығаруды ойлап тапқан халық олай етпесе түсінбей де қалар едік-ау. Ен­ді ше, мұндағы қайсыбір шығар­ма­­лар осыдан 3 мың жыл бұрын қа­ғаз бетіне таңбаланған.

Қытай әсерлері
сурет: turkystan.kz / автордың жеке мұрағатынан
1333

2009 жылдың жазында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Че Го Пин мырзаның жәрдемімен он бес күн бойы аспан асты елін араладық. Бір күні бізді алып жүрген ҚХР сыртқы министрлігінің жігіттері «Дүниежүзілік қаржы орталығына» баратынымызды айтты.

Несі бар, барсақ барайық.
Мұхит жағалауында орналасқан Шан­хай соншама қапырық, қоңыр сал­қын қонақүйден сыртқа шық­қа­ныңызда бейне саунаға кіріп кет­кен­дей боласыз. Мұндай жерде демок­ра­тияшыл кеңқолтық casual-дан ың­ғай­лы киім жоқ. Соған бағып, бұл жо­лы да аяққа тәпішке іліп, үстімдегі жеңіл мәйкі, жұқа слаксимен шыға сал­дым. Баста – күн сәулесінен қор­ғай­тын делиме қалпақша.
Бізді Пудун ауданына алып кел­ген микроавтобусымыздан ар­­­­салаңдап түсе сала басымды шал­қай­тып, алдымызда тұрған алып ғи­мараттың ұшар басына қарай бер­генімде үйде бақшаға киіп жүрген сары панаманың ұшып түскені: енді ше, 492 метр биіктік, барлығы 101 қа­бат және осынау монстр Жер-ана­ның зілі 7 балдық қимылдауына ер­кін төтеп беретінін айтсайшы (біз бар­ған жылы әлемдегі ең биік «не­бос­креб»-тұғын, бүгінде 12-орынға түсіп қалды). Әлденеге көлігіміз тоқ­таған жерден кіреберісіне дейін ұзы­на бойлатып «кремлевка» ата­ла­тын қызыл кілем төсеп тастаған екен, жалаңаяққа сұға салған қайран да қайран «ветнамка» сандалигіммен әлгі қалың кілемді тарсылдатып безіп келем. Алаңқайда бір қызық бо­лып жатыр: кілемнің екі жағын ала әс­кери киім киген оркестр музы­кант­тары асай-мүсейлерін ұстап сап тү­зіп тұр – сол қаладағы өріктей жі­гіт­тер, оң жақта алмадай қыздар. Біз жақындай бергенде оркестр бір салтанатты марш әуенін құйқылжыта ойнап қоя берді. Жанымдағы аудар­ма­шы, «қытай Серікке» (Кенебаев) қарап: «Бір құрметті қарсы алмаққа дайындық жасап жатыр-ау, сірә?!» деп едім, ол: «Жоға, бұл оркестр сіз­дердің келу құрметтеріңізге марш ой­нап тұр» деді. Қырмызы қызы­лым­ның үстінде тәпішкемнен түсіп қала жаздадым. Блиин, «какой-то бір...» елордалық «Астана» журналының қыз­меткерлерін қарсы алу үшін Қы­тай халық-азаттық армиясынан әс­ке­ри оркестр алдырған ба? Шатыр­лары жылжып кеткеннен сау ма мы­на шанхайлықтардың!?
Сол бір уақиғаға да, міне, он бес жыл толыпты. Енді Бейжіңге тағы да жол ашылғалы тұр еді, бәлкім, сонда ре­тін тауып сұрап көрермін шеше ал­май кеткен жұмбақтарымды. «Ат тұя­ғы – тентек» деуші еді мұндайда мар­құм Рахаң (Рахымжан Отарбаев).

* * *
Бейжің  халықаралық әуежайы­нан қонақүйге түнделетіп жетіп, ша­малы тынығып алғаннан кейін, дүй­сенбіде аудармашы, осындағы пе­динституттың магистранты аста­налық Ахметбек Акбаров екеуміз қа­ланың Хайдянь ауданына келіп, ал­ғашқы кездесуімізді өткіздік. Ал­дын ала уағдаластық бойынша бізді China Intercontinental Press ұйымы­ның баспа орталығына қарасты Ха­лық­аралық ынтымақтастық депар­та­ментінің директоры Ян Сюэ (Yang Xue) ханым және оның орынбасары Лю Тинтин (Liu Tingting) ханым қабылдады. 
Екі сағатқа созылған әңгі­ме­лесу­ден соң «Димаш. Шыған дауыс­ты аңсау» кітабымды аталған бас­па­дан қытай тілінде шығаратын бо­лып келісімге келдік (Қытайда ауыз­ша уағдаластық, қол алысу, яғни жен­телмендік келісімге келу – заң-құқық күшіне ие екен). Әрине, алда жазбаша контракт жасалады, бірақ бұл іс едәуір уақыт алатын сияқты, се­бебі дәстүрдегі таралым, маркетинг, ба­ға саясатын белгілеуден бөлек бұл ел­де кітап шығарудан алдын ала тек­серу, екшеу, сүзгіден өткізу секілді бір­неше сатыдан тұратын өзіндік қа­таң тәртібі бар.
Қытай құрлықаралық баспасы 1993 жылы құрылған, Жуңго ком­пар­тия­сы орталық комитетінің жарнама бө­ліміне қарайды. Негізгі атқару мін­деті – шетел тілдерінде жоғары са­палы кітаптар шығару арқылы «Қы­тайды әлемге және әлемді Қы­тай­ға таныстыру». Осы орайда баспа ор­та­лығы Қытай тақырыбында жы­лы­на оннан аса әлем халықтары тілінде 300 түрлі қағаз және электрон кітап­тар, өңге де мәдени-шығармашылық өнімдер шығарады екен. Бұл өнімдер дүниежүзі бойынша құрылған 300-дей сауда нүктесінің көмегімен әлем­нің 200-дей еліне тарайды. 47 елде «Бұл Қытай» деген атпен орталықтың 400 кітап сөресі жұмыс істеп тұр.
Аталған орталық 50 елде 100 бас­па­мен ынтымақтаса жұмыс істейді, со­лардың дені Латын Америкасы мен Таяу Шығыс елдерінде шо­ғыр­лан­ған, яғни, кітаптың қағаз және цифрлық оқуға арналған түрлерінің де­ні араб, испан тілдес оқырмандарға бағдарланған. Бір дерек: араб тілін­дегі цифрлық оқу қосымшасын әлем­нің 175 елінде тұратын 6 миллионнан аса пайдаланушы жүктеп алған. Баспа орталығының Facebook-тегі ис­пан тіліндегі парақшасына 40 елден 680 мыңның үстінде адам жазылса, арабша парақшасы 10-нан аса арабтілді елдерде тұратын 100 мыңдай жазылушыға ие. Еуразия құр­лығымен ын­тымақтастық мәсе­лесіне ынта қой­ған біздің сұра­ғы­мызға жауап бе­ре келіп, Ян Сюэ ха­ным: «Біз үшін ха­лықаралық ын­тымақтастық деге­ні­міз – әлемге қытайша кітап тарату мә­селесінде бастамашылықты өз қо­­­лымызға алу, осы орайда, әсіресе,  «Бір белдеу – бір жол» елдеріне ба­сым­­дық беру» деп атап көрсетті. Со­ны­мен бірге, ай­туын­ша, Орталық Азия елдерімен ара­дағы жұмыс әлі де бол­са ойда­ғы­дай емес. Аталған ай­мақ­тағы түр­кі­тіл­дес халықтардың тіл­дерінде Қы­тай хақында, сол сияқ­ты түркі тіл­деріндегі кітаптарды ханзу тілінде шы­ғарып тарату ісі ен­ді-енді қолға алы­нып жатқан сыңай­лы. Қазақ­стан­ға бағдарланып, яки қазақ тіліне аударылып бізден бір­де-бір кітап шықпаған. Біздің «Ди­маш» жобамыз осы бір шаруаға ұрым­тал келген болуы ықтимал. «Бұл жо­ба жүзеге асып жатса, бұл біздің ор­талықтың Қазақстанмен тікелей ын­тымақтаса жұмыс істеуінің басы бол­мақ» деді директор ханым. Лебі­зіне рахмет!

* * *
Қытайлықтар әлемдегі ең көп оқи­­тын ұлттардың бірі саналады. Ел хал­­қының 80 пайызының бойында тас­­қа басылған сөзді оқу дағдысы қа­­лыптасқан, ал 36 пайызы күніге кі­­тап, газет-журнал оқып отырады. Ал­ғаш қағаз жасауды, кітап түптеп, га­зет шығаруды ойлап тапқан халық олай етпесе түсінбей де қалар едік-ау. Ен­ді ше, мұндағы қайсыбір шығар­ма­­лар осыдан 3 мың жыл бұрын қа­ғаз бетіне таңбаланған. Дүниежүзі та­­­­ри­хындағы уақыт жағынан ең бағ­­зы әдеби дәстүрдің елі осы ара­лық­­та әлемдік мәдениетке қанша жау­­һар қазына қосқанын есептеп шы­­ғарудың өзі бір жұмыс. Қазір де ҚХР кітап жазғыштары саны жағы­нан өзгелерге есе бермей келеді – ел­де олардың қарамы миллионнан асып жығылады, ал өңге жерде ав­тор­ды бақуатты кісіге айналдырып жібе­ре­тін миллиондаған дана таралым адам мұхиты елі үшін кәдуескі нәрсе. Мы­салы, үш жылда Маоның бір кі­та­бы 800 миллион дана таралыммен жа­рық көрген. Бұл – әлем тарихында орасан көп тираждардың бірі.
Ханзу жұртының кітап сатып алу жол­­дары сан қилы. Бейжің метро­сы­мен жүріп көргенімізде, қолдарын­да­­ғы ноутбук, айпад, смартфон ар­қы­лы шұқшиып әлдене оқып отырған жо­лаушылардың қарасы аз емес екен. Сондай-ақ көше бойына вен­дин­г аппараттары қойылған, бұл сау­­­да-саттық автоматтарынан тән азы­­ғы – коланы да, жан азығы – кі­тап­­ты да бірдей сатып ала беруге бо­­ла­ды. Ең қызығы, қайсыбір вен­динг оқыл­­ған кітапты кейін қабыл­дайтын кітапхана түзілімінде де жұ­мыс істей береді. Alibaba  элект­рон­­ды сауда плат­фор­масының  есеп­тік баяндама­сына айтқызсақ, қытай­лық­тар жылына қа­ғаз түріндегі бес жа­рым кітапты са­­тып алады екен. Ел­де 2003-2013 жыл­­дар аралығында ең өтімді кітап Гар­­ри Поттер туралы романдар се­рия­с­ы болған, бірақ кейін­гі жыл­дары сая­саттың өзгеруіне байла­ныс­ты ба­­­­тыстық үлгідегі андеграунд шы­ғар­ма­­ларға шектеу қойылып, ел­дегі кі­тап нарығының түр-түрі ай­тар­лық­тай өзгеріске ұшырағанын айт­қан  жөн. Мұны кітап дүңгіршегін ара­ла­ған­­да байқадық.
«Дүңгіршек – көптің үстінен күн кө­ретін, азды байытып жатқан супер жә­не гипермаркеттер жүйесіне қар­сы қойылған балама, бутиктер желісі көп­тің әл-ауқатының артуына алып баратын жолдың басы» деген сөз бар ғой. Қытайдың ірі қалалары әлемдік ауқымдағы брендтер мен қытайлық брендті киім-кешек, заттар саты­ла­тын ірі сауда орындарына кенде емес, оларда кітап сататын қазына­лық нүктелер де тоқтаусыз жұмыс іс­теп тұр. Сөйтсе-дағы Бейжіңдегі ұзы­­на-шұбақ сауда қатарларында кі­­тап сататын дүңгіршектер де аз емес. Ені тарлау болып келетін кө­ше­нің екі жағы біріне бірін жалғастыра сал­ған бутик-дүкендер, көше жаққа қара­ған қабырға тұтас есік – айқара ашы­­лып тұрады, өте ыңғайлы. Сон­дай бір дүңгіршекке қызық үшін бас сұққан аз ғана уақытта екі жайтты бай­­қадық: біріншіден, сөрелерге сүйіс­­пеншілік романдары, фэнтези жә­­не хронофантастика (уақыт кеңіс­ті­гінде сапар шегу) жанрлы шығар­ма­­лар көбірек қойылған екен, бұл уа­­қыт, заман сазымен ханзу жұрты­ның да әдеби талғам-тұшымы жедел өз­геріп жатқанынан хабар беріп тұр. Екін­ші әдейі ескерер жағдай, кітап­тар­дың бағасы өте арзан: мысалы, өте сапалы қағазға басылып, қалың мұ­қабада әсем безендірілген Мо Ян­ның (Қытайдың атақты нобелист жа­зушысы) 400 беттік романы 19 юань (1200 теңгедей) тұратынын кө­ріп қайран қалдым. «О-от это да» деп­пін ғой, қапелімде айналайын ана ті­лімнен аузыма сөз түспей. Сірә, мұ­ның себебі, сатып алушылардың көп болуы себепті бірден мол тира­ж­бен шыққан кітаптың өзіндік құны тө­мен болатынынан және қағаз өз­дері­нде жасалатынында болса керек.
Бір назар тіктетер жағдай, ас­па­насты елінде орысша кітап­тар жоғары сұранысқа ие екен. Мә­се­лен, Николай Островскийдің «Құ­рыш қалай шынықты» романы 80 түр­лі аударуда 273 рет басылым кө­ріпті! Сондай-ақ Маркстің «Ка­пи­та­лы» аса танымал, бұл өреде оған «Әлем­ді өзгерткен кітап» деп сәтті мар­­­кетингтік ат таққан баспагер­лер­дің жаһанкерлігіне тәнті болмасқа әд­дің жоқ. Және де аталған екі кітап­ты оқитындардың арасында жастар­дың қатары көп болуы ой саларлық. 
Біздің «Димаш» кітабымыздың мы­на құмырсқадай көп елде жолы оң­ғарылар ма екен, ә?!» деген оймен шық­тық кітап бутигінен.


* * *
Қытайда «Ұлы қорғанға шықпа­ған жігіт – жігіт емес» деген нақылға ай­налып кеткен сөз бар. Қой, құрсын, шық­пай қалып мігіт атанармыз деп біз де шықтық. Осымен екінші реті. 2009 жылы келгенімнен өзгеріс көп: дуал­дың ең биік тұсына фуникулер­мен көтерілесің де қайтарда шанаға отырып, зау биіктен қақтаған ақ кү­містей, металл қауаша ішімен зыр­ғып түсесің. Бобслей, қысқасы.
Қиын болса да ұшардағы қор­ға­ныс үйіне жетіп, дамылдап бір-ақ отыр­­­­дым.  Мынадай көп жұртты жа­пырақша қалтыратып, 500 ша­қы­рымға созылып жатқан ұлан-қиыр дуал тұрғызуға мәжбүр еткен қайран бабаларыма сүйсініп отыр­­дым. Бәлкім, ғұндар ізерле­ме­ген­де, бұл халық қазірде іргелес отыр­ған жұрт­тарды түгел дерлік аж­даһа құшағына қы­сып отырар ма еді деп. А, бәлкім, отыр­мауы да мүмкін еді ғой, жауын­гер көшпеліні сылтауратып, жан-жағын мықты дуалмен бекітіп тастау, бұл халықтың ішкі консти­туция­сы­нан, ділінен, дүниетаным-көзқара­сы­нан да бастау алып жатуы да мүм­кін ғой. Әйтпесе, неге қытай шаруа­­­­сының ауласынан ғасырларға ке­тетін ата-бабасының басын тауып алуға болады?! Ата рухы, баба қулығы емес пе екен бұларды дуалдан әрі ат­тат­пай шідерлеп қойған, жүздеген жыл бойы әлемнен оқшауланып, өз қаза­нында өздері қайнап тірлік етуге бет нұсқаған?!
Қайтарда гидіміз бастап әкелген Нефрит музейіне бір есептен әлгін­дей оймен бас сұқтым десем, өтірік айт­қандық болар еді. Қытайлар негі­зін­де бұл музейді (дұрысы, әйгілі неф­рит бұйымдар жасайтын фаб­ри­ка жанындағы музей-дүкен) шетел­дік­терге аса бай тарихын, ғажайып қолөнерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырғаны зайыр ақиқат, десе де, объективті түрде мен Ұлы дуалда отырып ойлаған сұрағыма дәл осы жерде бір жауап тапқандай да едім.
Қытай нефриті туралы біздің тү­сінік әлі шектеулі. Көбінесе, «Неф­рит іншікке емірене енетін нефрит шы­бықша...» сықылды бұралқылау әң­гімелерден аспай жатады. Ал Қы­тай­да бұл аталған тасты қырнап-өң­деу ісі өнердің шыңы болып есеп­те­леді. Енді ше, нефритті қытай өң­дегелі 10 мың жылдан асты, ата­дан балаға беріп отыратын дәс­түр­дің мұрты бұзылмаған. Біз кіре­берісте қыл үкісін дырылдатып, қол­дың басындай тасты шырға сап ай­налдырып отырған шеберге қарап біраз тұрдық. Мәужіреген шал, Құдай бі­леді, жетінші атасы да өстіп отыр­ған болар-ау. Жонып отырғанының түсі зүмірет екен. Ішке кіргенімізде, осы реңкті тастан сұпыланған сан­да­ған зат-жәдігер көздің жауын алды. Олар­дың түр-түрін санамалап шығу­ға бұл жерде қалам мұжылып тұр, сон­дықтан уақыт оздырмай өзім із­де­ген бір заттың жайын ғана ай­тайын. Әңгіме нефриттен жасалған ал­ты кеме сұлбасы жайында. Бәсі осы жер­ге қойылған жәдігерліктердің бәрінен де жоғары – 480 мың юань, бұл дегеніңіз 30 миллион теңгедей бо­лады! Міне, қытай жұрты өз та­ри­хын, өнерін қалай жоғары бәстейді!
Тарих демекші, аталған өнер туындысының Қытай тари­хы­на қатысы тікелей. Заманында, кейін­гі орта ғасыр дәуірінің ілкі ке­зеңін­де қытай шеберлері шынымен де осындай үлкен-үлкен кемелер жа­саған. Алыптығы сонша, әрбіреуіне 200 голланд каравелласы еркін сыйып кетеді екен. Солардан жа­сақ­талған теңіз флоты үшбу елде ойлап та­былған құбыланама көмегімен алыс-алыс елдерді қарыштап, сауда-сат­тық жасаған. Тіпті, қытай теңіз­ші­лері Колумбтан көп бұрын Аме­ри­ка құрлығына жүзіп барып жүрген де­ген мәлімет те бар.
Содан... күндердің бір күндері ел­дің ойшы, басшы, ақылман адам­дары жиылып, әлгі жойқын флотты күй­ретіп, кемелерді тып-типыл жойып жіберу жөнінде бұйрық алады. Со­лай етеді де. Сондағы ойлары – шет­пен, жат жұртпен жойдасыз ара­ласу салдарынан тұқым бұзып алу­дан сақтану, ата дәстүрден айры­лып қалмаудың қамы екен.
Нефрит тасын қазақ бұрын «қас» деген, жазушы Жарыл­қап Бейсенбайұлы мұны дәлелдеді. «Жү­зікке қас қондырғандай» деп жа­та­­мыз ғой, осындағы жүзіктің көзі – нефрит. «Хаса сұлу» дейміз, «хас ше­бер» дейміз, асыл түбі араб сөзіне ба­рып тірелсе де өзі білсін, әйтеуір, біз­ге жат емес. Айтайын дегенім, қы­тайлар жоғарыдағыдай төтен ше­шім­нің арқасында жүзікке қас қон­дыру өнерін, жалпы қас өнерін, дәс­түрін, сүйкімді салтын, ғайып-ғаде­тін жат әсерден аман-есен сақтап қал­ды. Әдейі өзін-өзі оқшаулау (изо­ля­ционизм) тәсілі арқылы. Қазақ жұр­ты енді өстіп оқшау өмір сүре ал­майды, сүргісі келсе де оған ырық бе­ре қоймайды мына дүниенің күш­тілері мен тістілері. Оны айтасыз, жаһандану әлгіндей берік дәстүрлі қытайыңның өзін жұтып қоюға шақ қалды. Сонда да қазіргі Қытай – біз осы­дан оншақты жыл бұрын көрген Қы­тай емес. Кісіге қараса, көздері ша­­­тынайтын біздей емес, әзелден сал­мақты, байыпты халық қой, қан­дай жағдайда да соларына бағып, тәр­тіпке құл болатын ханзу елі бүгін­де әлемдегі қауіпсіздік белдеуі ең жо­ғары елдердің біріне саналады. Бей­жіңде бір аптада паркингте со­надайдан бір-біріне айбат шегіскен екі шопырдан өңге өзара жан­жал­дас­қан жан баласын көрмедік қой. Зат­тарыңды көшеге, жол шетіне қойып кетіп, бірнеше сағаттан кейін орал­саң со күйінде тұрады. Жол құрылы­сы жоғары деңгейде, тек электро­мо­то­роллер легі ғана анда-санда апат жағ­дайын туғызатыны болмаса.
Тәртіп, тәртіптілік жастар ара­сын­­да да жоғары. Мұнда кәдуескі біз­дің ұғымдағы интернет жоқ, жұрт оның рөлін атқаратын төрт мик­роб­логнигті пайдаланады, ірісі Weibo. Ел­ге келген шетелдіктер жергілікті SIM-картаны орнатып алады да (қақы 100 юань, 6 300 теңге шамасы), WeChat дейтін байланыс арнасы ар­қылы (WhatsApp-тың аналогы) ха­бар­ласып отырады. Әлемдік мес­сенд­жер­лерің де, Google, Facebook те кіре алмаған бұл елге. Тіпті, Қытайға күйеубала Марк Цукерберг бұл елге та­лай келіп, күштілерді жағалап, әре­кеттеніп көрген екен, күштілер күйеу­балаға есікті көрсетіпті. Мұнда мем­лекеттің пәті, ұлттық идеология бә­рінен де жоғары қойылады, әйтпе­се, жан саны бір жарым миллиардқа жететін қарақұрым елді басқарып, ұстап тұру мүмкін емес. Міне, солай.
Дүние тіршілігінде өзгермейтін еш­теңе жоқ. Қытай да өзгерген, өзге­ріп те жатыр. Бірақ есігі аңғал-саңғал ашық біздей емес, есікті жауып алып, ақылмен өзгеріп жатыр екен.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

Серіктес жаңалықтары