Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды

Су тасқынына байланысты еліміздегі ахуал әлі де күрделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды
сурет: akorda.kz
685

Су тасқынына байланысты еліміздегі ахуал әлі де күрделі. 6 өңірде мыңнан астам үйді су алған. Автожолдар-дың 105 учаскесіне су жайылған. 78 жолдың бүлінген жерлерін және 4 көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 64 елдімекенге көлік қатынасы жоқ. Су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Соңғы тәулікте құтқарушылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы эвакуациялады.
Ахуалды көзімен көріп, халықпен жүздесу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. 

БҚО-да 6 ауылды су алған

Сапар кезінде Президент өңірдің қарғын су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көріп, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қазіргі ахуалды көрді. Сон­дай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өт­кізді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тас­қынына қар­сы шараларға 1 911 адам, 332 техника, 101 мо­то­пом­па, 1 тікұшақ жұ­мыл­дырылған. Сонымен қатар құтқару жұ­мыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары ат­салысып жатыр. Қарғын су басқан аумақтардан 6 505 тұрғын кө­шірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көр­сету үшін жергілікті бюд­жет есебінен 63 миллион теңге қаржы бө­лінді. Су айдау, ны­сандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құ­бырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президент су басқан аумақтарды тік­ұшақпен аралап шыққаннан кейін аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атын­дағы мектеп-гимназия базасында орна­лас­қан эвакуациялық пунктке барды. Мем­лекет басшысы гуманитарлық көмекті та­ра­татын пункттің жұмысымен танысып, су тас­қынына байланысты жақын маңдағы ауыл­дардан көшірілген тұрғындармен кез­десті.
Президент шығындарды өтеу үшін мем­лекет барлық қажетті шараны қабыл­дай­ты­нын айтты.
– Хал-жағдайларыңызды білу үшін ар­найы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды бол­маған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәрі­міз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз ке­рек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық кө­мек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады, – деді Президент.
Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақ­сы­бай және Қалдығайты өзендеріне көпір са­лып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бө­гет­­терді жаңғыртуды сұрады.
Мемлекет басшысы аталған мәселе бойын­ша Үкіметке тиісті тапсырма беретінін жет­кізді. Сонымен қатар қарғын суды ха­лық­тың игілігіне пайдалану қажет екеніне тоқ­талды.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қара­ған­да, Бөрлі ауданында Ақсу, Кеңтүбек, Қа­ра­ғанды, Пугачев, Қаратөбеде Қоржын, Шал­ғын, Теректіде Аңқаты, Подстепный жә­не Сырымда Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті, Қо­соба ауылдарын су басуына байланысты мал­ға да шығын келген.

«Төтенше жағдайда бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажет»

Президент БҚО-да төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.
– Қазір тиісті мекемелердің бәрі белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бірқатар аймақты қар­ғын су басып қалды. Кейбір жерде тасқын су көтеріліп жатыр. Бұл – табиғи апат. Қыс­қа­сы, алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәрі­міз бір ел, бір ұжым болып осы апатты ең­серуіміз керек. Басқа жол жоқ. Тасқын су­дың салдарын жою үшін нақты шаралар қол­ға алынды. Қауіп-қатердің алдын алу жұ­мыстары атқарылуда. Менің тапсырмам бойынша облыс әкімдері жұмысқа белсенді кірісті, – деді Президент.
Мемлекет басшысы су тасқынына қатыс­ты жағдай әлі де өте күрделі екенін айтып, мұн­дай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды бол­мағанына назар аударды. Оның айтуын­ша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Алай­да қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ау­қымды.
– Мен зардап шеккен аудандарды аралап шық­тым. Апаттың ауқымын, шығынды кө­ріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр же­лілері судың астында қалды. Жолдар мен кө­пірлер шайылып кетті. Барлық негізгі мә­селе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа тип­тегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыстағы ауа райы бол­жамының қолайсыздығын атап өтіп, су тасқыны жағдайының ушығуына дайын болу қажет екенін айтты. 
– Бұл – табиғи құбылыс екенін бәріміз тү­­­­сінеміз. Қардың еруі және тоңның қалың болуы салдарынан топырақтағы ылғал мөл­шері жоғары болды. Содан кейін күн күрт жылынып, жауын-шашын жиіледі. Өкінішке қарай, биыл осы факторлардың барлығы қабаттасып кетті. Бұдан сабақ алуымыз керек. Су тасқыны кезеңіне жыл сайынғы дайын­дық жұмыстары жаз-күз мезгілдерінде бас­талып, үш бағытта жүргізілуі қажет. Ең ал­дымен, бұл – болжам, сараптама жасау си­­­­патындағы шаралар. Гидрометеоро­ло­гия­лық қызмет болжам деректерін мұқият тал­дап, алдағы су тасқыны кезіндегі жағдай­дың өрбу сценарийлерін дайындауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының кері әсерін алдын ала ес­кертуге және жоюға бағытталған ұйым­дастыру-алдын алу, инженерлік-техникалық, сондай-ақ шұғыл шараларды жүзеге асы­ру­дың маңыздылығына тоқталды.
– Елімізде тиісті сала мамандарының тап­шылығы проблемаға айналып отыр. Атал­ған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Ке­зінде білім саласындағы бұл бағытты елеу­сіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын тол­тырып, гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез ара­да даярлауымыз керек, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент Үкіметке, уәкілетті органдар­ға, облыстардың әкімдеріне қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін шаралар қа­­­былдау, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын бақы­лау жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы малдың жап­пай қырылуына байланысты ушыға түс­кен эпидемиологиялық жағдайға арнайы тоқ­талды.
Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта су тас­­­­қынының алдын алу шараларына ай­рық­ша мән беруді тапсырды.
– Көктем мезгілінде қар шығару, өзен­дер­­дің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қар­­ғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің ар­на­ла­рын уақытылы тазалауды, табанын терең­детуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолда­ныс­тағы су өткелдерінің қуаттылығын арт­ты­рып, жаңасын салу қажет. Қорғаныс бөгет­тері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл мін­дет Республикалық штабқа және Үкі­мет­ке жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент мемлекеттік ор­ган­дардың төтенше жағдай кезіндегі бі­рың­ғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл құжатта тө­тенше жағдай режимін жариялаудан бас­тап, келтірілген шығынды өтеуге және дү­ние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі бар­лық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтылуы керек. 

Ақтөбеде қауіп сейілген жоқ

Ақтөбе облысы бойынша 790-нан астам үйге су кірген. Оның көбі Ойыл мен Қобда ау­дандары болғанымен, Ақтөбе қаласында да жер үйлерге, оның ішінде бау-бақша ұжымдарындағы үйлерге зақым келді. Қазір Ал­маты және Астана аудандарының әкім­дік­тері, депутаттар мен қоғамдық кеңес мү­ше­лері, Іскер әйелдер қауымдастығының өкіл­дері өтінішті тіркеп жүр.
Суда қалған мүлікті бағалау үшін ко­мис­сия алдын ала өтініш қабылдап жатыр. Қазір Ақ­төбе қаласындағы «Эко», «Зооветснаб», «Көк­тем», «Гауһар», «Оазис», «Горпрокуратура», «Кір­пішті» бау-бақша ұжымдарынан 225 өті­ніш қабылданды. Бұл саяжай аумағындағы үй­лер су тасқыны кезінде зақымданған. Қа­зір тұрғындар үйдегі су дүниелерін далаға шы­­ғарып тастады. Алдын ала тіркеу ко­мис­сиясының жұмысынан соң бағалаушылар жіберіледі.
Аймақта қауіп әлі сейілген жоқ. Облыс­тық ТЖД әуеден бақылау кезінде Қарғалы өзе­ні бассейнінде қар әлі де бар екенін анық­таған. Сонымен қатар Елек өзені бойынша арналары мен ойпаттарда қар еріп, су жүріп жатқаны белгілі болған.
– Елек пен Қарғалы өзендері жағасында ор­наласқан үйлерге әлі қауіп бар. Ал об­лыс­тағы аудандарда жағдай тұрақты. Су сору, құм толы қап төсеу, жағаны бекіту жұмысы жал­ғасады. Қорғаныс министрлігінің тікұ­шақ­тарымен гуманитарлық көмек те көр­сетіп жатыр. Өңірде 760-тан астам үйге су кір­ген. Сонымен бірге 13 әлеуметтік нысан бүлін­ді. Оның төртеуі қалада, өзгесі Қобда ау­данында. Бау-бақша ұжымдарында су кір­ген үйлер саны болса 200-ге жуықтап қалды. Эвакуацияланған адамдар саны 9 мыңға жуықтады, – деді Ақтөбе облыстық ТЖД тө­тенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Әлішер Сарбаев.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданында қазір мүл­де жол жоқ. Аудан ауылдарымен қоса су қор­шауында қалып қойған. Сондықтан мұн­да көмек тек қайықпен немесе тікұшақпен жеткізіліп жатыр.
– Қазір Ақтөбе облысы территориясының 19 пайызында қар жатыр. Нақтырақ айт­қан­да, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би ау­дан­дарында. Өңірдің көп бөлігінде қар еріп кеткен соң, тасқын кезеңінің шарықтау шегі артта қалды десек те болады. Дегенмен әлі де қарғын су келіп жатыр, – деді Ақтөбе об­лыстық ТЖД бөлімінің бастығы Тарас Ко­валенко.
Ақтөбе облысы Ауыл шаруашылығы жә­не жер қатынастары басқармасы қазір мал шығынын тіркеп жатыр. Әзірге 3 мың басқа жуық мал тізімге алынды. 
– Күн сайын аудандардан жедел мәлімет жи­нақтап отырмыз. Бүгінде 3 мыңға жуық мал­дың өлгені анықталды. Олар суға ағып кет­кен, кейбірі суда қалған. Тарқатып айтар бол­сақ, 300-ге жуық жылқы, 600 басқа жуық ірі қара, 2 мыңнан астам ұсақ мал, 7 түйе бар. Кө­біне Ойыл және Қобда аудандарында тір­келді. Дегенмен Байғанин, Ырғыз ауданда­рын­да да бар. Бұл цифр алдағы күндері нақтыланады. Сонымен бірге малшылардың үйі, қорасының құлау деректері де жи­нас­тырылып жатыр, – деді Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов.

Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды

4 сәуірде Атырау облысы Жылыой ауда­нын­да төтенше жағдай жарияланды. Жем өзе­нінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілген. Осы аудандағы Қарағай ауылына су кіріп, 156 тұрғын эвакуацияланған.
Аудан орталығы – Құлсары қаласынан Ма­қат ауданы арқылы Атырауға қатынайтын жолдың бір бөлігін су басты. Сол себептен, Құл­сары қаласы мен Мақат ауданындағы Дос­сор кенті аралығындағы жол бөлігі жа­былып, көлік қатынасы толық тоқтаған.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласы мен жақын маңдағы елдіме­кендерді тасқын судан қорғау жұмысымен танысты. Содан кейін жедел штабтың жиынын өткізді.
– Ауданда бөгет салу жұмысына техника санын көбейтіп, әр уческеде кезекшілік ұйым­дастыру керек. Елдімекендерді тасқын судан қорғайтын бөгет салу жұмыстарын кү­шейткен жөн. Су тасқынына қарсы жұ­мыстарға жұмылдырылғандарды жанар-жағармаймен, қажетті құрал-жабдықпен және тамақпен қамту қажет, – деп тапсырма берді Серік Шәпкенов.
Атырау облыстық полиция департамен­ті­нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсарыдан Доссорға дейінгі жол аралығын­да көлік қозғалысы тоқтатылған. Құлсары қаласындағы көпір уақытша жабылды. Құл­сарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты. 
– Атырау облысының аумағындағы рес­публикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 103 шақырымы маңын су басты. Бұл – Құлсары қаласынан 20 шақы­рым­дағы тұс. Сол себептен, Жылыой ауданы­ның орталығы – Құлсары қаласынан Мақат ауданындағы Доссор кенті аралығындағы жолда көлік қозғалысы толықтай тоқта­тыл­ды. Жол қалыпқа келгенге дейін бұл бағытта жолға шықпау қажет, – деп хабарлады де­пар­таменттің баспасөз қызметі. 
Сондай-ақ Атырау полицейлері Қарағай ауы­лындағы үйлерді тәулік бойы бақылауға ал­ды.
Атырау облысы әкімдігі мен «Батыс» өңір­лік қолбасшылығы басшылығының ара­сындағы келісім бойынша аймақтағы су тасқынына қарсы іс-шараларға көмектесу үшін 150-ден астам әскери қызметші бөлін­ген. Өңірлік қолбасшылығы басшылығына қа­расты №41433 әскери бөлімінен 50 офи­цер мен сарбазы Құлсары қаласында су тас­­­қынынан қорғау жұмыстарына кірісті. 

Павлодар облысында 7 елдімекен бақылауға алынды

Павлодар облысы бойынша су тас­қы­нына қарсы іс-шараға 417 адам, 143 техника, 36 мотопомпа мен 4 жүзу құралы жұ­мылдырылған. 7 елдімекен мен авто­жол­дардағы 5 учаске бақылауда тұр.
Қардың еруі мен нөсер жаңбырдың сал­дарынан аймақта 8 тұрғын үй су астында қалды.
– Ақтоғай, Ертіс, Шарбақты, Тереңкөл ау­дандарында орналасқан 7 елдімекен бақы­лауға алынып, су тасқынына қарсы іс-ша­ралар жүргізіліп жатыр. Бес автожол учас­кесіне бақылау жүргізілуде. Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күшімен жағдай тұрақтандырылды. Су жинауға арналған шұңқырлар қазылып, траншеялар салынды, ауыл көшелерінен еріген су сорылып алын­ды. Қазір ауылдағы су деңгейіне бақылау жалғасып жатыр, – деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаменті.
Сонымен қатар Ертіс ауданындағы Ұзынсу ауылын топан судан қорғау үшін республикалық жол бұзылған. Қазір аталған елдімекендегі үйлер мен аулаларды су басудан аман алып қалу үшін тасқынға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Бұл жұмыстарға 55 адам, 10 техника, 6 мотопомпа, 2 жүзу құ­ра­лы жұмылдырылған. Департамент өкіл­дерінің айтуынша, ауыл тұрғындары сумен, электр қуатымен, азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Ұзынсу ауылынан Ертіс ауылына 9 адамды эвакуациялады. Олар­дың 7-еуі – бала және 1 мүгедек пен 1 жүк­ті әйел бар.

Солтүстік Қазақстанда су деңгейі әлі жоғары

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ау­даны аумағында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жария­ланды. Бүгін Красная поляна және Черни­говка елдімекендерінде үйлеріне қарғын су кірген тұрғындар мен олардың малы қауіпсіз жерге жеткізілді. Доброжановка ауылында су әзірге үйге кірген жоқ, эвакуациялау мәселесі шешіліп жатыр. 
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бас­­тығының орынбасары Мұрат Қанғо­жи­нов­тың айтуынша, Тайынша ауданында әзір­ге 8 адам эвакуацияланды. 187 тұрғын үйі бар Красная поляна елдімекеніне де қарғын су келген. 6 үйге су кірді. Екі баспана иесі үйінде болмаған. 4 адам эвакуациядан бас тартса, төртеуін құтқарушылар туыс­та­ры­на апарды. Су басқан аумақтан 30 шақты мал шығарылды.
Черниговка елдімекенінде үйлеріне су кірген 4 адам және 14 үй жануары құт­­қа­рылды. Осы күні 25 тұрғын үйі бар Доб­ро­жановка елдімекеніне де еріген қар суы кірді. Қарғын су бес үйдің ауласын басты. Қа­зіргі тұрғындарды эвакуациялық пунктке және малды жергілікті шаруашылық аума­ғы­на көшіру мәселесі қаралып жатыр. Сон­дай-ақ суды бұру жұмыстары қолға алынған. Оқи­ға орнына СҚО ТЖД бастығы барды. 
Есіл және басқа да шағын өзендердің су дең­гейі көтеріліп жатыр. Сергеев су қоймасы 94 пайызға толған. «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Ғабит Мүсірепов атын­­дағы ауданның Тоқсан би ауылы жаны­нан өтетін Есіл өзенінің дейгейі өткен тәу­лік­­те тағы 105 см-ге көтерілген. Осылайша, тереңдігі 710 см-ге жетті. Мұндағы қауіпті деңгей – 1 800 см. Крещенка елдімекенінің маңын­да да Есіл өзенінің суы молайып жа­тыр, бір тәулікте көрсеткіш 52 см көтерілген. Иман­бұрлық өзенінің де суы толып келеді. Бір тәулікте Соколовка елдімекенінің маңын­да оның деңгейі 71 см-ге көтерілген. Ру­заевка елдімекеніндегі гидрологиялық бекет Шарық өзенінің су деңгейі бір тәулікте 45 см-ге артқанын көрсетті. Шал ақын ауда­нында орналасқан Сергеев су қоймасында су деңгейі 34 см-ге көтерілді. Осылайша, бөген бүгінде 94 пайыз толған. Петропавл маңында Есіл өзенінің су деңгейі 4 см-ге көтерілді.
Петропавлда жергілікті ауқымдағы та­биғи сипаттағы төтенше жағдай жариялан­ды. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің қолы қойыл­ған қаулы жобасы ашық нормативтік-құ­қықтық актілердің сайтында жарияланды.

Абай облысында жағдай тұрақталып келеді

Абай облысын да еріген қар суы әбігерге сал­ды. Ақсуат ауданында төтенше жағдай жа­рияланған болатын. Аягөз және Ақсуат ау­­­­дандарында қауіпсіздік мақсатында тұр­ғын­дар арнайы дайындалған эвакуациялық пункттерге көшірілген еді. Қазір олар үйлері­не қайтып жатыр.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыс­та­рының арасындағы реконструк­ция­лау жұмыстары жүргізіліп жатқан рес­пуб­ликалық маңызы бар жолды су шайып кетті.
Абай облысының Ақсуат ауданына тікұ­шақпен азық-түлік және дәрі-дәрмек жет­кі­зілді. Бұл жайында облыс әкімдігінің бас­па­сөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесу өтті.
Еріген қар суы Көкпекті ауданындағы ел­дімекендерге қауіп төндірді. Қызыл судың үй­лерге кіруінің алдын алу үшін 4 050 дана ыдыс-қап, 6 300 тонна инертті материал тө­­се­ліп, 3 782 текше метр су шығарылды. Көк­­темгі су тасқынын алдын алу жұмыс­та­рына жалпы саны 161 адам, 28 техника, 16 мотопомпа және 4 жүзу құралы жұмылд­ы­рыл­ған.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жағдайды ба­қылау мақсатында Көкпекті ауданына барды. Көкжайық, Ақой, Үлкенбөкен, Прио­б­раженка, Теректі, Шұғылбай және Тассай ауылдарының аумағына тікұшақпен барлау жүргізілді
– Жергілікті атқарушы орган және «Қаз­сел­денқорғау» қызметкерлері инертті ма­те­риал­ды тасымалдау, қорғаныс бөгетін ұлғай­ту, суды бұру арналарын кеңейту жұмыста­ры­мен айналысып жатыр. Су деңгейі мен бө­гетті тәулік бойы бақылау үшін 4 гид­ро­пост ұйымдастырылды. Соны­мен қатар Көк­жайық ауылынан келген қызыл су Шұ­ғылбай ауылын басу қаупіне байланысты суды Талменка өзеніне бағыттау туралы ше­шім қабылданды. Қазіргі уақытта ТЖД, жер­гілікті атқарушы орган күштерімен суды бұру үшін инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады облыс әкімдігінің бас­пасөз қызметі.

Көмек көрсетіліп жатыр

Қазақстандықтар су тасқынынан зардап шек­кендерге көмек көрсету мақсатында «Қа­­зақстан халқына» қайырымдылық қо­ры­на қаражат аударып жатыр. Бұл туралы қор­дың баспасөз қызметі мәлім етті.
«Қазақстан халқына» қоры Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың та­би­ғи апаттан зардап шеккен өңір тұрғындарын қол­дау ретінде, ауылдық жерлерде жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге 200 тұрғын үй салуды қаржыландырады. 
– Елдегі жағдайға бейжай қарамайтын қа­зақстандықтар мен ұйымдар су тас­қы­ны­нан зардап шеккендерге қайырымдылық кө­мек көрсету мақсатында қорға жүгініп жа­тыр. Азаматтар мен кәсіпорындардың бас­­тамасын назарға ала отырып, қор ұйым­ның шоттарына түскен қаражатты жинауға және оның ашықтығы мен мақсатты пай­да­ла­нылуын қамтамасыз етуге дайын, – делін­ген хабарламада. 
– 3 сәуірдегі жағдай бойынша қордың шо­тына компаниялар мен жеке тұлғалардан 630 миллион теңгеден астам сомаға қайы­рым­дылық жарна түсті, – деп мәлімдеді қор. 
«ҚазМұнайГаздың» Батыс Қазақстан об­лысындағы еншілес ұйымдары мен қатысу үле­сі бар компаниялар жергілікті әкім­дік­тер­ге көктемгі су тасқыны салдарын жою жә­н­е апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу ке­­зінде көмек қолын созды. «Қаз­Мұнай­Газ­дың» және оған қарасты ұйымдардың қыз­мет­керлері де зардап шеккен отбасыларға кө­м­ектесу үшін қаржылай көмек жинады.
Одан бөлек, түрлі ұйымдар, екінші дең­гейлі банктер де қаржылай, материалдық кө­мек жіберді. Халық қордан бөлек өз ал­дына жеке қор ашып, көмек қолын созып жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары