Бауыржан Момышұлының бұрын-соңды жарияланбаған видеосы табылды

Видеоны батырға қатысты тың деректер жинаумен шұғылданып жүрген желі қолданушысы жариялады.

Бауыржан Момышұлының бұрын-соңды жарияланбаған видеосы табылды
Видеодан алынған скриншот

Бейнезжазбадан батырдың ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған іс-шара кезінде ескерткішке гүл шоғын қойып жатқанын көруге болады, деп хабарлады turkystan.kz.

Видеоны Instagram әлеуметтік желісінде Сәт Қуантай есімді қолданушы жариялаған.

Ол 2017 жылдан бері Бауыржан Момышұлына қатысты тың деректер жинаумен шұғылданып келеді. Бұл үшін арнайы парақша да ашқан.

«Тарихи парақшада Бауыржан атаның бұрын соңды жарияланбаған құнды фотақұжаттары мен рухани білімге толы шығармаларынан үзінді әңгімелер ұсынылып отырады», - дейді желі қолданушысы.

Оның кезекті жазбасында Халық қаһарманының бұған дейін жарияланбаған видеосы көрсетілген. Видеоның бұрындары еш жерде жарияланбағаны жайлы turkystan.kz сайтының тілшісіне батырдың немересі де мәлімдеді.

«Бұл кадрларды мен бірінші рет көріп отырмын», - деді Ержан Момышұлы.

Алайда, ақпаратты тексере келе видеоның осыдан екі күн бұрын «Абай» телеарнасының «Бірегей» бағдарламасында көрсетілгенін анықтадық. Аталған кадрды Сәт Қуантай сол жерден алғанын айтты. Осылайша, батырдың көпшілік назарына көп ілінбеген видеосы көрермен қауымды көзайым етіп отыр.