Армия айбыны
Қазақ «Жер намысы – ел намысы, ел намысы – ер намысы» деген. Ел бар жерде, елдің намысын жоқтайтын ердің болмағы заңдылық. Бұл – сонау ықылым замандарда мойындалған шындық.
Тәуелсіздік таңы атып, қазақтың екі тізгін, бір шылбыры өз қолына тиіп, төл армиямыз жасақталды. Ұлттық әскеріміз шын мәнінде Орталық Азиядағы ең ұтқыр, қуатты күшке айналды. Қарулы Күштерге қазынадан бөлінетін қаражат та еселене түсті. Әскери құрал-жабдықтардың сапасы артып, жаңа технологияның тілін түсінетін кәсіби мамандардың тұтас бір шоғыры өсіп шықты. Айта кету керек, Отан қорғаудың құны қанды қырғын соғыспен, шабуыл-шайқастармен ғана өлшенбейді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт кезеңде де бұл борышты абыроймен атқаруға болады.
Қарулы Күштер заман талабына сай мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, халқының ұлттық мүддесін қорғауға әрқашан дайын болуға тиіс. Қазір еліміздің қорғаныс саласы озық қарумен, басқару жүйесімен жабдықталған технологиялық мобильді армия құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қорғаныс өнеркәсібін дамыту, әскери білім мен ғылымды жетілдіру, әскери қызмет беделін арттыру, жастарға әскери патриоттық тәрбие беру міндеті де назардан тыс қалмаған.
2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көзделген шараларды іске асыру үшін Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Десанттық-шабуылдау әскерлері Құрлық әскерлерінің құрамынан шығарылды және оларды Жоғарғы Бас қолбасшының резерві ретінде дербес әскер болып қайта құрылды. Қазақстанда әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірленді. Олардың қатарында 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының «Елдің қорғаныс қабілетін нығайту» бөлімі, жаңа Ел қорғанысы жоспары құжаттарының жиынтығы, жаңа 2030 жылға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың құрылысы мен даму тұжырымдамасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктерінің бірі – Президент бекіткен «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бүгінде заманауи қоймалар мен әскери қоймаларды салуды, сондай-ақ техникалық қауіпсіздік құралдарымен және автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жұмыс істеп тұрған қоймалардың жұмысын жетілдіретін ұлттық жоба сәтті іске асырылып келеді. Сонымен қатар қару-жарақтың отандық үлгілерін әзірлеу, оқ-дәрі қоймаларын салу және резервтегі қызметті енгізу көзделіп отыр. Қарулы Күштердің құрылымын жетілдіруге бағытталған жоба нысандардың қауіпсіздігіне қатысты белгіленген талаптар мен ережелерді мүлтіксіз орындауға негізделеді. Аталмыш құжат шетелден қару-жарақ пен техника сатып алуға ғана емес, сондай-ақ инфрақұрылымды жетілдіруге, әскерді цифрландыруға байланысты міндеттерді шешуге бағытталады. Оны іске асыру мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға және бейбіт уақыттың міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді. Мұның барлығы Қазақстанның болашағын жаңа қырынан айқындап, еркін де еңселі әрі қауіпсіз ел болуға нық қадам басуға ықпал етері сөзсіз.
Қорғаныс министрлігі ұсынған мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстан әскеріне 110-нан астам техника сатып алынған. Әуе күштеріне арнап көпфункционалды ұшақтардың төртінші буыны, сонымен бірге көлік-соғыс, соққы жасау тік ұшақтары, оқу-жаттықтыру және әскери көлік ұшақтары алынған. Енді жүк көтергіштігі А400М деңгейіндегі әскери көлік ұшақтарын алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ әуепаркі С295М әуекөлігімен толықтырылады. Сатып алынған ірі техниканың бірі – «БУК-М2Э» көпфункционалды зениттік ракеталы кешені. Бір айта кетерлігі – аталған техникалардың барлығы шетелден сатып алынбаған. Ішінде отандық өндірушілердің де техникалары бар. Сонымен қатар бұл құралдарды қазақстандық мамандар басқарып, техникалық қызмет көрсетеді.
Бүгінде «Қауіпсіз ел» жобасы аясында Қазақстанның Ресеймен шекарасында 20 застава бой көтеруде. Жалпы, барлығы 50 застава салу жоспарланып отыр. Қазір заставалар солтүстік бағытта салынып жатыр, ал оңтүстік бағытта үш модульдік застава құрылысы жүріп жатыр. Осы ретте Қазақстан мен Ресей арасында ұзындығы 7 591 шақырым болатын заңды шекара сызығы тартылғанын айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар таяу жылдары Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу қосындары қайта құрылады, соның арқасында олардың өткізгіштігі 2 есеге артпақ.
Ұлттық шекара – ұлттық қауіпсіздіктің күретамыры іспетті. Қазақ «Ауылыңның қасында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең» деген. Төбеге шығып қарауыл қарап, алыстан қара көрінсе, аттан салып атқа қонатын жаугершілік заман бүгінде жоқ. Қазақ жерін шет-шетінен қоршап тұрған бүгінгінің шекара заставалары осындай қарауыл төбелердің қызметін атқарып тұр. Шекара қызметінің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Халықаралық терроризм, заңсыз қару-жарақ пен есірткі тасымалы әлем елдерін алаңдатып отыр. Іргесі бүтін, босағасы берік мемлекет қана осындай қауіптен аман қалмақ.
Бүгінде шекара шебіне сұранған жеткіншектердің де қарасы молайып келеді. Отан тыныштығын кірпік қақпай күзетудің міндеті қиын, мәртебесі биік. Ұстараның жүзіндей ауытқып тұрған аумалы-төкпелі заманда етек-жеңді жинап отырмаса болмайды. Сондықтан шекара шебіне қазақтың ең қырағы, ең адал, қарағай мүйіз қайсар жігіттерінің жұртымыздың жел жағына ық, жау жағына қалқан болғаны маңызды.
Әрине, Қазақстанның барлық көршілерімен тату қарым-қатынасы да, өзге елдермен арадағы әріптестігі де ынтымақты деңгейде. Алайда бұл – қамсыз отыра беруге болады деген сөз емес. Оның үстіне бүгінгі таңдағы әлемдік күрделі геосаяси жағдайында біздің әскери күштер кез келген жайтқа дайын болып, еліміздің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алуға тиіс. Дайындығы сақадай сай әскердің қорғануы да сенімді болмақ. Біз жоғарыда атаған ұлттық жоба аясындағы атқарылған істерді бағамдасақ, әскери күшіміздің деңгейі егемендігіміз бен аумақтық бүтіндігімізді қорғауға қабілетті екеніне көзіміз жете түседі.