«Көрінген сонадайдан Нарын еді...»
Ән мен әншіге қатысты бір көрініс көңілде сақталып қалған-ды. Оған да қырық жыл болыпты. Соны қағазға қаттап, түзіп шығып ек, көптің назарына ұсынып отырған жайымыз бар...
1984 жылдың наурыз айы-тын. Гуревтен (қазіргі Атыраудан) Елемес Мағазов деген әнші жігіт білім жетілдіру курсына келіп, біздер, Республикалық эстрада-цирк өнері мен опера студияларында оқитын студенттер, түрлі концерттік ұжымдарда қызмет істейтін артистер тұратын Байзақов пен Жандосов көшесінің қиылысындағы ҚССР Мәдениет министрлігіне қарасты жатақханаға орналастық. Содан етене танысып, бір айдай уақыт дәмдес болдық.
Ел-ағаңның сол сапарында айтқан мына естелігі әлі жадымда, былай деп әңгімелеп еді: «Күйтабаққа әндер жаздырмақ ниетпен Алматыға келгем. 70-жылдардың аяғы болар деймін. Белгілі ақын, композитор Тәжібаев Бәкір ағамыз бен қазақ дыбыс режиссурасының майталманы Мұхитденов Мақсат, тағы екі-үш адам бар тобымызда, көшеде әңгімелесіп келе жатқанбыз-ды. Бір кезде Бәкір: «Жігіттер, әне, Ғарифолла Құрманғалиев келе жатыр, екі жаққа бөлініп күтейік!» – деді. Жақындап қалыпты. Сонан қақ жарылып тұра қалдық. Басын шалқақ ұстаған Ғарекең бірімізге де көз салмастан өте шықты. Ұсынған қолымыз ауада асылып қалды. Сәл жүріп барып, кері бұрылды. Күліп келеді. «Танымай жатсам, е, өзіміздің жігіттер екен ғой», – деді әрқайсымызға қол беріп, амандасып жатып. Қуақы екен. Сонан хал-жағдай сұрасты, қысқа-қысқа сұрақ-жауаптар болды. Аздан соң Бәкір аға: «Ғареке, мына баланы тыңдап көріңізші, әнші еді!», – деді. Сол кезде жігіттердің бірі кимелеп сөзге араласты да көптің ойы басқа жаққа ауып, соны әңгімелеп кетті. Бір уақытта Мақсат ағамыз: «Ғареке, мына жігітті тыңдап, шама-деңгейін байқаңызшы!» – деді Бәкір ағаның манағы өтінішін қайталап.
Сонда Ғарекеңнің: «Сендер маған қайта-қайта тыңдап көріңізші дейсіңдер. Жақсы, мен тыңдайын, сонда бұ бала сендерге ақша бере ме?!» – дегені. Бәріміз ду күлдік».
Айта кетейік, Бәкір, Мақсат ағалардың қолдауымен жазылған Ел-ағаңның сол күйтабағын Алматыда оқып жүргенде дүкеннен сатып алып ем. Жеке архивімізде сақтаулы. Күйтабақтың қорап-мұқабасына «Мағазов Елемес» деп таңбаланған. Келесі бетінде: «Мелодия», 1981. Алма-Атинская студия грамзаписи, запис 1981. Им. М.Ташмухамедова. Арт. 11-2. Тип. З-да Грампластинок. Зак. 973. Тир. 2000» деп түзілген.
Күйтабаққа мына әндер жазылған: «Алтын заң» (әні мен сөзі Б.Тәжібаевтікі), «Нақыл терме» (әні мен сөзі Қ.Айнабековтікі), «Дала жолдары» (әні мен сөзі Б.Тәжібаевтікі), «Аршам-ай» (халық әні).
...Бір күні Ел-ағаң екеуіміз Ғарифолла ата Құрманғалиевтың үйіне бардық. Есікті келіні Рая апай ашты. Амандастық. Кіреберіс бөлмедегі ілгішке сырт киімімізді ілдік те, Ғарифолла атамыздың бөлмесіне еніп кеткен Рая апайды күтіп, сәл бөгелдік. Көп ұзамай қайта шыққан ол жылышырай танытып, төргі үйге қарай «өтіңіздер» деген емеурін білдірді. Біздер көрсеткен бөлмеге кіріп, диванға жайғаса отырдық. Аздан соң таяғын тықылдатып, әнші қарт та есіктен еніп келе жатты. Үстіне кигені шүберектен тігілген жолағы бар жеңіл көйлек пен шалбар. Сыртынан етек-жеңін, омырау тұсын ою-өрнекпен зерлеген көк шапан жамылыпты. Аяғында башмақ. Қудай аппақ шашының желке тұсын өсіріп жіберген. Онысы өзіне жарасып тұр. Қолындағы таяғы күнделікті ұстап жүргенінен өзгешелеу. Бұталы. Сувенир таяқ. Сәндік үшін жасалғаны байқалады. Келіні сол жақ қолтығынан демеп келеді. Орнымыздан ұшып тұрып, қарсы жүрдік. Қолымызды ұсындық.
– Ассалаумалайкум!
– Уалайкумассалам! Иә, амансыңдар ма?
Алма-кезек көз тастады да Елемеске:
– Уа, қай баласың? – Қолын көлегейлеп, үңіле қарады. Енді байқадық. Қарттың оң жақ көзі қып-қызыл. Соңғы уақыттары осы көзінің қан қысымы көтеріліп, бұлдыр тартып, нашар көретін болып жүрген-ді. Жағы суалыңқырапты. Ауру жанына батса керек. Жүзінен қажығандық байқалады. Елемес екеуміз екі жақтан демеп, диванға отырғыздық.
Елемес өзінің Гуревтен екенін, осында бір айлық курсқа келгенін баяндап жатыр.
– Ә, дұрыс бопты, – деді қарт диванға шалқая түсіп, шапанның етегін жинастырып, қымтанып қойды. Елемес сол жағына, мен оң жағына жайғастық.
– Кейде түн баласы ұйқы жоқ, – дейді қарт ұстаз бір сәт өз жайына көшіп. – Мына сол жақ қол мен аяғым сырқырайды. – Алақанын ашып жұмды. – Басқарма болдым. 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың бас кезінде. Жаспыз. Күндіз-түні ат үсті... Сол кезде хром етік кию сән. Құны – бір сиыр. – Қарт езуін тарта сөзін жалғастыра берді. – Әлгіні сықырлатып киіп жүргенді дәреже көреміз... Қыста аяқты үзеңгі қарып, суық өтіп кеткен ғой әбден, жұқа немеден. Жастықта алдырмадық. Енді білініп отыр. Сырқырап ауыратыны содан бұның». – Қарт оң қолымен сол жақ аяғының балтырын сипап, қағып-қағып қояды. Көңілін неше сұрасаң да ылғи осылай қайталап баяндайтын, сырқатының түп себебін түсіндіріп.
Аз-маз отырыстан соң қарт:
– Ана бөлмеден домбыраны әкелші, – деді маған иегімен есік жақты нұсқап. Лып етіп домбырасын әкелдім де, қорабынан шығардым. Тұрқы өте шағын, мысқалдай салмағы жоқ. Елу жыл жанына серік қылған домбырасы...
Елемеспен екеуіміз ән салдық. Ұстаз тыңдады. Қайсыбір кемшілігімізді көрсетіп қояды. Бір уақытта Елемес бұрын-соңды көп естілмеген «Нарын» деген әнді шырқады. Иірімді. Әуезі тартып барады.
Көрінген сонадайдан оооу, Нарын еді-ай,
Көтерген сол Нарынды-ай, сағым еді-ай!
Аралап ағайынды ооу, жүргенімде-ай,
Салатын ат үстінде-ай әнім еді-ай, уәрида-дай, уаридадай, дарида-дааай.
Қарт әншіге қарап ем, жүзін жас жуып отыр екен. Өтіп бара жатқан ғұмырының алыста қалған қырмызы күндерінің бір бөлігі есіне түскен болар, сірә...
Ойылдың бойын ен жайлаған Кетелерді, Бөртенің Тамаларын, Орынбор жақтағы қалың Жағалбайлыны, Байұлы жайқаған Тайсойған мен Нарынды бәйге бермес ақ сұр атымен аралапты. Жыр айтқан, ән созған. 20-жылдардың аяғында. Қайда-а, онда отты кезі екен, жасы 18-20 шамасында көрінеді...
Қарт ұстаз әуен сазына берілген, ара-тұра теңселіп қояды.
Қызыл шай, жез самаурын ооу, саздың суы-ай,
Сәскеде келуші еді-ай азар қайнап-ай.
Күлім көз, оймақ ауыз ооу, бұраң белім-ай,
Сол шайды құюшы еді-ай, көзі жайнап-ай, уәрида-дай, уаридадай, дарида-дааай.
Жас Ғарифоллаға да сонда оймақ ауыз, құмар көзі жайнаған сұлудың талайы құйып берген шығар-ау саздың суынан қайнаған шайды, жез самаурыннан!..
Қалай болғанда да Елеместің сазды үні, орындау шеберлігі, әннің әуені мен мазмұны бір-бірімен өзара бек үйлесіп, қарт әншінің көңіл түпкіріндегі өткен дулы күндеріне деген сағынышын оятып жіберген тәрізді... Ол заманда Ел-ағаңның қылшылдап тұрған жас уағы, дауысы бөлек еді!
Ән аяқталған соң жеңімен жасын сүртті. Аз-кем үнсіз отырды да:
– Сен бала осы менен оқыдың ғой, – деді Елемеске көзін сүзе тастап.
– Жоқ, аға, сіздің әндеріңізді күйтабақтардан үйрендім.
– Бала, менде оқыған сияқтысың!
– Жоға-ә, аға, кезінде ескермедік...
– Ойпыр-ай, ә! Дегенмен ән салуың маған ұнап отыр...
Осы сөз Елемеске шуақтай жылылығын берді ме, көңілді. Әнші қартқа «Мына бір әнді қалай салады, менікі дұрыс па, тыңдап көріңізші!» дейді де шырқай жөнеледі, содан соң тағы да бір әннің шетін шығарады. Ұстаз да жалығар емес. Көзін жұмып, теңселе тыңдайды. Жетіспес жерін айтады. Осылайша, едәуір отырып қалыппыз... Біздер хош айтысып, жатақханаға қайттық.
Осы көріністі Ел-ағаң кездескен сайын қимастықпен есіне алады...
Сол кезде жалындаған отыздағы Елемес Мағазов бүгіндері жетпістің белесінде жүр. Зырғып жатқан уақыт-ай...
Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы