Оқшау

Белгілі бір мақсат жолында ұзақ уақыт оқшаулану үдерісінен кейін кезекті жетістіктерге жетіп, рухани жаңару арқылы даналық дәптерін жаңартып, жан тыныштығына негізделген «ішке қарай ашылатын» оқшаулану есігінің тұтқасын тауып, тіршілік ырғағын сақтау арқылы танымы түрлене жаңғырып, діттеген жеріне жақындай түскендер жайында ғажайып түсініктер қалыптасқан.

Оқшау
Сурет: Ақмешіт апталығы

Өмірде көптеген мәңгілік сауал, тарқамайтын түйіндер болады.
Ал оқшаулануға қатысты сонау көне заман – антик дәуірлерден, орта ғасырлардан бастап күні бүгінге дейін пайымдалып келе жатқан діни, фәлсапалық, психологиялық болжамдар көп-ақ. Әрине, олардың ортақ нүктеге тоғысатын тұстарымен келісіп, өзіндік ойға ғана жарасатын жерлерінен айналып өтесің. Осылайша, белгілі бір мақсат жолында ұзақ уақыт оқшаулану үдерісінен кейін кезекті жетістіктерге жетіп, рухани жаңару арқылы даналық дәптерін жаңартып, жан тыныштығына негізделген «ішке қарай ашылатын» оқшаулану есігінің тұтқасын тауып, тіршілік ырғағын сақтау арқылы танымы түрлене жаңғырып, діттеген жеріне жақындай түскендер жайында ғажайып түсініктер қалыптасқан.

Неге екені белгісіз, кемеліне келіп, ше­­­берлік шыңдарын игеріп, зар күйін­де тұр­ған шағында қобызшы Сматай (Сма­ғұл. – авт.) Үмбетбаев былайғы жұрт, қа­лың нө­пір­ден, сах­на салтанатынан болса да күн санап оқ­шаулана берді. Шақырған жиын­дардан бас тар­тып, қобыз шалуын өтін­гендерге құлақ асу­ды азайтты. Мұндай мі­незін «Қоғамға өк­пелі...» деушілер де та­былды. Кім білсін, бәлкім со­лай да шығар? Тіп­ті, кейінгі кезде қол қусыр­ған талап­кер­лер­ден де «теріс айналатын» әдет шы­­ғарып­ты-мыс. Әсіресе, бұл аспапқа қыз­дардың бейім­делгенін жақсы ырымға жоры­­мап­ты. Әлде қобызшыны «әртіс» деп танығысы ке­­летін қоғамға деген нара­зылығын осылай біл­­діргісі келді ме екен? Ол жағы түсініксіз, бұл сы­рын аш­пады. Жалпы, жан дүниесінде то­ғыс­қан тылсымдар түйіскен тұста пен­де­­нің та­ба­тын жалғыз тиянағы оқшаулану бол­са керек. Біз білгенде, ол жал­ғызсырап та көрген жоқ. Жа­нында жары, бауырында ба­лалары, ең бас­тысы – оны құрмет тұта­тын ат төбеліндей тың­­дармандары болды.

Бала бақсы

Бір күні жалт етіп, жоқ боларын, сөй­тіп, отырған орнын сипап қалаты­ны­мызды арғы ділім сезсе керек, көзі тірі­сін­де былай деппін: «Жаңа ғана Саянның орын­­дауында Сматайдың «Әкеме» деген күйін тыңдадым. Осы бір қасиет дарыған, болмысы бөлек, ішкі тегеуріні темірдей орын­даушы пенденің бойына сирек бі­тетін құдіретті өнерін құрметсіз қалды­рып, қолдан тұншықтырып, қор етуге ай­нал­­дық. Оның үйірінен бөлініп кеткен қас­қа құландай тұмса табиғатын ешкім де тү­сінуге талпынбапты. ХХІ ғасырдың маң­дайына сыймай тұрған қобызшының жал­ғыз жазығы – әзірге өлмей, арамызда жер ба­сып, тірі жүргені болса керек. Өңешін тар­тып, өксіген қасқа қобыздың өзі секілді қыңыр мінезің-ай, Смеке. Әйтпесе, ол бая­ғыда-ақ Жаппас пен Дәулеттің деңгейінен де көтеріліп кеткен орындаушы еді ғой.

Бұл күндегі жалғыз ермегі қобыз, оңа­ша­да өзімен-өзі болып, ыңылдап отырып, қо­быз шалады, қолы боста қобыз шабады. Оның қолынан шыққан бір аспап екін­шісіне ұқсамайды, әрқайсысының өзіндік үні, көкейіне түйген сыры өзгеше, шетінен шешен болатын. Бір қызығы, саxнаға жиі шыға бермейді. Оның немен, қалай күн кө­ріп жатқанын тек өзі білмесе, басқа тірі жан баласының одан хабары жоқ. Томаға-тұйық, қызығы мен шыжығы да өзінде. Кей­де зерігіп, шалғы қияқты құлаштай сыз­ған шақта оның жанына ешкім маңай­лай алмайды. Қобызбен тұтасып, онсыз да зар төгіп тұрған тылсым аспаптың бауыры­на сіңіп кеткен бұл не деген жұмбақ болмыс еді өзі?

Қолына қалай ұстаса да, қасқа қобыз бас­қа қобызға айналып, ерекше қаңқылдай бас­тайды. Міне, қазір де ол ішегін тартып өкір­гендей, ара-арасында қайдағы жоқ бір шеркүйік зарды айтып өксіді, сосын көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, жаны қыдырып, зар иледі. Ол қобызын шалған сайын Са­рысу мен Сарыарқа көрісіп, жылап жат­қан­дай болды. Мен ендігі жерде қобызда жөні түзу күй тумайтын шығар деп ойлаушы едім. Асығыс топшылағанымды енді біліп отырмын. Мына күй арқылы Сматай кешегі Ықылас бабасының ешкім қол жеткізе алма­ған биігінен бір-ақ шығыпты. Содан да шығар, оның төмен түсіп, пендешіктерге қосылып, жылтыңдай бермейтіні. Әлде бір кездегі киелі саналған сахна төрінің арзан­дап бара жатқан кейпінен шошып, қаш­қақ­тай бере ме екен? Бұл не деген запыран, бай­ғұс қобыз ұршығынан теріс айналып, кө­мейіне кептелген өксігін баса алар емес, зарлы көңіл азалы күйге қосылып, шиыр­шық атып, бір түрлі азынап тұр».

Сматайдың орындауында Қазақ р­а­дио­сының «Алтын қорында» сақта­лып, кейінге жеткен төл шығармалары – осы және «Бірінші май» мен «Жайнаған өл­ке». Ал «Ашуға сабыр», «Кержорға», «Бір қал­қа», «Желтоқсан» тәрізді күйлерінің тағ­дыры нешік екені белгісіз. Журналист А.Во­ло­дев пен Б.Муллокандов жазған мақала­да­ғы «Сматай может сыграть около сорока ста­ринных кюев, множество казахских ме­лодий и песен» деген мәлімет те ғылыми не­гізде тексерілмеді. Ал оның соңында қо­быз бен домбырада орындау үлгісінен қал­ған шығармалар – «Ерден», «Аққу», «Иман­жүсіптің әні», «Қамбар батыр», «Сырғақты», «Кертолғау», «Қазан», «Кекілік» (Ой, сәулем), «Жол­ды қоңыр», «Жалғыз аяқ», «Қоңыр», «То­ғыз тарау», «Жезкиік», «Әкеме», «Бірінші май», «Жайнаған өлке», «Қорқыттың тол­ғауы», «Гәкку», «Балуан Шолақтың термесі», «Қобызым», «Сегізаяқ», «Бесқарагер», «Смет».

Жақында ол жайындағы мақала, сұхбат, ра­диохабарлар легін шолып шықтым. Еш­нәрсені көзден таса қалдырмапты. Басынан кешірген, сезінген, түйсінген, ойында жүр­ген, тіпті қалқалап жасырған, оқшаулануға себеп болған жайттар қаз қалпында қағаз бе­тінде тұр. Десек те, Еуропа мен орыстың ғы­­лымы баяғыда жолға қойған, көзі тірі­сінде айтқан түрлі деректерді салғастырып, бір ізге түсіретін ғылыми жүйенің атымен жоқ­­тығы Құдай ерекше жаратқан жанға де­ген бейқұрметті көрсетеді. Соның ке­сірінен қарапайым мәліметтердің өзі екіұш­ты бола бастаған. Ең болмаса, туған жылын бір ізге түсіруге болмас па еді? Жоқ оның бірі де жасалмапты. Бірде өзі «1947 жылы 1 сәуір­де Жеңіс ауылында дүниеге келіппін» десе (С.Ыбырайымов. Қобыз деп соққан жү­регі // Егемен Қазақстан. – 2001. – 26 қыр­күйек, №214), араға төрт жыл салып, ол жайында сыр-сұхбат жасаған журна­лис­тер «1948 жылы туғанын» (Ж.Әшімжан, Е.Жеңіс­ұлы. Жүрекке сіңген сарын жо­ғал­май­ды // Жас қазақ. – 2005. – 23 қыркүйек,
№38) жазыпты, сегіз жыл өткен соң қайта­дан «1947 жылы туғаны, жылы доңыз» екені ай­тылады (А.Дәукен. Жарқ еттім де, жоқ бол­дым // Жұлдыздар отбасы. – 2013, қыр­күйек. – №17). Ал төлқұжаттағы «05.06.1947 жыл» деген мәліметті «әкесінің жаңылыс жаз­дырғанымен» түсіндіретін. «Түгіскенде ту­ған» деп жүргендердің де әрекеті осы ша­малас, бұл Жеңіс ауылының ескі атауы бол­са да таңғалмаңыз.

Міне, біз жалғыз мәліметтің он екі жыл аралығында қалай құбылға­нын көрсеттік. Балалық шағы, тәлімгер ұстаз­дары, «бақсылық дерт», жауырыншылық қасиет, өткен өмірі туралы айтқан аңызға бер­гісіз әпсаналар арасындағы ауызекі дәс­түрге сай айтылу барысында түрлену кезін­де, жас ерекшелігіне орай кейде ұмы­тып, жаңы­лысып, бірде импровизацияның, көңіл күй әсерімен үстемелеп, қосыңқырап жібер­ген, былайғы жұртқа елеусіздеу болса да, ғылыми нақтылық үшін аса қажет ша­шыранды, әркелкі, көмес деректерді бола­шақта бір ізге түсіру қажет-ақ. Өйткені Сма­тай сияқты енді қайталанбайтын құбы­лыстың тағдыры күні кеше қатар жүрген сахналас болған, қадірін біліп, білмегендерге қатысты болса, ендігі жерде ғылымның еншісінде. Иә, қолында тұрған асылын қор тұ­тып, көзі тірісінде қадіріне жете алмаған ха­лықтар жетерлік. Ал ғылымның олай ету­ге хақысы жоқ!

1954 жылдың қараша айында Сматай қо­быздың үнімен «Ауырды, аруақ иелеп, қо­быз қонды» (А.Алтай. Сматай қобызшы // Парасат. – 2000, қыркүйек, №5) депті. Же­ті жасында «Өліп, қайта тірілген», Құран­ды өз бетінше оқып, он бір жасында қажы­лық­қа барған, «Көріпкелдігім осы Сматайға дари­ды» деп болжам айтып, шарананы қыр­қынан шығарғанда жауырынмен ұшық­таған әйгілі Ысқақ әжінің (атасы Үмбет­бай­дың туған ағасы. – авт.) ұрпағы тумасынан таң­ғалдырған екен. Анасы Орынша жерік болған дала жусанын Ықыластың табаны тиген «Қулы» мен «Мұңлы» тауынан тауып, той­ғанша жеп, ұйықтап қалатыны, Смекең дү­ниеге келерде сегіз күн толғатқаны (жур­на­лист А.Дәукеннің деректерінде жеті күн – авт.), төрт жасынан бастап әкесі Мұхамед­жан­ның қой қайыру үшін атқа таңып жіберетіні, сон­дай күндердің бірінде Шүйкеннің үйі­нің жанынан өтіп бара жатып, көне дыбыс құрылғысынан қобызшы Дәулет орындаған «Қамбар» мен «Кертолғау» күйлерінің әуенін құ­л­ағы шалып (С.Ыбырайымовтың мақа­ла­сы дерегінде Хасеннің Берген деген бала­сы­ның үйіндегі патефоннан естіген – авт.), қо­быз әуенімен «ауырып», құлағына қобыз үні келгенде ақ қар, көк мұзда жалаңаяқ ыш­қына далаға қашып, орнынан тұра ал­май, он екі күн бойы жатып қалғаны жайын­да сыр-сұхбаттарында талай рет шет-шепірлеп айтыпты. Осы оқиғалардан соң, түсінде үнемі қобыз ұстап отыратын бо­лыпты.

Сөз жоқ, бала Сматай «бақсылық дерт­ке» шалдыққан. Жаз, жайлауда отыр­ғанда үйіне қонған, отыз бес жыл айдауда бол­ған бейтаныс қария тамырын ұстап, «Ауруы дыбыстан. Бір дыбыс әсер еткен. Қай­та тыңдамаса, балаңнан айрылып қалуың мүмкін» (А.Дәукен. Жарқ еттім де, жоқ болдым // Жұлдыздар отбасы. – 2013, қыр­күйек, №17) деген құны өмір мен өлім­­ге тең қауіптен соң, әкесі ел аралап, қо­быз­шы, бақсы жиып, әлгілер бас қосып оты­рып, жеті күн бойы қобыз шалғанда «ау­­­руынан сауығып, өлімнен аман қалып­ты». Әуелде «Бала бақсы» жауырын қарау арқы­лы алты ай бойы жоғалған әйелді, үй­ден шығып кетіп, табылмаған жас бала­ның сүйегін, біреудің қолды болған кілем­де­рін тапқаны, түрлі ұрлықты аша бас­таға­ны айтылады. Сөйтіп, көріпкел балаға жоқ іздеп келушілердің қарасы көбейген кезде, әкесі «Балам, осы жауырын бір күні жаның­ды жаһаннамға жібереді...» деп бал ашуын тоқ­татуға ықпал жасағанын, өзі «Сен жа­ның­ды қимағаныңмен, сенің жаныңды қия­тын жандар бар» деген аян алғанын айта­ды. Сөйтіп, он жасында жауырын қарау­ды тоқтатып, бірыңғай қобыз шалуға көш­кен. Өзі үнемі «Қобыз ұстаған соң жа­ным жай тапты» деп отырады екен, жарық­тық.

Десе де, қандағы қасиет көшпейтін сияқ­ты. Баяғы Ысқақ әжі ұшықтаған жауы­рын­ды кеу сандықтың түбінен шығармай, сырт көзден таса ұстаса да, ырқынан тыс, түсініксіз оқиғалар қатары көп болғанға ұқ­сайды. Сматайдың теңдесі жоқ өнерін, сезім­талдығын бағалаған Таласбек Әсем­құ­лов 1982 жылы «Сазген» ансамблімен Югос­лавия­ға барған гастрольдік сапары кезінде, Са­раево қаласында тауық ұрлап қашқан серб баласын қуып жетіп, соққыға жыққан түрік саудагерінің қатыгездігін көргенде айт­қан, «Бұлар бір-бірін қатты жек көреді екен, он жылдан соң мына елде азамат со­ғы­сы болады» (Т.Асемкулов. Кобызист Сма­тай Умбетбаев //Страна и Мир. – 2003, 26 сентября., №20) деген болжамы божырамай келгенін «...оның көріпкелдігі айна-қатесіз орын­далды» деп жазды. Өзі «соңғы рет Ра­қым­жан Қошқарбаевтың өтінішімен жауы­рын ашыпты». Содан кейін жария түрде ашу­ды қойып кеткен. Бұл оқиға жайында өзі «Жауырынға шыққан шындықты айт­тым, екі-ақ жылдық ғұмыры қалған екен. «Кө­­бейтуге болмай ма?» деді Рахаң. «Ғұмыр­ды ұзарту мүмкін болса, жауырынға түсер еді ғой» дедім. «Егер аман қалып, Алла Таға­ла күш-қуат беріп, қайта тыңайсам, мен се­ні...» деп тоқтап қалды. Өкінішке қарай, екі жылдан соң батыр дүниеден өтіп кетті» (Ж.Әшімжан, Е.Жеңісұлы. Жүрекке сіңген са­рын жоғалмайды // Жас қазақ. – 2005. – 23 қыркүйек, №38) депті.

Міне, біз білетін қобызшы Сматай­дың осындай, ел біле бермейтін, ақ жоң­қа жауырынды аударып-төңкеріп оты­рып, болашақты болжап, ақылдан тыс ақ­парат алатын ерек қасиеті болған. Әттең, әлгін­дей тылсыммен байланысты бұлақ кө­зін «Бала бақсы» кезінде «байламағанда», әл­де қалай болар еді? Жасы егделердің қау­пімен «байланған», жазылмаған бала бақ­сы­лық «дерті» болашағына әсер етпеді ме екен деген пендешілік ой ғой, әншейін.       

Қобыз қонған

Мұрағат ақтарып жүрген кезімде М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорынан бір жиында ж­азылған үнтаспаны тыңдағаным бар еді. Ке­зегімен сахна төріне шыққан күйші Мұ­ха­меджан Тілеуханов, жыршы Көшеней Рүс­тембеков, қобызшы Сматай Үмбет­баев­тар­дың өнері жайында қазақ әдебиетінің қас­қа мен жайсаңдары пікір айтады. Қобы­зын өңгеріп шыққан Смекеңді сахнада ака­демик жазушы Сәбит Мұқановтың өзі та­ныстырып, тыңдарман жұрт ду қол ша­палақпен қарсы алып, қошеметтепті.

Азалы әуен, күңіренген сарын, боздауық күйлерді бірінен соң бірін сызып, жұрттың дегбірін қашырып, шағын залдың ішін азан-қазан қылды. Сілтідей тынған тыныштық. Қан­ша жыл өтсін, мейлі, көне үнтаспаның қал­қасындағы көрерменнің көңіл күйі тап қасында отырып тыңдағандай тәнті етеді. Қара қобыз бір деммен, өңешін тартып, қар­лығыңқы үнмен өксиді. Тап осы сәтте тың­дарманның демі қысылып, тұншығып бара жатқанын аңғару қиын емес. Шалғы қияқ әуенді шеттеп, ыңқ ете қалған сәтте жұрт демін шығарып, шыдай алмай «ду» қол­ шапалақтап жіберді де, «гу» етіп басыл­ды. Жиырма үш жастағы Сматай қияғын құ­лаштай сермеп, қобыздың шанағын кө­сіп, ішегін мың бұрап отыр...

1996 жылы, жазғытұрым, «Көктем» ық­шам ауданында, Иван деген орыстан жалға алып, тұрып жатқан пәтеріме Таласбекке еріп келді. Тәкең екеуміз бір мәрте Сме­кең­нің отбасында болдық. Көп сауалға сондай сәт­терде қанықтық қой. Жалпы, ол өмір, өнер жолын сәтті бастағандардың қата­рын­да. Арқада, Сәкен Сейфулиннің жетпіс бес жыл­дық тойында тартқан күйіне Сәбит Мұ­қановтың ықыласы кетіп, композитор Е.Рахмадиевтің ректорлығы кезінде оның Алматы мемлекеттік консерваториясынан ашылған қылқобыз класына емтихансыз қа­былдануының өзі неге тұрады? Әйгілі ас­паптанушы Болат Сарыбаевтың дәрісін тыңдап, Түсіпбектің (Смекең Жамбылбектің дей­ді – авт.) шәкірті қобызшы Дәулет Мық­тыбаевтың класында оқып, әйгілі шебер Э.Романенкодан аспап жасаудың түрлі тәсілдерін меңгерді.

Алдымен оған консерваториядан бір бөл­ме жатақхана беріпті. Оқуын тастап, Жаңаар­қаға қашып кетіп, ауылында қапер­сіз жатқан жерінен сол кездегі «Жеңіс» кең­шарының директоры, Социалистік Ең­бек Ері Ыдырыс Жұмабеков шақырып алып, Мәскеуде жатқан Е.Рахмадиевтің Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы Сұлтан Досмағамбетовке «қашақ студентті» кері қайтару жөнінде қоңырау шалғанын ай­тып, алаңдамауы үшін үйіне пішен тү­сірт­кізуге нұсқау беріп, қалтасына ақша са­лып, Алматыға жеткен соң Ғ.Жұбанова мен Е.Рахмадиевтер ықпал етіп, қолас­тын­дағы қызметкерлерін түгел жинап, қобыз күйін тыңдатып, «Айналайын, айналайын!» деп риза болған, сол кездегі Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы, идеология хат­шысы Саттар Имашев бір аптаның ішінде үш бөлмелі пәтер бергізіп (А.Алтай. Сматай қобызшы // Парасат. – 2000, қыркүйек, №5; Н.Ораз. Жібек жіптерді жалғаймыз // Қа­зақ әдебиеті. – 1991. – 6 желтоқсан, №49), алаңсыз өмір сүріп, өнермен айна­лысу­ға мүмкіндік жасайды.

«Байеділ-Тоқабай» жайлауында қой ба­ғып жүрген жеріне іздеп ке­ліп, тілдесіп, сол кездегі «Со­циа­листік Қазақстан» газетіне ма­қала жазған Ақселеу Сей­дім­беков, «Менің қобыз ту­ра­лы үлкен шығармашылыққа бұрылуыма, бәлкім, сен себепкер боларсың» деп ерекше жақсы көрген жазушы Тә­кен Әлімқұлов, кейін ол кісі­ден көз жазып қалғанда, Сме­кең «Адамның тірексіз қалуы, домбыраның тиексіз қалғанындай болады да тұрады екен» (Ж.Әшім­жан. Жалғыз кө­рер­мені қалған қобыз­шы // Жас Алаш. – 2001. – 24 шілде. – №88) деп қамығатын Өз­бекәлі Жәні­беков­тың, онымен бірге ха­лық аспаптары мұра­жайына іздеп келіп, ал­ты жасынан күй тарт­қан «Бала бақсыға» таңғалатын Дін­мұхамед Қонаевтар оның өне­ріне ерекше ден қойған. Бір жылы, кон­сер­ваторияда оқып жүрген уағында Базар­бай Жұма­ния­зовтың шақыртуымен, Еркеға­ли Рахмадиев, Шора Сарыбаевтарға еріп, Ықы­ластың немересі Дәулеттің үйінде бо­лып, ашаршы­лық жылдары Бетпақтың шөлі­нен өткенде келіні Рәзия мойнына іліп алып, бесіктегі ба­ласынан айрылып қалса да, көзден таса қыл­май сақтап қалған, мой­ны­на қол жет­пейтін, садақ сияқты иілген, серіп­пелігі қат­ты қызыл қоңыр қобызды қо­лымен ұстап көріп, жарық жерін сірмен жа­мап, күй­ге келтіріп, Ғабит Мүсіреповтың ал­дын­да Ықаңның қобызын сызғаны өз ал­дына бөлек хикая.

Сматайдың өскен ортасы мен тәлім түй­ген ұстаздарының есімін атап, домбыра тар­тып, қобыз шауып, аңсақтыққа баулып, жауырын қарауға бата берген қырағы қа­рия­лардың қатары тым қалың болған. Қобыз бен домбыраға қосылып ән салған, беташар айтып, шілдеханада жырлаған, Игілік Омаровтан ән үйреніп, Әбен мен Жап­пасты тыңдаған, соқыр Нышанға жо­лыққан, Арқадағы айтулы аңшылар Сатан мен Арқабайдың қызылшысы болып, «мер­ген бала» атанған, шаянқұйрық тазы жүгір­тіп, қалта-қақпаншы болған Смекеңнің әкесі де домбыра шертіп, аңыз әңгімелер ай­тып, ұсталық жасайтын. Анасының да сөз құрайтын ақындығы, оған қоса ісмерлігі бар еді.

Бабастың Сарымұқанына ту бие беріп, қобыз шаптырып бергесін «дертінен» айыққан «бала бақсы» одан қобыз шабуды, «Айрауықтың ащы күйін», Қорқыт сарын­да­рын, Ықылас күйлерін үйренді. Жанақ пен Көзбен жайында да алғаш содан естіді. Сөй­тіп жүріп, Ықаңның көзін көріп, күйін тарт­қан Кенжебай ұстаға нарқобыз шап­тыр­тып алды. «Жезкиікті» домбырамен де, қо­бызбен де тартатын Төбелден қобыз шалу­ды, домбыра тартуды, Бердіқожаның «Қал­мақ қырған», «Жорық», «Қызыл сыбыз­ғы» күйлерін, Ықыластың қырық жігітінің бірі болған Бұралқыдан Қорқыттың күй­лерін, Жайлаукөл жағынан көшіп келген Ықаң­ның жиені, скрипка тартатын Сиқым­бай мен Оспаннан Ашайдың сарынын меңгерді. Көзбен соқырдың қарындасы То­пайдан ағасы айтатын, «Құдай-ау, көзімді ал­дың көрмесін деп» басталатын жырға қоса, «Мәнжитал», «Шайкөйлек», «Топайкөк» се­кілді әндерді алды. Ақын Құрақтан «Ал­па­мыс», «Қыз Жібек» жырларын тыңдады. Қо­быз жасап беріп, Нұрмағамбеттен біраз күй меңгеріп қалды. Әкесінің ағасы Хасен­нің әңгімелерін түйді, Ерденбай болса, қо­быз күйлерін сырнаймен тартып үйретті. «Міне, осы кісілердің алдын көріп, өнеріне қанық болдым» (Ж.Әшімжан, Е.Жеңісұлы. Жү­рекке сіңген сарын жоғалмайды // Жас қазақ. – 2005. – 23 қыркүйек. – №38) деуін­де мән бар. Осындай шүйгін ортада өскен­дік­тен де, ол табиғаты ешкімге ұқсамайтын ала­бөтен өнерпаз болып қалыптасты.

Жүресінен отырып, қобыздың «ала­қа­нын» шекесіне тіреп тартқанды ұнататын (С.Ыбрайымов. Қобыз деп соққан жүрегі // Егемен Қазақстан. – 2001. – 26 қыр­күйек, №214), жылқының қылын із­деп, сонау Мари АКСР-іне дейін барып, Дон жылқысының құйрығын күзеп әкелген, ағашта жан барын сезетін сыншылығы сондай, «балшыққа қойылған домкраттың ас­тына төселген ағашты» қалап алып, шап­қан қобыз үніне бүтін болмысымен беріліп, жү­регіне сарын сіңген, шырт ұйқыдан оя­нып, қобыз тартатын Смекең, шәкіртке бір күйді екі қайталап тартпайтын, төл шы­ғар­маларын өзгенің орындағанын қалай бер­мей­тін, қарсы отырып қобыз тартпауға ты­рысатын. Күндіз қолына қобыз ұста­май­тын, оны таңертең, кешке ғана шалатын әде­ті бар еді. Өйткені Ықылас бабасы солай етіпті.

Күнкөрісін қобыз шабудан айырған ол әсіресе, кейінгі кезде налитын әдет шы­ғар­ды. «Өмірінің қобыз үнімен біте қайнасып кет­­кенін, ішіндегі қайнаған нәрсе өрши ке­ле еркін алып, дегеніне көндіріп, сол ма­хаббат қобызға телігенін, бір кезде Ал­матыға арнайы алдырған Сматайдың қазір не күйде екенімен ешкімнің шаруасы жоқ екенін, өнер әлемін талғамсыз ұрпақ жай­лап бара жатқанын, он жылдан бері үй салудың әлегімен жүріп бармағын ағаш жаншып кеткенін, оны жер-көкке сый­ғызбай мақта­ға­­­нымен, нақты іске келгенде нәтиженің жоқ­тығын, еңбегі еленіп, атақ алмағанын, біреу­лердің мазақ еткенін, содан күйіп ке­тіп, өнерден жылыстап, тасаға кеткенін, жарқ етіп шығып, кейін жоқ болғанын, біреу­­лер қасақана шығармай, үлкен кон­церт­терге жібермей, өнерін аяқасты қыл­ғандай әсерленетінін» (Ж.Әшімжан, Е.Жеңісұлы. Жүрекке сіңген сарын жоғал­май­ды // Жас қазақ. – 2005. – 23 қыркүйек, №38) айтып, көпшіліктен оқшау жүрді. Осын­дайда, өнерінің бәсін сезіп, жанының сызы мен күйзелісін ұғынған, Сматайдың дары­нын «құдіреттің сыйы» деп қабылдаған Талас­бектің «...бәлкім, ондай сыйға біздің ұлт лайық емес шығар?!» деген қасіретті сөзі ойға орала береді.

Өзін нөпір көптен оқшау ұстағандар жайында түрлі байламдары бар. Сезімдер спектріне қатысы шамалы оқшаулық атаулының қалаумен немесе қоғамға деген наламен де байланысы аз екен. Көне гректің ойшылы Сократ мұның түпкі сырын «ішкі таным, шексіз қайырым, сұлулықпен» ұштастырса, Аристотель оқшау адамды «Құ­дай немесе төрт аяқты!» дейді. Қалай десек те, «Әр кәллада бір қиял!». Бастысы, өзіңе тән ілкі қалыпты тастап, жаңа кейіппен қай­та табысу үдерісі кезінде санадағы сәуле­ден сырт қалмасаң болды. Адам сезімін шың­дау, қиялын қанаттандыру, ақылын ұштау, кемелдікке ұмтылу, түйсігін дамыту үшін де оқшауланады. Сондай жан ғана ішкі «менімен» тіл табысу арқылы сыртқы әлем­мен егіз өрім өмір сүре алады екен. Өйткені оқшаулық кісілікке бастаса, жалғыздық адамшылықтан кетіретінін дәлелдеген мамандардың пікірі осы арнаны жиектей береді.

Қалай десек те, оқшаулану – қоғамға қызмет етудің ерекше түріне бастайтын, біреулер үшін түсініксіздеу жайт. Данышпан Абай «Ойлы адамға қызық жоқ...» формулы ар­қылы «сырты бүтін, іші түтін» нөпірден оқшаулану арқылы ғана өзіне, өзінің тұң­ғиық тұнығына үңіле түсу мүмкін екені жайында сөз қозғаған барша Еуропа мен орыс ғалымдарының жиынтық ойын бір ауыз сөздің қауызына сыйдырды. Біздің кейіп­керіміздің әрекеті әйгілі Ф.Ницшенің сөзімен айтқанда, қас өнерден хабары мен түсінігі жоқ «жарымжан жандардан қашу», психоаналитик К.Юнгше пайымдасақ, «Жаңа уахи жеткізу үшін өліп, қайта тірілу!» үдерісін қамтамасыз ету еді десек, ақиқат­тың ауылынан алыстай қоймасымыз анық. Әйгілі Заратуштра пайғамбардан келе жат­қан қағидаң да осы еді ғой...

«Қобызының «кілтін» ашпаған, «тілін» сат­паған Сматай қолына жауырын алса, дү­­ниенің қақпасы ашылатынын айтып, со­дан соң сұрланып, жағы суалып, ұзақ оты­­рып қалады екен. Бойын белгісіз күш буып, құрыс-тырысы ұстаса, жиналған артық-ауыс қуат көзін қара жұмыс жасап, жү­гіріп, термен шығарып тастауға тыры­са­тын қобызшы өмірінде түшкіріп ауыр­мап­ты, қаққан қазықтай қалпын сақтаумен өткен. Жақын-жуықтары санаулы сағаттары соқ­қанын сезгенде, ол жасырын түрде жауы­рын қарап, ақырының осылай бола­тынын көргеніне және оған еш өкінбегеніне бек сенімді. Өйткені ол сап-сау отырып, тұрмай қалатын сол қарашаның таңында кеу сандықтың түбінде жатқан қасиетті жауырын әдепкі орнынан ауысып, басқа жерде тұр екен.

Берік ЖҮСІПОВ,

Фольклортанушы