10 жастағы Іңкәр – ұршық иірудің шебері

Анасы Іңкәр қолөнерге деген қызығушылығын ерте жастан байқаса керек.

10 жастағы Іңкәр – ұршық иірудің шебері
3736

Бір кездері әжелеріміздің қолынан түспеген ұршық бүгінде ұлттық мерекелерде еске түсетін атрибутқа, көрмелерге қойылатын жәдігерге айналып бара жатқандай. Дегенмен ел ішінде ұршық иіру өнерін насихаттап жүргендер жоқ емес. Сондай жанның бірі – 10 жастағы Іңкәр Қозыбай.

Ұршық иіру өнерінің ұмыт қалмауына үлес қосып жүрген жасөспірім қыз – Маңғыстау облысы, Жармыш ауылының тұрғыны. Жастайынан ұршықты жақсы иіретін ол мұны анасынан үйренгенін айтады.

«Мен – үш баланың анасымын. Іңкәр – үйдің ортаншысы. Өзім Жармыш ауылдық мəдениет үйінде режиссёр болып еңбек етемін. Жолдасым электрик болып жұмыс істейді. Мен ұршық иіруді анамнан үйрендім. Ол кісі қолы қалт еткенде жүн сабатып, оны түтіп, оны шүйкелеуді үйрететін. «Жігітке жеті өнер де аз» деген желеумен өнерге баулыған анам алатеру тоқу, тоқуыш, құрақ құрау сияқты дүниелерді жасауды бізге де үйретті. Сосын өзім отбасын құрып, балаларым есейген шақта өз білгенімді оларға үйреткім келді», – дейді Іңкәрдің анасы – Айнұр Таңатарова.

Анасы Іңкәр қолөнерге деген қызығушылығын ерте жастан байқаса керек.

«Бір күні енем «иіріп бер» деп бір қап жүнді үйге алып келді. Жүнді жуып, кептіріп, түтіп бастағанымда қызым қолындағы телефонын қойып, қасыма келіп отырды. Қызығып сұрай бастады. Сол кезде оның бойынан қолөнерге деген қызығушылығын аңғардым. Жүнді жібектей етіп түтіп берді», – дейді анасы.

Анасы ә дегенде Іңкәрдің ұршық ұстауға икемі келмегенмен, бірте-бірте төселіп кеткенін айтты.

«Əлеуметтік желіден ұршық иіруден жарыс өтетінін көзім шалып, бағымды сынап көрейін дедім. Өзіммен бірге 5-сыныпта оқитын қызым Іңкәрді ала бардым. Байқауға қатысушының үлкені 75 жаста болса, ең кішкентайы 10 жастағы менің қызым болды. Байқау шартына сай жүн шүйкелеп, иірілген жіптен арқан есуіміз керек болды. Қызым өте керемет иірді деп айта алмаймын, қанша дегенмен бала ғой, шаршап қалады. Бірақ байқаудан сүрінбей өтіп, Алғыс хат иеленіп, керемет көңіл күймен ауылға оралды. Болашақта шыңдала түседі деген ойдамын. Қолы сабақтан босағанда ұршығын ұстайды да отырады», – дейді ол.

Іңкәр болашақта бастауыш сынып мұғалімі болуды армандайды екен. Десе де, ол қолы бос кезде ұлттық қолөнер бұйымдарын әзірлеп, ісмер атанғысы келетінін де жасырмайды. Сол үшін ол қазір түрлі үйірмеге қатысып, текемет басуға қызығушылық танытып жүр.

Серіктес жаңалықтары