Қазақстанда ауыл тұрғындарының саны қанша?
Республикамызда 6 256 ауылдық елді мекенде 7,6 млн адам тұрады.
Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында айтты.
"Республикамызда 6 256 ауылдық елді мекенде 7,6 млн адам тұрады. Жалпы еліміздегі халық санының 38,4%-ын құрайды. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі – 7,2%, ал жұмыссыздық деңгейі – 4,7%. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі – 33% немесе 1,2 млн адам. Соңғы 10 жылда ауылдық елді мекендер саны 6 838-ден 6 256 дейін, яғни 582 бірлікке қысқарды. Негізінен ауыл санының қысқаруы халық саны 50 адамнан кем ауылдар жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгізіледі", - деді министр.
Айтуынша, министрлік жыл сайын Өңірлік стандарттар талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуіне мониторинг және талдау жүргізеді.
"Мәселен, 2023 жылы қамтамасыз ету деңгейі 64,3%-ды құрады, ол 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 тармаққа өсті. Бұл ретте объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етілудің ең жоғары деңгейі Маңғыстау – 72,4%, Атырау (70%) және Ақтөбе облыстарында (69,6%). Қамтамасыз етілу деңгейі төмен келесі облыстар: ШҚО – 58%, Ұлытау – 57% және Абай – 55,4%. Өңірлік стандарттар көрсеткіштерін талдау нәтижелеріне сәйкес, қамтамасыз етудің жоғары және орташа деңгейі бар ауылдар санының артуы байқалады", - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.