Бүгін Астана мен Алматыда ауа сапасы нашарлайды

Бұл туралы Қазгидромет РМК мәлімдеді.

Бүгін Астана мен Алматыда ауа сапасы нашарлайды
pixabay

12 наурыз күні Қазақстан аумағының басым бөлігінде қолайлы метеорологиялық жағдай сақталады.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, 12 наурыз, сейсенбі күні еліміздегі қалалардың басым көпшілігінде метеорологиялық ахуал бірқалыпты болады.

Тек Алматы мен Астанада ғана ауа сапасы біршама нашарлайды.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.

Қолайсыз метеожағдай кезінде ұсынылатын кеңестер:

Ашық ауада, әсіресе автотрасса немесе басқа да ластану көздерінде болу уақытын қысқарту;

Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту;

Жүрек-қантамыр, өкпенің созылмалы аурулары, аллергиялық аурулары бар адамдарға ашық ауада болған жағдайда дәрілерін бірге алып жүру;

Ашық аспан астында физикалық жүктемені азайту. Спорт және дене шынықтырумен жабық спорт кешендерінде айналысу.