Жалаңтөс Баһадүр мен Ялангтуш Бахадур бір тұлға ма?
Бүгінде қазақ та, өзбек те «біздікі» деп жүрген Жалаңтөс Баһадүр кім?
Тарихи тұлғалар − дәуірлердің жемісі, оларды үлкен тарихи оқиғалар, ғылымның дамуы, т.б. себептер алға шығарады. Кейде ірі тұлғалар түп-тегі бірнеше халықтарға ортақ тұлға ретінде қабылданады. Мәселен, Әбу Насыр әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи секілді көрнекті тұлғалар түбі бір түркі халықтарының көбіне қатысы бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Бұл орайда, орта ғасырлардағы шығыс елдері «баһадүр» деп атаған Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлының (1576 жыл – 1656 жыл) жөні бөлек.
Қиын-қыстау кезеңдерде елге басшылық жасаған, халқын қырғыннан аман сақтап, жүректілікпен, ақылмен іс істеген би-батырлардың ұлт тарихында ең ардақты адамдарға айналуы − тарихи ақиқаттың көрінісі. Сол ақиқат Жалаңтөс Баһадүрдің атын тарихқа жазды, бір емес, екі елдің тарихына!
Бүгінде қазақ та, өзбек те «біздікі» деп жүрген Жалаңтөс Баһадүр кім?
Қазақ халқының шежірелік деректері оның Кіші жүз (Алшын) тайпасының төртқара руынан шыққанын айтады. Кіші жүздің бас биі − Әйтеке би мен Жалаңтөс Баһадүрдің атасы бір (екеуі де Сейітқұлдан туады). Жалаңтөс Баһадүр Самарқандты билеген. 1581 жылғы аштықтан аман қалу үшін Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын Нұрата тауларына қоныс аударған. Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастаған. Аты халық арасына кеңінен танылып, сол дәуірдің жоғары дәрежелі «Аталық» атағына ие болған.
Самарқандты билеген Жалаңтөс 1640 жылы қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскерді көмек ретінде жіберіп, ортақ жауды талқандауға зор көмек көрсетті. Өзге елді билеп тұрса да, өз қазағына әрқашан көмектесуге дайын тұрған. Сүйегі қазіргі Самарқанд қаласына 12 шақырым қашықтықтағы Дахбед қаласындағы зиратқа қойылған. Бұл қазақ арасында әлі күнге өзгеріссіз айтылып келе жатқан дерек.
Ал өзбек халқы әспеттейтін Ялангтуш Бахадур кім?
Олардың көрсетуінше, Ялангтуш Бахадур (Низомиддин Абдукарим Ялантушби Бахардир Бойхожи уғли. Туған-өлген жылдары: 1578 − 1656) өзбек әскери басшысы, саясаткер, Бұқара хандығының Самарқандтағы билеушісі. Кей деректерде толық аты-жөні Ялангтушби Бахадур Бойхожи ұғлы. Тегі өзбектің Олчин (Алшын) руынан. 1612-1656 жылдарда Имамқұл, Надир Мухаммад, Абдулазиз хандар тұсында Бұхара хандығына қарасты Самарқандты билеген. Сол қаладағы Регистан алаңындағы Шердор, Тіллә Қари медреселерін салдырған.
Қазақ-өзбек деректерін салыстыра қараған соншалық айырмашылық жоқ. Туған-өлген жылдары да, билеуші болған тұстағы іс-әрекеттері ұқсас. Бірақ соңғы кезде қазақ Жалатөс Баһадүр, өзбек Ялангтуш Бахадур деп атаған бір тұлғаны әркім өзіне тарту, оған қатысты тарихи деректерді бұрмалау сияқты келіспеушіліктер пайда болды. Қазақтар оның тегін кіші жүздің төртқара руынан шыққанын, оның ұрпақтарының қазақ ішінде жалаң төртқара атанып жеке аталыққа айналғанын айтса, өзбектер оның қазаққа қатысы жоқ, өзбектің алшын руынан шыққан өз адамы екенін айтуда. Шын мәнісіне келгенде, өзбектердің алшын деп отырғаны да, қазақтардың кіші жүз деп отырғаны да бір нәрсе: қазақта кіші жүзді ежелден алшын бірлестігі деп атайды.
Қазақ тарихында Самарқандты билеген Жалаңтөс Баһадүр қазақ еліне үнемі әскери көмек жіберіп, ел басына түскен қиын-қыстау шақта үлкен қолдау жасағанын жазса, өзбектер оны (әсіресе, кейінгі кездерде) Ялангтуштің Бұхара хандығы үшін қызмет етіп, қазақ хандарына қарсы соғысқанын жазып, оны барынша қазақ тарихынан алыстатуға күш салып жатыр. Бұл әсіресе, өткен жылы өзбек режиссері Жахангир Ахмедов түсірген «Амир Бахадур Ялангтўш» фильмінен соң үдей түскен тәрізді. Бір қызығы, бұл фильмде Қазақстан мен Қырғыз Республикасының кино жұлдыздары да рөлдер сомдаған, сондай-ақ халықаралық каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығының иегері Қазақстанның Nomad Stants каскадерлар тобы қатысқан.
Тарихты бұрмалау кімге керек?
Бір кезде түрік деген бір мемлекетті құраған халықтар уақыт өте келе (әсіресе, Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан соң) бірнеше елге бөлшектеніп, әрқайсысы бөлек ұлт ретінде отау тігіп кетті. Кеңестік кезеңнің сұрқия саясаты қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ халықтарын барынша бір-бірінен алшақтатуға тырысып, олардың әліпбиін бір-біріне түсініксіз етті, тарихын әртүрлі қылып жазуға жол берді. Содан келіп, бір ордадан бөлініп, қазақ, өзбек болып, екі ұлтқа айналып кеткен халықтардың арасында рухани тұрғыда бөлінушілік болды. Соның соңы міне Жалаңтөс Баһадүрге таласуға дейін жетіп отыр. Таласта әркім-ақ өз мүддесіне сай, қалайда жеңуді көздейді емес пе? Өзбек жағынан Жалаңтөс пен Ялангтушті әртүрлі адам екенін дәлелдеу мақсатында оны Бұхара ханына қызмет етіп, сол мүдде үшін қазақтарға қарсы соғысушы ретінде көрсететін деректерді ұсыну байқалады. Бірақ ол деректердің шынайлығы қандай? Расымен біздің Жалаңтөс пен ағайын жұрттың Ялангтуш атап жүрген тұлғасы әр басқа адамдар ма? Мұны ғалымдардың ғылыми тұрғыдағы әділ зерттеулері көрсетсе керек. Әл-әзір ондай еңбектер насихатталмай тұр. Сондықтан біз тарих ғылымына өз көзқарасы бар екі ғалымның пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
тарих ғылымының кандидаты, Мадрид университетінің профессоры:
Тарихын дұрыс жазбаған елге қатысты дау көп болады
− Жалпы, кімнің өмірбаяны болса да, шынын айту керек. Рас, Жалаңтөстің өмір сүрген жері қазір Өзбекстанға қарайды. Оның бір себебі, бір кезде Самарқандқа, Бұхараға дейінгі кең далада біздің кіші жүздің тайпалары көшіп-қонып жүрген. Ал ол жерлерде бұқарлық дихан халық қоныстана алмаған, себебі су жоқ жерде егін еге алмайды ғой! Ал қазақтарға мал жаятын жер болса болды, құдық қазып малын суарып жүре береді. Көп шөп болмағанның өзінде құмды жерлерде өсетін жантақ сияқты тамырын тереңге жіберетін өсімдіктер болады, солар малға азық. Қазақтар біз айтқан жерлерді емін-еркін жайлаған себебі, ХVII ғасырда қазақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрды. Қазіргі өзбек жеріндегі Андижан, Жызақ өлкелерін, Ташкентті қазақтар биледі. Сол дәуірде Жалаңтөс Баһадүр де Самарқандты билеп тұрды. Қазір ол жерлер өзге елдің құрамында болғандықтан, бұл жайлар Қазақстан тарихында айтыла бермейді.
Ол тұста Орталық Азияда екі ірі ел − Бұхара әмірлігі мен Қазақ хандығы болды. Бірақ Қазақ хандығы жай хандық емес, сипатына қарап толыққанды мемлекет деуге болады. Себебі Бұхара әмірлігінде билік әулеттен әулетке көшетін монархиялық сипатта болса, Қазақ ордасында хан сайланды. Хандардың сайлануында әр руды басқарып отырған би-батырлардың қолдауы, қазіргіше айтқанда, дауыс беруі − кімнің де болса хан болуына әсер етті. Демек, билеушілері сайланған Қазақ ордасын хандық демей, мемлекет деп атау шындыққа сай келеді.
Ташкентті Тұрсын хан, Самарқандты Жалаңтөс Баһадүр биледі. Біздің қазақ жазушылары Жалаңтөсті өз кезінде үлкен тайпаны билеген, беделді болған, сондықтан Бұхара билеушілері оған Самарқандты сыйлаған дегендей әңгіме айтуға әуес. Шын мәнінде, сыйлаған түгі жоқ. Көшпелі қазақ тайпалары қуатты жауынгер халық болды. Бұхара хандығы олардан сескенді, сөйтіп оларды түрлі жолдармен өздеріне тартқысы келді, билік беріп өздеріне қаратып, қазақ хандарына қарсы пайдаланғысы келді. Бірақ Жалаңтөс сияқты тұлғалар ондай қитұрқылыққа алданбады. Оның қазақ жеріндегі жат ел басқыншыларына қарсы соғыстарға әскер жіберіп қолдау көрсетуінің өзі соны көрсетеді.
XVI ғасырдың аяғында Тәуекелдің Бұхара әмірлігіне қарап тұрған Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Самарқандты басып алғаны тарихтан белгілі. Демек, Орталық Азиядағы екі ірі ел − Қазақ хандығы мен Бұхара әмірлігінің арасында үлкен бақталастық болды. Сондықтан Бұхара хандығы XVII ғасырда қазақ хандарының өздеріне шабуыл жасауының алдын алу үшін қазақтың кейбір ірі тайпаларын өздеріне тартты. Сондықтан Самарқандты Жалаңтөске билетуінде есеп болды. Самарқандты қазаққа билетіп қойсақ, оған ерген қазақтың ру-тайпалары бізге қарайды, сосын біз оларды қазақ хандарына қарсы қоямыз деп ойлады. Ал Жалаңтөстің қазақ еліне деген көзқарасын, жасаған істеріне қарап оған билік берген Бұхара әмірлігінің арам ниетінің іске аспағанын көреміз.
Жасыратыны жоқ, кейде Бұхара әмірлігінің теріс пиғылының іске асқан жерлері де бар. Мәселен, Тұрсын хан. Ол қазақтың билеген атақты Есім ханның туысы. Оның Бұхар әмірлігінің азғыруына ергені үлкен трагедия. Соңы ағайын жұрттың бір-біріне шектен тыс қатыгездік жасауына жеткізген қасірет.
1626 жылы Түркістанда үлкен басқосуда Есім хан «мына жоңғарлар күшейіп жатыр, біз сол жоңғарларға жақында жорық жасауымыз керек, сол үшін бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық» деген. Оған бәрі келіскен. Атақты тарихшы Әбілғазының жазғанынан бізге жеткен дерек бойынша, ол жорыққа Тұрсын хан бармай қалады. Шамасы, халық көп тұратын Ташкент аймағын билеп отырған Тұрсын сұлтан бұхарлықтардың «Сен үлкен жерді билеп отырсың, сондықтан өз алдыңа үлкен хан болуың керек» деген сияқты сөздеріне сеніп, ақымақтық жасаған. Есімхан жорыққа кеткенде қаптаған жоңғармен, қытаймен шайқасуға кеткен оны тірі келмейді деп ойлаған болуы керек, ол Есімханның билігі жүріп тұрған Түркістанды шауып алады. 1628 жылы Есімхан жорықтан оралған соң Тұрсын сұлтанның опасыздығына ашуланып Ташкентке барып, Тұрсын сұлтанның басын алып, қапқа салып Бұхар хандығына жібереді. Онымен тұрмай Тұрсын билеп тұрған жердің халқын – қатағандарды қырып салады, оған ердіңдер деп. Ашуға ерік берген Есімханның бұл ісі қазақ тарихындағы трагедия болды. Сөйтіп, бұл Бұхар хандығының Қазақ ордасына жасаған үлкен жамандығының бірі болды. Ал Жалаңтөс ондайға барған жоқ, керісінше, өзін пайдалануға жол бермей, Қазақ ордасына барлық уақытта барынша қолдау көрсетті.
Әрине, тарихи деректерде оның қол бастап, Бұхар хандығының өзге елдерге жасаған жорықтарына қатысқаны айтылады, бірақ оның ішінде қазақтарға қарсы соғысқаны туралы дерек жоқ. Өйткені ол Самарқандты билеп, сүйегі сол жерде қалса да, өзінің тегін − кіші жүздің әлім тайпасы, төртқара руынан шыққанын ұмытпаған. Оны енді өзбек ағайындар өзбек қылғысы келіп, қазақтан барынша алшақтату үшін Ялангтуш Бахадур өзбектің алшын руының тумасы, қазаққа қарсы жорықтарға қатысқан деп жалған деректер ұсынып, бізді одан жирендіруге әрекет етіп жатыр. Бұлай жалған тарих ұсынудың керегі жоқ, оны хат танитын елдің бәрі
біледі.Жасыратыны жоқ, бізде тарих ғылымы тарихи тұлғаларымызға дұрыс баға беріп, ұлт тарихын шынайы көрсете алған жоқ. Абылай ханды, Әбілқайыр ханды өз орнына қойған жоқ. Бұл солқылдақты өзгелер де көріп отыр. Сосын Жалаңтөске қатысты сияқты даулар шыға бермегенде қайтеді?
Самарқандтағы тарихи ғимараттар әлемдік өнер туындылары саналады. Сондықтан оларды қазақ салдырған дегенді өзбек ағайындар мойындағысы келмейді. Жалаңтөстің тегіне қатысты даудың шығып отыруына бұл да бір себеп. Демек, тарих мәселесін біз шындыққа арқа сүйеп, шынайы жазуымыз керек.
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ,
филология ғылымдарының кандидаты:
Жалаңтөс туралы даудың шығуы – өзбек киногерлерінің қитұрқылығы болса керек
− Біздің тарихшы мамандарымыз, ғалымдарымыздың дәрменсіздігі соңғы кезде анық байқалып жүр. Қазақ тарихында шетін мәселелер өте көп. Соның ішінде, өзге елдердегі қазаққа қатысты мәселелерді қорғап қалу, анығына көз жеткізуде де дәрменсіздік бар, ішкі мәселелерде де сондай жайлар бар. Көп нәрсені қарсы элетораттың қолына беріп қойып жатырмыз. Осы жағдай өзбек тарапынан жақында бұрқ ете қалған, Жалаңтөс мәселесіне де қатысты өзбектер тарапынан айтылып жатқан әңгімелер. Әрине, бәрін бірдей ғайбаттай беруге болмайды, оларда да сергек тарихшылар бар. Мәселен, Ғайбулла Бабаяров деген тарихшы YouTube желісінде қазақ тарихына қатысты жақсы пікірлерін білдірді. Өкіншке қарай, бізде Жалаңтөс мәселесіне қатысты дұрыс пікір айтып, шындықты анықтауға қызмет ететін тарихшы көрінбей тұр. Ал өзбек ағайындардың Жалаңтөске қатысты айтқандарына қарсылықтардың дені «ойбай, батырымызды алып қойды» деген сияқты «қашты-қуды» әңгімелер болып жатыр. Нағыз мамандардың тарихи деректерді екшеген сараптамалық материалдары жоқ. Сондықтан амал жоқ, біз сияқты тарихшы емес қаламгерлердің араласуына тура келеді.
2008 жылы бұл жөнінде «Әйтеке бидің мұрасы мен мирасы» деген үлкен тарихи эссе жазған кезімде біраз қаузағанмын. Себебі Жалаңтөс – қан жағынан да, тәрбие жөнінен де Әйтекенің атасы. Сондықтан Әйтеке би жөнінде жазғанымда Жалаңтөске соқпай кете алмадым. Сонда байқағаным, бұл кісі жөнінде мәліметтер әртүрлі. Оның лақап аты көп болған сияқты. Бұхардың ханы Иманқұл Моголстанға жорық жасағанда, Жалаңтөстің батырлығына тәнті болып, оған Абдулкерим (Алланың сүйген сенімді құлы деген мағынада) деген мадақ есім берген көрінеді. Ал енді бір деректе Самарқандтағы Дахбет зиратында жатқан Жалаңтөстің басына қойылған көк таста «Бойходжи би уғли Абдулкерим» деп жазылған десе, екінші бір деректе «Ялангтуш би Бахадур Байходжи би уғли» деп жазылған дейді. Кейінгі болып жатқан дауларда өзбек тарапынан осыған сүйеніп, Жалаңтөсті Байқажы би деген баласы деп жатыр. Ал енді тағы бір деректе, ертеде хандардың сарайында қызмет еткен Махмуд ибн Вали атты ғалым, шайырдың Ташкенттегі әл-Беруни атындағы шығыстану институтында сақталған «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-aхйар» атты жеті томдық кітабының алтыншы томында: «Ялангтушби Аталық батыл ноян, істің көзін білген әмір алшын қабиласының ұлысынан шыққан асыл есімі Хатуй Бахадур» деген мәлімет бар. Сонда Байқожи, Хатуй дегендердің мәні не?
Зерттеушілердің айтуынша, қазақ шежіресінде Жалаңтөстің әкесінің аты − Сейітқұл. Ал оны сопылар «Синесоф буа» (көңілі пәк жан) деген. Бұл оның лақап аты. Демек, Байқажы би деген де Сейітқұлдың лақап аты болуы мүмкін дегенді қазақ зерттеушілері жазып жүр. Байқажыби дегенге келсек, оның алғашқы буыны − бай дегеннің мағынасы белгілі, ал қажыби деген сөз оның қажыға барғанын және би болғанын көрсетеді. Осыған қарағанда, Байқажы деген есім Сейітқұл бабамызды Мәуереннахрға кең тараған танымал лақап аты болса керек. Ал Хатуйға келсек, ол Жалаңтөстің азан шақырып қойған аты болуы әбден мүмкін, бірақ кейін оны Жалаңтөс деген мадақ есім ығыстырып шығарған болуы да мүмкін. Шежіреге қарасақ, бұл патронимия (әке есімімен атау). Төртқара руында Жалаңтөстің ұрпақтары саналатындар өздерін «жалаң төртқарамыз» дейді. Оның анық-қанығы әзірге мәлімсіз. Бірақ Сейітқұлдың бәйбішесі Сары кемпірден – Сейтмәмбет, Төлес, Ақшаби, тоқалы Қара кемпірден − Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Түрікмен, Қоян (Қожамқұл) тарайды. Бұларды «сегіз Сейітқұл» деп атайды. Осылардың ішіндегі Жалаңтөстен «жалаң төртқаралар» тарайды. Меніңше, балаға Жалаң деп ат қою мүмкін емес сияқты. Ол Жалаңтөстің қысқартылған түрі болуы, шын аты Хатуй болуы да мүмкін. Ол елден кеткеннен кейін ұмытылған шығар.
Жалаңтөс деген есім алуы жайында түрлі әңгімелер бар. Сейітқұл Нұратаға көшіп келгеннен кейін тоқалы жүкті кезінде арлан қасқырдың төсін жеп жерігін басқан, содан туған баланың атын Жалаңтөс деп аталған дейді. Тағы бір әңгімелерде болашақ әмір киімімен туған екен, тек кеудесі − төсі ғана жалаңаш болыпты дейді. Және бір әңгімеде балуан денелі, апайтөс болуы себепті киім шыдамай, кигені кеудесінен айырылып, жыртылып кете берген соң төсі ашылып жүреді екен, соған орай жұрт оны Жалаңтөс атаған дейді. Сондай-ақ батыр жауға шапқанда сауыт кимей шығады екен дейді. Міне, сол себептерден ол Жалаңтөс атанып, негізгі Хатуй есімі ел жадынан өшіп кеткен болуы мүмкін. Қалайда, Жалаңтөс, бұл жаугершілік заманда кім көрінгеннің қолы жете бермейтін атақ. Түркі жұртында бұл атақ жүре-бара ұмытылғанмен, жауға сауытсыз шабатын жанкешті батырлардың дұшпанының құтын қашырып, үрейін ұшырғаны туралы әңгімелер көп.
Енді Жалаңтөс Мәуреннахр жеріне қалай барып қалды дейтінге келсек, оның Ақсақ Темір тұсында өмір сүрген бабасы Ораз қажыны айтуға болады. Біздің тарихшылардың айтуы бойынша, Ораз қажы 1299-1385 жылдары өмір сүрген. Сырдың бойында оған Ақсақ Темір мешіт қыл деп 16 қанат ақ боз үй тіктіріп беріпті, содан ол жер Ақмешіттің ауылы атанған көрінеді. Бұл кейінгі Перовск, қазіргі Қызылорда. Сол Ораз қажы Нұратаға келіп, Сейіт қожадан шыққан Мүрсейіт Сейтжан хазіретке мүрид болыпты дейді. Мұнан Сыр бойы қазақтарының XIII ғасырдың өзінде Нұратаға келіп, Самарқанд маңын жайлағанын көреміз. Екінші мәселе, Ораз қажының Шығай ханға қатысты келуі. Шығай хан Сығанақ маңында Адақ дейтін жерде отырған кезде қырық мың үйлі найзагер алшынды соңына ертіп, Мәуреннахрға келген. Мәуреннахрдағы Шайбани әміршілер өз иеліктеріндегі жерлерді сыртқы шабуылдан қорғау үшін жауынгер алшын тайпаларын өздеріне шақырған. Сөйтіп, оларға ойып тұрып уәзипа жер береді. Самарқандтың маңайындағы Офарикент деген жерді Шығай мен Тәуекелге сыйға берген. Сыр бойын тастап келген Шығай Офарикентке қоныстанған кезде әскери шонжарларға үлес ретінде беретін жер есебінен Нұратаны Сейітқұл бастаған алшындарға беруі мүмкін. Осыдан соң Жалаңтөс әкесі Байқажыбиге (Сейітқұлға) еріп Дахбетке келіп, өздеріне берілген жерде тұрғанда өз кезіндегі сопылардың үлкені − қожа Хошими деген сопыға қол беріп, оны өзіне пір тұтады. Мұны өзбек ғалымы К.Каттаев «Махдуми Аъзам ва Дахбед» кітабында жазған. Сондықтан біз өзбектің нағыз маман тарихшыларының жазғандарына қарасақ, өзбек еліндегі алшындардың бір кезде Сыр бойынан келгендерін, Жалаңтөстің де солардан шыққанын көрсетіп тұрады. Бірақ кейінгі кезде әлдеқандай себептермен өзбек патриоттары мұндай деректерді елеп-ескермеуге айналды.
Соңғы дәуірде қазіргі Әйтеке би, Сейітқұл жерленген жерде XIII ғасырдан бері қазақтардың жерленгені Гүлнар Байжанованың зерттеулерінде анықталды. Сондықтан мұны назарда ұстауымыз керек. Бүгінгі Тауелібай қазақтары ол жерлерге өте ертеден қоныстанғаны дау тудырмаса керек. Сондай-ақ қарақалпақ еліндегі Топыраққала, Аязқала деген қалалардың атауы да қазаққа қатысты тарихи шындықты көрсетеді, яғни ол жерлерде қазақтар ежелден қоныстан, ғұмыр кешкенін танытады. Аязқала атауы ұлттық фольклорымыздағы Аязбидің құрметіне қойылғаны анық. Егер ол жерде Аязби отырмаса, ол туралы аңыз-ертегі қазақ ішіне қайдан келеді? Сондықтан біз айтқан жерлердегі өмір сүріп жатқан қазақтар өзбек елі үшін диаспора емес, өздерінің атакүлдігінде отырған халық екенін, соның ішінде кіші жүздің негізін құрайтын алшын тайпасының тамыр тартып отырған жері екенін мойындауымыз керек.
Ал енді Жалаңтөс мәселесіне қайта оралсақ, Сейітқұлды бір кезде Самарқанд маңындағы халыққа басшы қылыпты. Деректерде оның қарамағындағы халықтың ішінде 100 мың үйлі өзбек, 35 мың үйлі қарақалпақ, 40 мың үйлі алшын болғаны айтылады. Ал алшындардың әр отбасында орташа бес-алты жан болды дегеннің өзінде, олардың соны 300 мыңды төңіректейді. Қазіргі өзбек еліндегі Навои, Бұқара, Хорезм облыстарындағы, Қарақалпақ еліндегі қазақтардың негізінен кіші жүзге жататынын ескерсе, бүгінде Өзбекстандағы 2 миллионға шамалас қазақтардың қаншасының алшын екенін шамалауға болады. Демек, өзбек ағайындардың Жалаңтөсті «өзбектің алшын руынан шыққан» деуі шындықтан алыс, ол қазақтың алшын-кіші жүзінен шыққан.
Әйтеке би Самарқандта туып-өскенімен, оны Ұлықбектің медресесіне берген, ол атасы Жалаңтөстің жанында 12 жасқа дейін жүрген. Мұның бәрі дәлелденген нақты фактілер. Сондықтан өзбек ағайындардың бүгінде дау жоқ жерде дау тудырып жүргендеріне таңғаламын. Бұл даудың өршуі өзбектердің Жалаңтөс Баһадүр жайлы фильм түсіруіне байланысты ма деймін. Киногерлердің мақсаты осындай дау тудырып, қолдан әңгіме шығарып, көрермен жинаудың жолы болса керек. Киногерлер (олардың арасында өздеріміздікі де бар) тарихи шындықты белден басып, ойына келгенін сценарийге енгізе беретін болды. Сондықтан киногерлердің қитұрқысына алданбай, маман тарихшыларға иек сүйеп, өзбек, қазақ ғалымдарының нағыз ғылымға сүйенген пікірлеріне құлақ қою керек.