Жаңашыл басылым

Газет шығару жалқының емес, жалпының ісі. Aiqyn газетінің өт­ке­ні мен бүгіні, келешегі тікелей жур­налистердің, бет қаттаушылардың, өзге қыз­меткерлердің  еңбегіне байланысты еке­ні рас.

Жаңашыл басылым
сурет: Aiqyn редакциясының жеке мұрағатынан

Біз журналистік қызметімізді енді бастаған жылдары ақпарат айдынына «Айқын» газеті шыққан. Өзімізден бір курс төмен оқыған әріптес, ініміз Айхан Шәріптің осы газетке қызметке орналасқанын естігенде қызыға да, қызғана да қараған кездеріміз есте қалды. Қызығатын жөніміз бар еді. Өйткені басылым бірден жарқ ете қалды. Көңілге түрлі ой салатын сұхбаттарымен,  сапалы сараптамаларымен көзге бірден түскен-ді.

Біз ол кезде университетті енді ға­на бітірген жылдар еді. Ал­дың­ғы буын ағалар мен әпкелерге, қарымды журналистерге сүйсіне қарайтынбыз. Ал кілең мықтылар жиналған «Ай­қын­ға» оқуды бітіре сала Айханның жұ­мыс­қа орналасқанына кәдімгідей қуандық. Жас журналистерді қанаттандыратын оқи­ға болған-ды. Айхан басылымның Аста­надағы қосынында қызмет етті. Әлі сол «Айқыннан» табан аудармай еңбек етіп келеді. 20 жыл болды. Ол енді басқа әң­гіме.
2000-жылдардың басы қазақ газет­те­рі көп ашылған кезең ретінде есте қа­лыпты. Сарыжағал басылымдар да қап­тады, әдеттегі стереотиптерді  бұз­ған салмақты газеттер де аз болған жоқ. Отандық медиа тарихында өзіндік із қал­дырған талай газет-журналдың кейін жабылғанына да куәміз. Әлбетте, өкі­нішті жағдай. Алайда «Айқын» медиа на­рық­та «жайнаған туы» жығылмай ке­­ле жатқан санаулы қазақ басылым­да­рының бірі ретінде ғұмырын жалғас­ты­рып келеді. «Сары ауыз балапан» кезі­міз­де өзіміз қызыққан басылымға бас­шы­лық жасау біздің де маңдайымызға ж­азылыпты. Үлкен мәртебе һәм жауап­кер­шілік екенін түсінеміз. Алдыңғы буын ағалардың жолынан жаңылмау дей­тін қадірлі міндетіміз бар. Серік Жан­болат, Бауыржан Омаров, Нұртөре Жүсіп ағаларымыз басшылық жасаған кез­дегі «Айқынның» беделін түсірмеу, ин­тернет заманында, гаджеттер дәуі­рін­де қағазға басылатын газетті тар­тым­ды ету, оқырманның көңілінен шығу міндеті жүктелді бізге. 
Негізі, өз басым «Айқын» редак­ция­сына қызметке алғаш 2016 жылы келдім. Мамырдың соңы болуы ке­рек, бірде Facebook-тың мессенджері ар­қылы Нұртөре Жүсіп ағам хабар­лас­қан. Ол кезде редакция Алматыда, мен Аста­надамын. Ағам маған жұмыс ұсын­бақ екен. Жөнін айтты. «Сәл  ыңғайсыз, сон­да да болса сұрайын, қандай қыз­мет­ке шақырып отырсыз?», –дегенім бар. Сөйт­сем, өзіне орынбасарлыққа ша­қырмақ ниеті бар екен. Сырттай ұс­таз тұ­татын азаматтың тілегін қабыл­да­дық. Осылайша, «Айқынға» келгенбіз. Кейін газеттің Астанадағы қосынын бас­қар­дық. Одан соң өзге қызметке ауыс­тық, бір­ақ «Айқынға» бүйрегіміз бұ­рып тұра­тын. 2020 жылы сол кездегі бас редактор Нұрмұхамед Байғараның ша­қыруын қабыл алғанымыз бар. Осы­лайша, басы­лым­дағы қызметіміз қайта жалғасты.
Бұл газет біздің алдымыздағы буын үшін де, өзімізден кейінгі іні-қарын­дастарымыз үшін де көңіл тө­рінен орын алған басылым деп біле­мін. Рас, газет ашылған жылдары интер­нет кең тарамаған еді. Әлеуметтік же­лі­лер мен мессенджерлер жоқ болатын. Оқыр­манның газет-журнал, кітап оқу дағ­дысы азаймаған, заманауи құрал­дар­дың сансыз ақпараты санаға шабуыл жасауға қауқарлы бола қоймаған дәуірі еді. Басылымда өткір мәселелердің кө­терілуі, бұқараның  мұң-мұқтажын дөп басатын мақалалардың жарық көруі оқыр­манның көңілінен шығатын. Та­ным­дық дүниелер де мол еді. Кейін күл­лі әлемдегі медиатрендтерден қа­лыс­пай біз де заманауи технологиямен бәсекеге түстік. Өзімізден бұрын қыз­мет істеген әріптестердің игі ісін жал­ғас­тыруға барымызды салып келеміз. 
Газеттегі сараптамалық мате­риал­дарды көбейту, әлеуметтік желілердегі па­рақшаларын жетілдіру біздің буынға жүктелген міндет. Бізден бұрынғы бас ре­дактор Нұрмұхамед Байғара тәуір бас­тамалар көтерді. Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінде Aiqyn-ның аудиториясын ашуға мұрындық болды. Редакцияда конвергентті жур­на­лис­тика элементтерін жетілдіруге көңіл бөл­ді. Жазылушылар санының кемі­меуі­не мүдделі болдық. Сөйтіп, 20 жыл­дық тарихы бар басылымды заман кө­шінен қалдырмауға барымызды салып келеміз.
Әлбетте, ешқашан жалғыздың үні шық­қан емес. Газет шығару жалқының емес, жалпының ісі. Aiqyn газетінің өт­ке­ні мен бүгіні, келешегі тікелей жур­налистердің, бет қаттаушылардың, өзге қыз­меткерлердің  еңбегіне байланысты еке­ні рас. «Айқын-Литер» ЖШС ди­рек­торы Талғат Ешенұлының мол тәжі­ри­бесі мен білім-білігі басылым бола­ша­ғын айқындай түсуге де ықпал етіп отыр­ғанын да атап өту керек. Оның қа­зақ баспасөзіне жаңашылдық енгізе біл­ген тәжірибесі редакция жұмысын же­тілдіре түсуге өз әсерін тигізіп жатыр. Ұжым қызметкерлері Гүлзина Бектас, Бо­тагөз Икрамова, Елдар Қаба, Бауыр­жан Сабырбек, Наурызбек Сарша, Нұр­лан Оразғалиев, Айдана Нұрмұхан, Бер­дібек Қабай, Кәмила Дүйсенова қа­тарлы әріптестердің еңбегі де айы­рық­ша. Сол себепті Aiqyn алдағы жылдарда да өз биігінде қалады деп сенемін.
Әдетте, оқырман газет-журнал шы­ғару ісі журналистердің қа­жыр­лы еңбегі мен редакция ұстанған сая­сатқа тікелей байланысты екенін бі­леді. Дегенмен газет құрылтай­шы­лары­ның қолдауы, ұстанған ақпараттық сая­саты да басылымның медиа нарық­тағы орнын анықтайды. Aiqyn-ның ақ­парат айдынынан жағалауға шығып қал­мауына мүдделілік танытып отыр­ған  «AMANAT» партиясының, NurMedia хол­дингінің қолдауы басылымның өмір­шеңдігіне тікелей әсер ететінін жоқ­қа шығармау керек. Бұл ұстаным ел­дің ақпараттық қауіпсіздігін сақтауға мемлекеттің ерекше назар аударып отыр­ғанын көрсетеді. Ал Aiqyn медиа кеңістікте Қазақ елінің ақпараттық  қауіп­сіздігінің сақталуына өзіндік үле­сін қосып келе жатқан басылым. Ол са­на­ға талас жүріп жатқан ақпараттық май­данда алғы шепте қала береді. 
                                                                   

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ