Бүгін – Алғыс айту күні

Алғыс айту күні – бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке.

Бүгін – Алғыс айту күні
Алғыс айту күні. Фото: assembly.kz
942

1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні деп жарияланған.

Алғыс айту күні – бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке. Бұл кең құшақ құрмет – еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне, халқымыз үшін айтулы ізгі дәстүрге айналды.

Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Жалпы, бұл күн қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш пен қайғыны қатар бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын сәті.

2016 жылы 14 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз – Алғыс айту күні деп жарияланғаны туралы жарлыққа қол қойды. Дәл осы 1 наурыз күні 1995 жылы елімізде Қазақстан халқы Асссамблеясы құрылған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 22 сәуірінде Ассамблеяның XXII сессиясында Алғыс айту күнін белгілеуге не түрткі болғанын айтқан болатын.

«Сталиндік режім кезінде Қазақстанға көптеген халықтар жер аударылды - 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары көшіп келуге мәжбүр болды. Оларды пойыз вагондарынан жапан далаға түсіріп кетті. Ол кездері мұнда тек қазақтар өмір сүрді. Сондықтан, олар қабыл алып, көмек көрсетті. Қиын уақыттарды бастан өткеріп жүрген қазақ отбасылары балшық үйлеріне кіргізіп, қабылдады. Біздің жанұямыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыны қабылдады. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірімділік көрсететін, түрлі халықтарды туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні деп атап өткен дұрыс болар еді. Бұл бізді одан әрі жақындастырар еді. Бұл күн барлық қазақстандықтардың бір-біріне мейірімділік, достастық және махаббат таныту мерекесі бола алады», - деген еді ҚР Тұңғыш Президенті.

Серіктес жаңалықтары