Ораза ұстауға қалай ниет етіледі?

Ораза дұрыс болуының басты шарты – ниет ету.

Ораза ұстауға қалай ниет етіледі?
Ораза. Фото: pixabay
2730

Мұсылман қауымы үшін қасиетті болып саналатын, ерекше мол сауап пен мүмкіндіктер беретін қасиетті Рамазан айы биылғы жылдың 11 наурызына түсіп тұр. Ораза дұрыс болуының басты шарты – ниет ету. Оразаға күн батқаннан бастап, таң атқанға дейінгі уақыттарда ниет ету абзал. Төменде осыған қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап ұсынамыз:

Рамазан оразасына ниет етудің үкімі мен уақыты бар ма?

Оразаның кез келген түрі үшін ниет ету шарт. Құранда «Бәйинә» сүресінің 5-аятында: «Оларға да хақ дінді шын көңілден толық қабылдап, «таухид» сенімімен бір Аллаға риясыз құлшылық ету, намазды кемеліне келтіріп, ақсатпай уақытылы оқу және зекеттерін толық өтеу бұйырылған еді», - делінген.

Рамазан оразасына ниет ету ақшам намазынан басталып, ораза ұстайтын күннің таң уақыты кіргенге дейін жалғасады. Ал сәресі уақытында ниет етпей ұйықтап қалған жағдайда, таңертең еш нәрсе ішіп-жемеген болса, түске дейін ниет етуіне болады. Десе де, ең дұрысы түнде және сәресі уақытында ниет ету.

Рамазан оразасының әр күніне бөлек ниет ету шарт па, әлде айдың басында ниет ету жеткілікті бола ма?

Оразаның әрбір күні өз алдына бөлек ғибадат. Сондықтан әр күнге жеке ниет ету шарт болып саналады. Фиқһ ғалымдары бір күннің оразасын бұзу басқа күндердің оразасын бұзбайтынын айта отырып, Рамазан оразасының әр күніне жеке-жеке ниет ету қажет деген тұжырымға тоқтаған.

Ораза ұстауға қалай ниет етіледі?

Оразаға былай ниет етіледі: «Нәуәйту ән асумә саумә шаһри рамаданә минәл фәжри иләл мәғриби халисан лилләһи таъалә».

 Мағынасы: «Алланың разылығы үшін рамазан айының оразасын таңнан кешке дейін ұстауға ниет еттім».

Серіктес жаңалықтары