Елордада қоғамдық көліктерде жолақыны төлеудің тағы бір ыңғайлы әдісі ұсынылды, деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Бұл – «Avtobys» мобильді қосымшасымен жолақыны автобустың борт (гараждық) нөмірі арқылы төлеу.
Бұл тәсіл несімен ыңғайлы?
-QR-кодты сканерлемей-ақ, қашықтан көлік кодын енгізу арқылы төлем жасау;
-Жақындарыңыздың Сіз үшін қашықтан төлем жасап беру мүмкіндігі бар, яғни ол үшін көлік кодын айтсаңыз болды.
-Жақындарыңыз төлем жасап, Сізге электрондық билетті мессенджер арқылы жібере алады.
Автобустың борт нөмірі арқылы төлеу үшін:
-«Avtobys» мобильді қосымшасында «Борт нөмірі» бөліміне өтіңіз;
-Автобустағы QR-код жапсырмасының үстінде немесе валидаторында көрсетілген нөмірді енгізіңіз;
-Төлем жасау тәсілін таңдаңыз;
-Төлемді растаңыз.
Бұл жерде төлем «Avtobys» қосымшасының теңгерімінен немесе банк картасынан (банк картасы қосымшаға тіркелген болса) алынады.
Қосымшаның теңгерімін QIWI, kassa24 төлем терминалдары, интернет-банкингтер арқылы толтыруға болады.
Осылайша, елорданың қоғамдық көлігінде жолақыны көлік картасымен, QR-код сканерлеу, «Avtobys» мобильді қосымшасында Bluetooth және автобустың борт нөмірін енгізу арқылы екінші деңгейлі банктердің картасымен төлеуге болады.