Қазақстандықтардың жеке деректерін сатпақ болған хакер сотталды
Ол 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Ел азаматтарының жеке дерегін заңсыз алған ер адамға үкім шықты. Бұл туралы turkystan.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Қылмыстық кодекстің 147-бабы 3, 4-бөліктері, 205-бабы 2-бөлігі және 208-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасауда кінәлі деп танылған Қазақстан азаматына қатысты Ақтау қаласы сотының үкімі заңды күшіне енді.
Ол 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
«Сотталған елдің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының маңызды нысандары болып табылатын мемлекеттік ақпарат жүйелеріне заңсыз қол жеткізуді жүзеге асырғаны тергеумен анықталды», – делінген хабарламада.
Фигуранттың ақшалай сыйақыға одан әрі үшінші адамдарға беру үшін ҚР азаматтарының жеке деректерін заңсыз алу фактісі толық дәлелденді.