Аймақтық журналистиканың жампозы

Жас айырмамыз үш-ақ жыл де­генге сенбей отырмын. «Пай­ғам­­бар жасына жеткенімді жа­қын жандарым атап өткелі жа­тыр, соған ар­найы шақырамын» деген­ді сымсыз телефон арқылы жеткізгенде, шынымен солай ма, ара жасымыз үш-ақ жыл болғаны ма деп қайран қалдым...

Аймақтық журналистиканың жампозы
turkystan.kz

Өткен ғасырдың сонау сексен ал­­тын­шы жылының жазында сол уақыт­тағы С.Киров атындағы Қаз­МУ-дың Журналистика факульте­тінде бірінші курстан кейін отан алдындағы әскери борышымды өтеп қайтқан себепті оқу тәжірибеден өту үшін туған жерім – сол ке­здегі Леңгір ауданының «Ильич жолы» га­зетіне (қазіргі Түркістан облысы, Тө­ле­би ауданының «Төлеби туы» басы­лы­мы­на) жолдама алғаным есімде. Серік­қа­ли ағамен сонда таныс­тым. Қаламы әб­ден төселген, тісқаққан журналист болып көрінгендіктен, жас арамыз небәрі үш-ақ жыл екенін онда қайдан білейін? Ондаған жыл тәжірибесі бар май­талман маман деп қабылдаған­мын іш­тей. Бар білген-түйгенін ерінбей-жа­лықпай үйреткен себепті ұстаз бен шә­кірттей үлкен сыйластық орнаған еді ара­мызда сол кезден. Одан бері отыз се­­гіз жылдай уақыт өте шығыпты. Осы мез­гіл ішінде сыйластығымыз арта түс­песе, бір мысқал кемімегені көпке аян. Оған екі жағдай себеп болыпты.
Әкем Өмірбайдың Екінші дүние­жүзі­лік соғыстың батыры Һәм еңбек ар­дагері екенін елге танытуға ерен ең­бегі сіңіргені ақ қағаз бен қара қаламға адал­дығы деп білемін. Әкемді ғана емес, ел ішінде қарапайым ғана өмір сүрген әкем секілді қаһарман қазақтардың ер­лігін елі білсін, өнегелі өмірін жастар үлгі тұтсын деген биік мақсатпен жазған туын­дылары үшін құрмет тұтамын. «Елім деп өткен ер еді», «Ел ардақтысы Ел­тай», «Өмірмен өзектес», «Халқының адал перзенті», «Жауынгер рухты Жан­гел­ді» кітаптарына енген портретті очерк­тері мен деректі шығармалары – жас ұрпақты елдік рухта тәрбиелеудің таптырмас құралы, алтыннан қымбат құнды мұра деп бағалаймын. Әкелерінің қаһармандық істері туралы ұрпақтары жазса, мақтанғандық болып көрінетіні хақ. Ал оны оларға туыстық қатысы жоқ журналист орындаса, оқырман орынды қабылдайтыны әмбеге аян. Осы жағы­нан келгенде, Секең рухты әкелеріміздің ерлігі мен өрлігінің жылнамашысы қыз­метін абыроймен атқарғаны көңіл тө­рімізден орын алады. Әкем жарық­тықтың: «Серікқали да – менің бір ұлым. Өмір дастанымды ертеңгі ұрпаққа жа­зып қалдырып жатқан ерен еңбегі ғұ­мырымды жалғайтын ұрпағымдай өмі­­­рімді ұзартатындықтан солай баға­лай­мын. Көп жаса! Өркенің өссін, айна­лайын!», – деп ел алдында ақ батасын бергеніне көп куә.
Мектепті «Алтын белгімен» бітір­ген кен­же ұлы Сағымды «Әке жолын жал­ғай­тын ұлым, осы!» деп, Ас­тан­адағы маңдайалды оқу орны – Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналис­ти­ка және саясаттану факультетіне алып келді. Әкесіне тартқан ұлды құшақ жая қарсы алып, алтын баланы оқуға қуана қабылдадық. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Сағымымыз әке жолын қууға лайық бала екенін дәлелдеп берді. Оның үстіне, анасы мектептің үздік мұғалімі болғандықтан тәрбиелі бала ұстаздар көңілінен шықты. Алдымен, бакалавриатты «қызыл дипломмен» тәмамдап, одан кейін магистратураны үздік аяқтады. Оқып жүріп, сабақтан тыс уақытта газет-журнал жұмысына белсене араласты. Магистратурада жүр­генде, тіпті мектеп мұғалімдеріне ар­налған журнал шығарып, редакторлық қызмет атқарғаны есімде қалыпты. Қазір туған жер төрінде журналистік қызметті ұршықша үйіріп, ерен еңбек етіп жатқанын естіп, әке арманын орындап жатқанына дән ризамыз.
Журналистикаға тәй-тәй басып, алғаш қадам жасағанда, жас айыр­мамыз он жылдай болып көрінгені Се­рікқали Мәтқалиұлының кәсіби тә­жіри­бесінің мол болуына байланысты екен ғой деп түйдім, қазір ойланып оты­­­­рып. Аудандық газет нағыз журна­лис­тік шеберлікті шыңдайтын бұқара­лық ақпарат құралы десем, әсіре айтқан­дық болмас. Аптасына төрт-бес рет шығатын газет (ол кезде солай болатын) егін орған комбайндай материалды жапыра жалмап жатады, оны ақпарат­пен толассыз қамтамасыз ету қиямет қайым. Редакциядағы саусақпен санар­лық журналист күні-түні тынбай жазу­мен айналыспаса, газет тоқтап қалады. Күніне бірнеше материал беру қалыпты жағдай. Күндіз іссапарға шықса, түнімен жазып, таңертең көлдей туындыны бас редактордың алдына қою – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап. Ұшқыр жазу, же­­дел ойыңды қағазға түсіру, ырғалып-жыр­ғалып жүруді уақыт көтермей­тін­дік­тен, тапсырманы тез орындау, кез кел­­­­ген жағдайда қапы қалмай, керек ақ­паратты суырып алу – сөз жоқ, ше­бер­лікке баулитын қасиеттер. Секеңнің бойы­нан сол кездің өзінде осы қасиет­терді көріп, тәжірибесі мол майталман маман деп қабылдағанымыз сондықтан бол­са керек. Осындай қарбаласы көп га­зетте тапжылмай жиырма жыл қыз­мет етуін ерлікпен пара-пар іс деп ба­ға­ла­сақ болғандай. 1983 жылы ҚазМУ-дың Журналистика факультетін тә­мам­да­ғаннан кейін арнайы жолдамамен ту­ған жерге оралып, аудандық «Төлеби туы» газетінде, алдымен аудармашы, одан тілші, аға тілші, жауапты хат­шы­ның орынбасары, бөлім меңгерушісі, жауап­ты хатшы болып қызмет етуі на­ғыз журналистке тән ерік-жігер, қажыр-қайрат иесі екенін паш етіп тұрған өмір дерегі деп бағалаймыз.
Қазіргі Түркістан облысында жур­на­лист Жексенбаевтың мықтылығын мойын­­дамайтын журналшы жоқ екені – туған жер, оңтүстік өңіріне сіңірген ерен ең­бегінің өтемі. 2007 жылдан бері «Оң­түс­тік Қазақстан» газетінде еңбек етіп, сек­тор жетекшісінен бөлім меңгеру­ші­сіне дейін көтерілуі – болдым-толдым де­мей, үздіксіз ізденісте жүретінінің же­місі. Бүгінде облыстық бас басы­лым­ның «Әлеумет» бөлімін басқарып, күр­меуі қиын саланың ұршығын иіріп оты­руы да бекер емес. Ардагер жур­на­лист­ке деген ел сенімінің жоғары еке­нін, әріптестері арасында биік бедел ие­сі екенін тапжылмай танытады. 
40 жылдық журналистік ерен еңбегі жер­­лестері тарапынан ескерусіз қал­ма­ған­ы – елім деген ерге ел құрметі. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облы­сының «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» ме­далімен марапатталуы, 2018 жылы «Тө­леби ауданының құрметті азаматы» ата­ғын иеленуі сол жайынан сыр шер­те­ді. 2015 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысының үздік журналисі», 2019 жылы Қазақстан Журналистер ода­ғы­ның «Қазақ журналистикасының қай­­­рат­кері», 2022 жылы Түркістан об­лыс­тық Қоғамдық даму басқармасының «Ақ­парат саласының майталманы» атақ­тарына ие болуы, ал 2023 жылы Ақ­парат және қоғамдық даму министр­лігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталуы – аймақтық жур­налистика жампозы екенінің жар­қын көрінісі. 

Қайрат САҚ, 
Лев Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану 
факультетінің деканы, 
алаштанушы