Бір үйден шыққан үш чемпион

«Балаларын қай спорт секциясына апарарын білмей жүрген ата-аналарға айтарым – қысқы спорт түрлерімен айналыссын. Қазақстанда қысқы спорт түрінен перспектива бар.

Бір үйден шыққан үш чемпион
turkystan.kz
3567

Бұған дейін апалы-сіңлілі Шүмековалар туралы көпшілік біле бермейтін. Кейінгі кезде бір үйден шыққан үш чемпион туралы орыс­тілді БАҚ жарыса жазуды қолға алды. Крис­тина мен оның егізі Алина және олардың әп­келері Инесса – әлемдік аренада ел намысын абы­­роймен қорғап жүрген коньки тебушілер. Қазір ересектер құрамасында сынға түсіп жүрген Инесса – әлем Кубогінің бірнеше дүр­кін жеңімпазы әрі жүлдегері. Оның өкшесін басқан сіңлілері Кристина мен Алина да қара жаяу емес. Қазақстан чемпион­дары деген ата­ғы бар, әлем Кубогінде де үздік үштікке ілін­ген. Кристина жуырда Канвонда (Оңтүстік Ко­рея) өткен Жасөспірімдер Олим­пиада­сы­ның ашылу салтанатында шорт-трекші Ерасыл Шыңғысханмен бірге Көк туы­мызды ұстап шығуға лайық атлет деп таныл­ды. Ал 4 күн бұрын Алина екеуі Жапо­ния­да өткен жасөс­пірімдер арасындағы әлем чем­пионатында ко­мандалық спринтте екі бірдей жүлдені қан­жығаға байлады. Бола­шағын бірдей спорт түрімен байланыстырып, ел қоржынына бірі­нің соңынан бірі жүлде салып, жасындай жар­қырап жүрген апалы-сіңлілердің өмір жо­лы кімді болса да қызық­тыратыны анық. Сол үшін Кристинаға хабарласып, аз-кем әңгі­мелескен едік.

Үшеуіміз коньки тебуден басқа спортты тіпті ойға да алмадық

Жазғы Олимпиада сайын алтынсыз қайтпайтынына сенімді елдегі спорт сүйер қауым алтыннан басқа медальды мойындағысы жоқ екені бесенеден белгілі. Ел тарихында ең сәтсіз Олимпиада атанған, қола «жауған» Токио Олимпиадасынан соң, елдегі спортты дамыту жүйесін сынамаған адам болмаған шығар, сірә. Алайда Қысқы Олимпиадаға қатысатын атлеттерге қойылатын талап пен жауапкершілік жүгі мұншалық ауыр емес. Кемі қола жүлде алса болғаны, бөркімізді аспанға лақтырамыз. 2022 жылы Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында шорт-трекші Абзал Әжғалиевтің 4-орынға табан тіреуін тарихи жеңіске балап, атой салғанымыз көпшіліктің есінде болар. Тіпті, ел Президенті Абзалды бұл жоғары көрсеткішімен құттықтап, жеделхат жолдаған болатын. Жүлдеге ілінбесе де чемпионға лайық құрмет көрсеткен қазақстандықтардың мақтауына масаймаған Абзал әлеуметтік желідегі жеке парақшасында ел спортындағы бірсыпыра мәселелерді жайып салған еді. Абзалдан бөлек, қос Олимпиаданың нәтижесі талқыға салынған Щучинскідегі үлкен отырыста да министрлік өкілдері мен жауапты тұлғалар біраз мәселенің бетін ашқан болатын. Сол кезде көп маман, бұқаралық спорт, соның ішінде кенже қалған, насихаты төмен спорт деп қысқы спорт түрін атап, бұған себеп спорт кешендерінің аздығы екенін тілге тиек еткен еді. 
Коньки тебу үлкен аренада жаттығуды қажет ететін күрделі спорт түрі деп есептесек, қыстыгүні ауылда қолдан жасалған мұз айдыны немесе өзен-көл бетінде коньки теуіп жүрген баладан кәсіби спортшы шықпайтындай көрінеді. Жалпы, ауылда коньки тебумен кәсіби түрде айналысу мүмкін емес секілді көрінетін. Алайда апалы-сіңлілі Шүмековалардың жүріп өткен жолын бағамдаған соң, бұл ойымыздың қате екенін ұққандай болдық.

«Біз Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты Повозочное ауылында туып-өстік», – деп бастады әңгімесін Кристина. «Әкеміз – қазақ, анамыз – орыс. Үйде үш қызбыз және бір інім бар. Ол әлі кішкентай, мектепте оқиды. Ал біз үшеуіміз – кәсіби спортшымыз. Алина – менің егізім. 17 жастамыз. Анамыз мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Сондықтан біз бала кезден волейбол, баскетбол, коньки тебу секілді түрлі секцияға баратынбыз. Коньки тебумен айналысатын кәсіби алаң болған жоқ, десе де хоккей ойнауға арналған «қорапта» жаттығатынбыз. Әпкеміз Инесса бала кезден бұл спортқа ерекше ден қойған соң, алдымен аудандық сайысқа іріктеліп өтті, сосын облыстық жарыста топ жарып, ондағы бапкерлердің көзіне түсті. Сосын ол бапкерлер оны қалаға қоныс аударып, осында жаттығуға шақырды. Сөйтіп, ол ауылдан Петропавлдегі спорт-интернатқа көшіп кетті. Ол кезде біз 4-сыныпта оқитын едік. Сол кезде біз де көзіміз жанып, ынтамыз арта түсті. Әпкеміз сүйікті ісіңе көп көңіл бөлсең, көп ұзамай кәсібилер қатарына қосылатынын дәлелдеп берді. Сондықтан біз де қатарластарымыздан бір бас жоғары жаттығып, әпкеміз салған жолдың «рельсіне» түсуге талпындық. Үш жылдан соң, біз де сол интернатқа оқуға түстік. Сөйтіп, кілең сен тұр, мен атайын атлеттердің арасына топ етіп, коньки тебу спортымен кәсіби түрде шұғылдана бастадық. Осылайша, Алина екеуіміздің спорттағы өз «саяхатымыз» басталды», – дейді Кристина облыс орталығына көшіп келген күнін еске алып.
Алдымен әпкесі Инессаны, ізінше егізі Алина екеуінің ауылдағы қара шаңырақтан қаладағы интернатқа көшуіне ата-анасының көзқарасы қалай болғаны бізге қызық болды.
«Алғашында ата-анадан жырақ өмір сүру қиынға соққаны рас. Біз ауылдан бірінші рет ұзақ уақытқа кетіп тұрмыз. Бұрын жарыс біткен соң, бірден ауылға оралатынбыз. Алинаны білмеймін, бірақ маған бастапқыда интернатта тұру оңай болмады. Ара-тұра жылап алатынмын. Бірақ кейін бойым үйреніп кетті. Бауырларым қасымда болған соң, сағынышқа бой алдырмауға тырыстым. Біз облысқа келген кезде әпкем Инесса жоғары деңгейге өтіп жатқан болатын. Сосын ол ұлттық құрама сапына өтті. Облыста бірге көп жаттыға алмадық. Содан соң Алина екеуіміз жасөспірімдер құрамасына қабылдандық. Осы жазда Инессамен бір командада жаттықтық. Үшеуіміз бір командада жаттыққан керемет екен! Бәрі оңай өте ме, қалай?! Бір-бірімізді қолдап, демеп жүрдік. Жаттығу жиыны өте жақсы өтті», – дейді Кристина қуанышты үнмен.
«Ал үшеуіңіз неліктен бірдей спорт түрін таңдадыңыздар? Басқа таңдау болмады ма?» деген сұрағымызға Кристина «Коньки тебуден басқа спортты тіпті ойға да алмадық. Басқасына еш қызықпадық. Солай болуға тиіс секілді көрінгендей болды», – деп жауап берді. «Біле білсеңіз, коньки тебу спорты – өте әдемі спорт. Техникасы. Жылдамдық қарқыны. Азарт. Бәсекелестік. Бәрі-бәрі ұнайды», – деп сөзін жалғады Кристина.

Егізім екеуіміз ес білгелі бәсекелеспіз

Психологтар егіздерде басқа балаларға қарағанда бәсекелестік басымырақ болатынын, тіпті жатырда басталатынын айтады. Ал бәсеке болмай, бәйге жоқ бірдей спорт түрін таңдаған Кристина мен Алинаның арасындағы бәсеке көркі әркез қыза түсетіні айтпаса да түсінікті.
«Әлбетте, егізім екеуіміз ес білгелі бері бәсекелеспіз. Жасымыз кішкентай болғанда бір-бірімізді көп ренжітетінбіз. Жүрегімізге жақын қабылдап, жылайтынбыз. Ал қазір есейе келе, ашуға берілмей, алдымен саралап, сараптап көруді үйреніп келеміз. Жарыста түрлі нәтиже көрсетсек, біреуіміз физикалық тұрғыда жақсы қалыпта болғанымызды, ал екіншіміз бабымызда болмағанымызды жете түсінеміз. Кемшін кеткен тұстарды бір-бірімізге айтып, талқылаймыз. Ал бұрынғыдай ұрысу, көпке дейін өкпелеп жүріп алу секілді әдет жоқ», – дейді Кристина.
«Айтпақшы, Алина екеуімізді кейбіреулер қатты ұқсатса, енді біреулер мүлде ұқсамайсыңдар дейді. Алина – ер мінезді қыз, бірбеткей. Жалпы, табандылық, қажырлылық – екеуіміздің қанымызда бар қасиет. Мені Канвонда өткен Жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстанның Туын көтеруге лайық деп тануы сол қажырлылықтың арқасы шығар. Ашылу салтанатында Туды көтеріп келе жатқанымызда, біздің елді әлемге таныстыру мүмкіндігін иеленгенім үшін қатты қуандым. Бойымды мақтаныш кернеді. Қазақстаннан екенімді мақтан тұттым. Ұмытылмас әсер алдым. Ол Олимпиадада жаман өнер көрсеттім дей алмаймын. 7-орынға табан тіредім. Ел намысын қорғауға барымды салдым. Ендігі меже – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бақ сынау. Сол үшін қазір Жапонияда жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз», – дейді Кристина алдағы жарыстың маңызын атап өтіп.

Біз Кристинаға хабарласқанымызда, Жапонияның Хатинохе қаласында өтетін әлем чемпионатының басталуына 3 күн қалған болатын. 4 күн бұрын Қазақстан қыздар құрамасы әлемнің 20 елінен 130 спортшы қатысқан бұл байрақты додада 1 күміс, 1 қола медальды иеленді. Мария Деген, Алина Шумекова және Кристина Шүмекова үшеуі із кесу бәсекесінде үздік үштіктен көрінсе, артынша спринттік бәсекеде Дарья Гаврилова, Алина Шүмекова және Кристина Шүмекова бастаған ел құрамасы Нидерланды командасын алға жіберіп, күміс жүлдені еншіледі. Сайыс біткен күні Кристинаны бұл елеулі жетістігімен құттықтап, тағы хабарластық.
«Біз бұл екі сайысқа көп дайындалдық. Бар күшімізді сарп еттік. Екеуінде жеңіс тұғырына көтерілгенде, қуанышымызда шек болмады. Біз үшін бұл – ең жоғары деңгей. Межені көтеріп тастадық. Сол деңгей, сол межеге лайық өнер көрсеттік деп ойлаймын. Осы ретте жеке бапкерімізге және құрама бапкерлеріне шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Біздің жеңісіміз – олардың жеңісі. Олар бізді жарысқа баптап шығару үшін тынбай еңбектеніп, бар уақытын бізге арнады», – дейді Кристина қуанышын жасыра алмай. 
Сондай-ақ ол осындай жанашыр бапкерлер мен мемлекет қолдауының арқасында қысқы спорт түрінің болашағы зор екенін айтады. «Балаларын қай спорт секциясына апарарын білмей жүрген ата-аналарға айтарым – қысқы спорт түрлерімен айналыссын. Қазақстанда қысқы спорт түрінен перспектива бар. Бізде қысқы спорт түрі қарқынды дамып келеді. Осы спорттың басы-қасында жүрген атлет ретінде, жақсы жұмыс істеліп жатыр деп толығымен айта аламын. Біз, жасөспірімдерден бөлек, ересектер де ел мерейін асырып жүр. Жуырда Әлем кубогінде қызған мықты бәсекеде Қазақстан құрамасы үшінші орын иеленді. Әпкеміз Инессаның да сол жүлдеге қосқан үлесі бар. Ол да сол құрама сапында өнер көрсетті. Әпкеміз біз үшін жол көрсететін шамшырақ іспетті. Оны сондай мақтан тұтамыз», – дейді Кристина әпкесін ерекше жақсы көретінін айтып.
Биылдан бастап ересектер сапында өнер көрсетіп жүрген Инесса Кристина мен Алина секілді жасөспірімдер құрамасында көшбасшы болған мықты спортшы. Былтыр 2-3 желтоқсан аралығында Италияның Базельга-ди-Пине қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогінде алтын жүлдені иеленсе, араға бір апта салып тағы сол Италияның Коллабо қаласында өткен екінші кубоктық жарыста тағы қарсылас шақ келтірмеді. Ал 10 күн бұрын Квебекте (Канада) өткен Әлем кубогінде командалық спринтте Нидерланды, Польша командасын алға жіберіп, үшінші орынды місе тұтты.
Инессаның екі ай бұрын ғана жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогінде өнер көрсеткенін ескерсек, алдағы жылда ағайынды бұл үшеу ересектер құрамасында бір-біріне бәсекелес атанатыны анық. Бәлкім, бапкерлер командалық спринтте ел намысын қорғауды үшеуіне тапсырар.
«Иә, басында екеуіміз жарысатын едік, енді үшеуіміз бәсекелес боламыз. Алайда біз үшін бұл – қалыпты жағдай. Спорттан тыс уақытта бір-бірімізге туыспыз, бауырмыз. Алайда, сайысқа араласқан кезде әркім өзі үшін тырысады. Индивидпіз. Жеке атлетпіз. Десе де, жеңсек те, жеңілсек те, бір-бірімізді қолдап, жылы сөздерімізді аямаймыз. Жарыс алдында да бір-бірімізді қамшылаймыз», – дейді Кристина маңызды сәттерде бауырларыңның қолдауы қатты көмектесетінін айтып. «Алыста отырған әкем мен анам да бізді бөліп-жармайды. Ортақ чатқа жазып, жарыс алдында «Іске сәт, қыздарым!» деп тақымын қысып отырады», – дейді Кристина сөз соңында.

P.S. 

Мақаламызды Олимпиададан бекер бастағанымыз жоқ. Себебі соңғы үш айда ел қоржынына бірнеше жүлде түсірген апалы-сіңлі Шүмековалар мынадай қарқынмен Қысқы Олимпиада ойындарынан бір-ақ шығатыны айдан анық. Жалпы, егіздер арасындағы ерекше байланыс пен бәсеке биік шыңға жетелемей қоймайтынын дәлелдеп жүрген спортшылар жетерлік. Алдағы уақытта Дина мен Арина Авериналар (көркем гиманстика), Хенрик и Даниэль Сединалар (хоккей), Боб пен Майк Брайандар (теннис), Мишель мен Роналд Мюлдерлер (коньки тебу) секілді Олимпиадада талай рет атой салған егіздердің қатарына Шүмековаларды да қосып жазамыз деген сенімдеміз.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары