Алматыда бірнеше автобус соқтығысты: зардап шеккендер бар (ВИДЕО)

Жол апаты бүгін сағат 09:00 шамасында Райымбек даңғылында болды.

Алматыда бірнеше автобус соқтығысты: зардап шеккендер бар (ВИДЕО)
видеодан алынған кадр

Алматыда үш автобус пен жеңіл машина соқтығысты. Әлеуметтік желіде оқиға орынан видео тарады. Онда полиция қызметкерінің бір адамды көтеріп алғанын және автобустан жолаушылардың түсіп жатқанын көруге болады.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 13 ақпанда сағат 09:00 шамасында Райымбек даңғылында болды.

«Райымбек даңғылымен келе жатқан №54-бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі алдында қозғалып бара жатқан №133-бағыттағы автобуспен және Nexia маркалы машинамен соқтығысқан. Осы кезде 133-ші автобус инерция салдарынан сол бағытта келе жатқан №88-ші қоғамдық көлікке соғылды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді», - деп хабарлады полициядан.

Ведомствоның ақпаратынша, жол апатына ұшыраған үш қоғамдық көлік жеке тасымалдаушыларға тиесілі.

«Жол -көлік оқиғасына қатысты деректі Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеріп жатыр. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінен.