Air Astana-дан үлес алдыңыз ба?

Лондон биржасы  LSE-дегі сауда-саттық 14 ақпанда, ал AIX және KASE-дегі сауда-саттық 15 ақпанда басталады.

Air Astana-дан үлес алдыңыз ба?
Сурет: Компанияның баспасөз қызметі
1218

Air Astana ақыры IPO-ға шықты. KASE дерегіне сүйенсек, екі елге  тел компания 141 миллион акциясын, барлық құнды қағазының 46 пайызын үш биржаға шығаруға ниетті. Яғни, еліміздегі ең ірі әуекомпаниядан ел азаматтары, жеке инвесторлар да, шетелдіктер де үлес ала алады. Ал «Самұрық-Қазына» Air Astana капиталындағы өз үлесін шамамен 10 пайызға қысқартатынын мәлімдеді.

Көптен күткен ұлы той – бұл Air Astana ғана емес, жалпы қор нарығын­дағы маңызды оқиға. 2012 жылдан бері түрлі белгілі-белгісіз, негізді-негізсіз себептерге байланысты созбалаңға салынып келген науқанның «боладысы» қызық болғаны, әрине, түсінікті. Оған қоса, өз нарығындағы монопо­ли­яға ай­налған компаниядан халықтың үлес алуына мүм­кіндік туып отыр. Сон­дықтан құнды қағаз­дар­дың бағасы қандай болмақ, қалай саудаланады жә­не басқа да мәселелерге жөн көрдік. 

141 миллион акция сатылымға шығады

Air Astana IPO өткізуді 14 ақпанға жоспарлап отыр. Лондон биржасы  LSE-дегі сауда-саттық 14 ақпанда, ал AIX және KASE-дегі сауда-саттық 15 ақпанда басталады. 
Қазақстан қор биржасының мәліметіне сүйенсек, IPO-да шамамен 141 миллион жай акция немесе қолданыстағы қағаздардың жартысына жуығы саудаланады. Сондай-ақ компания барлық соманың кемінде төрттен бір бөлігі қосымша эмиссия болатынын нақтылады. Құнды қағаздар үш биржаға – KASE және AIX, сондай-ақ LSE Лондон биржа­сы­на шығарылады. KASE-де жай ак­ция­лар, LSE-де олардың депозитарлық қол­хат­тары, AIX-те қағаздың екі түрі де сау­даланатын болады. Бір қолхаттың құ­ны төрт акцияға тең, басқа айырма­шы­лық жоқ. Бұл ретте сатылымға 180 мил­лион доллар сомасындағы қолда­ныс­тағы акциялар, сондай-ақ қосымша 120 миллион доллар болатын жаңа ак­ция­лар шықпақ.
Яғни, компания акцияларынан 300 миллион доллар қаражат тү­сіруді көздеп отыр. Оның ішінде 180 мил­лион доллары компания иелер «Са­мұрық-Қазына» қоры мен британдық BAE Systems компаниясына беріледі. Бри­тандық Mirror басылымының ж­а­зуын­­ша, BAE Systems 94,5 миллион фунт-стер­линг көлемінде пайда түседі деп бол­жап отыр. Ал қалған қаражат капи­тал­­ды толықтырып, жалпы компания­ның жағдайын жақсартуға, жаңа ұшақ­тар алуға жұмсалатыны бұрын да ха­бар­ланған болатын. Қазір Air Astana ак­ция­ларының 51 пайызы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ға, 49 пайызы Ұлыбританияның BAE Systems қорғаныс компаниясына тие­сілі.
29 қаңтарда Air Astana бағалы қаға­з­­да­ры­ның бағасы қанша болатыны тура­лы алдын-ала ақпарат жариялады. Бол­жам­ды баға диапазоны депозитарлық қол­хат – 8,50 доллардан 11,00 долларға дейін және акция – 2,13 доллардан 2,75 дол­ларға дейін деп бекітілді. Ал құнды қа­ғаз­дардың нақты бағасы 9 ақпанда бел­гілі болады.
Науқанға қатысуға өтінім қабыл­дау науқаны 29 қаңтардан 8 ақ­пан­ға дейін жалғасты. Дегенмен күн­де­лік­ті ақпарат ағынында бұл туралы ақ­па­рат аз болғанын байқауға болады. Бір­­­­­лі-екілі іскерлік басылымдар, банктер, сондай-ақ компанияның өзі таратқан мә­ліметтер болмаса, бұл халықтық IPO-ның жарнамасы «ҚазМұнайГаз» бен KEGOK-қа қарағанда аз болғандай әсер қал­дырады, процесс те өте жылдам жү­ріп жатыр. 
Жалпы, Air Astana IPO-ға сонау 2012 жылдан бастап «шыға ал­май» жүр. Әр жылдары «дайынбыз», «сәл қалды» деп алып, соңында сан сылтау айтуды әдетке айналдырған болатын. Был­тыр шілдеде kursiv.kz сол сылтау­лар­дан тамаша топтама да әзірлеген еді. 
Мәселен, 2012 жылғы қазанда «Са­мұрық-Қазына» төрағасының сол кездегі орын­басары Қуандық Бишімбаев «Құ­рам­да жеке акционер бар, сондықтан біз ор­тақ шешімге келуіміз керек. Келесі жы­лы 49 пайыз акциясына иелік ететін бри­тандық BAE жүйесінен акция пакетін са­тып алу туралы тиісті келісімге қол жет­кізуге болады», – деді. 2014 жылғы мау­­сымда Air Astana президенті Питер Фос­тер «Air Astana екі-үш жылдан кейін ак­цияларды бастапқы жария ор­на­лас­тыру­ды жоспарлап отыр, өйткені қа­зақ­стан­дық тасымалдаушы компанияның өсуін ынталандыру үшін ұшақтарды жет­кізудің жаңа толқынына дайындалып ж­атыр», – деді. 2016 жылғы қаңтарда Пи­тер Фостер «Біз Үкіметтің компания­ның IPO-сы шамамен 18-24 айдан кейін өте­тіні туралы айтқан мәлімдемесін ес­тіп, қуанып қалдық», – десе, 2016 жылғы ақ­панда «Қазір бүкіл әлемдегі қаржы на­­­­­рықтарының жағдайы мәз емес, шын­дығына келгенде, қолайсыз уақыт», – деп мә­лім­деме жасады. Осылайша, жыл сайын жоспарлап, шығуға дайындалып, шы­ға жаздап жүргенде, пандемия баста­лып кетті, ол пандемиядан кейінгі оңалу­ға ұласты. Бұл жолы да кейінге қалар деп жүргенде, науқан аяқ асты басталып кет­ті.

«Самұрықтың» салмағы қаншалықты кемиді?

Әуелде айтып өткендей, ком­па­ния­ның 51 пайызы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-на тиесілі. Бұл дегеніміз ком­панияның жартысынан көбі Үкімет­тің меншігінде деген сөз. Жалпы, осы IPO-өткізудегі негізгі мақсат осы үлесті азай­тып, жекешелендіру болатын.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana-ның IPO-сы 2024 жылы өтуге тиіс екенін мә­лім­деді. 
– Үкіметке 2024 жылдан бастап бар­лық бейінді емес активтерді жеке­ше­лен­діруді және «Самұрық-Қазына» қорына ха­лықтық IPO науқандарын өткізуді бас­тауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Qazaqgaz ком­паниясын нарыққа шығаруға дайын­дау қажет екенін айтты. 
Ал «Самұрық-Қазына» IPO шеңберін­де Air Astana капиталындағы өз үлесін ша­мамен 10 пайызға төмендетуге ниетті еке­нін мәлімдеді. Бұл туралы Қордың а­к­тивтерін жекешелендіру және қайта құ­рылымдау департаментінің директоры Дас­тан Әдіқожаев онлайн баспасөз кон­ференциясында айтқан болатын.                       – «Самұрық-Қазына» қоры IPO Air Astana шеңберінде компания капита­лын­дағы өз үлесін кемінде 41 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр, – де­ді Дастан Әдіқожаев журналистердің сұ­ра­ғына жауап берген кезде.                                                                    
Сондай-ақ авиакомпания Президенті IPO-ға тартылған қаражатты қайда б­­а­ғыт­­тау жоспарланғанын айтты. 
– Ең алдымен, ресурстардың бір бө­лі­гін біз әуе паркін кеңейтуге, әуе қоз­ғалт­­қыштарының резервтік қосалқы бөл­шектерін сатып алуға, Астана мен Ал­матыда әуе кемелеріне қызмет көрсету жә­не күрделі жөндеу желісін кеңейтуге жі­беруге ниеттіміз. Бұдан басқа, Астанада ұш­қыштарды оқыту үшін оқу орталы­ғы­мы­з­ды кеңейту үшін жұмыс істейтін бола­мыз, тағы бір авиациялық тренажер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сон­дай-ақ әуежайлардың біріне инвестиция салуымыз мүмкін, – деді Питер Фостер.
Ал компанияның екінші иесі, бри­тан­дық компанияның қанша үлесін са­та­тыны туралы нақты ақпарат жоқ. Тек Guardian басылымы IPO-ның оларға қан­шалықты сәтті болатыны «компания 49 пайыз үлесінің қандай бөлігін сататы­ны­на байланысты» деп баға беріпті.                                          

Air Astana-ның табысы аспандап келеді 

Air Astana Орталық Азиядағы ең та­бысты әрі ірі әуекомпания саналады. Тіп­ті, кейде, монополия деп те мін тағып жа­тамыз. Оған, әрине себеп те жоқ емес. 
Мәселен, 2022 жылы компания­ның кірі­сі 35 пайызға өсіп, 747,2 мил­лион АҚШ доллары болған. Ал был­тырғы 9 айдың қорытындысы бойын­ша Air Astana-ның жалпы кірісі ша­мамен 900,6 миллион долларға жет­кен, бұл 2022 жылғыға қарағанда 20,5 пайыз­ға артық. Мұндай кіріс бұрын-соң­ды болмағанын айтып өту керек. 
Бұл ретте таза пайда 18,7 пайызға, 72,4 мил­лион долларға дейін өсті, ал опе­рациялық пайда 11,2 пайызға 128,9 млн-ға дейін өсті. EBITDAR (пайыздар, са­лықтар, амортизация және жалдау шы­­­­ғындары шегерілгенге дейінгі пайда) 14,4 пайызға, 249,8 миллион долларға дейін өсті.
– 2023 жылы инфляцияның жоғары болуына және Airbus NEO ұшақ­та­рын­дағы Pratt & Whitney 1100 қозғалт­қыш­та­ры­ның ақауларына қарамастан, нәти­же­міз жақсы. Барлық нарықта өсім бар, – деп мәлімдеген болатын Air Astana ком­пания­лар тобының президенті Питер Фос­тер.
Осы уақыт аралығында әуе ком­па­ния­сы тасымалдаған жолау­шы­лар саны 12 пайызға, 6 млн адамға дейін өскен, бұл 2022 жылғымен салыс­тырғанда 600 мың­ға көп. Одан бір жыл бұ­рынғы өсім екі есе болған еді.
Қазір компания Қазақстандағы ішкі та­сымал нарығының 69 пайызын, өңірі­ші­лік нарықтың 40 пайызын және ха­лық­­аралық сегменттің 47 пайызын ала­ды. Компанияға Air Astana-мен қатар Flyarystan лоукостері кіреді. Кейінгі 4 жыл­да FlyArystan ішкі нарықтағы үлесін 19 пайыздан 38 пайызға дейін арттырған. Ком­панияның паркі 50 ұшақтан тұрады. IPO-дан түскен қаржыға ұшақ санын кө­бейтіп, 2028 жылға қарай 80-ге жеткізу жос­парланып отыр.
BAE Systems-те табысы толайым ал­пауыт­тардың бірі саналады. Британдық City A.M. іскерлік басылымы Украина мен Таяу Шығыстағы соғыс нәтижесінде мем­лекеттік қорғаныс шығындарының ар­туы компанияның таза кірісі өсуіне ық­пал еткенін жазады. Тамыз айында компания дивидендтерді 11 пайызға арттырған.
Енді тақырыпты әрі қарай сарап­шы­лардың пікірімен өрбітсек.

Асылхан АҢДАШЕВ,
экономист: 

IPO жаппай халықтық оқиға деп айту қиын

– Орталық Азиядағы ең ірі әуекомпания са­­­налатын Air Astana Қазақстан әуетасымалдау на­рығында монополистік жағдайға жақын рөл ой­нағандықтан, компания акцияларына сұра­ныс жоғары болуы керек. Үкімет 2011 жылғы «Ха­лықтық IPO» аясында компанияның акция­ла­рын сатуды жоспарлап, кейіннен белгісіз бір уа­қытқа қалдырған еді. Акциялардың тартым­ды­лығына әсер ететін фак­тор­ларға тоқталып өтейін.
Біріншіден, акцияларының LSE Лондон қор биржасына шығуы да компа­ния­ның қаржы саясаты ашық, сенімді екенін көрсетеді. Екіншіден, пандемия кезіндегі шығындардан соң, 2023 жылы компанияның таза табысы 70 млн АҚШ долларынан асты. Үшіншіден, компания алдағы жоспарлары бойынша ұшақтарын жаңартып, жаңа нарықтарды бағындыруды көздеп отыр. Оның ішінде 2025 жылы АҚШ-қа тікелей рейс ашу да бар.
Халықтық IPO аталғанымен, қазақстандықтар акциялар мен құнды қа­ғаз­дар нарығына қызығушылығы өте төмен. Сол себепті, көбісі Air Astana қор биржасына шығып жатқаны жайлы хабары бар болса да, акцияларды са­тып алуға барлығының қызығушылығы немесе мүмкіндігі болмайды. Мем­лекеттік компанияның IPO арқылы акцияларының қор биржасы арқылы са­тылуы – жаппай халықтық оқиға деп айту қиын. Бұл жердегі басты мақсат – компанияға қар­жы тарту және экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту. Сол себепті, бұл IPO барлығына бірдей жарияланып, тек жеке инвесторлар ғана ол акция­лардың иесі атанса да, жақсы жаңалық болады.
Иә, компания 2028 жылға дейін еуропалық Airbus компаниясынан 30-ға жуық жаңа ұшақ, 2025 жылы АҚШ-қа Қазақстаннан тікелей ұшу үшін қо­сымша Boeing 787 Dreamliner ұшақтарына тапсырыс берді. Сол себепті, бұл IPO ұшақтарды жаңартуға серпін беруі сөзсіз. Ал оған қоса, Air Astana өз ма­­­­мандарын дайындау үшін оларды Еуропа елдеріне жіберу орнына, Қа­зақ­стан­да арнайы дайындық орталығын ашуды да көздеп отыр. Бұл жағдайға да IPO ықпал ете алады. Жалпы, Air Astana барынша ашық, бәсекеге қабілетті, за­ма­науи компания болуына акцияларының бірдей үш қор биржасына (LSE Лондон, AIX Астана және KASE Алматы) шығуы жақсы жағынан әсер ететін болады.

Нұртаза ШОҚАТАЕВ, 
инвестиция бойынша сарапшы:

Құнды қағаздың бағасына әсер етуі мүмкін факторларды саралап алу қажет

– Отандық компаниялардың IPO-ға шығуы, әрине қуантады. Алайда Air Astana ертеңгі күні конкуренттері көбейгенде, қазіргідей тұрақ­ты табыс деңгейін ұстап қала ма? Сол сұрақ. Меніңше, ком­пания­ның алғашқы тоқсанға есеп беруін күту керек. Себебі Air Astana толықтай Қазақстанның меншігінде емес. Екіншіден біздің елдегі әуежайлардың сапасы, әлемдік стандартқа қаншалықты сай екені саралануға тиіс. Себебі болуы мүмкін шағын апаттың өзі құн­ды қағаздарға әсер ететінін ескеру қажет. 
Дегенмен Air Astana тұрақты өсіп келе жатқан, бизнес моделі қалыптасқан, жылдық табысы 1 миллиард доллардың айналасындағы компания. Бұл – өте тамаша жетістік. Әрі ESG стандарты бойын­ша экологияның таза болуына үлес қосып келе жатқан әлемдегі ТОП әуе компаниялар тізімінде екенін ұмытпағанымыз жөн. 
Сонымен қатар қазір құнды қағаздары саудаланатын Kazatomprom, Қазақтелеком, KEGOC-тан кейінгі төртінші ірі компания болады деп сенемін. Air Asia, Emirates, Turkish Airlines компанияларының шығыстағы елдерге транзит рейстері және Қытайдың әуе компанияларының біздің ел арқылы өтетін транзит рейстерін сараптаған дұрысырақ. Ол да компания табысына, тоқсан сайын салымшыларына берілетін дивидендіне тікелей әсер етеді. IPO-ға шығатын компаниялардың айналысқа түсетін қаражаты 1 миллиард доллардан асатын болса, міндетті түрде қатысуға болады. Одан көп болса, тіпті жақсы. Kaspi – соның жарқын мысалы. 
Жалпы, доллармен, еуродағы активтерді алғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Мейлі ол жай ғана депозит болсын, акция болсын. Себебі саяси қақтығыстар наурыз айының ортасынан кейін біз күтпеген нәтиже алып келуі ғажап емес. Air Astana-ға да әлемдегі экономикалық өсім артып не бірден төмендеп тұрған өтпелі кезеңде сәттілік тілеймін.
IPO қарапайым халыққа емес, ірі инвесторларға көбірек бағытталып отыр дегенге келсек, біржақты ой айту қиын. Алайда оның артында негізгі ойыншылардың, яғни инвесторлардың Қазақстаннан заңды жолмен көбірек табыс табуына жасалған жағдай болуы мүмкін. Негізі, Қазақстан халқының 4 пайызы инвестиция жайлы хабардар. Оның қанша бөлігі отандық компанияның үлескері?  Егер Лондон қор биржасындағы IPO-ға қатысушылар көп болса, онда шетел инвесторларының бастамасы деп қарауға болады. Ал отандық қор биржасына инвестор болғандар көп болса немесе Лондон қор биржасында Air Astana салымшылары пайызы шамалас болса, онда win-win қаржының жартысы бөлігі елде қалады деп болжауға болады. Сол үшін де, уақыт көрсетеді. Әрине, саудада достық жоқ. Компания қай қор биржасына тіркеліп, IPO-ға шықса да өз еркі, өздері жасаған тәуекел. Дейтұрғанмен, бірінші отандық қор биржаларына шығып, одан кейін барып арада жарты жыл, 1 жыл өткен соң шетелдегі қор нарығына шықса, біз көбірек ұтар едік. Себебі актив күйіндегі қаржы ел ішінде айналыста болар еді.

Сөз соңында мақаладағы жеке пікірлер инвесторлық кеңес емес екенін ескеру керек екенін айтып өткен жөн. Себебі инвестиция – үлкен тәуекел. Біздікі – тек айтулы оқиғаның төңірегінде болып жатқан оқиғаларға шолу жасап, жалпы ең маңызды деген ақпаратты бір жіпке тізіп берсек деген ниет. Сонымен қатар қор нарығы туралы халықтың құлағдар болуына үлес қосу да аса маңызды. Дегенмен халықтық IPO жалпы қор нарығында қалай жұмыс істеу керек екенін білуге, құнды қағаздар нарығының табалдырығын аттап, талпынып көруге таптырмас мүмкіндік екені анық.

Серіктес жаңалықтары