Ақтөбе облысында қолайсыз ауа райына байланысты барлық бағытта жолдар жабылды

Дәл қазір Ақтөбе облысында ақтүтек боран.

Ақтөбе облысында қолайсыз ауа райына байланысты барлық бағытта жолдар жабылды
Ақтөбе әуежайының баспасөз қызметі

Қазір Ақтөбе облысында барлық бағытта жолдар жабылды. Соңғы тәулікте Төтенше жағдайлар департаменті мен полицейлер далада қалған 140 адамды құтқарды, деп хабарлады turkystan.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Соңғы күндері облыста қалың қар жауып, елді мекендер арасындағы қатынас бірнеше рет тоқтаған болатын. Бүгін түнде қатты жел тұрып, алай-дүлей боранға ұласты. Қар құрсауында қалған 68 Тәжікстан азаматы жол бойындағы кемпингке жеткізілді. Құтқарушылар Өзбекстанның 56 азаматын Қарабұтақ ауылының мешітіне орналастырды. Дәл қазірдің өзінде далада ақтүтек боран.

«Облыс орталығында да жағдай күрделі. Желдің кесірінен көптеген шағын ауданда электр жарығы жиі-жиі сөніп, сәйкесінше ауыз су ішінара үзіліп тұр. Көше қиылыстарында көлік қозғалысын полицейлер реттеуге кірісті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы елді мекендерге қатынайтын 7 бағыттағы қоғамдық көлікті тоқтатып отыр. Дәл қазір Әуеқалашығы ауданында көпқабатты баспананың шатарын жел ұшырып әкеткен деген ақпарат та түсіп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Синоптик мамандар мұндай ауа райы әлі бірер күн сақталуы мүмкін деген болжам айтты. Ал қалыптасқан жағдайға орай жауапты мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Түннен бері түрлі коммуналдық қызмет күштері біріккен 15 жедел топ кезекшілік атқарып жатыр», – деді облыстық ТЖД бас маманы Әлішер Сарбаев.