Батыр қыздың ағасы
Қанат Мәметовтің Жәнібек ауданына қарасты Тау ауылында кіндік қаны тамғанын Ресей архивінен алған құжат нақтылай түсті.
Кеңес Одағының батыры, даңқты жерлесіміз Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметовтің туған інісі Қанат Мәметовтің қызы Алматы қаласында тұратын Шолпан Қанатқызын әңгімеге тартып, аталары мен әкесі туралы сұраған едік.
– Менің әкем Қанат Мәметов Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданының Тау ауылында дүниеге келген. Атамыздың есімі Мәмет емес, Мамыт деп аталған. Мамыт атам 1915 жылы Жәнібек ауданында өмірден өткен. Әкем Қанат пен анам Майра сол Тау ауылында үйленіп, неке куәлігін алған. Анам Майра Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданының тумасы. Әкем Қанат Сталинград шайқасына қатысып, майданда ауыр жараланып, елге оралған. Соғыстан кейінгі жылдары Орда ауданында басшылық қызметтер атқарып, 1951 жылы қайтыс болды. Әкеміз Қанаттан мен, Айман, Маржан және Сәуле төрт қыз едік. Айман, Маржан және Сәуле қайтыс болды, – деді Шолпан Қанатқызы терең бір күрсініп.
Жаңалыққа жанымыз құмар жан емесспіз бе? Текті әулеттен тараған көзкөрген Шолпан апамыз әкесін Жәнібек ауданының Тау ауылында туғанын өз аузымен айтып отырғанын естіп тұрған соң өзім білетін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Память народа» сайтынан Қанат Мәметов туралы мәлімет іздеп көрдім. Ресей архивінен іздеген мәлімет табылып, қуанышымыз қойнымызға сыймағанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қанат Мәметовтің Жәнібек ауданына қарасты Тау ауылында кіндік қаны тамғанын Ресей архивінен алған құжат нақтылай түсті.
Ендеше, РФ ҚМО архивінен [Қор:8568. Тізбе:37563с. Іс:44. Парақ:287] алынған құжатқа назар аударайық: «Маметов Канат. Туған жылы:1899. Туған жері: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Тау ауылдық кеңесі. Әскерге шақырылған мерзімі мен жері: 01.05.1942, Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Орда аудандық әскери комиссариаты. 1931 жылдан ВКП (б) мүшесі. Әскери шені: қызыл әскер. Әскери қоныстандыру пункті: 13 запастағы атқыштар дивизиясы, 365 запастағы атқыштар полкы. Әскери бөлімге келген мерзімі: 11.10.1942. Әскери бөлімнен кеткен мерзімі: 27.11.1942. Кеткен жері: 61 запастағы атқыштар полкы. Білімі: 1 кл. Ұлты: қазақ. Азаматтық мамандығы: қоймашы. Соттылығы: сотталмаған. Отбасы жағдайы: әйелі Маметова Майра және баласы бар (Қ.Мәметовтің төрт қызы болған. Автор). Мекенжайы: Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Орда ауылдық кеңесі. Әскери ант қабылдаған мерзімі: 17.10.1942. №227 бұйрықпен танысқан мерзімі: 17.10.1942. Қоршауда болғаны туралы мәлімет: қоршауда болмаған. Орыс тілін меңгеруі туралы: орыс тілін меңгерген». Қанат Мәметов туралы архив құжатындағы мәлімет осылай сыр шертеді.
Өткен жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия құрамында Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік, Алматы облыстық ПБ архивтерінде жұмыстанған кезімде уақыт тауып, ҚР Ұлттық кітапхана қорында 1944-2021 жылдары батыр Мәншүк Мәметова туралы газет-жорналдарға жарияланған 700-ге жуық мақаланы қарап, оқып, кейбір мақалалардың көшірмелерін алып келіп едім. Әр жылдары мерзімді басылымдарға жазылған мақалаларда ақын, журналист, дәрігер және Алаш қайраткері Ахмет Мәметовті 1938 жылы қаңтарда Ішкі Істер Халық Комиссариаты қызметкерлері тұтқындап, РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58 бабының 4, 8, 11-тармақтарымен сотталып, сол жылы 11 қарашада жоғарғы үкімге кесілгенін жазған. Ахмет Мәметов пен бірге інісі Қанат Мәметовті кейбір басылымдарда өткен ғасырдың отызыншы жылдары сотталды деп жазған. Солақай саясаттың және қызыл террордың құрбаны болған Ахмет Мәметов 1958 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының қаулысымен ақталды.
Ресей архивінен алған құжатта Қанат Мәметовтің әскерге шақырылған кезде сотталмағанын және ВКП (б) мүшесі болғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ол соғысқа дейін сотталған болса, сол кезде партиядан шығарылуы керек. Несін айтайын, біз көбіне сараптап, зерделеп алмай мән бермей жаза береміз. Бұл дұрыс емес. Ал енді Қанат Мәметовті өткен ғасырдың отызыншы жылдары сотталды деп жазғандарға Ресей архивіндегі құжаттағы бұрын сотталмаған деген жазу нақты жауап болары анық.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музей қорындағы №483/1-483/6 сақталған құжаттарға зер салсақ, Қанат Мәметов 1946 жылы 15 мамырда «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», 1946 жылы 29 мамырда «Ерен еңбегі үшін» және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың ағасы Қанат Мәметов 1951 жылы қайтыс болған соң бұрынғы Орда ауданына қарасты Сүйіндік ауылдық кеңесі тұсындағы Жалғызапан елді мекенінде жерленген. Қанат Мәметовтің құлпытасында: «Қанат Мәметов 1901-1951. Руы Қашқыншы Шеркеш Халке атасы. Батыр Мәншүктің ағасы. Орда ауданында ел басқарған. Ұрпақтары Шолпан, Айман, Маржан, Сәуледен» – деп жазылған.
Ресей архивіндегі құжатта Қанат Мәметовтің туған жылы 1899 жылы деп жазылса, құлпытастағы жазуда 1901 жыл көрсетілген.
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,
Орал қаласы