Ғарифолла Құрманғалиев – фольклор жинаушы һәм жыршы
Халық артисі, композитор, жоғары тынысты тенор әнші, педагог Ғарифолла Құрманғалиевтың туғанына – биыл 115 жыл.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық артисі, композитор, жоғары тынысты тенор әнші, педагог Ғарифолла Құрманғалиевтың туғанына – биыл 115 жыл. Осыған байланысты республикамыздың жер-жерінде оның есіміне құрмет көрсетіліп, еске алу іс-шаралары өтіп жатыр...
Ұстазымыздың шығармашылық ғұмырын шама-шарқымызша зерделеп келе жатқанымызға да біраз жылдың жүзі болды. Ісіміз нәтижесіз емес. Ол жайындағы зерттеулеріміз мерзімді басылым беттерінде, ғылыми журналдарда жарық көрді. Жарияланып та жүр. Қайсыбірі конференцияларда оқылып, сыннан өтті. Кітап қылып шығардық. Бірақ ғарифоллатанудағы ізденісіміз мұнымен тәмамдалмайтын тәрізді. Өйткені Ғарифолла Құрманғалиевтың дарыны тек әншілікпен ғана шектелмейді. Өзге де қырлары бар. Соларды жеке-жеке қарастыру қажеттігі туып тұр енді. Мына мақала сол жағдайға орай түзіліп еді...
Тума дарын Ғарифолла Құрманғалиевтың бойындағы әлі де жете ескерілмей жүрген әншіліктен басқа да қырлар бар. Біз ғазиз ұстазымыздың фольклор жинауда атқарған қызметіне, жыршылық жағына қатысты туған ой-пікірімізді, соған келтірген дәлелдерімізді ортаға салмақпыз. Бұл мәселені алғаш рет қозғап, ғарифоллатанудағы тырнақалды еңбегіміз – «Ғарифолла сал» атты (Алматы, 1998 жыл) кітабымызға енгізген едік. Одан бері де жиырма алты жыл өтіпті. Сол зерттеуімізді өңдеп, тың деректермен толықтырып, жаңа тұжырымдармен көптің назарына қайта ұсынып отырмыз. Сонымен.
Қазақтың қара өлеңі мен жыр-термесінің бүгінгі күнге жетуіне өзіндік ұшан-теңіз үлесін қосқан, ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп сақталып келе жатқан рухани қазынамыз дәстүрлі әншілік-жыршылық үрдісті жалғастырған алтын көпір – Ғарифолла Құрманғалиевтың музыкалық фольклор шежіресінде атқарған қажырлы еңбегі осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысанасына ілікпей қағыс қалды. Көбіне-көп әнші ретінде ғана таниды. Фольклор тарихындағы орны ғылымда әлі ескерусіз, осы қыры терең зерделенуі керек-ақ.
Өнертанушы Владимир Мессман «Гарифулла – сал» деген зерттеу еңбегінде: «Гарифулла сал известен и как этнограф», – деп жазады (Қараңыз: Мессман В. Гарифулла-сал. // Вечерняя Алма-Ата. 27.07.1970 г.).
Ғарифолла Құрманғалиев этнография саласының арнайы маманы болмаса да оның жұртымыздың тұрмыс-ғұрпы, шежіресі, философиялық ойлары, тұжырымдары т.б. бейнеленген ән-жырымызды ел ішінен жинап, олардың кем-кетігін түзеп, толықтырып, жүйелеп, фонотекалық қорға тапсыруы, ноталарға түсіртуі, сондай-ақ сахнада насихаттауы, білім саласында шәкірттеріне үйретуі – этнографқа тән іс-әрекеттермен ұштасқан еді. Олай болса, В. Мессманның: «Гарифулла сал известен и как этнограф», – дегені әділ сөз.
70-жылдары Қазақ радиосының «Балалық шаққа саяхат» атты тұрақты жүргізіліп тұрған бағдарламасына қатысқан бір сәтінде Ғарифолла ата Құрманғалиев: «Репертуарымдағы жетік меңгерген әндерім 300-400, ал шала білетінім 500-дей (қайталап пысықтауды қажет ететін деге-
ні. –Б.К.)», – деп еді (Бұл жазба-дыбыс жеке архивімізде сақтаулы).
«Бабалар сөзі» сериясымен жарыққа шыққан жинақтардың бірінде түзілген мына сөздер де – Ғарифолла Құрманғалиевтың этнограф яғни, фольклор жинаушысы екенін дәлелдейтін нақты айғақ, онда былай делінген: «Батыс Қазақстан облысының қырық халық әні. Орталық мұрағаттың жеке қорында көк түсті 20 беттік оқушы дәптеріне әнші Ғ.Құрманғалиевтің айтуынан жазылған (ҚР ОМА, Ғарифолла Құрманғалиевтің жеке қоры: №1700, №1 тізбе, №6 іс, 10 парақ. Сборник 40 народных песен Западно-Казахстанской области / Сборник нот казахских народных песен. Рукопись на казахском языке. Сообщил: Заслуженный артист Казахской ССР Гарифулла Курмангалиев. г.Алма-Ата. 3 октября 1947 г.) қолжазба жинағы сақталған. Онда әншінің жеке орындауындағы, әсіресе Батыс Қазақстан аймағына тән «Өзен бойы», «Сағындым, ... жер», «Ал, Айнам», «Үміт сазы», «Білек», «Жұбай», «Шынар», «Қарға», «Бала жұбату», «Салауат», «Қайран да, халқым, жерім-ай», «Қайлаулай», «Әдемі-ай», «Ромтай», «Угай», «Қоныспай», «Әлібек», «Аралбай», «Көкжар», «Қожай», «Қоштасу», «Алпамыс», «Қалилау» сынды қырық жыр-термелердің, халық әндерінің нотасы мен мәтіндері жазылған (астын сыздық.-Б.К.). Мәтіндер қазіргі қазақ әрпінде көк қалам сиямен жазылып, бәріне тақырып қойылып, жеке-жеке нөмірленген...»
Осында аталған өлеңдердің бірі – «Әдемі-айдың» мәтіні былай:
«Ақ көйлек, қара бешпет, әдемі қыз,
Тиген жоқ әлі ешкімге әлегіміз-ай.
Жеделдес заманы бір құрбы ғой деп,
Біз сенен әлі күнге дәмеліміз-ай.
Ақ көйлек, қара бешпет делегейім,
Болайық екеу жолдас елге дейін-ай.
«Сыйламас танымасын» деген сөз бар,
Құрбыға сыр білмейтін мен не дейін-ай».
Біз үйренген «Әдемі қыздың» «Бірге өскен кішкентайдан құрбы ғой деп» деген жолдары мұнда «Жеделдес заманы бір құрбы ғой деп» боп таңбаланған. Ұстаздың шәкірттеріне меңгерткен осы әннің екінші шумағы мүлде басқаша еді, ол:
«Ақ көйлек, қызыл бешпет, белін буған,
Жан едің қатарыңнан артық туған.
Мен саған сүйгендіктен сөз айтамын,
Жан сәулем, арғы жағын өзің ойлаң», – делініп келетін. Бірақ қай-қайсысының да мән-мазмұны терең, сөз тізбектерінде көрініс тапқан, қатар-құрбысына ішкі сырды ұқтырудың бағзыдағы астарлы емеуріннің, әдеп-тәртіптің үлгісіне куә боламыз...
Ғарифолла Құрманғалиевтың айтуында тапсырылған архив қорындағы тағы бір ән – «Көкжар». Бұл шығарманың мәтіні де, әуені де бұрын-соңды естілмеген. Көпке бейтаныс. Мұның да шумақтарын келтіре кетейік, онда бүй делінген:
«Дәм татайық бұйырса-ей, шай қайнаса,
Бойы қызар жүйріктің айғайласа.
Тіршіліктің барында күл де ойна,
Не болады ер жігіт қайғы ойласа.
Дәйім менің мінгенім құла мойын,
Қыз-бозбала сылайды тұла бойын.
Сауық құрып, сайран сап, ән шырқайды,
Жігіт-желең жиылып, салып ойын».
Ғарифолла атамыздың жеткізуіндегі кейінгілерге белгісіз болып келген бұл сықылды басқа да халық мұраларының мәтіндерін, ноталарын архивтен жарыққа шығарып, әншілер репертуарларына енгізуді қолға алу керек-ақ.
Ғарифолла Құрманғалиевтың осындай баға жетпес еңбегі ескеріліп, «Қазақ әдебиеті тарихында» және былай таңбаланған: «Совет өкіметінің алғашқы жылдарында бұрыннан жатталып келе жатқан ауыз әдебиетінің әр алуан үлгілерін... жаңа дәуірде туған өлеңдерді жинап бастыру жұмысы айрықша күн тәртібіне қойылды. Бұған қазақтың ақын-жазушылары: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмайылов пен бірге Қаныш Сәтбаев, Қалибек Қуанышбаев, Әліби Жангелдин, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев (астын сыздық.-Б.К.), Әміре Қашаубаев, Мұқан Асқаров, Қуан Лекеров, Әлкей Марғұлан тәрізді халықтың қалың ортасынан шыққан әр алуан мамандық иелері қатысты». (Қараңыз: Қазақ әдебиеті тарихы. – Алматы: Қазақ ССР ҒА баспасы, 1964, 1-том, 2-кітап, 294-бет).
Әдебиетіміздің шежіресінде Ғарифолла есімінің үлкен тұлғалармен осылай қатар аталуы тегін емес, жайдан-жай емес.
Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке архивінен Ақпан жыраудың төрт жүз жолға жуық толғауының табылуы пікірімізді бекіте түседі. Ақпан 1855-58 жылдары өткен отаршылық езгіге қарсы көтерілістің басшысы Есет батырдың жасағында болған. Руы – Шекті, Жанқылыш аталығы, оның Есенгелдісі. Қолдағы деректерге сүйенсек, ол сол кезде жиырмалардағы балаң жігіт екен. Ақпан Есетті былай деп марапаттапты:
...Қарт бурадай қаһарлы,
Патшаға қазақ бағынбас,
Ер Есеттің діні азбай.
Ер Есет елдің басы еді,
Арыстандай азулы,
Аруағы жұрттан озулы...
Ақын сонау барақат кешкен ел-жұртының қызығы мол дәуренін сағына аңсай толғап, енді сол заманның көзден бір-бір ұшқанын, арманға айналғанын айтады. Мұңын, зарын көркем тілмен шебер жеткізген.
Асқаралы тау, ағын су,
Самалды тоғай, салқын ну.
Ойласам естен кетпейді,
Қоныс деген құрғырың.
Біздер кеттік қоныстан,
Шығарған соң сұм патша,
Қырық мың әскер орыстан.
Біз жыламай қайтеміз,
Көрмеген жер – көрстан.
Көрстан демей не дейін,
Бесқалаға келген соң,
Кетпен шауып, бел теуіп,
Кетпейді балаң жұмыстан.
Сарсыла көшер арқа жоқ,
Салқындап қонар өлке жоқ,
Кең қоныстан ауған соң,
Айырылғаның ырыстан...
Толғау ғылыми-әдеби теориялық тұрғыдан талданды, кітапқа енді. Қазақ поэзиясы тарихындағы ақын-жыраулар қатарына Ақпан Әйітбекұлы (1837-1874) есімі де орнықты (Қараңыз: Асанов Ж. Шекті Мөңке би Тілеуұлы. Ғылыми басылым. – Астана: Елорда, 2001, 48-67 беттер).
Сондай-ақ араб әріптерімен өз қолынан таңбалап түзіп кеткен жазбалары едәуір. Бала Ораз шығармалары да бар екен. Басқа нұсқасы. Бұлар қолымызда.
Ғарифолла Құрманғалиев сал Мұхиттың он үш шығармасын профессор Б.Ерзаковичке нотаға түсірткен. Атап өтейік: «Ақиіс», «Алуаш», «Демалыс», «Дүние-ау», «Көк «айдай», «Жайма қоңыр», «Жантелім», «Дәметкен», «Паңкөйлек», «Кіші «айдай», «Үлкен «айдай», «Айнамкөз», «Зәуреш» (Қараңыз: Мұқит Мералыұлы. Әндер (Нотаға түсірген Б.Ерзакович, құрастырған М.Майчекин). – Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1960 жыл).
Ғарифолла ата Құрманғалиев: «Мен бала кезден құмарландым әнге. Ағаларым – Хамидолла, Ғұбайдолла мені сандықтың үстіне шығарып мақтап-мақтап ән салғызады. Кейде өздері әдепсіздеу өлеңдерді де үйретіп қояды, оны да айтқызып қыран-топан күлкіге бататын... Қаратөбе жақта Әбуғалидың Құмары, Сағымқожа, Сартай, Жарылқаған, Нұрмақан деген жыршылар болды. Халық соларды тамашалайтын той-топырда, олардың жырын, әуен-саздарын босағада тыңдап отырып-ақ қағып алатынмын», – деп еске түсіретін-ді өнердегі алғашқы қадамы турасында. Осы дерегінен әнге ғана емес, жыр айтуға жастайынан талаптанғанын аңдауға болады.
Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке архивінен Ақпан ақын туындысының, «Құламерген» қиссасының, Бала Ораз (ХІХ ғ. екінші жартысы) айтыстарының табылуы, сондай-ақ репертуарына Махамбеттің (1804-1846), Аралбайдың (1854-1914), Сартайдың (1862-1922), Өмірдің (1887-1924), Құмардың, Сағымқожаның тағы басқа да эпик ақындардың терме-толғауларының молынан енуі – әншінің жыршылық қырын танытады.
Есімдері аталған осы жыршы-ақындардың түрлі нұсқадағы әуездерінің бүгінгі күнге жоғалмай жетіп, сақталып қалуында да Ғарифолла ата Құрманғалиевтың атқарған еңбегі – орасан. Ұлтымыздың мәдени генеофондына ол табыстаған сол жыр саздарының үлгілері – батыс өлкедегі жыршылық мектепті қайта түлетіп, жандандыруға нұсқа-жол, берік ұстын бола алатыны еш күмәнсіз ақиқат. Осы тұста тағы бір айта кетер жайт, олардың музыкалық құрылымдарына барлау жүргізіліп, ондағы лад дыбыстарының өлшемдері, орналасуы, гармониялық үйлесімі, динамикасы, қайырымдарындағы екпін-қуаты, т.б. бір-бірімен егжей-тежейлі салыстырылып, талдануы керек-ақ. Бұл да – кезегін күтіп тұрған өзекті һәм күрделі шаруа.
Ардақты ұстазымыздың өз аузынан естіген мына мәліметті баяндайық: «Театрдағы алғашқы артистер ішіндегі жастауы едім. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Темірбек Жүргенов сияқты үлкен кісілер бос уақыттарында бір жерге қыдырса мені де ерте жүретін. Барған үйлерінде карта ойнайды, онан қалды әңгіме-дүкен құратын. Маған ән салғызады арасында. Сондайда Тем-ағаң: «Әй, Ғарифолла, «Қыз Жібекті айт-
шы», – дейтін. Бастай жөнелем. «Жо-о-оқ, анаусын айт, анаусын», – дейді. «Анаусын айт» деп отырғаны «Қыз Жібектің» бұрмаланған анайылау шағын варианты бар-ды. Бұрынғы жыршылар сөздерін әдейі өзгерткен білем, күлкі тудырып, көңіл көтеру үшін. Енді соған көшем. Жарықтық, Темірбектер әйда кеп күледі. Төрден есікке шейін домалап қалатын ішектері қатып», – дейтін.
Әншінің осы дерегі жыршылық дәстүрді ұстанғанын куәландырып тұр. Әрі академик Ахмет Жұбановтың: «Репертуарының негізі Мұхит әндерімен қатар «Қыз Жібек», Бала Ораз ақынның айтыстарын айтып жүрді», – деген мәліметі де ойымыздың негізін айғақтайды (Қараңыз: Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. (Қазақтың әнші-композиторлары, әнші-орындаушылары туралы әңгіме-очерктер) – Алматы: Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1963. 376-бет).
Әншінің үйінде, отырысымыз жарасқан сағаттардың бірінде, сөз арасында: «Ер Тарғынды» да айтқам», – деп еді ұстаз. Қазбалап сұрамадық. Бүгіндері ойлап қарасақ, көп нәрседен ұтылыппыз.
Алайда оның жыршылық қырының көпке белгісіз болып қалуы қоғамдағы жағдайларға да қатысты-тұғын. 1947 жылдың 21 қаңтарында ҚК(б)П ОК-інің «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» деп аталатын қазақ тарихындағы атышулы қаулысына байланысты эпостық туындыларымызға, – қара қасқа атты «Қамбар батырдан» басқасына, – «ескіліктің қалдығы» деген салқын көзқарас танытылуы, әрі сахна уақытының шектеулігі әншінің бұл өнерінен бірте-бірте алыстауына ықпал еткенге ұқсайды. Бірақ жыршылығы кезінде Ғарифолланың сөздік қорының молаюына, халық поэзиясындағы көркемдік соқпақтарды игеріп, бейнелеу өрнектерін ұғынуына, көне мұралардағы айшықтардың әсерін сезініп, бойына дарытып фольклорымыздың нәзік тұстарын, ұңғыл-шұңғылын біліп өсуіне, атақ-абырой дәрежесінің көтерілуіне көп жағдай жасағаны даусыз еді. Мұны да нақтылай кетейік.
Оның жанынан шығарған «Сағыну», «Сүйген жар», «Өнерпаз», «Ақ Жайық» т.б. ән-термелерінің ел арасына кеңінен тарағаны мәлім. Ол ірі ақын болмаса да өзі жете меңгерген поэзиялық фольклорымыздың бай, құнарлы тілінің өрнектерімен ішкі күйініш-сүйініш сырларын шебер айшықтай білген. Әншінің қай шығармасында да ауыз әдебиеті үлгісінің көзге ұрып тұруы содан. Бұған да сәл-пәл бөгеле кетейік.
Халықтық поэзиядағы орамдар, көп пайдаланатын сөздер Ғарифолла Құрманғалиев туындыларында көрініс тапқан. Өзінше орныққан. «Майдандағы бауырға» атты термесінің (Әнші дауысы. Алматы, 47-48 беттер) көркемдік үрдісі эпостық жырларымызға едәуір жақындайды. Оған дәлел:
«...Асудан әрі асыңдар,
Аршындап қадам басыңдар.
Өрепкіп келген жауыңның,
Қанын судай шашыңдар.
Жаудың қолын күйретіп,
Тақымға салып сүйретіп,
Берлиннен әрі асыңдар», – деген шумақтардың «Қобыланды» жырындағы:
«Тақымға салып сүйретіп,
Қабырғасын күйретті.
Менсінбеген дұшпанды,
Ақылын тауып үйретті», – деген тармақтармен ұқсастығы оның ой рухтастығын, туыстығын айғақтайтын айқын бір мысал (Қараңыз: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т. 38: Батырлар жыры. – 2006. 18-бет).
Бұл жайт – Ғарифолла Құрманғалиев өнернамасының бастау көзі халықтық фольклорымыздың тұма бұлағынан сала тартатындығын дәлелдейді.
Баян қылған тұжырымдарымыз Халық артисі, белгілі әнші-педагог, профессор Б.Жылысбаев пен Н.Нагулинаның «Гарифулла Курмангалиев» атты зерттеу-мақаласындағы пікірлерімен толық үндесіп тұр, олар бүй депті: «Курмангалиев не только певец-исполнитель. Есть у него немало собственных сочинений, которые давно и прочно вошли в репертуар народных театров и коллективов художественной самодеятельности: «Нуржамал», «Ак жаик», «Суйген жар», «Озин бил», «Кел курбым» и др. Отображая во многих своих песнях современную действительность, Курмангалиев сохраняет в них интонации народных мелодий. Тонкий знаток казахского фольклора (астын сыздық-Б.К.), Гарифулла вместе с тем и умелый его собиратель. В 1947 году им сданы в Академию наук республики 100 песен Западно-Казахстанской, Гурьевской, и Актюбинской областей».
Шоқтығы биік дарынның артына қалдырған мол мұрасы, басқа да қырлары байсалдылықпен, терең зердемен, жан-жақты дайындықпен, ізденіспен байыптауды қажет етеді. Осы талаптар бек ескерілуі тиіс!
Бөрібай КӘРТЕН,
Ғарифоллатанушы,
Ақтөбе қаласы