Жайылым жайын жаңа заң қалай реттемек?

Мәжіліс былтыр жыл аяғында жайылым жерлерді пайдалануға қатысты енгізілген өзгерістерді екінші оқылымда мақұлдады.

Жайылым жайын жаңа заң қалай реттемек?
ашық дереккөз
1415

Жайылымды пайдалануға қатысты заң өзгереді. Мәжіліс былтыр жыл аяғында жайылым жерлерді пайдалануға қатысты енгізілген өзгерістерді екінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжат бойынша бұдан былай жайылым жер  конкурссыз берілмейді. Сондай-ақ жаңадан «қоғамдық жайылым» ұғымы енгізіліп отыр. Тағы қандай өзгерістер бар? Жаңа жоба жайылым жер тапшылығын шеше ала ма?

Оңай олжаның көзіне 
айналған 36-бап

Жер саласы, немесе ресми түрде айтсақ, жер қа­­тынастары саласы еліміздегі жемқорлық жай­ла­ған салалардың бірі екенін білеміз. Естіп-көріп те жүрміз, жауапты мекемелердің қорытындысы да, х­а­лықтың шағымы да, ауыл-аймақты аралап, мә­се­ле көтеріп жүрген депутаттар да бұл сөзімізді сан рет растаған. «Антикор» ай сайын осы саладағы бір қылмыс әшкере болғаны туралы хабарлап жа­та­ды. Мәселенің ушыққаны сонша – екі жыл бұ­рын арнайы комиссия құрылып, оңды-солды, заңсыз тара­тылған жайылым жерлерді қайтаруға күш салу ту­ралы бастама көтерілді. Жайылым көлемі бойын­ша әлемде 5-орында болсақ та, қарапайым ха­лыққа 16 миллион гектар жер жетіспейді деген мә­ліметті ақылға сыйғыза алмадық. 
Былтыр Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров «Жер аманаты» комиссиясының жұ­мысы туралы баяндай келе, жерді иемденген ла­тифундистер билікке жақын не биліктің айна­ла­сындағы адамдар екенін де жалпылай айтып өт­кен болатын. Мұндай бассыздыққа жерге қатыс­ты нақты тексеріс жүргізілмегені себеп болғанына да тоқталып өтті.
 – Бұл уақытқа дейін орта және шағын бизнеске мора­торий болған. Мораторий аясында жерге қа­тыс­ты тексерулер болмады. Президент жақында бұл мораторийді алып тастады. Яғни, енді жер те­лім­деріне қатысты орта және шағын бизнеске тек­серіс жүргізуге болады. Осының нәтижесінде біз біраз жұмыстар атқарамыз, – деген еді Мәжіліс депу­таты. Яғни, жергілікті атқарушы билік, жер саласында билігі жүретін «жауап­тылар» шағын және орта кә­­сіп­керлікке түскен «мейірімді» қалта қам­пай­тып, қарнын тойдыратын жемқор­лық схемасына айналдырып үлгерген. Одан бөлек, Жер кодексіндегі 36-бап та оң жамбастарына келген. Бұл бапқа сәй­кес, жер ешқандай конкурссыз 5 жылға беріліп келген. Жер ресурстарын басқару ко­митетінің мәліметтері бойынша бұған дейін 2 миллион гектардан астам алқап же­ке және заңды тұлғаларға конкурссыз бе­рілген. Яғни, жер бөлігі конкурсқа шы­ғарылмайды, ол ауылдық әкімдікке бе­кітіледі. Және де жергілікті қоғамдастық жи­налыс өткізіп, осы жерді пайдалану мә­селесін шешіп келген. 
Бұл бап та әуелде жаңадан жұмыс бас­­­тап жатқан немесе кәсібін дөңгелеткісі келген жеке және қосалқы шаруа­ларға сеп болсын деп енгізілген екен. Өкінішке қарай, нағыз көмекке мұқ­таж, қолдауға зәру жандарға арнал­ған арнайы бастамалардың орта жолда осылайша оңай олжаның көзіне айна­лып кете беретіні – бізде ет үйренген әдепкі жағдай...
Сонымен, осы олқылықтарды, заң­ның солқылдақ тұстарын реттеу үшін Мә­­жіліс жаңа заң жобасын жұмысқа ал­­ған еді. Жыл аяғында жайылым жер­лер­­ді пайдалануға қатысты енгізілген осы өзгерістер екінші оқылымда мақұл­да­нып, Сенатқа жолданды.

Жаңа заңның  жаңалығы қандай?

Заң жобасы «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық ак­тілеріне жайылымдарды пайдалану мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» деп аталады және бір­неше заңды – Жайылымдар туралы заң­ды, Орман, Жер кодекстерін қамтиды. 
Жалпы, заң жобасы қаралып жат­қан­да, 200-ден аса ұсыныс түсіп, оның 72-сі қа­былданыпты. Жұмыс тобында жер­гі­лікті атқарушы органдар мен инспек­ция­ның өкілдері, фермерлер, сарап­шы­лар, белсенділер бар. 
Жаңа құжаттағы басты жаңалық – жайы­лымдарды конкурссыз беру нор­ма­сы, яғни бағана айтып өткен 26-бап алы­нып тасталған. Конкурс өткізу және ауыл­дық округке қажет жерді резервке қою тек бекітілген жоспарларға сәйкес жүр­­­­гізілетін болады.
Сонымен қатар елді мекен ай­на­ласында ауыл тұрғындарының ке­дергісіз мал жаюы үшін «көпшілік пай­даланатын жайылымдар» немесе «қо­ғамдық жайылымдар» деген жеке ұғым енгізіледі. Қоғамдық жайылым­дар­ды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салу белгіленеді.
Енгізіліп отырған өзгерістер тұр­ғын­дар­дың қажеттілігіне қарай жайы­лым­дар­дың мәселелерін шешуге ықпал ете­ті­нін, пайдаланылмай жатқан жер те­лім­дерін қайтару бойынша жұмыстарды жан­дандыратынын айтқан болатын де­путаттар. Осы саладағы сыбайлас жем­қор­лықты азайтады деп те сендірді. Заң жобасында осы айтылған мәселені рет­теу тетіктері қаралып, жайылымдардың жүктелу өлшемшарттары күшейтілген. 
Бұдан басқа, облыс әкімдіктері жайы­­­лымдардың деградациясына қарсы күрес бойынша іс-шаралар әзірлейді. Фер­мер­лер жайылымдарды суландыру, оларды тү­бегейлі және үстірт жақсарту шығын­дарын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауға ие болады. Сондай-ақ қоғамдық жайылымдарды қалпына келтіру жұмыс­тары қаржыландырылмақ. Бұл ретте, бө­лінген қаржы мен қарастырылған суб­сидияның «сұрауы» қаншалықты маңыз­ды екені айтпаса да түсінікті. Бұ­лай болмаған жағдайда, барлық жұмыс құмға сіңген судай болары анық.
Жайылым жерлер туралы заң 2017 жы­лы қабылданған. 2016 жылы Пар­ла­мент Мәжілісінде таныстырылымы өт­кен «Жайылымдар туралы» заң жобасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35, 97-қадамдарын іске асыру және «Қазақ­стан-2050» стратегиясында жүктелген мін­деттерді орындау мақсатында әзір­ленген.
Сол кезде де тапшылық мәселесі бол­ма­ды емес, болды. Қазіргіден аз айтылған жоқ. Алайда көріп отырғанымыздай, ол заң діттеген мақсатына жетпеді. Ал ауыл-аймаққа тиесілі жерлерге жаңа мәр­тебе беру сол кезде де айтылыпты.

Былтыр 10 миллион гектар жер қайтарылған

2023 жылдың қорытындысы бойын­ша «Жер аманаты» комиссиясы заңсыз беріл­ген және пайдаланылмаған 10 млн гек­тар жерді мемлекетке қайтарыпты. Оның 2,8 млн гектары жергілікті фер­мер­лерге, өңірлердің тұрғындарына қай­та бөлінген. Бұдан бөлек, осыған дейін пайдаланылмаған 3,4 миллион гек­тар жерді иелері игеруге кірісіпті.
Мемлекет басшысы өз Жол­дауын­да заңсыз үлестірілген және пай­даланылмай бос жатқан 10 млн гек­тар жерді мемлекет меншігіне қайтару тура­лы тапсырма берген болатын. Үкімет бұл тапсырманы 2022-2023 жылдары то­лық орындады.  
2023 жылы Jerkarta.gharysh.kz Ин­терак­тивті карта жаңартылды, онда қа­зір барлық қайтарылған ауыл­шаруа­шы­лық жерлерінің орналасқан жері мен ау­даны көрсетілген. Сондай-ақ жайы­лым­­дық жерлерде тапшылыққа ұшыра­ған аумақтардың орналасқан жері ту­ралы деректерді интерактивті картаға ен­гізу жұмыстары аяқталғаны хабар­лан­ды. Бұл жерден қайтарылған жер учас­келерінің кімге берілгенін, кім алғанын білуге болады. 
Осындай тағы бір платформа – мем­лекеттік жер кадастрының автомат­тан­дырылған ақпараттық жүйесінің пор­та­лы aisgzk.kz. Бұдан бұрын порталдан ақау шығып, жер учаскелері және иелері туралы мәлімет шықпай қалғаны туралы дау туғаны есте. Кейіннен мәліметтер көп­шілікке қайтадан қолжетімді болды. Порталдағы кадастр картасы арқылы кез кел­ген азаматтың жерді пайдаланушылар туралы ақпаратты білуге мүмкіндігі бар. Де­генмен кей жер учаскелері туралы то­лық ақпарат жоқ екенін байқауға бо­лады.
Одан бөлек, қызметті қағазсыз көр­­сету және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру үшін ЖМБМК АЖ іске қосылды. Ақпараттық жүйе ашық түрде жұмыс істейді, пайда­лану­шыларға жария кадастрлық картада жергілікті атқарушы органдарға оған құ­қық беру туралы өтініш беру үшін учас­кені таңдауға мүмкіндік береді. 
2023 жылдың қорытындысы бойын­ша барлығы 145 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері цифрлан­ды­рыл­ған екен, бұл – еліміздің ауыл шаруа­шы­лы­ғы алқаптарының 77 пайызы. Жалпы, ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлан­дыру­ды толығымен 2025 жылы аяқтау жос­парланып отыр.
Жерді сапалы және ұтымды пай­да­лануды арнайы құрылған мемлекеттік инс­титут – «ГИПРОЗЕМ» РМК қадаға­лай­тын болады. Кәсіпорын экономикалық ба­ғалау, жер мониторингі, топырақ, гео­ботаникалық, топыраққа агрохи­мия­лық зерттеулер жүргізбек. Барлық ауыл шаруа­шылығы жерлерін цифрландыру аяқ­талғаннан кейін топырақтың са­па­лық сипаттамалары мен жайылымдық жер­лердің жем-шөп сыйымдылығы бар же­ке ашық электрондық карта құрыл­мақ.

Мәселе әлі де өзекті

Қош делік, есептер мен жобалар бар­лық мәселе шешілетініне сендіріп-ақ тұр. Дегенмен әлі де барлық өңірде жайылым тап­шылығы бар. Былтыр желтоқсанның ая­ғында Сенатта «Жайылымдарды пай­да­лануды құқықтық реттеу саласындағы заң­­нама: проблемалары мен шешу жол­дары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Парламент депутаттары, ор­талық мемлекеттік органдардың бас­шы­лығы және қоғамдық бірлестіктердің өкіл­дері қатысты.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауыл­дық аумақтарды дамыту жөніндегі коми­те­тінің төрағасы Әли Бектаев дөңгелек үс­тел отырысына төрағалық еткен.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жайылымдық жер жыл сайын қысқарып ке­ле жатқанын және олардың басым бө­лігі жеке тұлғаларға берілгені туралы мәселе көтерген болатын. Қазіргі уа­қыт­та барлық өңірлердегі ауылдық елді ме­кендерде жайылымдық жердің тап­шы­лығы байқалып отыр. Малдың шамамен 80 пайызы ауылдық елді мекендерде жә­не оның айналасында жайылады. Бү­гін­де мал шаруашылығының қарқынды дамуы жайылымдармен тығыз бай­ла­ныс­ты екені баршаға белгілі, – деп атап өтті Әли Бектаев.
Сенаторлар да жаңа заң жобасы мә­селелерді шешетініне сенімді екендерін жет­кізген. Сонымен қатар салаға жауап­ты министрлік өкілдері де өз ойларын ор­таға салды.
Мәжілістің жайылым жерлерді бөлу­ге қатысты өзерістер енгізген жұмыс то­бына басшылық еткен депутат Нұржан Әшім­бетов заң жобасында көзделген бас­қа да өзгерістер туралы айтып берген бо­латын.

Нұржан Әшімбетов,
Мәжіліс депутаты, 
Парламент Мәжілісінің 
Аграрлық мәселелер 
комитетінің мүшесі: 

Жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне айналдыруға тыйым салуды қарастырдық

Мәселенің өзегі болып отырған 36-бап кезінде, жеке және қосалқы шаруашылықтарға көмек болсын деп енгізілген. Бірақ оны әкімдіктер пайдаланып кеткен. Мен өзім де шет-жағасын білемін, әкімдікте талай жыл қызмет атқардым, куә да болғанмын. Сол кезде осы 26-тармақты байқап, Парламентке де жаздым. Енді, өзім депутат болған соң, осы мәселені көтердім.
Жайылым жерлер еліміздің 184 млн га аумағын алып жатыр, ол – барлық ауыл шаруашылық жерлерінің 84 пайызы. Жайылымдар аумағы бойынша біздің еліміз әлемде бесінші орында, бұл дегеніміз – Республикамыздың мал шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі және экспортері болуына үлкен мүмкіндіктер береді деген сөз.
Дегенмен қазір жайылымдық жер пайдалану заң­намасында өзгерістерді талап ететін кешенді мәселелер бар.  Бұл ретте біз­дің міндетіміз – ауыл тұрғындарының әл-ауқа­ты мен агро­бизнестің дамуына оң әсер ететін шешімдер қа­былдау.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайы­­лымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасы заңы­ның жобасы Парламент депутаттарының бас­тамашылығымен дайын­далған және Жер, Орман кодек­стеріне, «Жергілікті мем­лекеттік басқару және өзін-өзі бас­қару туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдарына өз­герістер енгізуді көздейді.
Жұмыс барысында 100-ден аса ұсыныс түсті, жұмыс то­бының 20 отырысы өткізілді. Халықаралық тәжірибе зерт­телді, ғылыми және салалық қоғамдық ұйымдардың сарап­шылары тартылды. Заң жобасында жайылымға қа­жетті ауылшаруашылық жануарларының санын жүктеме нор­масының 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқылы жайы­лымдарды пайдаланбау фактілерінің критерийін қа­тай­туды қарастырдық. АШМ есеп­теуі бойынша жайылымдық жерлердің 20 млн гектарға жуығы қайтарылуға тиіс (92 бап); 
Одан бөлек, жайылымдарды конкурссыз беру нормасын алып тастамақпыз. Жер кодексінің 36-бабы бүгінде мал шаруа­шы­лығын жүргізу үшін және халықтың мал бағуы үшін 5 жылға дейінгі мер­зімге жайылымдық жерлерді тікелей беруге рұқсат етеді. ЖРПК мәлі­мет­тері бойынша, 2 миллион гектардан астам жайылым жеке және заңды тұл­ға­ларға конкурссыз берілген.
Елді мекеннің айналасындағы ауыл тұрғындарының малын жаюға арнал­ған жерлердің мәртебесін нығайту үшін жеке ұғым – жалпыға ортақ жайы­лымдар енгізілді. Жалпыға ортақ жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқап­тарының басқа түрлеріне айналдыруға тыйым салуды қарастырдық. Орман шаруашылығы мекемелерi жыл сайын аудан әкiмдiктерiне орман қорының жайылымдық жерлерi туралы ақпарат беруге мiндеттелетін болады. Жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарының мазмұны мен әрекет ету мерзімі өзгереді. Ауылдық округтің мұқтажы үшін жайылыммен қам­та­масыз ету, яғни конкурстар өткізу және жерді резервте қалдыру қабылданған жос­парларға сәйкес жүзеге асырылады. 
Бұл нормалар жайылымды басқаруға жергілікті қоғамдастықтарды тарту­ға мүмкіндік береді, жайылымдық жерлердің мәртебесі мен жоспарлар­дың маңызын арттырады.
Уәкілетті органға – Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті өкілді және атқарушы органдар үшін нұсқаулық болатын үлгілік жоспарды әзірлеу және бекіту құзыреті берілмек. Облыстық әкімдіктерге жайылымдардың деградациясына қарсы іс-шараларды әзірлеу, аудандық және ауылдық округтер әкімдіктеріне оларды жүзеге асыру қамтамасыз ету қарастырылған.
Шалғайдағы жайылымдарды суару бойынша шығындарды субсидиялау арқылы жайылым пайдаланушыларды мемлекеттік қолдау нормаларымен қамтамасыз етілмек, сонымен қатар бұл жұмыстарды қаржыландыру жергі­лікті бюджеттерден және өзге де көздерден қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды ынталандыру үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алу жөніндегі конкурстарға коопера­тив­тердің қатысуымен оларға қосымша ұпайлар беру түріндегі артықшылық беру ұсынылады.
Жерді пайдаланушылар жайылымдардың айналасын қазу және ор қазу жұмыстарын жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылады.
Енгізіліп отырған өзгерістер пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша жұмысты күшейтеді, жер заңнамасының сақталуын жеңілдетеді.  Осы саладағы сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігін азайтады. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды шешім қабылдау үдерісіне тартуға мүмкіндік береді.
Ал aisgzk.kz-тегі ақпараттың толық еместігіне келер болсақ, кей шаруа­шылықтарды жауаптылар әлі енгізіп үлгермеген болуы керек. Яғни, бұл – техникалық мәселелер. Жақын арада бар мәлімет толық қолжетімді болады.

Қорыта айтқанда, өзгерістердің жемісті болатынына жауаптылар сенімді. Дегенмен жайылым жерлер айналасындағы дау мен мәселе әлі де біраз жылға жүк болатыны анық. «Тірі адамға жер жеткен бе?», бүтін бір таудың қойны-қонышын иемденіп алғандар туралы да мәселе көтерілген еді таяуда. Не десек те, «қоғамдық жайылым» ұғымы мен жерді конкурссыз таратпау сияқты екі негізгі өзгеріс біраз түйінді тарқатады деген сенім бар. Бұл ретте жергілікті атқарушы биліктің жұмысын қадағалауға баса мән берілгені абзал.
 

 

Серіктес жаңалықтары