Журналистикадағы тұсауымды кескен басылым
Túrkistan сүйікті басылымыма айналғаны соншалық, табан аудармай 14 жыл жұмыс істеппін. Жай журналистен жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, газет шығарудың ішкі асханасын меңгердім десем болады.
«Журналист боламын» деген арманды сәл уақыт кейінге шегеріп, өмірге бала әкелу деген басты парызымды орындап, қорқыныш пен күмән бойды дендеп алған кез еді. 2005 жылдың шілдесінде газет-журнал, баспалар шоғырланған «Баспалар үйінің» 6-қабатында орналасқан Túrkistan газетінің редакциясына келдім. Бұл ғимараттың аурасы да жаныма жақын сезілді.
Бірақ өзіме сенімсізбін. Себебі бұған дейін студент кезімде осы газеттен тәжірибеден өтсем де, есте қалатын өткір мақала жазып көрмеппін. Жұмыс өтілім де жоқ. «Қайда істедің? Қай тақырыпта қалам тербейсің?» десе, «не айтамын?» деген ойдың астарына еніп кеткем. «Не де болса, редактормен сөйлесіп көрейін» деп өзіме үміт сыйлап, тез жинала қойдым. Қолымдағы жазған-сызған бір бума мақаламды реттеп, ыңғайлап отырғанмын. Бір заматта көптен күткен Шәмшидин Паттеев аға аса тез жылдамдықпен кабинетіне кіріп бара жатып «Маған келдің бе?!» деп жалт бұрылды. Соңынан ілесе мен де кірдім. Содан бір аптадан кейін-ақ газетке тілші ретінде қабылданып, журналистика әлемінің табалдырығын имене аттаған жайым бар. Тіпті, бұл есіктен жай сығалатып қана қоймай, қайнап жатқан қазанға салып жіберді. Қайда жүрсем де, «Менің журналистикадағы тұсауымды кескен – алғашқы редакторым Шәмшидин Паттеев» деймін. Бәлкім, басқа редактор болса «Тәжірибең жоқ қой, қалай аламын?» деген түрлі сылтау айтуы кәдік еді. Бірақ Шәмші аға керісінше, қазіргі тілмен айтқанда мотивация беріп «Әзірге өзіңе қолайы келетін дүниені жаза бер. Уақыт өте келе бір тақырыпқа машықтанасың ғой. Ал іске сәт!» деп күлімсірей жымиғанда төбем көкке жетердей қуанғаным әлі есімде... Міне, сол Túrkistan сүйікті басылымыма айналғаны соншалық, табан аудармай 14 жыл жұмыс істеппін. Жай журналистен жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, газет шығарудың ішкі асханасын меңгердім десем болады.
Әлбетте, кез келген адамның маман болып қалыптасуына ортасының әсері зор. Сол сияқты менің де әртүрлі тақырыпта көсіле жазуыма, тұщымды сұхбаттар алуыма редакциядағы аға буын ұстаздарымның ақыл-кеңесі, қамшылауы ықпал етті. Әсіресе, Дидахмет Әшімханұлы, Тынышбек Дайрабай, Көлбай Адырбекұлы, Жаңабек Шағатай, Ғалымжан Мелдеш ағалар лездеме сайын әр журналистке идея айтып, тың тақырып тауып беретін. «Сен соны зерттеп, жазшы...» деп қиыла қараса, «Тапсырма орындалады!» деп бірден кірісіп кетеміз. Ол кезде интернет, әлеуметтік желі дамымаған кез. Жұрт газет оқитын. Редакцияға оқырман тарапынан күніне қаншама қоңырау түседі, хат келеді. Жарияланған мақалаға орай жылы пікірін айтады, орынды ұсынысын білдіреді. Мұның өзі журналисті арқаландырып, ерекше шабыт беретіні сөзсіз.
Біз не жазсақ та, алдымен Дидахмет ағаның оқығанын құп көретінбіз. Себебі Дидаға (шәкірттерінің бәрі солай айтатын) мақалаға ден қойып, асықпай қарап, қойылмаған тыныс белгілеріне дейін байқап қалатын. Ондайда еш зілсіз «Принтерден шығара сала, маған ып-ыстық күйінде ала жүгіресіңдер. Тың көзбен тағы қарауға болады ғой» дейтін жымиып қана. Тіпті, мақаланың тақырыбын да лезде ұтымды тауып қояды. Кейде көзілдірігін төмен түсіріп «Менің тақырыбыммен келісесің бе, келіспесең оны айт!» дейтін әзіл-шыны аралас. Ешкімнің көңіліне сызат түсірмейтін жылы қарым-қатынастың биігін марқұм Дидағадан көрдім, Дидағадан сіңірдім.
Túrkistan газетінде талай тілшінің қолтаңбасы қалыптасты. Апталық басылымды түрлендіріп, оқылымды ету үшін ұшан-теңіз еңбек етті. Өз басым журналистикада азды-көпті атым танылса, сүйікті газетім мен ұстаздарымның арқасы деп білемін.
Динара Мыңжасарқызы,
журналист