Мүмкіндіктер ашқан газет болды
Әр журналистің өзіндік аудиториясы болды. Túrkistan-ның оқырмандары өз журналисін іздеп келіп, мақалаға қатысты пікірін айтып отыратын. «Túrkistan-ның қыздары» деген ұғым да қалыптасып үлгерген.
ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің үшінші курсында оқып жүрген кезім. Қараша айы. Бізден екі курс жоғары оқитын Мұхтар Сеңгірбай Túrkistan газетіне жазып жүретін. Сол Túrkistan жас журналистерді тартып жатыр» деп хабарлап, содан газетке мақала апардым.
Бас редактор Шәмшидин Паттеев ағамыз сол кездегі бала студент біз үшін аса ірі, алпамсадай көрінген. Көп сөзге жоқ, мақаламды қарап шығып, «Қаламақың болады, бізге жазып тұр» деп қысқа қайырды.
Сол күзде газетке журфакты енді тәмамдаған немесе соңғы курсында оқып жүрген Жұлдыз Төлеу, Жұлдыз Әбділда, Гүлбиғаш Омарова, Гүлзина Бектасовалар тартылды. Бір топ болып барған бізге Шәмшидин ағамыздың ықыласы да ерекше-тін. Стратег кісі ғой, жастардың энергиясының газетке тың серпін әкелетінін өзі екшеп, пікірімізге құлақ асып, көтермелеп отырады. Ой еркіндігіне көңіл аударады.
Әр журналистің өзіндік аудиториясы болды. Túrkistan-ның оқырмандары өз журналисін іздеп келіп, мақалаға қатысты пікірін айтып отыратын.
«Túrkistan-ның қыздары» деген ұғым да қалыптасып үлгерген.
Өзім халықаралық журналистика кафедрасында оқығандықтан және ағылшын тілін аз-кем білетіндіктен, халықаралық шолушы боп бастадым. Қазақстандағы елшіліктер мен дипломатиялық өкілдіктердің денімен байланыс құрдым.
Газетте істеп жүріп, экономика саласына мамандануды, қаржы шолушысы болуды мақсат тұтып, тереңірек білім алу үшін Нархоздың Қаржы және несие факультетіне түстім. Әрі қарай, экономика тақырыбына қалам тартып, газеттің экономикалық шолушысына айналдым. Газеттің қаржы институттарымен байланысын арттыруға күш салдым.
Кейіннен Túrkistan-ның Астана қаласында ашылатын қосынына жетекші жіберу мәселесі көтерілгенде, жылы орнымды суытып, Астанаға баруға бел будым.
Газетте ұзын саны 7 жыл жұмыс істеппін. 18 жастағы студент болып келіп Túrkistan газетінен үлкен тәжірибе жинақтадым.
Халықаралық саясат, экономика салаларына қалам тартып, онан әрі Астанадағы қосында ұйымдастырушылық қасиеттерімді аштым. Turkistan мүмкіндіктер ашқан орын болды.
Turkistan-ның мерейтойында газетімізге өзіндік бейнесін қалыптастырған өзіндік соқпағымен жүре отырып, жастардың тың ойын пайдалана беруді тілеймін!
Гүлнәр Мұқанова