Қазақ журналистикасының көшін алға сүйрей берсін

Осыдан он жыл бұрын біз газеттің 20 жылдығын атап өткен едік. Енді бүгін орда бұзар отызға жетіпті.

Қазақ журналистикасының көшін алға сүйрей берсін
ашық дереккөз
659

Шығармашылығымның шырқау шыңы бол­ған халықаралық саяси апталық Túrkistan газеті бүгінде орда бұзар отыз жас­қа жетіп қап­ты. Осы газетте табаны күректей 15 жыл жұ­мыс істеппін. Журналистік талан­тым­ды шың­дап, атымды алты алашқа әйгі еткен Túrkistan  апталығына 1999 жылдың қараша айын­да келдім. 

Ол кезде Қазақстан әлі де өтпелі кезеңнен өте қой­маған, айлап-жылдап айлық берілмейтін, на­рық­тың қатал заңына төтеп бере алмай, көптеген ба­сылым жабылып жатты. Кейін реорганизациядан өтіп, ірі бір холдингтерге қосылды. Әйтеуір, бола­ша­ғымыз бұлыңғыр, ертеңге деген сеніміміз аз күн­дер еді ғой. 
1998 жылдың көктем айында мен жұмыс істеп жүр­ген «Қазақ Елі» газетінің шаруасы мүлдем шат­қаяқ­тап, қызметкерлерін ақысыз демалысқа жібе­ріп жатты. Көп ұзамай «Қазақ газеттері» холдингі құры­латындығы, оның президенті болып марқұм Жұ­мабек Кенжалин ағамыздың келетіні мәлім болды. Өкінішке қарай, осы холдингтің құрамына «Қа­зақ Елі» газеті енбей қалды. Сөйтіп, онда жұмыс істеп жүрген адамдардың ертеңгі тағдыры Жұ­мабек ағайға жүктелген секілді. 
– «Қазақ Елі» газетімен үндес Túrkistan газеті сенің қолайыңа келеді деп ойлап отырмын. Сон­да барсаң қайтеді, мен Шәмшидин Паттеевке айтып қоямын, –  деді ағай жылы жымиып. 
Соның алдында ғана Túrkistan газетінің негізін салушы Қалтай Мұқаметжанов ағамыздың өті­­­нішімен біраз араб қарпіндегі қолжазбаларды кириллицаға түсіріп берген едім. Túrkistan атын естіген кезде қуанып кеттім, бірақ Шәмшидин ағаның атын естімеппін, ол кісіні айтқан кез­де тосырқап қалған едім. Қалтай аға жылы қабылдап, маған қолдау білдіретінін айтты. Алай­да Шәмші ағаны біраз уақытқа дейін ұстай алмай жүрдім. 
Шәкеңді алғаш көргенде ол кісі маған біраз мазасыз секілді көрінді. Әлденеге мазасызданып оты­рып, менің мақалаларыммен таныс емес екенін, сол үшін газет тігінділерін ақтаратынын айт­ты (сөйтсе, мазасызданатын жөні бар екен. Túrkistan газетінің де қаржылық қиындыққа тап болып жатқан кезі екен. Кейбір келіссөздер ол кісіні тығырыққа тіреп қойыпты). Бірақ мен өзім жинап жүрген тігінділерді әкеліп беруге уәде бердім. Шәмші ағай менің мақалаларымды мар­құм Дидағаңа (Дидахмет Әшімханұлына) оқытатынын айтты. 
Дидағаңа менің жазғандарым қатты ұнапты, Шәкеңе жақсы мінездеме берді. Сөйтіп, Túrkistan газетіндегі қызметім басталды. 
Он бес жыл бойында мен қалам тартпаған тақырып қалмады. Әуелі мәдениет, руханият мә­се­лелеріне жауапты бола жүріп, кейіннен әлеуметтік мәселелерге ойысып кеттім. Әлеуметтік сая­саттан саяси шолу, сараптамаға төселдім. Әсіресе, Túrkistan беттерінде мемлекеттік тіл, ұлт­тық саясат, ұлттық идеология мәселелеріне тұрақты түрде назар аударылатын болды. Екіншіден, мемлекеттік көші-қон саясаты, ішкі-сыртқы миграция мәселелерін жеріне жеткізе отырып, саралап жаздық. Нәтижесінде, дәл сол жылдары оралмандардың он жылдан астам қордаланып қалған азаматтық алу, оралман мәртебесін рәсімдеу, құжаттандырудағы қағазбастылықты азайту секілді көптеген проблеманың шешілуіне мұрындық болдық. Талай қазақтың азаматтық алуындағы, жұмысқа тұруы мен баласын оқытудағы кедергілердің оң шешілуіне атсалыстық. Ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы заңнаманың өз деңгейінде қабылдануына үлес қостық.  
Жақында ғана профессор Құлбек Ергөбек ағамыз хабарласып белгілі қоғам және мемлекет қайраткері марқұм Бердібек Сапарбаев ағамыз жайлы естеліктер кітабын құрастырып жатқанын, соған менің Túrkistan  газетіндегі 2008 жылғы Бердібек Сапарбаев ағамыздың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған кезінде алған сұхбатымды қосқысы келетінін айтты. Бұл сұхбат та сол кезде кеңінен талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болған «Нұрлы көш» бағдарламасына арналған еді. 
Әрине, он бес жылдық белесті шағын ғана естелікке сыйдыра алмасымыз анық. Бауыржан Бабажанұлы курстасым уәде еткендей кейіннен кең толғаған кезде, біраз әңгімеге арқау болар естеліктерді де еске алармыз. Осыдан он жыл бұрын біз газеттің 20 жылдығын атап өткен едік. Енді бүгін орда бұзар отызға жетіпті. Túrkistan-ның көтерер жүгі ауыр болсын, ғұмыры ұзақ, әрі мағыналы болсын. Қазақ журналистикасының көшін алға сүйрей берсін. 

Есенгүл Кәпқызы,
SDU университетінің Ассистент профессоры,
«Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі 
 

Серіктес жаңалықтары